Тохназарова М.С.
Жамбыл
атындағы №5 мектеп- гимназия, Қазақстан
Ж.ЖАБАЕВТЫҢ
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҒҰМЫРНАМАСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
Қазақ тарихының
халық поэзиясының даму жолдары Ж.Жабайұлы есімімен
тығыз байланысты. Өйткені ол – төкпе ақындық
өнерді біздің заманымызға жеткізушілердің бірі
ғана емес, өзінің қайталанбас дарынымен сол
дәстүрдің өміршеңдігін жазба әдебиет
дамыған дәуірде де таныта білген ерен жүйрік ақын,
тарихи тұлға.
Қазақ
халқының ғасырлар бойы дамып келе жатқан мәдени
тарихында ХІХ ғасырдың орны ерекше. Бұл дәуірде
ақындық – жыршылық өнер айрықша дамыды, ауыз
әдебиетінің дәстүрлі айтыс тақырыбы,
мазмұны, көркемдік сапасы жағынан тереңдей түсті.
Тарихи рухани мәдени үрдісті айқындайтын өлшем
– көркем сөз иелерінің ізденістері мен табыстары,
қалыптастырған дәстүрлері. Мұны
көрсету үшін ең алдымен, олардың көш басында
тұрған ірі-ірі өкілдерінің өзіндік, даралық
болмысын жан-жақты қарастырып, терең ашу қажет.
ХІХ
ғасырдың бірінші жартысында қазақ поэзиясының тарихында туын биікке көтерген ірі-ірі ақындар:
Шөже, Жанақ, Орынбай, Сүйінбай, Дулат, Шортанбай, Маханбет,
екінші жартысында Кемпірбай, Әсет, Біржан сал мен Ақан сері т.б.
шықты. Соңғы толқынның ішінде қазақ
поэзиясының екі алыбы – Абай мен Жамбыл бар.
Мұхтар Әуезовтің: «...ақындардың
өмір тарихын білсек, соның әрқайсысы өмір
сүрген заманың тірі пішінді белгісін тауып алатындай боламыз» -
деген Абайға байланысты айтқан пікірі қазақ тарихының
поэзиясының тарихында өзіндік орны бар сөз
зергерлерінің қай-қайсысына да қатысты [1]. Тарихи тұлғалар - өз ортасының
перзенті. Ол өмір сүрген дәуірдің
үлкенді-кішілі оқиғалары оның творчествосына із
тастамай кете алмайды. Сондықтан да олардың
әрқайсысының өміріне қатысты жайларды мүмкін
қадірінше молырақ жинау қажет.
Мұндай тарихи өнер
иелерінің өмір жолы туралы ел ауызында әңгімелер (кейде
аңызға айналған) болмаса сақталған
әңгімелер ғұмырнама жоқ. Табиғатында
шыншыл, турашыл ақын жырларында өмірлік болмысты өз көңілінің
сезімінен, өз жүрегінің сарабынан өткізіп,
отырғаны белгілі. Демек оның жырлары - өз өмірінің
де айнасы. Алайда сексен жыл бойында үзбей жыр нөпірін
ағызған Жамбылдың төңкеріске дейінгі көп
өлеңдері бізге жеткен жоқ, ендеше оның жырларынан
өмірінің бар болмысын толық көру
қиындыққа соғады. Көп жылдар бойы қасында
болып жүрген жақын туыстары, ақын, жыршы
шәкірттерінің ол турлы білген-түйгендері аз болмаған.
Есте тұтқан жайларды бас қосылған мәжіліс –
сұхбаттарда әңгімелеп айтып отыру дәстүрі
сақталғанымен, оны хатқа түсіріп, жариялау әдеті
қазақта жақсы дамымағаны тарихымыздан белгілі. Өмірінің
кейбір жайларын Жамбыл өзі әңгімелеп беріп отырған.
Өкінішке қарай кезінде оның бәрі түгелдей жазып
алынбады, хатқа түскені көбіне – көп
ақынның өлең-жырлары болды. Әйтсе де оның
өз-айтуынан «Менің бақытым», «Менің өмірім»
сияқты бірлі-жарымды хикаяларын Қалқаман
Әбіқадыров жазып алды.
М.Қаратаев: «Көп
ұзамай-ақ Алматыға тұс-тұста Жамбылдың
кітабына сұраған хат, телеграммалар жауады. Бірақ хатшылары
жазып алып, дереу орысшаға аударылған өлеңдерінің
көлемі кітап боларлықтай әзір онша көп емес еді.
Том-том боларлық тоқсан жыл бойындағы жырлары мен дастандары,
айтыстары әлі қағаз бетіне түскен жоқ-ты.
Сондықтан тоқсанында қайта жасарған жайсаң
ақынның жаңа жырларымен қатар, өткен
мұрасын жинау, өмірбаянын жасау орасан үлкен жұмыс
болды»,-дес еске алады [2].
Жамбыл өмірінің
төңкеріске дейінгі дәуіріне қатысты бірсыдырғы
жаңа деректі жазушы Сапарғали Бегалин береді. Бұларының
кейбірі көзі тірісінде Жамбылдың өз аузынан жазып алынған
[3].
