Физическая культура и спорт/ 2.Развитие физической культуры и спорта в современных условиях

 

2 курс магистранты Нұрлыбек

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті

 

Қазақстан Республикасында таэквондо спортының даму ағымы

 

Қазақстанға таэквондо тәуелсіздіктің таңы атқан тұста келді. Оны Алаш топырағына әкелген Мұстафа Өзтүрік екені баршаға мәлім. Талай жылдар жырақта тұрса да, үлкен сағынышпен ата жұртына оралған. Мұстафа осы өнердің дамуына барынша күш салды. 1992 жылы республикалық федерация құрылды. Оның президенті болып, танымал жекпе-жек шебері, белгілі суретші Бексейіт Түлкиев сайланды. Сол кездері жер-жерде үйірмелер бірінен соң бірі ашылып жатты. Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиевке еліктеген сан мың бала сол үйірмелердің табалдырығын аттады. Мақсұт Нарбаев, Жақсыбек Жүнісбеков, Дихан Ақаев, Шадияр Қондыбаев, Қайрат Қырғызбаев, Имантай Әбдиев, Мұстахим Қабдрашев, Бауыржан Аманқұлов сынды жігіттер осы істің басы-қасында жүрді. 

1995 жылы Мұстафа жарық дүниемен қош айтысса, 1998 жылы Бексейіт қанды қарақшылар қолынан көз жұмды. Қапияда қос арысынан айырылған Алаш жұртының қабырғасы қайысты. Бірақ қазақтың қос қыраны бастаған іс аяқсыз қалған жоқ. Айтулы азаматтардың шәкірттері, үзеңгілес достары, спорт жанашырлары Қазақстан таэквондосын өрге сүйреді.

1998 жылы республикалық федерацияны Шамсат Исабеков басқарды. Өзіне жүктелген міндетті Шамсат Жақсылықұлы осы күнге дейін абыройлы атқарып келеді. Әр жылдары ұлттық құраманы Сұлтанмахмұт Шоқбытов (1999-2006) пен Мақсұт Нарбаев (2006-2010) сынды білікті мамандар баптағанын айта кету абзал. Дәл сол кездерде Қазақ елі құрамасы халықаралық ареналарда өздерінің мықтылығын мойындата бастады. Азия ойындарына отандастарымыз 3 мәрте қатысып, 7 қола медальға қол алды. 1998 жылы Бангкокта Әділхан Сағындықов пен Әнуарбек Аманқұлов, 2002 жылы Пусанда Есбол Ерден мен Арман Шылманов, 2006 жылы Ринат Құралбаев, Сәуле Сардарова және Арман Шылманов үшінші сатыға табан тіреді.

Ересектер мен жастар арасындағы Азия чемпионаттарында жерлестеріміз 3 алтын, 8 күміс және 11 қоланы иеленді. Ерлер додасында 2006 жылы Таиландта Арман Шылманов топ жарса, 2000 жылы Түркияда Әділхан Сағындықов пен 2006 жылы Қытайда Зарина Шамсатқызы күміс медальді еншіледі. 2004 жылы Оңтүстік Кореяда Нұргүл Берікқалиева, Сәуле Сардарова, Есбол Ерден, 2006 жылы Таиландта Батырбек Есдәулетов пен Зарина Шамсатқызы, 2008 жылы Қытайда Ринат Құралбаев, Арман Шылманов және Лия Нұркина қола жүлдегер атанды. Жастар арасындағы жарыста әр жылдары Есбол Ерден мен Давран Ризаев бас жүлдені олжаласа, Серік Исламов, Сағыныш Қалымбетов, Диля Құдайғашүкірова, Ерғали Әнесов және Аслан Батықұлов екінші орын алды. Ал Ардақ Жантасов, Ілияс Иманәлиев және Зарина Шамсатқызы үшінші тұғырға көтерілді.

2007 жылы Түркияда өткен Дүниежүзілік Универсиадада Лия Нұркина қола жүлдені еншілесе, 2009 жылы Сербияда Гүлнафис Айтмұхамбетова алтыннан алқа тағынды. 2009 жылы Таиландта жекпе-жек түрлері бойынша Азия ойындарының алауы тұтанды. Бұл бәсекеде Арман Шылманов пен Гүлнафис Айтмұхамбетова қарсылас шақ келтірмеді. Зарина Шамсатқызы мен Қайрат Сарымсақов күміс алса, Сәуле Сардарова мен Екатерина Дмитрева қола медальді иемденді.

