СӨЗДІК  ЖАСАУ ПРИНЦИПТЕРІ МЕН ӘДІСТЕРІ

Ахметова Э.Т.

Алматы энергетика және байланыс университеті

 

Ғылыми термин – пән сөздері дегеніміз не, олардың жасалу әдістері қандай деген сұрақтар төңірегінде ізденістер жүргізілу барысында  терминологияның жалпытеориялық мәселелері және қазақ тіліндегі техникалық терминологияның ерекшеліктері, термин сипаттаудың лексикографиялық тәсілдері мен құралдары, морфологиялық-синтаксистік терминжасам бойынша көптеген әдебиет оқылып, сарапталды.

  Кез келген ғылымның метатілі болатыны белгілі. Қазақ тілінің метатілі күні бүгінге дейін даму үстінде. Метатіл ұғымына тек терминдер ғана емес, жалпы ғылыми лексика енеді. Ондай тілдің қалыптасуына, негізделуіне белгілі дәрежеде сөздіктің әсері болатындықтан, біз университет  мамандықтарына қатысты әдебиеттерді топтастырып, жинақтап, ғылыми-зерттеу еңбектерін, оқулықтарды, сөздіктерді пайдалана отырып, қолданыста бар терминдерді жаппай іріктедік, электронды нұсқасын жасадық.

Терминжасам теориясы бойынша техника саласына жататын машина, аппарат, құрал-жабдық, олардың бөлшектері сияқты нақты зат атауларының дені аударуға келмейтін, түбірі көптеген мәдениетті тілдерге ортақ, түсінікті сөздер болады. Оларды қай тілден келсе, сол қалпында пайдаланған жөн, ал нақты зат емес, дерексіз, (абстракт) ұғым атауларын қай тілде де өз сөздерімен білдіру мүмкіндігі зор болады. Дегенмен оның ішінде де интернационалдық қор сөздерінің қалыптасып кеткен фактілері аз емес.

Ғылыми терминдер – пән сөздерін іздестіргенде бірден-бір сүйенер негіз – қазақ тілінің төл сөздері екендігіне баса назар аударған жөн. Сол сияқты термин түзуде туыстас түркі тілдерінің сөздік қорына сүйену керектігін де назардан тыс қалдырмау керек.  Бұл – қазіргі кездегі жетекші терминолог ғалымдарымыздың ұстанатын принциптері.

Термин жасау,  жасалған терминдерді қалыптастыру – үнемі қадағалап, реттеп отыруды қажет ететін өте жауапты жұмыс.

Терминология – белгілі бір өндіріс пен білім саласының терминдерінің жиынтығы, сондай-ақ терминдердің жасалуы, құрамы және қызметі туралы ілім. Жеке сала бойынша арнайы сөздердің жасалуы мен қолданылуы; жаңа терминдер жүйесін жасау терминологияның айналысатын мәселесі.

Ө.Айтбайұлы  терминологияны: «Терминология – ғылым мен техника тілін дамытатын лексиканың бірден-бір күрделі қабаты» деп атап өткен.

Макроқұрылым – сөздіктің мұқабасынан соңғы бетіне дейінгі аралықтағы әрбір элементтің жиытығы. Терминологиялық сөздік сапасының жақсаруына қолданысқа енуіне, практикалық қолданыста қызмет етуіне осы элементтердің дұрыс жоспарланып, негізге алынуы әсер етеді.

Макроқұрылымдық элемент сөздіктің құрылымында маңызды қызмет атқарады.  Сөздіктің кіріспесі немесе алғы сөзі, мақсаты мен міндеттері, онда қамтылған терминдер көлемі, сөздіктің құрылымы, сол құрылымға сәйкес оны пайдалану, қолдануға байланысты әдістемелік нұсқаулар сияқты мәліметтер қамтылады.

Қазақ тіліндегі терминологияны қалыптастырудың негізінен екі түрлі принципі бар.

Бірінші принцип – терминологияны қалыптастыруда қазақ тілінің өз мүмкіншілігін пайдалану. Бұл принцип бойынша қазақ терминологиясының қалыптасу жолдарын талдауда Мемлекеттік терминологиялық комиссия бекіткен сөздіктер мен орысша-қазақша сөздіктің кейінгі басылымының тәжірибесіне сүйендік. Алғашқысында Мемтерминкомның соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде бекіткен терминдеріне біршама талдау жасалып, олардың бірқатары қайта қарастырылып, бір ізге түсірілген. Кейінгісінде сөздікті өңдеп толықтыруда қоғамдық-саяси және ғылыми-техникалық терминологияға үлкен мән берілгені атап көрсетілген. Терминдер мен атаулардың жазылу емлесін анықтауда орфографиялық сөздік басшылыққа алынған.

Терминдер мен атаулардың қазақша баламасын жасау мына сияқты жолдармен іске асқан:

1. Орысша терминдерге қазақтың ежелден белгілі төл сөздері мен олардан жасалған туынды сөздер балама ретінде қабылданған.

2. Қазақ тіліндегі сөзжасам тәсілдері арқылы орысша терминдерге және жаңа ұғымдарға балама боларлық жаңа сөздер жасап, терминдер қатары толықтырылған.

