Секция педагогика

Барманқұлова Д.Ж.

Ә.Нүсіпбаев ат.ОМ мұғалімі. Қаракемір, Жамбыл обл.

 

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ АУЫЗША СӨЙЛЕУ ДАҒЫДЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ОЙЫННЫҢ РӨЛІ

 

Ғылыми кеңесші: ф.ғ.д., профессор Ш.Мажитаева

 

Бастауыш сынып оқушыларының ауызша сөйлеу дағдысын дамыту үшін әртүрлі әдіс-тәсілдер қолданылады. Мысалы: ойын, жаттығулар, әңгімелесу, суретпен жұмыс. Әсіресе бұл орайда ойынның алатын орыны ерекше. Өйткені ойын – бала әрекетінің негізгі түрі. Бала ойынында да қоғамдық, ұжымдық сипат болады. Мәселен, кез-келген бала жалғыз ойнамайды, қатар құрбыларымен бірлесіп ойнайды, сол арқылы бір-бірімен қарым-қатынас жасайды. Ойын –  балалар үшін айналадағыны танып, білу тәсілі. Ойынның негізгі ерекшелігі – ол балаларды қоршаған ортаны, адамдардың қимылын, іс-әрекеттерін, олардың бала қимылынан туған жағдайдағы қарым-қатынасын бейнелеуі болып табылады. Ойында бөлме де, ұшақ та, поезд да, темір жол вагоны да болуы мүмкін. Балалар еш уақытта үн-түнсіз ойнамайды. Ойын процесінде сөйлеу үлкен рөл атқарады. Сөйлесе жүріп балалар пікірлеседі, әсер алысады, ойынның түпкі міндеті мен мазмұнын анықтайды. Ойынның негізгі құрылымдық элементтері мыналар: ойынның түпкі міндеті, сюжеті немесе мазмұны, ойын әрекеттері, рөлдер, ойынның өзінен туатын немесе ересектер жасайтын ойын ережесі. Ойынның түпкі ниеті –  бұл балалардың нені және қалай ойнайтынының анықтамасы. Мысалы: «Дүкен», «Аурухана», «Ұшақтар», «Отбасы», «Саяхат» және т.б. болып ойнайды.

Ойын баланың физиологиясын ғана дамытпай, сонымен қатар тілін дамытуда үлкен рөл атқарады. Ойынның әрбір түрінің өзіндік мақсат-міндеті, бағыты болады. Мысалы: желілі-рөлдік ойындар баланы ойын еркін жеткізе білуге белгілі бір мамандыққа арналған сөздерді үйренуге көмектеседі. Дәрігердің, мұғалімнің, үй қызметшісінің, сатушының сөздік қорындағы сөздермен танысады. Әдебиет сабағында  драмалық ойындарды, творчестволық ойындар мен  әдеби- музыкалық ойындарды қолдануға болады.

Қозғалмалы музыкалық ойындар, драматизацияланған ойындар баланың анық нақты сөйлеуін, дұрыс тыныс алуын, мәнерлеп сөйлеуді үйретеді. Көптеген ойындардың арқасында көркем шығармалармен танысып, оларды күнделікті өмірде қолдана білуге үйретеді. Драматизацияланған ойындар мазмұн, рөлдер, ойын әрекеттері қандай да бір әдеби шығарманың, ертегінің т.б. сюжеті мен мазмұнына шарттас болады. Ол сюжетті-рөлдік ойынға ұқсас. Драматизация ойынында балаға қандай да болсын айқын тәсіл көрсетпеуі керек.

Сонымен бірге дидактикалық ойындардың да өзіндік орыны бар. Дидактикалық ойындар көбіне сабақты бекіту кезінде тіл жаттықтыру жұмыстарында маңызды орын алады. Дидактикалық ойындардың кейбіреуін өздері де ойнай алады. Ал күрделі ойындарды мұғалім өзі ұйымдастырады. Дидактикалық ойын өлең мен сөйлеуді ұштастыруды қажет етеді. Дидактикалық ойынның нәтижесі қандай жолмен болса да ұту емес, балаларға білімді игерту, ақыл-ойын, тілін дамыту. Балаларды ашық сөйлесуге жетелеу.

Ойындар қимыл-қозғалыс ойындар және дидактикалық ойындар болып бөлінеді. Дидактикалық ойындардың баланың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастырудағы орны ерекше. Әрбір дидактикалық ойынның тақырыптық маңызы және мазмұны болады. Мысалы: балалар заттың түр-түсін, кеңістіктегі орналасуын, саны және уақыты туралы білімдерін бекіту қажет болды делік. Осы тақырыптың мақсатына байланысты балалар меңгеруге тиісті жеке сөздердің тобы белгіленеді. Сонымен бірге кішкентай балаларға тән оқыту формасы болып саналады. Бұл оқытудың ең қолайлы формасы. Оның маңызы балалардың дербестігін, ойлау және сөйлеу белсенділігін дамытатындығында. Дидактикалық ойындарды өткізу кезінде оның міндеті болады. Оның болуы ойынның оқыту сипатын, мазмұнын, балалардың танымдық әрекетін дамытуға бағытталғанында. Сабақтың міндетінің тікелей қойылуынан өзгеше дидактикалық ойын ол баланың өзіндік ойындық міндеті ретінде туады

А.В.Запорожец дидактикалық ойынның рөлін бағалай келіп, былай деп жазады: «Біз дидактикалық ойындарды жекелеген білімдер мен іскерліктерді игерудің формасы ғана етіп қоймай, сонымен бірге баланың жалпы дамуына көмектесетін, оң қабілеттерін қалыптастыруға қызмет ететін де болуына жетуіміз қажет» [1].

