Алма Едігенова Жүнісбекқызы

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, педагогика кафедрасының доц.м.а., педагогика ғылымдарының кандидаты

 Қазақстан Республикасы, Семей қаласы

ШӘКӘРІМНІҢ  ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ПОРТРЕТІ

Тұлғаның психологиялық құрылымын оның өзіне ғана тән қасиеттері құрайды. Психологтар зерттеуі бойынша тұлғаның биологиялық құрылымын жастық, жыныстық, психологиялық және туа біткен жүйке жүйелік қасиеттері құраса, оның келесі сатысын тұлғаның танымдық процестері, яғни есі, қабылдауы, түйсінуі, ойлауы, жүре қалыптасқан басқа ерекшеліктері әлеуметтік тәжірибесі, білімі, дағдысы, қабілеті және т.б.қасиеттері құрайды. Бұлардың барлығы өмір барысында қалыптасады және әлеуметтік сипатқа ие болады. Ал енді тұлға құрылымының жоғары сатысына оның бағыттылығы, қызығушылығы, көзқарасы, идеясы, сенімі, дүниетанымы, мінез ерекшеліктері, өзін-өзі бағалауы жатады.  [1;2].

Әрбір тұлға өзінің осы ерекшеліктерімен басқалардан айрықшаланады. Демек, адамды тану, оған сипаттама беру күрделі процесс. Біз бұл жұмыста Шәкәрімнің психологиялық портретін беруге талпынамыз. Шәкәрім Құдайбердіұлы XIX ғасырдың екінші жартысы мен  XX ғасырдың басында өмір сүрген қазақ  ақыны, аудармашы, философ, тарихшы, прозаик, лирик. Шәкәрім 1858 жылы 11 шілдеде Семей облысының Абай ауданында дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбай Өскенбайұлының (Абайдың әкесі) баласы, яғни Шәкәрім Абайдың немере інісі. Демек, Шәкәрім Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алған шәкірті, оның басшылығымен аса құнды, баға жетпес шығармалары дүниеге келген. Бүгінгі күні ұлы ғұламаның шығармалары кітап болып басылып, қолдан-қолға өтіп, жас ұрпақ тәрбиесінде рухани мұраға айналып отыр: «Қалқаман мен Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Ләйлі-Мәжнүн» поэмалары, «Үш анық», «Түрік, қырғыз, қазақ және хандар шежіресі», «Мұсылмандық» шығармалары, «Қазақ айнасы» өлеңдер жинағы  және т.б.[3;4;5].

Біз қазіргі деректерде айтылған ой-пікірлердің барлығын негізге алып, Шәкәрімнің өзі өмір сүрген заманда басқалардан ерекшеленетін тұлға екендігін, сонымен қатар, адамзаттың жан-дүниесін түсінген, яғни адам психологиясын жақсы білген  тұлға ретінде  қарастырмақпыз.

Жалпы адам бойындағы даралық қасиеттер оның өзгелерге қарым-қатынасынан айқын байқалады. Осындай іс-әрекеттеріне сәйкес тұлғаның азаматтық, кісілік, тұлғалық қасиеттері сомдалады, қадір-қасиеттері қалыптасады. Даралық қасиеттер тарихи қалыптасып, тұлғаның құнды қасиеттерін құрайтыны айқын. Осы жағынан алғанда Шәкәрім: «Өз бетімен көп оқып, рухани қазыналарға терең үңіліп, білімнің, ғылымның пайдасын түсінген,  терең ойдың иесі» [3;4;5]. Ал психологиядағы ойлау түрлі мақсат-міндеттерді шешуде шиеленісті жағдайларды сезіп-біліп, оның мән-мағынасын түсінуді қажет етеді. Сөйтіп, неше түрлі шиеленісті жағдайлардың белгілі себептерімен байланысын, олардың құпия-сырларын ашып көрсетуді көздейді. Ал, мұны анықтауда әрине адамның білімі мен өмір тәжірибесі қажет екендігі айтпаса да түсінікті.

