Тарих және қоғамдық
ғылымдар академиясының академигі
п.ғ.к., доцент
Досанова Алтынай Жапаровна
Магистрант Рысбекова
Сәулеш Мырзахметқызы
«Тұран-Астана»
университеті, Қазақстан
Ш.Мұртаза әңгімелеріндегі адам
және табиғат концепциясы
Адам – бұл әлемдегі басты тұлға,
оның да ішкі, сыртқы әлемі бары белгілі. Сыртқы
дүниесі: денесі, яғни тәні және жаны, рухани
әлемі. Табиғат пен адам тікелей байланысты. Адам
табиғаттың ішкі әлемінің тылсым құпиясын
өзінің ішкі дүниесімен, санасымен, түйсігімен сезеді.
Адамның жаны неғұрлым таза болса, табиғаттың
жалпы әлемімен соғұрлым жақын, үндестікте
болмақ.Сондықтан бұл
әлемде болып жатқан барлық құбылыстар –
адамның өміріне, бойындағы болып жатқан барлық
өзгерістерге тікелей әсер ете алады.
Адамзат тарихында адамның табиғатпен
қарым-қатынасы бірыңғай болған жоқ.
Сәби кезеңінде, балаң шағында табиғаттың
құбылыстары түсініксіз, тылсым сыры, құпиялары
көп болғандықтан үрейін ұшырды,
қорқынышы орасан болды және құрметтеді, мінажат етті,
аялады. «Ертедегі адамдардың нәресте – пәк
көңіл-санасы күнді, айды, мәңгілік
өзгерістегі бүкіл жарық дүниені құрмет
тұтты, осыларды біз табиғат немесе әлем дүниесі деп
атадық». «Ертедегі адам табиғаттың барлық
құбылысына мінажат етті, өзінің ұғымы жетпейтін,
уақыт сияқты мәңгі, түсініксіз
күштердің бәріне бас иді, көк аспанды көк
тәңірі деп атады». Табиғатқа бағынды.
«Күнделікті өмірде, табиғаттың адамға
әсері, әсіресе адамның алғашқы пәк
көңіл, нәресте кезінде қатты ықпал етті» [1,88].
Табиғаттың заңдылықтарын бұзбай, игіліктерін
пайдаланды. Мінеки, осындай табиғаттың әр түрлі
құбылыстары кезінде адам әр түрлі көңіл
күйде: қорқыныш, қуаныш, пір тұту, үрейлену
т.б. сезімдерді бастан кешірді. Адамзат есейген сайын, табиғатқа
қарым-қатынасы өзгере бастады. Бұрынғы ессіз
қорқыныш, үрейдің, бағыныштың орнын
біртіндеп өз-өзіне деген сенімділік басты. Кейініректе оның
орнын табиғатқа үстемдік мінез-құлық басты.
Табиғаттың сырын ұқтым, білдім деген сенімділік,
бойында тәкаппарлық, менмендік тәрізді қасиеттер пайда
болды. Бұл тәрізді қасиеттер табиғаттан алыстатты,
рухын қалың қабықпен қаптады.
Бұл менмендіктің соңы –
қатыгездік, қаныпезерлікке ұласты. Табиғатты аялау
сезімі мүлде ұмытылды, осыған сәйкес табиғаттан
алатын сый, жылулық та азайды. Өзіне деген қарым-қатынастың
нәтижесі – табиғатты да қатайтты, жер сілкіністер, алапат
дауылдар, топан сулар – табиғаттың үндестігі бұзылды.
Қазір табиғат өзінің орасан күшін, стихиялық
құдіретін көрсетуде. Бұрынғы қамқор,
аяулы қарым- қатынас өзгерді, демін ішіне бүгіп алып,
құпия, тылсым дүниесінің әлеміне ұйып
тұрған жайы бар. Көкірегі ояу, көңілі ашық,
ойы сергек, рухы шынайы адам табиғаттың сырын ұға
алады.
Барлық халықтардың ауыз
әдебиетінде, мифологиясында табиғат құбылыстарын
анимистикалық және антрпоморфтық бейнелеу бар. Ертедегі
мәтіндерде табиғат құбылыстарына еліктеу бар.
Адамның әр түрлі көңіл күйінің
табиғат құбылыстарына, яғни жыл мезгілдеріне,
күннің мезгілдеріне сәйкес келуі, кім-кімге әсер етеді,
кім-кімге еліктейді: адам табиғатқа ма, әлде табиғат
адамға ма деген сұрақтар туындайды. Адам
табиғатқа еліктейді, «адам-табиғат» сыңарында
табиғат басыңқы.
