Оразбаева
Фаузия Шамсиевна
доктор педагогических наук,
профессор
Зав.кафедрой теории и методики
современного казахского языка
КазНПУ им. Абая (Казахстан,
г.Алматы)
Тілдесім
әрекетінің атқаратын қызметі
Тілдесім – сөйлесім әрекетінің барлық
түрлерін қамтитын ерекше құбылыс. Ол тілдік
қатынастың ең маңызды көрсеткіші бола келіп,
оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалымның іс жүзінде
қолданылуына мүмкіндік жасайды. Тілдесім арқылы оқу,
жазу, тыңдау, сөйлеуге үйрету жүзеге асады,
оларға қатысты жұмыстар атқарылады.
Тілдесім
(общение) – айтылым және жазылымның өзара бірлігінен
құрала келіп, қандай болмасын ақпарат (информация)
негізінде адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге асыратын
сөйлесім әрекетінің түрі. Бұл
қарым-қатынаста оқылым мен тыңдалымның да тыс
қалмайтындығы өзінен-өзі белгілі.
Тілдесім – адамдардың
қоғамдық-әлеуметтік өмірде бір-бірімен тіл
арқылы қарым-қатынасқа түсіп, өзара
пікірлесуінің нәтижесінде бірінің ойын бірі ауызша да,
жазбаша да түсінуі және оған жауап қайтаруы.
Мұнда пікір алмасу ауызша (айтылым) түрде де, жазбаша (жазылым)
түрде де іске асып, белгілі бір ақпарат адамдар арасындағы
қарым-қатынасқа мүмкіндік туғызады.
Тілдесім
арқылы адамдар білетін ақпарат-деректермен алмасады, олар тілді
меңгеріп қана қоймайды, сонымен қатар өмірлік
тәжірибелерді, дағдыларды, жақсы іс-әрекеттерді де
бір-бірінен үйренеді.
Тілдесім
тіл үйренушілерді рухани қарым-қатынасқа жетелейді,
тілдесу арқылы олар бір-бірімен ой бөліседі, пікірлеседі,
түсініседі.
Тілдесім
процесі оқушының жеке басына тән сенімділіктің пайда
болып, оның қоғамдағы орны мен санасының
қалыптасуына, басқалардан ерекшеленген, өзіндік жеке
қасиеттердің жетілуіне әсер етеді. Өйткені әрбір
адамда басқа адамдармен араласуға деген табиғи
қажеттілік болады. Олар тілдесу арқылы өзінің бойында
жиналған білімді, тәжірибені екінші біреуге жеткізеді; мінезін,
қабілетін, өз ойын аңғартады.
Тілдесудің
нәтижесінде адамдар көңіл-күйлерін бөліседі,
бірінің жан дүниесінен екіншісі хабардар болады, біріне-бірі
қол ұшын береді. Ол да өмірдегі ең маңызды
факторлардың бірі.
Тілдесім
– адамдардың бір-бірімен түсінісуі ғана емес, сонымен
қатар бір-біріне ойы, көзқарасы, пікірі т.б. жағынан
ықпал етуі. Бұл – қоғамда қызмет етіп, өмір
сүруші адамдардың тіл арқылы
барлық жағдайға байланысты өзара әсері.
Тілдесім
арқылы болатын әсер әр түрлі болуы мүмкін:
а/ жағымды не жағымсыз әсер;
ә/ ашық не жасырын әсер;
б/ тікелей не аралық әсер;
в/ негізгі не қосалқы әсер;
Адамдардың
бір-бірімен қандай мақсатпен, қалай сөйлесуіне
байланысты тілдесім түрліше болады. Осы тұрғыдан келгенде,
оларды мынадай деп жіктеуге болады:
1. Ресми тілдесім.
2. Бейресми тілдесім.
3. Қалыптасқан тілдесім.
4. Кәсіби /мамандыққа
қарай/ тілдесім.
5. Әлеуметтік тілдесім.
6. Дербестік тілдесім.
Ресми
тілдесім – тіл үйренушілерге ресми қарым-қатынастың
элементтерін үйрету, ондағы сөз қолданыстарды,
ситуацияларды, ресми материалдарға қатысты меңгерту.
