Қ.Аманжолов поэзиясындағы «Жеңіс» концептісінің құрылымдық

сипаты

Турганалиева Ганмиркун Ганмирхановна,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, магистр,

Орал қаласы,

Қазақстан

            Тіл – ұлттың айнасы десек, сол ұлттың айшықты тілі көркем шығармаларда да көрініс тауып, сол арқылы ұлттың шынайы болмысын бейнелей алады. Ақын шығармаларындағы концептілерді талдау оның өмір, әлем, тіршілік жөніндегі концептуалды тұжырымдарын анықтайды. Қасым поэзиясы – аса күрделі дүние. Ақынның өткен заман шындығын, белгілі бір ортаның мәдени, саяси, әлеуметтік сипатын, ұлттық болмысын, ділін, танымын әр алуан көркем образдар арқылы таныта білген экспрессивті поэзиясы біраз зерттелгенімен, ақын тілінің өзіндік табиғаты, терең ұлттық-мәдени, тарихи мәні толық танылып, мән-мағынасы ашылып болған жоқ. Сондықтан да ұлттық мүддеге негізделген Қасым шығармаларының поэтикалық өрісін қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарымен ұштастырып (лингвостилистика, лингвопоэтика, психолингвистика, лингвомәдениеттану, этнолингвистика тұрғысынан),  арнайы қарастыру –  өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Екіншіден, белгілі бір уақытқа сай келетін тарихи шындықты, халық өміріне, ұлттық санасына елеулі әсер еткен оқиғаларды, қазақтың ұлттық болмысын, дүниетанымын, өршіл рухын, дүниенің ағы мен қарасын (өмір –  өлім, қуаныш – қайғы, сенімділік – опасыздық, әділдік – әділетсіздік, дос – жау т.б.) танытуымен, адам жанын жандандырып, «ұлттық идея», «намыс», «ерлік», «ақиқат», «өршіл рух», «елім, жерім» деген ұғымдарды айшықтай түсуімен ерекшеленетін және солардың бәрін көркем бейне, астарлы ой, үстеме мағына негізінде таныта білген Қасым ақынның шығармашылық тілін зерттеу – көркемдік шеберлігімен, ұлттық дүниетаным тереңдігімен, бейнелі де экспрессивті тілімен айырықша келетін көркем мәтін тілін зерттеу деген сөз.

 «Жеңіс» концептісі. Ақын поэзиясының концептуалды әлемінде «қуаныш» концептісі субъективті дүниетаным нәтижесі ретінде жүйеленген. «Қуаныш» концептісі – «шаттық, махаббат, кек алу» семаларымен анықталатын мәні әр адамға ортақ универсалды концепт болуы себепті ол ұлттық ерекшеліктегі бейнені де, дүниенің жеке авторлық қабылдауындағы бейнесін де объективтендіреді. Ақын шығармалары бойынша «жеңіс» концептісін шартты түрде мынадай когнитивтік модельдер арқылы көрсетуге болады:

«Жеңіс – тыныштық» когнитивтік моделі. Ақынның ойсурет, фреймдік сценарийлік танымында қарастырылған «жеңіс» концептісінің мәтіндегі тілдік экспликациясы: «тыныштық», «тамылжу», «күй қоңырауы», «тәтті ұйқы» элементтері арқылы көрініс тапқан.

Казарма лық тыныштық,

Жатыр ұйықтап солдат достар.

Жоғарғы нар қандай ыстық,

Жан екем бір монша құмар. (Жеңіс даусы)

 

Жеңіс даусы – құдіретті үн

Құйылды кеп кеудемізге,

Қалдық ұйып. Дүние шіркін,

Өліміз бе, тіріміз бе? (Жеңіс даусы)

«Жеңіс  қуаныш» когнитивтік моделі. «Жеңіс» моделі «қуаныш күйі», «көңіл қуанышы», «құдіретті үн» түрінде қолданылады.

Күйі ғой бір қуаныштың!

Саңқ-сұңқ етіп сонау көктен.

Қиқуындай қыран құстың,

Ғажап дауыс шығады өктем. (Жеңіс даусы)

 

Жеңіс даусы – құдіретті үн,

Саңқылдайды, тебірентеді.

Шіркін, адам, ұқтым бүгін,

Жаны қандай нәзік еді. (Жеңіс даусы)

 

Көрдім сені, жайдым құшақ,

Тоқтата алмай көз жасымды.

Құштым, сүйдім, ғашыққа ұсап,

Майдандас бір жолдасымды. (Жеңіс даусы)

«Жеңіс – батырлық» когнитивтік моделі. «Жеңіс» ұғымы ұлттың таным кеңістігінде бірде жағымды, бірде жағымсыз астар беретіні аңғарылады. Ақын жырларында жеңіс батырлық моделімен суреттеледі.  

 «Жеңіс – кек алу» когнитивтік моделі. Ақын жеңісті кек алу іспетінде де көрсетеді.

Жеңдік жауды, алдық кекті,

Мөңкіп тулап, басылды апат.

Мең-зең етіп жер мен көкті,

Тыңды-ау ақыр бір ғаламат. (Достар)

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Аманжолов Қ. Дариға, сол бір қыз. Өлеңдер жинағы.

2.     Манкеева Ж. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. Алматы: Ғылым 1991. – 272 б.

3.     Жүнісов А. Бабалар дәстүрі. – Алматы:  Полиграфия, 1992. – 205 б.

4.     Қирабаева Қ. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулар. Автореферат дисс. фил. кан. – Алматы, 1999. – 93 б.

5.     Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді.  - Алматы: Санат, 1994. – 272 б.

6.     Сейдімбек А. Қазақ әлемі. – Алматы: Санат, 1997. – 223 б.