Табиғат пен адам арасындағы
қарым-қатынастарға арналған өлеңдер,
әңгіме, повестер, яғни шығармалар өте көп.
Өйткені жазушылар, ақындар нәзік жүректерімен, жанымен
өзін қоршаған табиғаттағы басқалар
мән бере қоймайтын нәрселерді байқайды, көреді,
көрсе, адамның өзін қоршаған
табиғатқа зұлымдығына бей-жай қарай алмайды.
Әсіресе табиғат пен пайдакүнем адам арасындағы
қарама-қайшылық қазіргі жазушылар шығармасында көрінеді.
Жазушы – табиғат пен адамзаттың қарым-қатынасын сезе
де, суреттей де, ұға да алатын суреткер. Бірін-бірі
қайталамай, өзгеше, соны тәсілмен суреттеу – нағыз
суреткердің қолынан ғана келетін шаруа. «Нағыз жазушы
қай тақырыпқа қалам тартпасын «мен мұндалаған»
концепциясымен көрінуі тиіс. Ал концепция деген ұғымның
аясы өте кең, түйіндеп айтқанда ол – суреткердің
адамға, өмірге, қоғамға өз тұрғысындағы
өзгеге ұқсамайтын, басқаны қайыра
қайталамайтын философиялық, этикалық, эстетикалық,
тарихи-әлеуметтік, гуманистік, ойлы да парасатты
көзқарастарының алуан қыры тоқайласқан
интерпретациялық көрінісі» [2,25].
Ш. Мұртазаның «Жүз жылдық жара»
әңгімесі табиғат пен адам арасындағы байланыс
философиялық көзқарас тұрғысынан да, өзара
салыстыру және қарама-қайшылықтары арқылы да
берілген. Бұл мәселелер өз заман шындығына
сәйкестендірілген тың концепцияны танытады. Жаратылыс иесінің
барлығы да: адамдардың да, табиғаттың тағы бір жаратылыс
иесі – теңіз тасбақасының да тағдыры бір, қатал
заңға – өмір заңына бағынатыны және оны
бұлжытпай орындайтыны, көп жасау – адамныңда, теңіз
тасбақасының да, ағаштың да еркінде еместігі жайлы
философиялық ой-толғаудан басталады. Суда өмір сүретін
теңіз тасбақасы көп жұмыртқалайды,
жұмыртқасын құмға салысымен-ақ көз
жасын көл қылып, суға қарай сүйретіледі екен,
өйткені оған сусыз өмір сүру жұмыртқалап
болғанша берілген. «Жұмыртқалап болдың екен, тезірек
теңізге жет, әйтпесе өлесің. Қатал заң
солай!» [3,72]. Сол өмір заңы бойынша, теңіз тасбақасы
жұмыртқаларын жетім тастап суға сүйретіледі,
балақайлары теңізге асығады, адамның,
ағаштың ұзақ
жасау-жасамауы да сол өмір заңына бағындырылған.
Шығарманың мазмұны – ағаш,
жүз жылдық шынар – Байшынардың маңайында
шоғырланған. Байшынар ағаш болса-дағы басты кейіпкер
тәрізді. Оған адами қасиеттер телінген: «Талда жан жоқ
болушы ма еді, бар ғой. Бірақ оны біліп-түсіну үшін
адам сезімі әлі жетіліп болмаса керек. Адам баласы әлі балаң
шақта шығар. Әлі ақыл-есі толыспаған болар. Ал
тал-дарақ дүниеге адамдардан әлдеқайда ерте келген»
[3,73].
Табиғат тек Кенжегүл сияқты
қалаулыларды жақындатады, өзін түсінуге
мүмкіншілік береді. Соның арқасында оған емдік
шөптердің қасиетін білу дарыған. «Бахтияр
бағының шипалы шөптерінің шапағатын
Мыңбұлақ халқы Кенжегүл кемпірден көрер
еді. Кенжегүл кемпір орманнан шәйшөп, дермене, күшала,
шашыратқы, адыраспан, киікоты, текесақал, қылша,
көкемарал теріп жүргенде ешкім елемейді де, бала-шағасына
тұмау, көкжөтел тиіп, дімкәстанса-ақ болды,
Кенжегүл естеріне түсіп, тәуіп кемпірдің жартыкеш
үйіне қарай жүгіретін» [3,74]. Шығармада
ағаштың тағдыры адамның тағдырындай, сыртқы
келбеті, ішкі сезімі де адамға ұқсайды. Байшынар –
адамның басына түскен нәубеттен құр
қалмаған мұңдасы, сырласы, жанашыр досы, панасы, анасы.
