Филологические науки /2. Родной язык и литература

 

Магистрант. Жалымбетова А.М.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,Қазақстан

Роза Мұқанова әңгімелеріндегі көркемдік ізденістер.

Қоғам дамыған сайын адамның да рухани болмысы, санасы өзгеріске түседі. Бұл-заңды құбылыс. Адамдар, ұлттықты айтпағанның өзінде, жаңа қоғамдық, рухани құндылықтарды іздейді.  Адам өзінің өмірінің мәніне, уақыт пен кеңістік секілді мәңгілік ұғымдардың астарына қарапайым өмір құбылыстары арқылы үңіледі. Ал қазіргі әдеби процесте  “қазіргі қазақ жазушыларына осы заманғы әдебиеттің жағдайына сәйкес уақыт қойып отырған үлкен міндеттің бірі –“ адам жанының диалектикасын ашу”. Дәлірек айтқанда, кейіпкердің ішкі рухани әлеміне үңілу, жан сарайына психологиялық талдау жасау саласында терең толғану , тынбай іздену керек болып отыр”[1,142б.]. Зерделей қарасақ: "көркемдік әдіс-мазмұн, психологиялық талдау-пішін. Психологиялық талдаудың тағы бір көркемдік мәні мынада деп ойлаймыз, атап айтқанда "ол-жазушы үшін толыққанды образ, өміршең тұлға жасаудағы бірден бір қолайлы да, оңтайлы тәсіл". Расында, образ, характер жоқ жерде көркем шығарма рухы түгілі оның елесі де жоқ екені мәлім.

Қазіргі қазақ прозасында қарымды қаламымен ерекшеленіп, ұлттық рух, шығармашылық зертхана, қаламгердің көркемдік әлемі туралы өзекті тақырыптарды шығармаларына арқау етіп жүрген жазушы Р.Мұқанова бір сұхбатында:

“ –Кейіпкерлеріңіз  тым еркін. Бұғауға көнбейтін, ешқандай сенім мен қағиданың құлы емес. “Тұтқын”, “Патша қатын У”, “Мұқағали”, “Құбыжық”сияқты әңгімелеріңізде “меннің” тым биіктеп кеткендігі байқалады. Кейіпкер өзіне тым  сенімді. Тіпті, оқырмандағы еркіндікке қол сұғады” –деген сауалға  төмендегідей жауап қайырады.

“ –Кейіпкерлерім әуелі менің талғамымнан шығу керек.  Егер мендегі суреткерлік талғам кейіпкерді ұнатса, оған міндетті түрде жан бітеді, тағдыр сыйланады. Өзім бар ынтаммен бас иіп, таңдап алған кейіпкерімді неге оқырманның тобығына тастай салуым керек. Бәлкім, олардың Сіз айтып отырғандай “мені” де күшті болар. Қызығы кейіпкерлерімнің  “менін” жек көрмеймін, ол сол  “мені” арқылы Өзінің жағына өзгелерді шығарып алып, жақсы  көргізіп қояды. Сіз айтып отырған “ақымақ, қатал, ұлы әумесер, есерсоқ” кейіпкерлерім жай қарабайыр, жеңілтек, көпшілік әдебиетті мансұқ еткен оқырманнан бөлектеу болса деп ойлағанмын. Ол жынды бола тұра ақылдыларды менсінбейтінін қайтерсіз. Мүмкін тосын кейіпкер, тосындау оқырманын қалайтын болар. Кім білсін... ” [2.7б.]

Бұдан байқағанымыз әр суреткер өз шығармасындағы суреттеп отырған бейнесін қиялынан тудырып, талғамынан өткізіп, оған өзінше мінез, қимыл-әрекет беріп шығарманың өң бойында жандандырады. Ал Роза Мұқанованың  әңгімелерінің дені әйел  психологизмі, адам өмірінің өзгеше қырлары  мен шығармашылығындағы  философиялық  түйіндерді шешуге тырысады. Сондай әңгімесінің бірі әйел  тағдырына, психологиялық сезімге толы  «Күнә» әңгімесі.  Оқиға түнде болады. Оқиғаның басы-қасында үш адам–бала туған Гүлбарам, баланы өлтірген тоқал, куә болған Ақ Баян. Осы тұста автор табиғаттың суретін ерекше етіп суреттеген. “Сескеніп, дірілдеп таң көтерілді. Сол күнгі бозамық таң қандай паң еді. Жерде тұрған үш мүсәпірге сұқтанып, күнәсін мойнына салып, үшеуінің де құлын дауысын шырқыратып сазайын бермек” [3,50б.]. Ақ Баян-елге байлығымен аты әйгілі Әбілқасымның келіні. Қайын сіңілісі Гүлбарам оң босағада отырып жүкті болады да түн ішінде баласын өлтіруге келіседі, ел-жұрттың табасынан, байдың қаһарынан қорыққан тоқал «бетімізге шіркеу, сүйегімізге таңба болмасын» деп, дүниеге келген сәбидің аузына тотияиын құйып өлтіреді.