Дидактикалық ойындардың көрнекілікті, мұғалімнің сөзін, балалардың өз әрекеттерін ойын құралдарымен, заттармен, суреттермен дұрыс ұштастыра білу керек  екенін ескеру қажет.

1. Көрнекілік әдіс –  бұл дидактикалық ойын үшін маңызды рөл атқарады. Дидактикалық ойынды өткізгенде мынадай көрнекі құралдар болуы мүмкін:

1. Балалар ойнайтын және ойынның материалдық орталығы болып табылатын заттар.

2. Заттарды және олардың негізгі белгілерін, материалдық қасиетін айқын көрсететін картиналар.

3. Ойын әрекеттерін және ойын ережелерін орындауда нақты көрсету және сөзбен түсіндіру.

2. Сөзбен түсіндіру кезінде мұғалім балалардың зейінін бағыттайды, ұғымын анықтайды, тәжірибесін кеңейтеді. Мұғалімнің сөзі балалардың сөйлеуін дамытуға, сөйлеудің алуан түрлі формаларын игеруге көмектеседі, ойын, сөйлеу әрекеттерін жетілдіруге көмектеседі. Бірақ көп сөзді түсіндірулер, ескертулер қажет емес. Бұл ойын әрекетінің жанды жерін үзеді де, балалардың ойынға деген ықыласы кемиді.

 Сөздің қорды жаңа сөздермен толықтыру барысында дидактикалық ойындарды өткізу үшін мынадай шарттар белгіленеді: салыстыруға керек заттарды іріктеу, жеке және жалпы белгілер бойынша; салыстырудың бірізділігі; оқыту және іріктеу.

Бала тәрбиесіндегі ойынның рөлі өте маңызды. Гректер атақты храмдарын, египеттер пирамидаларын, қытайлықтар фарфор бұйымдары мен мәрмәр тастан жасалған адам мүсіндерін, италияндықтар әсем әуенді музыкалық шығармаларын, француздар сурет өнерін үлгі етсе, қазақ елі аса бай өлең, жыр, ұлттық ойындар мұрасын қалдырды. Сондықтан біздің қазақ даласын зерттеуші еуропа, орыс ғалымдары бұны жоғары баға берген болатын. Халық ауыз әдебиетінің этнопедагогикалық көріністер қай заманда болмасын адамзат алдында тұрған негізгі міндет – адамгершілігі мол, қайырымды, еңбек сүйгіш, есті адамзат тәрбиелеу. Әр ұлт өзінің ұрпағының өнерлі, батыл, ержүрек болып, елін, жерін, ұлты мен тілін сақтап, оны қорғауға баулып, олардың ар-ожданды, ізгі ниетті болып қалыптасуына барын салған. Бұл жерде ұлттық ойындар жайлы айтуға болады. Ондағы мақсат – баланы тапқырлыққа, шапшаңдыққа, ептілікке баулу, қиялына қанат бітіріп, ойын ұштау, сол арқылы қиынықта дұрыс шешім тауып, кесіп айтуға тәрбиелейді. Бала жанына шешендіктің дәнін себеді. Ұлттық ойындар батырлыққа, шешендікке баулиды. Бала ойынмен өсіп жетіледі. Ойын үстінде баланың қабілеті артып, ортамен қарым-қатынасқа түседі. Осы орайда санамақтардың да пайдасы зор. Олар:

-қарапайым математикалық терминдермен таныстырып, натурал сандарды дұрыс атауға үйретеді;

-сөздің буын сәйкестігін, ұйқастарын аңғарта келіп, халықтың жыр, шешендік өнерімен таныстырады;

-төрт-түлік жайлы мағлұмат беріп, төлдерге деген қызығушылығын оятады.

Санамақтармен бала таныса отырып сөздік қорын молайтады, тілін дамытады, жаттықтырады. Баланың ауызша сөйлеуін дамытуда ертегілер, аңыздар, мақал-мәтелдер өзекті дүниелер. М.Әуезов бұл құндылықтар қай кезде де баланы дамытуда өз бағасын жоғалтпайтын байлық көзі деп санайды. «Кішкентай болымсыз тірлік иелерінің өмірге икемделуі, өзіндік көзқарасының орнауы, тілдік ерекшеліктерінің артуына септігін тигізеді».

Қорыта айтсақ, тіл дамыту сабақтарында балалардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастырудың қазіргі кезеңдік әдіс-тәсілдері бар. Бұл әдістер баланың ауызша сөйлеу дағдысының сөздік қорларын талдайды. Мұндай әдістер диалогтік оқыту технологиясы, ойын технологиясы, интерактивтік технология, кейс технологиясы [2]. Бұл әдістер алуан түрлі тәсілмен іске асады. Салыстыру, анализ, синтез, нақтылау, логикалық ойлау, ассоцияциялық тәсіл т.б. Балалардың қатысымдық-ақпараттық сөйлеу деңгейін қалыптастыруға арналған жұмыстар – қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында жүзеге асады. Қолданылатын әдістің негізгісі – қатысымдық әдіс. Мұнда балалардың дыбыс, әріп, буын, сөз, сөйлем ұғымдарының мәнін дұрыс түсінуге бағыттау қажет. Сонымен сабақ үстінде ойнау оқушылардың ойлау, сөйлеу, еске сақтау қабілетін дамытып жетілдіретініне көзіміз жетті.  

 

 

ағылшын тілі

 
 

 

 

 

 

 

 

 

 


Багетная рамка: 6-7 жастағы баланың тілдік қабілеттерін дамытуда мына пәндермен байланыс жүргізіледі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Кесте 1.

Әдебиет:

1.       Запорожец А. В. Развитие произвольного поведения у детей. М., 1986.

2.       Кайбулдаева Г., Жаздықбаева М., Әлімбекова С. Ойын технологиясы. Түркістан. 2007.