Соғыс – қысы-жазы құс базар
болып, жаз баласында құстың салған ұясы көп
пе, әлде ағаштардың жапырағы көп пе – айырып
болмайтын ну болған, ертеректе қаршыға, ителгі,
тұрымтай ұялаған, қыз-келіншек, сал-серілер
сәндікке ғана емес, бойтұмар ғып тағатын
үкі жүргендіктен киелі саналатын
Мыңбұлақ бөркінің
төбесіндегі бір шоқ үкіні де үйітіп жіберді. Жалпы
соғыс, оның зардабы, халықтың басына түскен
нәубет – мыңбұлақтықтардың тауқыметі
– ағашқа деген қарым-қатынасы, көзқарасы,
көңіл-күйі арқылы берілген. Сондай қанша
қиын-қыстау кезеңде адамдығын жоғалтпаған,
сақтай білген. Өйткені Бахтияр-баба бағы, Байшынар – киелі,
аруақты, қасиетті жер. Оның адамға «сая болғаннан
басқа, қару-жарағы, тіпті туасы қара бесігі
болғаннан басқа жазығы жоқ, жасыл жапырақ жайып,
ауаны жұпарымен байытып, адам тынысын ашқаннан басқа, бауыры
иіп, тамырынан бұлақ ағызғаннан басқа
кінәсі жоқ, өзінен-өзі барып тиісіп, басын жарып,
көзін шығармаған ағаш баласына
Мыңбұлақ халқы қалай қол көтермек?
Табиғаттың адамға деген ішкі жылы
сезімі, қамқорлығы, ал адамның табиғатқа
деген ризашылығы, сағынышы берілгендей. Бахтияр бағында жазда
елжіреп пісіп, пісігі өтіп кеткенде езіліп, қызғылтым
жылға болып ағатын бүлдіргені, тал-талдың арасында
баланың бөркіндей тұнып тұратын қозықұйрық,
қысы-жазы құс базары, орман ортасындағы көлшік –
қойдай шулаған көкқасқа бақалардың,
көкала үйректің, шынашықтай-шынашақтай
шабақ балықтардың да мекені, барлығына ортақ
ұя болған қайран Бахтияр бағы. Жазушы
Мыңбұлақ халқының табиғатқа деген
ішкі, сыртқы әр түрлі сезімдерін өте нәзік бере
білген. Бір ғана ағашқа деген көңіл-күй иірімдерінен
адамдардың да ағашқа қарым-қатынасы бірдей емес,
біреулері оны құлатуға, жағуға қимай, жасын
сыйлап, киелі тұтып, қасиеттесе, шынар жарықтық деп
мәпелеп, әскері түгел тып-типыл қырылған
генералдай жалғыз шынар деп, бауырларынан айырылған Байшынар, жар
басындағы жалғыз таутекедей қасқайған Байшынар
деп аяса, Шоқыбас сайының өрінде
Мыңбұлақтың кемтар ауылының сақшысындай
болып тұрған Байшынар деп бағаласа, көсем Байшынар деп
пір тұтты.
Ш. Мұртаза – қазақ прозасын
тақырыптық, мазмұндық жағынан ерекше
философиялық көзқарасымен байытып, сонымен қоса адам,
табиғат пен қоғам болмысы өмірдің мәні
жөніндегі тың ойларымен қазақ әдебиетінің,
қазақ дүниетанымының шеңберін кеңейткен
жазушы. Адамның ішкі дүниесін әлемін суреттеуде ешкімге
ұқсамайтын, өзгеше үлгі-түрлерді дүниеге
әкеліп, шығармалары арқылы қазақы
дүниетанымның өрісін кеңейтіп, жаңаша ойлау,
жаңаша тану үлгілерін көрсетті.
Әдебиеттер:
1. Ш.Уәлиханов.
Алтыншаһарға сапар. – Алматы: Атамұра, 2006.
2. Қазақ тілі мен
әдебиеті әдістемелік журналы. – Алматы, 2009. №4
3. Ш.Мұртаза.
Соғыстың соңғы жесірі. - Алматы: Атамұра, 2003.