Әлем чемпионатында 6 медальға қол жеткіздік. 1999 жылы Канадада Әділхан Сағындықов, 2003 жылы Германияда Лия Нұркина, 2007 жылы Аслан Батықұлов, Арман Шылманов, Нәзгүл Тәжіғұлова, 2009 жылы Данияда Арман Шылманов жүлдегерлер санатына қосылды. Бұл медальдардың барлығы - қола. Жастар арасындағы әлем бірінішлігінде Жалғас Бекқасымов алдына жан салмаса, Әділхан Сағындықов, Жалғас Бекқасымов және Бекзат Әбенов бір-бір реттен жүлдегерлер санатынан көрінді. 

Үш қандасымыз Олимпиада ойындарына қатысу құрметіне ие болды. 2004 жылы Афиныда Әділхан Сағындықов өз өнерін ортаға салса, 2008 жылы Бейжіңде Лия Нұркина мен Арман Шылманов күш сынасты. Алғашқы екеуінің жолы болмады. Ал аспанасты елінде атой салған Арман Шылманов қола медальді қанжығасына байлап, Қазақстан спорты тарихының жаңа бір парағын ашты.

Міне, Қазақстанның таэквондо тарихы осындай толағай табыстарға толы. Алайда бұл көрсеткішті қанағат тұтып, қол қусырып отыруға әсте болмайды. Соны ескерген ел таэквондосының тізгінін ұстап отырған азаматтарымыз Астана қаласында Азия чемпионатын өткізуге тәуекел етті. Алғашқы қадамымыз құтты болып, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған 23 мемлекеттен ат терлетіп келген 300-ден астам спортшылар қатысты. Осы жайттың өзі таэквондо сары құрлықта қандай қарқынмен дамып келе жатқанын аңғартса керек. Әр елден келген лауазымды тұлғалар, құрметті меймандар, бапкерлер мен спортшылар жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне аса жоғары баға берді. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Бірақ алға қоиған мақсатқа жете алмадық,деседе Азия чемпионатының елімізде өтуі үлкен мәртебе. 

Ерлер сайысында Иран құрамасы алдына жан салмады. Олардың еншісінде 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль. Әр медальдан қос-қостан иеленген Оңтүстік Корея екінші тұғырға жайғасты. Аталмыш мемлекеттер Азияда ғана емес, әлемдік деңгейдегі жарыстарда да дараланып жүргенін жанкүйерлер жақсы білуге тиіс. Иран мен Оңтүстік Кореяда Олимпиада алтынын алған спортшылар көптеп саналады. Үшінші орынға Таиланд таэквондошылары табан тіреді. Тай елінің өкілдері 2 алтынды олжаласа, төртінші сатыдағы Тайпейдің қоржынына 2 күміс медаль түсті. Ал Қазақстан бесінші орынға тұрақтады. 

Жерлестеріміз арасынан аса ауыр салмақта күш сынасқан Арман Шылманов ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста Хуссейн Тәжіктен ұтылды. Иран спортшысы бұған дейін әлем чемпионаты мен әлем кубогында қола жүлдеге, ал Азия чемпионатында алтын медальға қол жеткізген болатын. 54 келі салмақтағы Нариман Шәкіров пен 80 келі салмақтағы Сұлтан Қасымов қола жүлдені қанжығасына байлады. Алғашқысы - филиппиндік Джон Лизардоға, екіншісі - ирандық Мақсұт Заварехке есе жіберді. Жастар арасындағы жарыстарда дара талантымен оқшауланып жүрген Жалғас Бекқасымов (58 келі) пен Давран Ризаевқа (87 келі) да зор сенім артылған еді. Жалғас - әлем чемпионы, Давран - Азияда алтын алған жігіт. Алайда екеуі де Астана аренасында жасындай жарқырай алмады. 

Ерлер сайысында жүлде алғандар қатарында Филиппин, Өзбекстан, Қытай, Иордания, Вьетнам және Тәжікстанның таэквондошылары бар. 