Сол түнгі күнәсі елу жыл бойы Ақ Баянның жанын жаныштап, еңсесін көтертпейді, өйткені жазықсыз сәбидің өмірін қию-күнәлардың ең ауыры. Күнәсі кемпірдің санасын сарсаң етіп, екі көзінің жасын құрғатпайды. Бүкіл ғұмыры жылаумен өтеді. Автор әңгімеде қандықол тоқалдың ішкі дүниесіне тереңдемейді, істеген әрекеттерін суреттей отырып, сұрқиялығын айшықтайды. Ал Гүлбарам мен Ақ Баян жанының жанышталуын суреттейді. Гүлбарам болса, өмір бақи баласыз тұл, бақытсыз ғұмыр кешеді. Ақ Баян да күнәсі үшін Алладан кешірім сұрап, елу жыл ғұмыры жылаумен өтеді. Пәк сәбидің киесі ұрған екі мүсәпірдің өмірінде мән-мағына жоқ. Жастықпен, албырттықпен, балалықпен жасалған күнәсі арада елу жыл өтіп, ел жаңарып кетсе де, ағарып атқан таң есіне сол түнді  салып, бетіне басады.

Әңгімеде Таң мен Түннің ғұмыр бойғы “итжығыс күресі” -жақсылық пен жамандықтың бітіспес айқасындай көрініс береді.  Ақиқатында, мақпал түннің де өз сұлулығы бар. Бірақ әңгімедегі Түн-жазықсыз сәбидің өлімімен, әйелдердің күнәсімен астасып жатқандықтан да, ауыр күнәһарлықтың куәсі әрі белгісі. Гүлбарам мен Ақ Баянның тіршілігі сол түндей қара түнекке айналған. Біздің санамызда түн-қараңғы, қара түнек, қапас, қара істің мекені. Қап-қараңғы түн–ауыр күнә, адам өмірін қию, адам өлтіру-күнәнің күнәсі. Өз күнәсін сол қараңғы қапаста ұстап азаптан сәл де болса құтылғысы келеді. Таң атса азапты күн қайта басталардай. Кемпірдің күнәсін жеңілдетер-түн. Түн-азап, күнә, таң-таза, бейкүнә. 

Біздіңше, автор сәбиді тікелей өлтіруші тоқалдың ішкі жан сарайын ашуға саналы түрде бармаған. Ол сәбидің ауызына тотияйынды шімірікпестен құя салады. Қылмысты ойланбастан-ақ, қайғы шекпей-ақ жасайды. Ондай адамның жан азабына түсуі екіталай. Тоқалдың жауыздығы оның сөздерінен көрінеді. Сәби өлімін жалған ар-ұятпен бүркемелеген тоқал үшін кие, обал ұғымдары жат. Ендеше тоқалдан басқаны күту мүмкін емес.

Албырт жастықтың жетегіндегі Гүлбарам сәбидің өліміне келіссе де, Ақ Баян бұл шешімге шошына қарап, екі қолын кезек сермеп, не айтып, не қойғанын білмей,есі ауысқан күйге түседі. Тоқал оның есін жиғызбай, ойлануға да мұршасын келтірмей әп-сәтте қылмыстың ізін жасырып үлгереді. Бәрі қысқа уақыттың ішінде өтеді. Ғұмыр бойы ақталумен келген Ақ Баян тек Алладан ғана рақымшылық күтеді. Адамның өз күнәсін мойындауы оны жан азабынан құтқарады, жанын тазартады деп жатады білетіндер. Әсіресе іштей шеккен қайғының уы басылмай, жаны дертке ұласып, анасынан бір ілтипат іздеп келген еді түн жамылып. Сол түн дірілдеп-қалшылдап отырып: «Апа-ау, менің жазам ауыр. Мені бар ғой, Құдай оңдырмайды енді», - деген.

- Тек! Онысы несі, не болды тағы О, Құдай, деп аңқау шешесі ошақ басын шыр айналып шоқ басқандай аяқ асты жынды болып қалмап па еді. Күнәсін жан анасына ғана жыр етіп айтып, ақталмақ еді бұл сонда.