Шәкәрімнің белсенді қимыл-әрекеті оның мінез-құлқынан, ниеті мен бағыт-бағдарынан, ұстанымынан  айқын көрінеді. Осылайша,  тұлғаның ішкі жан-дүниесінің сыры, даралық ерекшеліктері сыртқа айқын айшықталып тұр. Жалпы мінез тұлғаны толық сипаттай алмайды, дегенмен оның қасиеттерін, бағыттылығы мен еркін, интелектік және эмоциялық сапаларын, темпераментін айқындайтын психологиялық ерекшеліктерінің күрделі жүйесін құрайды. 

«Шәкәрім он бес жасында домбыра, гармонь тартуды үйреніп, қаршыға, бүркіт салып, саятшылық құрып, сурет салуға да машықтанған. Жас Шәкәрім телеграмма, күй аспабы – орган, сағат жүрісі құпияларын білуге құштар болған» [3, 4-5]. Шәкәрім бірнеше тілді меңгерген – араб, парсы, түрік, татар, орыс. Ол көптеген халықтардың ғасырлар бойы жинақтаған рухани қазыналарына еркін бойлап, терең игере білу нәтижесінде бірсыпыра туындаларды қазақшаға аударып, халық игілігіне айналдырған» [3, 38-41]. Шәкәрім әрі лирик, әрі эпик ақын, прозаик, ол композитор және музыкант, орыс және шығыс классиктерімен қазақ оқушыларын таныстырған шебер аудармашы, ол терең ойшыл әрі бармағынан мөрі тамған сегіз қырлы өнерпаз – үлкен мәдени қайраткер (Қ. Мұхаметханов) [4, 11]. Бұл сипаттаулар оның ерекше тұлға екендігінің дәлелі, сонымен қатар нақты бір істерді атқаруға деген айрықша қабілеттілігі, өмірдің әр саласында өзін ереше қырынан көрсетуі. Осы Шәкәрім қабілетіндегі дарындылық пен талант үйлесімділік тауып, оның данышпандық қасиетін айғақтап тұр. Данышпандық қасиет – бұл адамның ақыл-ойы мен іс-әрекетінің ең жоғары дәрежеге жетуі. Демек, данышпан адамның іс-әрекет нәтижелері қоғамның тарихи дамуында өшпес із қалдырады. Шәкәрім осындай адамдар қатарындағы, еліміздің біртуар перзенті. Бүгінгі күні ақынның осы бір  өзіндік қасиеттері оның тұлғасын, адами қасиеттерін, сипатын, қалдырған рухани мұраларын халық игілігіне жаратып, тәлімі мен тағылымы мол өнегеге айналдырып отыр.

Табиғатында ойшыл, философ өзі өмір кешкен ортаға, айналаға, қоғамға, сол замандағы адамдар арасындағы қатынастарға өзіндік көзқарасын ашық білдірген. Осы жағынан адамның психологиялық сипатын зерттеуде ерекше орын алатын жайт –  адамның белсенділігі. Белсенділік іс-әрекетпен, оның бағдар-мақсатымен, өмір-тіршілігімен тығыз байланысты.

Байқасаңыз Шәкәрім - күрделі мінездің иесі. Ал ондай мінездің иесі күрделі ой үстінде, белсенді істердің жетегінде жүреді, басқаның ойына келмеген құбылыс иесі болып таныла түспекші. Бұл  Шәкәрімнің өзіне ғана тән даралық қасиеттерін аша түседі: «Шәкәрім – өз бетімен көп оқып, рухани қазыналарға терең үңілген, талантты ақын, табиғат, қоғам, адамзат туралы ой айтқан философ».