Бейресми
тілдесім – оқушыларды ресми емес, күнделікті
тұрмыс-тіршілікте кездесетін, адаммен қарапайым
қарым-қатынастың элементтерін білуге үйрету. Бұл
– өмірде болатын кез келген жағдайда таныс болсын, бейтаныс болсын
ұшырасқан адаммен тілдесе білу, сөйлесе білу деген сөз.
Қалыптасқан
/формальный/ тілдесім – әр адамның өмірдегі өз орнына
сай бір-бірімен тілдесуі, түсінісуі. Адамдар жастың өсуіне
қарай – бала, әке, ана, туыс т.б. тәрізді табиғи
кезеңдерден өтеді. Олардың әрқайсысының
қалыптасқан өзіндік ролі бар. Адамдардың осындай
қарым-қатынасына негізделген сөйлесуді
қалыптасқан тілдесім деп атауға болады. Өсе келе
әр бала әке не ана болады, аға не әкпе болады,
бұл – күнделікті адамдық қарым-қатынастың
ең негізгі және ең жиі кездесетін үлгілері, адамдар осы
тұрғыдан да бір-бірімен тілдесіп, түсінісе білуі заңды.
Кәсіби
тілдесім – тіл үйренушілерге белгілі бір мамандықтың саласына
байланысты сөйлесудің үлгілерін, мамандыққа
қатысты сөздерді, тілдік қолданыстарды, терминдерді
үйрету. Оқушылар арасындағы тілдік қатынасты әр
түрлі мамандық иелерімен қалай сөйлесіп, тіл
табысуға болады, соған қарай құруға тура
келеді.
Адамның
қоғамдағы орнын, беделін, қызметін ескере отырып
құрылатын тілдік қарым-қатынас – әлеуметтік
тілдесім болып табылады. Мұнда сөйлеуші адамдар бір-бірінің
қоғамдағы әлеуметтік роліне, атқарып
отырған қызметіне, жасына, жолына т.б. қарап тілдеседі.
Қазақ тілін үйренушілерге мұны да білудің
өмірлік қажеттігі бар.
Дербестік
тілдесім – адамның қызметіне, беделіне, әлеуметтік орнына
қарамай, жеке басының қасиеттеріне қарай, өзіне
тән барлық ерекшеліктерін. ескере отырып, тілдесу, сөйлесу.
Бұл – кісінің жеке адамшылығын, білгірлігін,
ақылдылығын танып, оны үйрене білумен қатар
жүреді. Дербестік тілдесім – оқытушы мен оқушының
тең дәрежеде, бірін-бірі құрметтей, бірінің
кісілігін бірі танып тілдесуге мүмкіндік жасайды, тілдік қатынасты
арттырады, адамдардың өзара достасуына, түсінісуіне жол
ашады. Сондықтан мұндай тілдесімді меңгерген бүгінгі
шәкірт ертең жақсы ұстаз болатындығына сенуге
болады.
Әрине,
тілдесім процесі тілдік қарым-қатынасты іске асырудың
амалдарын, тәсілдерін, жолдарын меңгеруге де тікелей байланысты.
Бұл ретте тіл үйренушінің адамдармен тез тіл табыса білуі
немесе мінез-құлқы да елеулі роль атқарады. Тілдесім
әрекеті кезінде адаммен тез түсінісу үшін, мынадай
қасиеттерді ескеру керек:
а/ Сөйлесуші адамның
көңіл-күйін сезіну және білу.
ә/ Тілдесуші адамдардың бір-біріне
деген құрметі, сыпайыгершілігі.
б/ Адамды сөзге тарта білу.
в/ Әңгімелесу кезінде
сөйлесушіні қолдай білу, шабыттандыра білу.
е/ Пікірлесуді жалғастыра білу т.б.
Жалпы адамдар арасындағы тілдесімнің
кең тараған түрі бар:
1. Ақпараттық.
2. Ықпалдастық.
3. Қабылдамалық.
