Отбасындағы жеке тұлға қасиеті

П.ғ.к., доцент Базарбаева К.К.,

магистрант Жақсылықова Ж.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан Республикасы.

 

Отбасы - қоғамның ең маңызды тобы, бірлестігі. Жас баланы отбасында тәрбиелеуде халқымыздың сан ғасырлар бойы жинақтаған ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиелердің, төл тума халық педагогикасының орны зор. Оның өзекті арқауына ұлттық сана сезім, қадір қасиет, ар-ождан, ұлтжандылық, отансүйгіштік, ізгілік, ізеттілік, парасаттылық, тектілік, қайырымдылық, және т.б жататыны, олардың өмірдегі мән-маңызы сараланады. Отбасында жас баланы ерлікке, жігерлікке, батылдықпен батырлыққа, сөзбен істің бірлігі сияқты қасиеттерге тәрбиелеудің орны ерекше. Отбасында, әсіресе, ата-ананың, туған-туыстың айтқан сөздері, қоғамдық өмірде болып жатқан құбылыстар саяси-әлеуметтік өмірдегі өзгерістер жөнінде оларға айтқан пікірлерді, қабылданып жатқан шешімдерге берген бағаларды т.с.с. жас бала арнайы тыңдап, мән бермегенімен, ойын арасында естігенің біртіндеп белгілі бір ой қалыптастырып, тұжырымдар жасайды. Отбасында негізі қаланған тәрбие өсе келе өмірлік нысанаға айналуы мүмкін.  Халық отбасындағы тәрбиеге ерекше көңіл бөлген. Оны мәтелдерден көруге болады. Ал, «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ұлың өссе-ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе – қызы жақсымен ауылдас бол», «Әке көрген оқ  жонар, шеше көрген тон пішер» - мақалдары  халықтың бала тәрбиесіне, оның қалай өсіп өнуіне, болашағына үлкен көңіл бөлгендігі байқалады. Яғни, бала ата-анаға, өскен ортаға қарап өседі, үлкендердің үлгі өнегесіне қарап тәлім алады.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                              

Баланың адам ретіндегі қалыптасуында тәрбиенің негізі ата-анадан деп есептегенімен, жүрген ортаның, ағайын туыстың, жора-жолдастың, жанұяның, ең әуелі туған жердің табиғатына дейін әсер тигізетіні рас. Бұлардың бәрін, ержетіп, азамат болуда ықпал етер шартты жағдайлар деп бағаласаң, көгеріп, көкейіп өскен жастың жанына азық, бойына қуат, өнеге беретін аялы алтын діңгегі - әке-шешесі.

Тіршіліктегі барлық нәрсенің бір бірімен сабақтас болғаны сияқты, баланың бойындағы, әдетіндегі небір жақсы, жаман қасиеттердің көздері осыларда. Ананың, тәрбиешінің, ұстаздың шеберлігіне қарай бала бойында ұстамдылық, ұқыптылык, нәзіктік, кішіпейілдік қасиеттер қалыптасса, әке арқылы еңбекқорлық, батылдық, адамгершілік, азаматтық, табандылық мінезге ие болады. Сондықтанда ата- анаға, ұстазға өз жүрегінің тебіренісін, жай күйін бала сезіміне әсер ететіндей жеткізе білуге тырысқан жөн.

Қазіргі кездегі педагогика бойынша отбасылық тәрбие-ата-ана мен баланың арасындағы қарым қатынастың жүйесі. Олай болса, әрбір ата-анаға осы жүйені ғылым және өнер ретінде жан-жақты меңгеру қажет.

 Тәрбиеге арнайы бөлінген уақыт жоғы белгілі. Ата-ана өз еңбегімен, өмірге деген саналы көзқарасы, жақсы қасиеттері арқылы қадірлі ғұмыр кешіп, ұрпағына мирас ете білсе, өзінен күш қуат кетіп, бағу-қағу  сияқты күтім қажет кезінде кімді тәрбиелеп, кімді өсіргенімен бағалы болады.

Ата-ананың балаға деген махаббаты- әрбір азаматтың Отанға, досқа, туыстарға, сүйген жарға деген махаббатының жетекшісі, көш басы деп түсінуге болады. Өмірдегі небір сырлы махаббаттар ата-ананың балаға деген мейірім махабатынан тараған. Сол ата-ананың өзі еккен махаббаты қартайғанша тозбай, ондай ата-ана өткен өміріне өкінбей, еңбегінің жанғанына риза болады.

Жас адамды есті, саналы, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының бірден-бір парызы.