- Ойбай, жаман, қар. He дейді мынау? He дейді мына сорлы. Өлтірген кім? Егер өлтірген сен болсаң, жарымассың жалғанда. Адам өлтіргеннен ауыр күнә жоқ...АДАМ ӨЛТІРГЕННЕН АУЫР КҮНӘ ЖОҚ...[3,52б.]. Ақ Баянның да, Гүлбарамның да бақытсыз мүсәпірлерге айналуы-жазықсыз сәби киесінің ұрғаны емес пе?!  Мұнда таң-болашақтың жаршысы, тоқал-мейірімсіздіктің, қатыгездіктің белгісі, ал түн–қылмыс пен күнәнің символы іспетті. Енді күнәлілер жазаларын алды ма? Иә, Ақ Баян тікелей жасамаған, алайда куәсі болған түн, содан бері елу жыл өтті, елу жыл бойы жайраңдап бір күлмепті. Мұнда әйел затының бала үшін туған болуы шарт емес екендігі, ана үшін балаға деген махаббат пен мейірімділіктің орны бөлек деген ойға жетелейді.  Ал Гүлбарам “Өзі сүйіп қосылған сол жігітпен тұрмыс құрғанымен, бейшара өмір бақи тұл болып өтті. «Бір шикі өкпе бұйырмады-ау маған, Ақ жеңеше. Мендей күнәһарға бала бітпес»,–деп зарлап өтті жалғаннан”. Қазақ қызының қырық үйден тыйым бұзып шыққан «жетімдікті, жесірлікті, сәби өлімін жалау еткен, жаңашылдықты» таң өзіне жат көрді. Адам баласына керегі тек байлық пен атақ емес, қалыптасқан салт, сана мен дәстүр, рухани құндылықтар мен ізгілік, парасат бар жерде адам –АДАМ екендігін пайымдауға болады.

Міне  түн – күнә, таң – ақталу.  Ананың аналық сезімінің елу жыл өтсе де сол күнәсінің алдында ақталуы, бала ананың бауыр еті деп бекер айтпаған дана халқымыз.  Қазақтың даналығының тағы бір дәлелі адам ағзасының барлық функциясын сонау медицина дамымай тұрғанда ақ біліп қойғандығы нағыз көрегендіктің белгісі. Бірге туған апкеміз не ағамызды   «бауыр» дейміз, барлық дене құрылысының ішінде бауырды ауыстыру мен емдеудің техникасы дамыған заманның өзінде емі табылмайды. Яғни бауыр деген ол сенің ажырамас бір бөлшегің.    Сол себепті де бала- бауыр етің.  Ал бала өлтіріп күнә жасаудан ауыр ештеңе жоқ екеніне көз жеткізеді.