Ақпараттық – сөйлесім
әрекеті кезінде адамдардың бір-біріне мағлұмат бере
отырып пікірлесуі; оймен, идеямен, әр түрлі хабарлармен алмасуы.
Ықпалдастық – тілдесім кезінде
адамдардың бір-біріне дәлелді пікірмен әсер етіп,
тілдесушілердің бір-біріне ықпал етуі.
Қабылдамалық – тілдесім процесінде
адамдардың бірінің пікірін, ойын екіншісінің қолдануы,
қабылдауы.
Оқушыға
үйретілетін тілдесім процесінің ішкі мазмұны қандай
мәселе төңірегінде болмасын ертең өмірде
қажетке жарайтын қатысымдық мақсатты іске асыратын
проблемаларға қатысты болу керек. Мұндай мәселелер,
әрине, көп және әр қилы. Дегенмен, өмірде
жиі ұшырасатын бірнеше тақырыптарды атап өтуге болады:
1. Қоғамдық-әлеуметтік
оқиғалар.
2. Соңғы жаңалықтар.
3. Көпшілік қауымға ортақ
ақпараттар.
4. Белгілі бір нәрсеге көзқарас.
5. Ой иірімдері. Толғаныстар.
6. Пікірталас.
7. Көпшілік назар аударатын
жаңалықтар /Сенсация/.
8. Тіршіліктің қосалқы
жақтары т.б.
Тілдік
қатынастың негізі – сөйлесім әрекеті мен оның
түрлерін меңгеру болса, сөйлесім әрекетінің
нәтижесі тілдесім үрдісін игеруден тұрады. Өйткені
тілдесім процесі сөйлесім әрекетінің барлық түрін
іске асырумен және сөйлесім әрекетінің ерекшеліктерін
меңгерумен байланысты: тілдесім арқылы оқыту, тілдесім
арқылы жазғызу, тілдесім арқылы тыңдату, тілдесім
арқылы айтқызу. Сондықтан тілдесім – барлық оқыту
процесінің маңызды тірегі, қажетті шарты.
Оқыту,
үйретуге қатысты тілдесім екі түрлі болады:
І. Тікелей тілдесім.
ІІ. Жанама тілдесім.
Тікелей
тілдесім – адамдардың бір-бірімен көзбе-көз, ауызба-ауыз,
бірін-бірі тікелей көру арқылы тілдесуі; оқытушы мен
оқушының тікелей көзбе-көз қарым-қатынасы.
Тікелей тілдесім кезінде оқушы мен оқытушы бірін-бірі көзбен
көріп, құлақпен естіп отырады. Мұнда тіл
үйренушінің әр қимылы, ишарат белгісі, бет әлпеті
– бәрі оқушыға тікелей әсер етеді.
Жанама
тілдесім – тіл үйренуші мен үйретушінің бірін-бірі
көрмей-ақ, берілген тапсырмаларды орындап, қажетті
жұмыстарды атқару арқылы қарым-қатынаста болуы.
Мұнда адамдар тікелей сөйлеспейді, аралық
амал-құралдар арқылы жанама тілдік қатынаста болады.
Тікелей
тілдесім сөйлесім әрекетінің оқылым түрінде
көп қолданылатын болса, жанама тілдесім жазылым мен
тыңдалымға қатысты жиі пайдаланылады. Мұның
өзі тілдесімнің сөйлеу әрекетінің барлық
түрлерімен байланысты екенін және олардың
әрқайсысының бірінсіз екіншісінің жүзеге асуы
тиімсіз екенін көрсетеді. Солардың барлық түрі
бүтін бір жүйемен қатар қолданылғанда,
оқыту процесі де сапалы болады.
Тікелей
тілдесім үш түрлі қалыппен орындалады:
1. Жұптық.
2. Топтық.
3. Ұжымдық.
Тікелей
және жанама тілдесім екі түрлі жолмен жүзеге асады. Содан
тілдесімнің екі түрлі қолданылу жолы келіп шығады:
1. Ауызша тілдесім.
2. Жазбаша тілдесім.
Олардың әрқайсысының
өзіндік ерекшеліктері бар.