Өйткені «Ес түзелмей, ел түзелмейді», олай болса, егеменді еліміздің болашағы отбасында бесіктен басталып, оқу-тәрбие орындарында есті ұрпақты тәрбиелеу ісімен шешілмек. Отбасы үшін ежелден тән қасиеті балажандық, балаларды еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу, денесін шынықтыру, үлкенді құрметтеу, туысқандық кең байланыс, көршілерімен және ұлты басқа халықтармен достық, ізгілік қатынастар осының бәрі көшпелі қазақ халқының тұрмыс қалпына байланысты болған.

Отбасы шын мәнінде тату-тәтті болса одан адамгершілік пен әділеттіліктің көрінісі туады. Отбасының бірлігі мен ынтымақтастығы оның құрамындағы адамдардың бірегей адамгершілік талаптарын, бірегей саяси көзқарасты ұстауынан, соған орай өзара көмек қарым-қатынасын, ерлі-зайыптылық және ата-аналық сезімін терең түсіне білулерінен көрінеді. Отбасының негізгі міндеті – баланы еңбекке, адамдар арасында өмір сүре білуге үйрету.

Қазақ халқы бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, оған ерекше көңіл бөлген. Себебі ол баланы отбасының және өмірдің жалғасы мен болашағы деп санаған. Мысалы, отбасында баланың болуын және көп болуын тілеген. Оған халқымыздың мынадай даналық сөздері дәлел: «Бесіксіз үйде береке жоқ», «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар», «Бір баласы бардың шығар шықпас жаны бар, көп баласы бардың үйінде жанған шамы бар», - деуі баланы халқымыздың ерекше жақсы көргені.

Қазақ отбасында баланы ұлттық салт-дәстүрлер аясында тәрбиелеген. Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер құрсақ тойы, жарыс қазан, шілдехана, сүйінші, қырқынан шығару, бесік тойы, тұсау кесу, т.б. жүйелі түрде іске асырылған. Сондықтан қазақ халқында бала тәрбиелеуде отбасы басты рөл атқарған, ұлы Мұхтар Әуезов қазақтың отбасы тәрбиесін ерекше бағалап: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзі соған дәлел. Ана мен әке және әже мен ата отбасының басты тәлімгері. Өйткені ана балаға өмір сыйлаумен ғана жақын емес, ол өзінің бар мейірімділігімен, жүрегінің жылуымен, сүйіспеншілігімен оған өте жақын. Ана балаға барлық өмір тәжірибесін және бар білгенін туылған күнненбастап баланың бойына сіңірумен болады. Сондықтан баланың алғаш тілінің шығуы «Ана» деген сөзден басталады.

Ана – баланың ең жақын қорғаушысы, ақылшысы және тәлімгері. Мысалы, ана баласы үшін басын өлімге тігуге дайын.

Ана жер басып жүрген адам баласын жаратушы да, оның ұрпағын мәңгі жалғастырушы да. Сондықтан бұл дүниеде анадан артық, анадан ардақты, анадан құдіретті ешнәрсе жоқ.

Қазақ отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің алатын орны мен рөлі ерекше болған. Себебі әке – отбасын асыраушы, оның мүшелерінің тірегі, қамқоршысы және тәлімгері. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы, сондықтан қазақта әке туралы өнегелі нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер көп-ақ. Мысалы, «Әке бәйтерек, бала жапырақ», «Әкеге қарап бала өсер», «Әке балаға үлгі» .

Қазақ халқында әкелер өз өнерлерін балаларына үйретіп, оларды өздеріндей қол өнерші, күйші, әнші, мерген, аңшы, құсбегі етіп тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлген. Содан «Атадан бала тумас болар ма, ата жолын қумас болар ма», «Әке көрген – оқ жонар» деген нақыл сөздер пайда болған. Сонымен, әке отбасында – қамқоршы, ақылшы, үлгі-өнеге, тірек, ұстаз, тәрбиеші.

«Әже – кім, Ата – кім, неге оларды соңғы кездерде жылатып, қарттар үйіне апарып тастаған», - деген сұрақтар туындайды.

Ертеде және қазір де әжелер мен аталар отбасында бала тәрбиесінде басты орында. Әжелер мен аталар отбасында немерелерін тәрбиелеуде бала күтушінің жұмысын істеген, балалар солардың қасында өскен. Әжелер мен аталар мінез-құлқында жағымды қасиеттер: олардың ұстамдылығы, төзімділігі, сабырлылығы, қиыншылықтарға төзімділікпен қарауы т.б. балаға ерекше әсер етеді.

Әжелер мен аталар балалардың бойына адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеу үшін оларға аңыз-әңгімелер, ертегілер, мақал-мәтелдер, жырлар, жұмбақтар т.б. ауыз әдебиетінің үлгілерін кеңінен пайдаланған.