Бөріктілеріміз шыға алмаған асуға бұрымдылар табан тіреді. 73 келі салмақта күш сынасқан Феруза Ергешова үлкен ерлік жасап, Азияның алтын медалін мойнында жарқыратты. Аса жеңіл салмақта шеберлік байқасқан Айжан Әлижанова қолаға қол созды. Өкінішке қарай, Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы Гүлнафис Айтмұхамбетова (67 келі) мен Азия ойындарының қола жүлдегері Сәуле Сардарова (53 келі) өз әлеуеттерін толық пайдалана алмады. 1 алтын мен 1 қоланы иемденген жарыс қожайындары командалық есепте төртінші тұғырға табан тіреді. 

Қыздар сайысында корейлердің қарқыны күшті болды. Олар 4 алтынмен 1 қоланы олжалады. 2 алтын мен 2 күмісті иеленген Қытай құрамасы екінші орында. Үшінші сатыға Тайпей табан тіреді. Айтулы елдің өрендері 1 алтын мен 1 күмісті еншіледі. Иордания, Иран, Таиланд, Жапония, Индонезия, Вьетнам, Өзбекстан және Макао қыздары да елдеріне құралақан қайтқан жоқ. 

Жалпы есептегі жағдайға келер болсақ, бұл ретте Иран көш бастады. Оңтүстік Корея, Таиланд және Тайпей құрамалары оларды өкшелеп, екінші және төртінші орындарды өзара бөлісті. Қазақстан бесінші орынды иеленді. Алтыншы сатыда - Филиппин. Міне, осы командалар сары құрлықтағы басты қарсыластарымыз. Алайда отандастарымыз тек Азияда деңгейіндегі жарыстарда жеңіп алған жүлделерді қанағат тұтуға тиіс емес. Қазақ елінің тұғыры бүгінгіден де биік болуы керек. Кезінде Мұстафа мен Бексейіт салып кеткен сара жол қандастарымыз үшін алтын бастау болатынына еш күмәніміз жоқ. Қазақ жастары үнемі Олимпиада мен Әлем чемпионаттарының жеңіс тұғырынан қол бұлғаған жағдайда ғана жанкүйер көңілі жай табады. Қазақтың тектілігі мен жекпе-жектегі мықтылығымызды таэквондо арқылы да танытуға болады. Астанадағы Азия чемпионаты Республикалық федерацияның президенті Шамсат Исабеков пен ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Қырғызбаевқа және осы саланың басы – қасында жүрген басқа да азаматтарға біраз ой салғаны анық.

Қорыта келгенде, жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтып, ерік-жігерін шыңдайтын жеке сайыс таэквандо спорты ұрпақ тәрбиесінде, спорттық жетістікке жетуде өзіндік маңызға ие, жастар қызығушылық танытатын спорт түрлерінің бірі. Аталмыш спорт түріне жасөспірімдерді көптеп тартқанда ғана спорттық сахнада еліміздің намысын қорғайтын таэквондошыларды дайндауға болады. Көбінесе, ептілік пен икемділікті, алғырлық пен жылдамдықты қажет ететін спорт түрін бала жастан бастап айналысқанда ғана спортта жоғары жетістікке жетуге болады. Сондықтан да, жастарымыз бен жасөспірімдерімізді аталмыш спортпен айналысуға шақырамыз. Енді біздер намысымызды қамшылап, алыстан көз арбап, қол бұлғаған биік-биік белестерді бағындыру үшін жанталасуымыз керек.

Әдебиеттер:

1.                 Тхэквондо. Теория и методика. Том 1. Спортивное единоборство: /Под общей редакцией Ю. А. Шулика [и др.] - Ростов н/Д: Феникс, 2007. - 800 с.

2.   Жүнісбеков Ж.Ы. Жас таэквондашылардың бастапқы дайындығының кезеңдері және олардың мазмұны //Дене тәрбиесінің жаршысы. -2011. - №1. – Б.9-13.

3.   Жүнісбеков Ж.Ы. Таэквондашылардың тактикалық дайындығының ерекшелігі //Дене тәрбиесінің жаршысы. -2011. - №1. – Б.9-13.

4.    Бом В. Тхэквондо: Базовые приемы и техника боя / В.Бом, С. Фаверо, П. Джаннерини. – М.: ООО «Издательство АСТ»: ООО «Издательство Астрель», 2004.