Ауызша тілдесімге тән ерекшеліктер:
1. Дауыс ырғағының әсері.
2. Қосалқы қимылдың /ым,
ишарат, дене қозғалысы, бет-әлпеттің өзгерісі
және т.б./
жан-жақтылығы.
3. Сөйлегенде үннің
қарқындылығы /темп/.
4. Тілдесушімен екі арада болатын байланыс
/контракт/.
5. Сөйлеу кезінде кідіріс, үзіліс,
жиілік, баяу, қатты т.б. сол сияқты амалдарды дұрыс
сақтау.
6. Мазмұн мен мағынаның
айқын, түсінікті болуы.
Жазбаша тілдесімнің ерекшеліктері:
1. Сөйлемнің құрылысына
ерекше назар аудару.
2. Сөздерді таңдап қолдану.
3. Ойды асықпай, ойланып-толғанып,
жоспарлап, жүйелеп жеткізу.
4. Тыныс белгілерді дұрыс қою.
Тілдесім
әрекетінің атқаратын қызметі – тілдік
қарым-қатынасты жүзеге асыру. Тілдесімнің
қатысымдық қызметін ішкі ерекшеліктеріне байланысты
саралайтын болсақ, онда оларды төмендегідей деп жіктеуге болады.
Тілдесімнің
атқаратын функциялары /қызметтері/ мынадай:
1. Әлеуметтік қызмет.
2. Танымдық қызмет.
3. Мағлұматтық қызмет.
4. Қоғамдық не
қауымдық қызмет.
5. Эмоциональдық қызмет.
Әлеуметтік
қызмет –тілдесім арқылы адамның ой-пікірі,
көзқарасы әлеуметтік дәрежеге көтеріледі.
Тілдесім әрекеті адамға қоғамдық ортадан өз
орнын табуға көмектеседі, адамдармен пікірлесуге, түсінісуге
жол ашады. Сонымен бірге қоршаған орта адамға әсер
етіп, тілдесу арқылы оқушының сана-сезімі өседі, адам
өзін қоғамдық ортада
дұрыс ұстауға үйренеді, мәдениетті
сөйлеуге, үлкендердің тағылым сөздерін жадында
сақтауға тырысады. Танымдық қызмет –
тілдесудің нәтижесінде тіл үйренуші білмегенін біледі,
үйренеді, әр түрлі адамдарды таниды, көреді, кісі
бойындағы жақсылыққа үйренеді, жақсы сөзді
жаман сөзден ажыратады, дұрыс іс-әрекетті нашар
әрекеттен айырады, жалпы танымдық қасиеттерді меңгеріп,
өз бойына сіңіруге мүмкіндік алады.
Мағлұматты
қызмет – тілдесудің негізгі қағидаларын меңгеру
арқылы оқытушы мен оқушы ақпараттық
материалдармен танысады. Сол сияқты әр түрлі
мағлұматтармен алмасады. Өмірде кездесетін көптеген
хабарлар жөнінде пікір алысады.
Қоғамдық
қызмет – тілдесу арқылы адамдар бірігіп, ортақ мақсатты
іске асырады, топталып, ұйымдасып жұмыс істейді;
қоғамдық істер атқарады; ұжымдық
күрделі әрекеттерді ұйымдастырады. Осындай жолда бір-бірімен
түсініседі, пікірлесіп, сөйлеседі т.б.
Эмоциональдық
қызмет – тілдесім адамдардың бір-бірімен сезімін,
көңіл-күйін бөлісуге мүмкіндік жасайды.
Сөйлесу, білісудің нәтижесінде бірінің мінезін екіншісі
түсінеді, соған қарай әрекет етеді.
Жалпы
кез келген адам тілдесе келе, басқалармен пікірлесіп, оның
жан-күйін сезінеді. Сол сияқты тілдесу арқылы өз ойын,
қиындығын адамдармен бөліседі. Қуанған адам
қуанышын біреуге жеткізіп,
басқа адамдарды өзімен бірге қуантады т.б.
Сонымен
тілдесім – тілдік қатынаста маңызды орын алатын адамзатқа
тән ерекше күрделі
процесс.