Нургазиев Т.Е.
Абай атындағы
Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
2-курс магистранты
М.Шаханов поэзиясындағы эпитеттердің
лингвокогнитивтік сипаты
Тіл – елдің мәдениеті мен
тұрмысын, ұлттың өзіндік болмысын танытатын, оны
сақтайтын, келешек ұрпаққа жеткізетін ұлы
қазына есебінде қоғамдағы маңызды
қажеттіліктердің бірі. Сондықтан бүгінгі таңда
тілді құрылымдық тұғырдан бөлек,
басқа да қырын, қасиеттерін анықтау терең
зерттеуді талап етіп отыр.
«Қазіргі тіл білімінде
әлеуметтік лингвистика (тіл мен қоғам арақатынасын
зерттейтін сала), психолингвистика (индивидтің тұлғалық
мінез-құлқы мен ұғымды қабылдау, оны санада
өңдеу қасиеттерінің тілде көрініс табуы), лингвомәдениеттану (тіл мен мәдениеттің
өзара қатынасы негізінде ұлт мәдениетінің тілде
сақталуы, тілде көрініс табуы, сол тіл арқылы ұлтты,
оның мәдениетін таныта білу ерекшеліктер), этнолингвистика (тілдегі
ұлттық бірліктердің мазмұны мен мәнін
ұлттың тарихынан, халықтың рухани мәдениетінен,
халықтың менталитетінен, халықтың
шығармашылығынан іздеу) салалары тілді антропологиялық
бағытта қарастыруда.»[1;4-бет]
Көркем ой орамдарының көпшілігі
поэтикалық шығармалардағы троптар негізінде көрініс
табады. Бұл орайда, профессор Е.Жанпейісовтің: «Жазушы тілдегі
бейнелеу құралдарын әр алуан көркемдік бояу бере
пайдаланады. Ауызекі сөйлеу тіліндегі қарапайым сөздер де,
мақал-мәтелдер де, эпитет пен теңеулер де, тілдің
басқа да барлық бейнелеу құралдары
шығарманың жалпы идеялық, тақырыптық
арқауына лайық жаңа бір мағыналық астар алып,
стильдік функциясы арта түседі» [2;186], - деген тұжырымын атап
айтуға болады.
М.Шахановтың
өлеңдерінің көріктеу құралдардың сан
алуан түрін кездестіруге болады. Олардың басым көпшілігі
табиғат құбылыстарын танытатын ұғымдар,
фольклорлық мазмұн негізінде қалыптасқан тіркестер,
дәстүр жалғастықпен жеткен тарихи тіркестер болып
келеді.
М.Шаханов өлеңдерінің басты
тақырыптары кәрілік, жастық, махаббат, сатқындық,
достық, намыс, бақыт концептілерімен ұштасады. Ақын
поэзиясындағы бұл концептілердің тоғысқан жерінде
сан алуан лексика молынан қолданылады. Ал олардың көркем
мәтін тілінде экспресивті, бейнелі болып келуі эпитеттер негізінде
жүзеге асырылады.
Эпитет мәселесі
А.А.Потебня, А.Н.Веселовский, М.Э.Снегиров, А.Байтұрсынұлы,
Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, З.Ахметов, Р.Сыздықова
және тағы басқа ғалымдар еңбектерінде
қарастырыла келе, оның табиғаты келесідей анықтамалар
негізінде айшықталады:
Орыс тіл білімінің сынды ғалымдарының бірі А.А.Потебня:
«Өлеңдегі эпитет – тек
бағалаудың ғана құралы емес. Ол бүкіл
текстің бойымен өтетін байланыстарда көрінеді. Оны зерттеу
өлеңнің поэзиялық жүйесінің мәнін,
оның әр түрлі сатылардағы шындыққа
қатынасын міндетті түрде зерттеуге алып келеді» [3], - деп
көрсетсе, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы
А.Байтұрсынов: «Бір нәрсені көптен айырып, көзге
көбірек түсерлік етіп айтқымыз келгенде ол
нәрсенің атына айқын көрсеткендей сөз қосып
айтамыз. Мәселен, Атымтай Жомарт, Жиренше шешен, Қаз дауысты
Қазыбек деу айқындау мақсатпен айтқаннан
шыққан... Сондықтан айқындаудың бұл
түрі тек айқындау ғана болады... Мұнан басқа
көркейту мақсатпен айқындау бар. Мәселен, «қызыл
тіл», «ақ сұңқар», «шалқар көл» дегенде,
«қызыл», «ақ», «шалқар» деген сөздерді көбінесе
көркейту үшін айтып жұмсаймыз. Сондықтан
айқындаудың бұл түрі көркейту деп айтылады» [4],
- деп көрсете келе,
қызметіне қарай оны айқындау
және көркейту деп
ажыратады.