Шәкәрім елден бөлек, табиғат аясында жалғыздық жапасын тартып, қиын күндерді басынан өткізген күнде де, елде болып жатқан оқиғалардан тыс қалмай, сонда да болса, келешекке үлкен үмітпен қарағаны «түзелер деп қазағым» деген  өлең жолдарынан айқын байқалады. Бұл өлеңінде Шәкәрім дүниетанымдық көзқарасына, табиғат пен қоғам заңдылықтары жөніндегі ұғымдарына, өмір тәжірибесіне сүйене отырып әрекет ететіні анық көрінеді.

Кім жалғыз бұл жалғанда – есті жалғыз

Мұңдасар болмаған соң бір сыңары.

Жалтаңдап жалғыз Абай өткен жоқ па

Қазақтан табылды ма соның пары?

...Бұл дүние білімі бар адамды

Қайғылы бейнетпенен өткізер.

Қайдағы ақылы жоқ наданды,

Ойлаған тілегіне жеткізер[3, 12].

 

Байладым белді бекем буайын деп,

Жүректі адалдықпен жуайын деп.

Талпынған мақсат іздеп мақұрым қалмас,

Адамдық ғылым жолын қуайын деп [5, 236].

Келтірілген өлең жолдарында  ақынның психологиялық күйзелісі баяндалады, ішкі тебіренісін, толғанысын сыртқа шығарады. Бұдан біз Шәкәрімнің дүниетанымдық қабілеті бар, сыртқы ортаның неше түрлі әсерлерін бастан өткеріп, оларға төзімділік көрсететін, қоршаған ортаны өзгертуге ықпал ете алатын ерекше, жан дүниесінің құрылымы мен психикасы аса күрделі субъекті екенін көреміз.

Шәкәрімнің  қоғамдағы  адамның орнына, жалпы адам мәселесіне ерекше қарағаны байқалады.

Адамдық борышың, -

Халыққа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай

Ар сақта оны біл.

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз,

Өнерсіз

Болады ақыл тұл...

Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,

Шын бақыт –

Осыны ұқ,

Мәңгілік өлмейсің. 

Адам үшін – еңбегім

Өмірден барлық тергенім.

Қалағаның қарап ал

Мұрам сол жастар, бергенім [3, 18-19].

Осы өлең жолдарындағы Шәкәрімнің жеке бағыт-бағдары, арманы, құмарлығы, әр түрлі мұраттарға жету жолындағы әрекеті – оның өзіне ғана тән психологиялық ерекшеліктері.

Шәкәрімнің бойынан, түрі мен кебетінен оның жан дүниесінің мазмұны - сезімдері мен эмоциясы арқылы түгелдей көрініс береді. Мұның дәлелі оның шығармаларындағы толғаныстары. Ол өз шығармаларында өзіне, өз заманында өмір сүрген өзге адамдарға, айналасындағы болып жатқан оқиғаларға көңіл-күйін білдіреді.

Сүйсініп ақынға елі мән бергендей,

Өлеңмен өміріне мән бергендей.

Қадалып жүрегіне ақ қанжардай,

Оятсын ойкүйезді жан бергендей.

 

Ерікті билеп алсын айтылған жыр,

Сырты – гүл, жарасымды ішінде сыр,

Жаныңның ләззат алар жарығындай,

Мәңгілік өшпейтұғын төгілсін нұр.

 

Үйіріліп көкейіне ұйып жатсын,

Тазартып жүрек кірін жуып жатсын.

Қаңсыған шөл даланы қанықтырып,

Жыр тасып дариядай құйып жатсын [3, 11-12].

Бұл өлең жолдарынан эмоциялық күй байқалады. Ғұламаның жан дүниесінің сыртқы және ішкі әсерлер салдарынан толқу, шаттану тәрізді жағдайларының көрініс беруін байқауға болады. Абайдың дүниеден өтуі де оны қатты күйзелтеді. Сол кездері ақылшы ағаның ақылын ұғайын деген ниетті не жастан, не үлкеннен көрмегеніне налиды. Әлбетте, оның адамгершілік-моральдық сезімдері сол қоғамның тарихи дамуымен байланысты көрініс берді.