Әжелер мен аталар ұлы адамдарды тәрбиелеуде ерекше қызмет жасаған, оны сіздер жақсы білесіздер. Мысалы, Абай, Ыбырай, Шоқан, Мұхтар т.б. соған дәлел.

Қазақта баланың әке-шешесі оны ата-әжесі тұрғанда «бала менікі» деуге бата алмаған, ал балалар оларды «аға-жеңге» деп атаған. Осы жақсы дәстүр ата мен бала, әже мен келін арасында шынайы сыйластықты, татулықты, ынтымақтастықты, отбасындағы жақсы қарым-қатынасты қамтамасыз еткен.  

Тыңдамайды, қасарысады, қыңырланады, кейде тіпті әдепсіздік көрсетеді – неліктен? Балаға біз о бастан дұрыс ықпал жасай алмағандықтан емес пе екен? Әдепсіз сөйлеу, өрескел зеку – тәрбие көрсетудің жаман әдісі. Бірінші жағдайда бала оған құлақ аспауға үйреніп алады, сөйтіп оны жай сөзбен тіл алғызу қиынға соғады, екінші жағдайда, сіздің қатты зекіп, өрескелдікпен айтқандарыңызға балада іштей қарсылық пайда болады.

Ата-аналар кейде өз балаларына әділетті қарамайды және оны өздері байқамайды. Баланың сізден әділетсіз ескерту алуы, мазақ етілуі, оның мүддесін түсінбеушілік балаға қаншама ауыр тиеді! Өзінің балалармен қалай сөйлесетініңізге назар аударыңызшы. Баланың сөйлеспек әрекетін ата-анала өздерінің уақыты жоқ екенін сылтауратып, қайтарып тастайды.

Егер бала ересектердің мұндай селқостығына үнемі кездесіп отыратын болса, онда ол өз ойын ортаға салуды бірте-бірте керексінбей кетеді. Балаларының тұйық болып бара жатқанына көп кешікпей ата-аналарының өкінбесіне кім кепіл? Семьяда бір-біріңізге ілтипаттысыз ба, көршілермен, таныссызтармен және достармен шын көңілмен қарым-қатынас жасайсыз ба, айналаңыздағылармен қалай сөлесесіз, жанашырсыз ба, осының бәрін бала көреді. Баланың адамдарға деген қарам-қатынасы көп жағдайда оның семьяда алған тәрбиесіне байланысты болады.

Сыйластық және әділ талап қоюшылық – балаға дұрыс ықпал етуге, тілін табуға көмектесетін, міне, осылар. Бала ата-анасының күнделікті көңіл аударып отыруын қалайды. Балалармен бірге болған уақытты оларға ақыл айтып, сөгуге емес, жылы әңгімелесіп, бірге серуендеуге немесе қызықты экскурсия жасап жорыққа шығуға жұмсау керек.

Балаға адам сияқты қарауды үйрену керек, мейлі әлі әлсіз, көмек, қорғаныш қорғаныш қажет ететін болсын, мейлі күрескер, жасаушы болуға дәрменсіз болсын, әйткенмен ол да адам, оның үстіне ол болашақтың адамы».

Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттілігімен ардақты. Адамгершілік – адамның рухани арқауы.

         Халқымыз ежелден ақ көңіл, қонақжай, меймандос ел болған. Меймандостық – бейбітшіліктің символы іспеттес. Көшпенді ата-бабалрымыз қашанда бейбітшілікті аңсаған. Бірлікке, тірлікке, жарсымды қарым-қатынасқа шақырған. өз бетімен ешкімге ұрынбаған. Әр уақытта татулықта, бірлікте өмір сүруге тырысқан.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1        Қарсыбаев Б., Шымкент әлеуметтік педогогикалық университетінің проректоры, «Отбасылық өмірге дайындау»- Қазақстан мектебі 3\2009

2         Байжанова Ж., «Семьядағы ересектер мен балалар арасындағы сыйластық» . Семья бақыты.- Алматы «Қайнар» 1990 жыл  

3         Дәуренбаева Ж. «Қарасу» орта мектебінің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі «Тәрбие негізі  - отбасында» Педагогика және өнер, 2\2010 

4         Ғаббасов С. «Ізгілік әліппесі» 1-том.  Алматы -1990.

5         Байжанова Ж. «Семья сәні – сыйластық». Семья бақыты, Алматы «Қайнар» 1990 жыл 

6         Байжанова Жамал, «Ағайын тату болса, ат көп...» Семья бақыты, Алматы «Қайнар» 1990 ж

7         Исабекова Ажар, «Неке тұрақтылығы - өзара түсіністік», Қазақстан мектебі, 1\2009