Әдебиетші-ғалым З.Қабдолов еңбегінде: «Эпитет дегеніміз – заттың,
құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын
суретті сөз» [5], - деп таныса, академик Р.Сыздықова: «Эпитет – адамның, заттың,
құбылыстың бір белгісін: сырын, сипатын, қасиетін атап
көрсететін сөз, бірақ осы қызметте келетін жай
анықтауыш сөзден эпитеттің айырмасы бар. Жай анықтауыш
заттың, құбылыстың, адамның өзіне тән
қалыпты сынын (белгісін, қасиетін, түрін, түсін т.б.)
білдірсе, эпитет өзі атайтын белгіні бейнелеп (образдап) көрсетеді
[6]», - деп тұжырымдайды.
«Эпитеттер поэзия тілінде көркем бейне сомдай келе,
автордың дүниетанымын, эстетикасын, белгілі бір затқа немесе
құбылысқа деген субъективті көзқарасын танытатын көркем дүниелер [7]»
ғана емес, сонымен қатар ұлт болмысының ерекше
қырын, дәстүрін, ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі
жайында ақпарат тасымалдауға қабілетті тілдік бірлік болып
есептеледі.
Ақын
Мұхтар Шаханов поэзиясында
эпитеттер кең қолданыс тапқан.
Ақынның
«Жароков көшесіндегі кездесу» атты өлеңіндегі
қолданған эпитеттері ерекше.
Лаулата алмай бойдағы
бар ұшқынды,
Жүрген кезім армандап
алыс қырды.
Бірде мені Төлеген
Айбергенов,
Тарлан ақын
Тайырмен таныстырды.
Күле қарап
төбеден ай қабақ құз,
Көп сырластық,
көп жырды қайталаппыз.
Жаңа жарқын
ойларға ат салысып,
Күн кешкіріп
қалғанын байқамаппыз.
...Кездейсоқтық.
Сірә, оның аз ба себебі?
Міне мұндай
ғажайып та кездеседі.
Төрде отырған нән
қарын сары кісі,
Менің жақын
досымның жездесі еді.
Осы
өлең шумақтарындағы эпитеттердің адам санасына
берер эмоционалдық реңктері әр түрлі. Мысалы:
«жарқын ой» тіркесіндегі «жарқын» эпитетін бөліп алсақ,
«жарқын» сөзі «ой»
сөзімен тіркесуі арқылы жаңа туған идея немесе
дұрыс шешім мағынасында қолданылған. «Жарқын
болашақ» тіркесінде бұл сөз ашық деген мағына
береді.
Тілтаным
тұғырынан алған кезде эпитеттердің өне бойында
сақталған ақпараттардың молдығы
айқындалады, мазмұны ашылады. «Тарлан ақын» тіркесіндегі
«тарлан» эпитеті «өз ісіне шебер, майталман» деген ауыспалы мағынада қолданылып тұр.
Тура мағынасы - таpғыл, шұбаp секпiлдi аpалас түс.
«Ай
қабақ құз» тіркесіндегі «ай қабақ»
эпитетінде айқындау мен суреттеу басым болып келеді. Халық
танымында «ай қабақ» деп сұлулықты суреттейтін
болған.
«Нән
қарын» эпитетінің адамның эмоциясына әсері ерекше.
Нән сөзінің өзі диалектілер қатарына кіреді.
Сөздікте:
«НӘН
(Түрікменстан Республикасында: Красн., Бекд., Қиян., Таш.,Ашх.,
Тедж..; Қызыл орда: Сырдария
ауданы, Жалағаш ауданы, Қармақшы, Арал) үлкен, көлемді деген мағынаны береді[8]» деп
берілген. Үлкен қарын – ұлттық психологияда
жағымсыз образ.
Эмоционалдық
күй мен танымдық ақпараттың жиынтығы осы
эпитеттердің өне бойынан табылары хақ. Демек, эпитет
сөздер – ұлт танымын айшықтайтын ерекше құрал
бола алады.
Пайдаланған әдебиеттер
тізімі
1. Байғұтова А. «Қазақ әйелі»
концептісінің этномәдени сипаты.– Алматы, 2008.
2. Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі. – Алматы.:
Ғылым. 1968.
3. Потебня А. А. Эстетика и поэтика. — М.: Искусство, 1976
4. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш.-Алматы, 1991ж.
5. Қабдолов З. Сөз
өнері. -Алматы, 1983ж.
6. Р. Сыздық. Абай және қазақтың әдеби
тілі. – Алматы, 2004
7. Хабиева А.А. Тарихи лексиканың мазмұндық
құрылымындағы коннотаттық компоненттер (Махамбет
шығармашылығы негізінде). – Алматы, 2007
8. Диалектологиялық сөздік. Алматы, 2007
Резюме
В этой статье рассматривается
когнитивная сторона эпитетов в поэзии Мухтара Шаханова.
Resume
This article
focuses on the cognitive side of epithets in poetry Mukhtar Shakhanov.