Шәкәрімнің келесі бір қыры – оның еркінен көрінеді. Ол өмірінің соңына дейін тау басында жалғыз оңаша тұрғанда да елдің жайын ойлады, мойымады, үнемі жақсылық күтті.

Ойлаумен күнді батырам,

Жазумен таңды атырам,

Тесіле қарап кітапқа,

Сілемді сөйтіп қатырам.

 

Мен кеттім, сендер елде қойдың қалып,

Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып,

55 жинаған қазынамды,

Оңашада қорытамын ойға салып [4, 36],- деп

өзінің алға қойған мақсаттарын орындау үшін  орасан зор күш жұмсап, рухтанып, қиыншылықты ерікті істерімен жеңуге әрекет жасағанын байқаймыз. Шәкәрімнің бойынан  жігерлілік, беріктік, табандылық, төзімділік, шыдамдылық тәрізді ерік сапалары айқын көрінеді. Мұны ақынның жастарға арнаған мына бір өлең шумақтарынан да көруге болады:

 

Байладым белді бекем буайын деп,

Жүректі адалдықпен жуайын деп,

Талпынған мақсат іздеп мақұрым қалмас,

Адамдық ғылым жолын қуайын деп.

 

Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,

Дүние алдамшы, өмір қу деп елерме.

Қамдан, сақтан, қағып бақ бәле келсе,

Бәрін құдай қылды дегенге ерме.

 

Ерінбесең еңбекке  дәулет дайын,

Жаратқан жоқ жатсын деп бір құдайың.

Ойласын деп ой берді, көруге көз,

Аяқ берді, тапсын деп басқан сайын [5, 236-237].

Белгілі бір істі, мақсатты  орындауда басқаның жетегінде кетпей, басқаға телміріп өміріңді босқа өткізбей өз біліміңмен, жігерлілігіңмен, сенім-қабілетіңмен шешуге талпын деп уағыздайды. Адам бойындағы ерекше қасиет талап пен ақылға  назар аударады.

Ақыл деген денеге егілген дән

Суғарылса оған кіреді жан,

Ақылдың өніп-өсіп зораймағы

Көрген-білген нәрседен ғибрат алған [4, 35],

         Ғылым бір кенің ғой,

        Ауырсаң емің ғой.

        Бәріне жетеді

        Таусылмас көлің ғой,

        ... Балаңа ғылым үйрет жас күнінде... – дейді [3, 18].

 Адамның бір істі істеуге талаптанып, белсенділігін оятатын ниеті туралы ой қозғайды. Ол шығармалары арқылы адам психикасындағы қатынастардың сырын, адам мінезіндегі мақсатқа бағытталған ниет-тілектерді жақсы түсініп, оған қол жеткізу үшін дұрыс бағыт-бағдар көрсетеді.

Әрине,  Шәкәрімнің адами құнды қасиеттерін сипаттайтын мұндай дәлелдерді көптеп келтіруге болады. Осы айтылған дәлелдер, Шәкәрімнің  өз ортасынан биік, оқшау тұрған ерекше  тұлға екенін көрсетеді және оның осындай өзгеше бөлек бітімі қазіргі жас ұрпақ тәрбиесінде тәлімі мен тағылымы мол рухани қазына екені сөзсіз. Дегенмен де, осымен Шәкәрімге  толық психологиялық портрет берілді деуге болмайды. Бұл мәселе әлі де жан- жақты қарастыруды қажет етеді.

 

                                            Әдебиеттер:

         1. Жарықбаев Қ. Жалпы психология. - Алматы, 1995.

2. Немов Р.С. Психология. Москва, 1999.  

         3. Сәтбаева Ш.Қ. Шәкәрім Құдайбердиев. – Алматы,1990.

4. Шәкәрім ғибраты. Ғылыми жинақ. - Семей, 2008.

         5.  Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы, 1995.