Жамбылдың
өмірі мен творчествосы туралы деректі әңгіме, очерктер
оның тірісінде-ақ газет-журнал беттерінде жариялана бастады. Ал
ақын дүние салғаннан кейін естеліктер мол жазылғаны
белгілі. Олардың авторлары кезінде Жамбылмен талай кездесіп, дәмдес,
тұздас болған, ақын жырларынан сусындап қана
қоймай, оның шабытының шарықтаған сәттерін
көрген, от басындық, творчестволық жайлардағы
іс-әрекетін, мінезін, қылығын байқаған адамдар.
Мәселен: «М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Бегалин, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, С.Бегалин, С.Омаров, Т.Жароковтар.
Сондай-ақ майдангер ақын Әбу Сәрсенбаевтар. Ендігі бір топ – Николай Тихонов, Павел Кузнецов
сияқты орыс ақын-жазушылары.
Жамбылмен
көп араласқан, іні-дос болған кісіні бірі –
С.Мұқанов. Ол өзінің естеліктерінде Жамбылдың
өмірбаянын тұтастай толық келтірмегенімен,
ақындық болмысын ашатын өзі байқаған әрекеттерді көп алады. Сонымен бірге өзгелерден естіген
жайларын да мол пайдаланған. Естеліктің тағы бір ұтымды
жағы қарт ақынның өміріне қатысы бар біраз
жайларды оның өз аузынан естіп хатқа түсіруі еді [4].
Жамбыл туралы кейбір деректі жазушы
Сейітжан Омаров оның шәкірті Саяділ Керімбековтің аузынан
естіп, хатқа түсірген.
Ә.Тәжібаев – Жамбыл туралы
қызықты естеліктер айтумен бірге, ол жөнінде ойлы пікірлі
ғылыми мақалалар жазған. Зерттеу жұмыстарын
жүргізген кісі. Оның «Жылдар, ойлар» (1975) кітабының
«Аталармен кездесу» тарауының дені Жамбылға арналған [5].
Жамбыл
суырып салма ақын ғана емес, бір жағынан жыршы болғанын
ескерсек, оның ел ішінде тараған дастан – қиссалары мен
өз жүрегінің жарып шыққан жырларын да есте
сақтау қабілетінің күштілігіне күдіктенуге болмас
еді. Білетін кісілердің айтуынша ол «Көрұғлы», «Манас»
сияқты тарихи- эпикалық
жырларды бір жеті, кейде он бес күн бойы жырлаған [6].
30-40 жылдары Жамбыл
өлеңдері мен толғаулары іле орыс тіліне аударылып,
баспасөзде жариялана бастады. Кейбірі туысқан халықтар
тілдерінде де аударылды. Қарт ақын жайында енді бүкіл еліміз
естіп, біледі. Жамбылдың беделі өсті, орден алды. Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты болды.
Жалпы
Жамбыл шығармаларының аударылуы, оның сапасы тиіп-қашты
сөз болмаса, арнайы зерттелген емес. Соңғы жылдары
ақынның жаңа өлеңдері, кейбір
өлеңдерінің басқа нұсқасы табылып,
қосылды, бұрыңғы қысқарған кейбір
шумақтар қалыпқа келтірілді. Сонымен бірге біраз
өлеңдеріне текстологиялық жұмыс жүргізілді дедік.
Ендеше осы өзгерістер оның аудармаларынан да орын алуы тиіс.
Бірақ аудармашыларының көбі қазірде жоқ.
Түптін-түбінде шығармаларының аудармасы
мәселесіне қайта оралып түп нұсқаны толық
қамытқан сапаларын қалдырып, сапасыз-ау дегендерін
қайта аударту керек. Сөйтіп ақын шығармаларының
орыс тілінде де конондық текстерін дайындау мәселесін
қолға алатын уақыт жетті.
Елуінші жылдары Жамбыл творчествосы
монографиялық көлемде де зерттеле бастады.
Қ.Тұрғанбаевтың «Жамбылдың эпикалық
дастандары», Ә.Байтанаевтың «Жамбылдың лирикасы»
еңбектері, Қ.Бейсембиевтің «Жамбыл
шығармаларындағы советтік патриотизм идеялары» деген философиялық
тұрғыдағы еңбектері жазылды [7].
Жамбыл –
жаңа дәуірде қайта туған қазақ
халқының бойындағы рухани қуаттың молдығын
сипаттайтын символ. Оның өлеңдері мен толғаулары,
айтыстары мен дастандары тұтас бір көркемдік әлем. Қазақ тарихының әдебиетін, нәрлендіріп,
көріктендіріп тұратын таусылмас қазына фольклор болса, Жамбыл
сол байлықты біздің заманымызға қайталанбас
көркімен жеткізуші, ауызша айту дәстүрін жалғастырушы,
асусыз белдей асқақ, данышпан дара тұлға.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әуезов
М. Шығармалар жинағы. Алматы, 1962.
2. Есмағамбет
Ысмайылов. Жамбыл және халық ақындары. Алматы, 1996.
3. Бегалин С.
Сахара сандуғаштары. Алматы, 1970.
4. Дастан ата.
Жамбыл туралы естеліктер. Алматы, 1989.
5. Смаилова Е.
Ақындар. Алматы, 1956.
6. Атшабаров
Б. Жамбыл жырлаған «Көрұғлы». Қазақ
әдебиеті. 1974.
7.
Өмірәлиев Қ. Қазақ
поэзиясының жанрлары және стилі Алматы, 1983.