3. Орыс тіліндегі бір ұғым қазақ тіліне әртүрлі аударылып берілген (натяжение – керіліс (физ.), керілу (тех.).

4. Орысша туынды терминдер мен атауларды беруде бұрынғы тәжірибе сақталған (туынды терминдердің түбірлерін сақтап, қосымшаларын қазақша беру; орысша туынды терминдердің бір бөлігін қазақ сөздерімен ауыстыру).

5. Көп мағыналы кейбір қазақ сөздерінің әр мағынасы орысша түбірлес терминдерге балама болып берілген (бағана – колонка, столбец; үлес – доля, удел).

6. Терминдер мен атауларға кейбір көнерген сөздер мен жергілікті сөздерді балама етіп қалыптастыру қабылданған.

Қазақ терминологиясын қалыптастыруда әлі де іздестіретін, нақтылайтын, екіұшты жайттар баршылық. Бірқатар сөздердің баламасы болғанымен, аударылмай берілгендері кездеседі. Бұл сияқты сәйкеспеушілікті бірізге түсірген жөн сияқты.

Екінші принцип – терминдерге қазақ тілінде балама болмаған жағдайда оларды орыс тілінен алып пайдалану. Бұларға негізінен интернационалдық терминдер жатады. Сөздіктердегі терминдердің бірсыпырасы осы принципке сәйкес түзілген.

Сөздік жасаудың қолданыстағы принциптері мен әдістеріне жасалған талдаулар және тәжірибе сөздік жасауды бірнеше кезеңдерге бөлу қажеттігін көрсетеді (жобалау, сөздер тізбесін жасау, негізгі және көмекші көрсеткіштерді дайындау, сөздікті редакциялау).  Осындай тәжірибелерге сүйене отырып, міндетті ҒЗЖ-ның бірінші кезеңінде сөздікті жобалау жұмысы жүзеге асырылды. Демек, болашақта қолданылатын сөздіктің түрін анықтап алу (сөздікті болашақта кім пайдаланады, сөздіктің болжалды көлемі, сөздікке енгізілетін арнайы лексиканы іріктеу критерийлері) қарастырылды. Екінші кезеңде лексикалық материал (сөздер мен сөз тіркестері) жинақталып, сөзтізбе құрастырылды (сөзтізбе ұсынылады).

Әр сөздік белгілі бір ұстанымдар негізінде құрастырылып, белгілі  бір мақсатқа, адресатқа арналады және ақпараттық, коммуникативтік қызмет атқарады. Сөздік жасау принциптері дегенде, алдымен, оның теориялық негіздерін анықтап алу маңызды. Сөздік жасау барысында мынадай ұстанымдар (принциптер) басшылыққа алынады:

-  сөздіктің атына (бағытына, қолданылу саласына) сай міндет атқаруы (түсіндірме, аударма);

-  сөздікте тек өз саласына қатысты лексика қамтылуы тиіс;

-  бекітілген терминдердің болуы;

-  бағытталған ортасы мен деңгейінің анықталуы (студенттерге, оқушыларға т.б.);

-  сөздік құрамның алфавиттік ретпен берілуі, сөздердің орналасу принципі; (аударма сөздіктер үшін алфавиттік принцип ұсынылады).

-  жиіліктік принцип, сөздерді қолданылу жиілігіне қарай топтастыру, яғни сөздікке алынатын сөздердің қолданым жиілігі; тілдік материал ұсынуда жүйеліліктің сақталуы; (жүйелілік принципі түсіндірме сөздіктер  үшін)

-  пайдаланушының сұранысы есепке алынуы тиіс;

-  ұяшық принципі, сөздік ұяшықтардың дұрыс берілуі. Бұл принцип сөз тудырушы және семантикалық терминдерді бір жерге топтастырады.  

Қоғамның дамуына байланысты  туындайтын жаңа ғылыми әрекеттер тілге жаңа сөздер алып келеді. Қандай салаға байланысты болмасын ол сөз өзінің қажеттілігіне қарай өмір сүреді.

Демек, ғылымның көптеген салалары бойынша жүргізілетін ғылыми зерттеулерде, оқулықтар жазу барысында қолданатын термин сөздер мен сөз тіркестерін барынша ойластырып, сұрыптап барып пайдаланған абзал, сонда ғана олар ғылыми айналымға еніп, тұрақты қолданысқа түсуі мүмкін.

 

Пайдаланылған әдебиет:

1. Бекітілген терминдер сөздігі. Қазақша-орысша, орысша-қазақша (15 мыңға жуық термин). -Алматы: Дайк-Пресс, 2009. -328 б.

2. Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік: Электроника, радиотехника және байланыс/ Жалпы редакциясын басқарған проф. Асқарбек Құсайынов. -Алматы: Республикалық мемлекеттік «Рауан» баспасы, 2000. -240 б.

3.     Техникалық терминдер сөздігі. -Алматы, 2009.

4. Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік: Информатика және есептеуіш техника/ Жалпы редакциясын басқарған проф. Асқарбек Құсайынов. -Алматы: Республикалық мемлекеттік «Рауан» баспасы, 1999. -304 б.