“Құдірет-кие” атты тарихи әңгімесін жазар алдында, Шыңғысхан  жайлы тарихи деректерді ала отырып, Шыңғысхан мен інісі Хасар  кейіпкерінің егжей-тегжейіне дейін біліп, оқиғаны жазар алдында өзіндік қолтаңбасы мен пайымына сүйенеді.  Шыңғыстың әкесі-Есугей батыр. Оның бірінші, әрі басты әйелі Оэлун.  Шыңғыстың қол астындағы Көкеш деген адам оның билігіне таласады. Бұл дерек тарихта жазылған. Ал, Р.Мұқанова осы сюжетті  өзіндік  шеберлігімен тарихта болған Шыңғыс хан мен әңгімедегі кейіпкері екеуінің нақты бейнесін ашуға тырысады.  Шыңғысхан Көк тәңіріге қатты сенеді. Өйткені, өзіне дарыған ақыл Көктен деп біледі.  Жалпы, түркі халықтары Көк тәңіріге табынған. Оған деген сенімі мен түсінігі ертеден  сонау Күлтегін тасынан да аңғарылады. Автордың көркемдік тәсілінің бірі- шығармаларында культтік фразеологизмдер жиі ұшырасады. “О, тәңірім”   “Жасаған ием”,  “Құдайға  күніне мың да бір тәубе қылушы едім”,  “Құдай біледі”,  “Алладан күт”. Ананың балаға деген, баланың бауырға деген, ал бауырдың билікке деген сезімдері көрініс береді.  “О, тәңірім, азаптан құтқар, жәрдем бер! Бауырымнан шыққан өз балам бір-біріне дұшпан болып ұстасса, заманымда не қасиет қалғаны. Онда ел анасы атанған Өлең сорлыда не қадір бар. Tap құрсағымды кеңітіп, тас омырауымды иітіп, кеудеме басқан қос сәби ер жетіп, ел иесі атанғанда бір-бірімен неге бола, кімге бола жауықты? Жүрегімді жарып шыққан қос құлын бұл күнде неғып суынып, теріс айналып, берекесі қашты? Жауға қатал болам деп, қатігез болып кеткен бе? Бір анадан туған қос батыр - Шыңғыс пен Хасар ағайыншылығын ұмытып, көздеріне қан толғанда, қайсысыңа кінә артып, қайсысыңды ақтаймын” [3,3б.]. Алайда әңгіменің басты тақырыбы-АНА.  Аналық  сезім.   Әңгіме кейіпкері Өлең шешенің балаларына деген аналық сезімі, ханның да қараның да анадан туғанына, ана алдында  Шыңғыстай әлемді билеген ханның  өзі де бас иетіндігі.  Бірақ не үшін, неге бола өлім үкіміне Шыңғыс ханның бұйырғанын түсінбеген. Білетіні - ол қатал, өзі айтқан жарлықтан ешқашан да бас тартпайды. Басын аламын десе, бесіктегі сәбидің де қылшадай мойнын қия салатын. Өлім. Әсіресе Шыңғыстың қолынан бұйырған өлім, қасиетті, кұдірет жіберген, тәңірі сыйлаған ажал деп түсінетін. Қызғаныш пен ашудан  арыла алмаған хан өзінің  інісінің малын талатып,  жұртын  көшірткізеді.  Мұның барлығы ханның  көзіне толған қан еді.   Автор психологиялық бейнелеудің бір түрі.  Түс көру тәсілін  шебер пайдаланады.   Бұл тәсіл   біздің   әдебиетімізде   кейіпкердің   ішкі   өмірін   беруде   жиі қолданылатын әрі берік дәстүрге енген көркемдік компонент. Оны жазушы жиі қолданбаса да ең онтайлы сәттерде сәтті пайдалана да біледі. “Түс көру тәсілі - психологиялық бейнелеудің бір түрі.     Бұл тәсіл   біздің   әбедиетімізде   кейіпкердің   ішкі   өмірін   беруде   жиі қолданылатын әрі берік дәстүрге енген көркемдік компонент. Оны жазушы жиі қолданбаса да ең онтайлы сәттерде сәтті пайдалана да біледі.  Тегінде, түс көру  тәсілін қолданған қаламгерлер екі мақсатты мұрат тұтады.  Бірі–түстің мазмұнын психологиялық талдау  тұрғысынан интерпретациялағысы келсе, екіншілері –сюжеттік желіге арқау болар түс көру эпизодын поэтикалық қуаты мол әдеби құрал ретінде қарастырады” [4,91б.].     «Шыңғыс хан тұншығып жатыр екен, ұйқысынан шошып оянды. “Ойпыр-ай, -деді жалғыз өзі.  –Мен бір сұмдық түс көрдім,-деді жан-жағына қарап. –Құдірет-кие...  –Құдірет-кие...екен деймін.  Әміршім мені дүниеге әкелген Өлең-шешем екен деймін». Көздері шатынап, Шыңғыс хан жаңағы түсті тағы есіне алды.  Дағар жерге түсіп үлгермей аузы ағытылып келіп, ішінен бөлшек-бөлшек болып домалаған Өлең-шешесінің бейнесін көреді. Кесілген басы, қол –аяғы сатырлап бөлек-бөлек болып құлап жатыр екен. Жаны бар шешесінің басын не дағарға қайта саларын, не жерден алмайын деп екіұдай күйде тұрғанда, жаңағы шешесінің басы: “Көтер! Ал мына басты”,-деп әмір етеді.  –Бұл –Құдіреттің ісі. Оған сенің әмірің жетпейді. Шыңғыс балам. Көтер енді,  қара жерге тастай көрме”[3,13],-дейді.

  Мына әлемді адамдардың бір-біріне деген тартылыс сезімі бар. Ол ана мен бала  махаббаты.  Оның  құдіреттілігі әңгімеде былай беріледі: “Шыңғыс келе жатыр.  Анасының  аяғына бас ұрып,  кешірім сұрамақ.  Рахымы түсіп,  кешірім етсе,  бұ  дүниеде Өлең-шешенің алдынан кесе өтпейді деңдер!” -деді.  Осы сөзді Шыңғыс хан теріс қарап, иегі кемсеңдеп, жанарына жас толып,  қатты босап айтты.  Бұл жолғы ұлы жорық бір ай кешігіп басталды [7,13]. Әңгімеде  бүкіл әлемді бағындырған  әміршінің ана алдында әмірші ғана  емес,  ана үшін ол оның перзенті  болып қалатындығы  мен әйел-ананың  Алла берген құдіреті де көрінеді.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

1. Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. Алматы, 1991

2. Мұқанова Р. «Көркем сөз –көнерген сөзге айналмасын десек» //Әдебиет айдыны №47. 2006. 7б.

3. Мұқанова Р. Муза.  Әңгімелер мен хикаяттар. -Алматы:Жазушы, 2004.

4. Пірәлиева Г. Қазақтың көркем прозасындағы психологизм табиғаты және оның  бейнелеу құралдары. Оқу құралы. -Алматы: 2007.