Педагогические науки/5. Современные методы
преподавания
М.ғ.д. Тебенова Қ.С., Ешенгазина Г.С.
Академик Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті
Психикалық дамуы тежелген
балаларды география пәнінде оқытуда
ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану
мәселесі туралы
Бүгінгі таңда әртүрлі кемістігі
бар баларды тәрбиелеу мен оқыту – күрделі әлеуметтік
және педагогикалық мәселелердің бірі болып
жан-жақты қарастырылады. Бұл мәселелер
мүмкіндіктері шектелген немесе дамуында қандай да кемшілігі бар
балаларды қолдан келгенше қоғамдық өмірге
пайдалы, белсенді, өз беттерінше өмір сүре алатындай етіп
дайындауда көп жұмыстардың қажеттілігі ретінде
туындауда.
Қазіргі заманды – ғылыми және ақпараттық
технологиялар заманы деп білеміз. Уақыт өткен сайын
ақпараттардың таралуы да арта түсуде. Кейінгі кезде
ақпараттар көлемінің артуы мен компьютерлік
технологиялардың жылдам дамуына байланысты компьютерлік технологиялармен
оқытуды белсенді түрде дамып келеді.
Ақпараттық-комуникациялық технология электронды есептеуіш
техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді
пайдалануға, модельдеуге, электронды оқулықтарды,
интерактивті құралдарды қолдануға, ғаламтор
желісінде жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына
негізделеді.
Білім беру жүйесінде
ақпараттық технологиялар мен компьютерлік коммуникациялар
кеңінен және өте белсенді қолдануда, оған
көптеген зерттеулер және практикалық жұмыс ретіндегі
мол тәжірибелер мәлім. Білім беру жүйесін
ақпараттандыру дегеніміз – берілетін білім сапасын көтеруді
жүзеге асыруға бағытталған процесс, яғни
еліміздің ұлттық білім жүйесінің барлық түрлерінде
кәдімгі технологияларды тиімді жаңа комплекстік
ақпараттандыру технологияларына алмастыру, оларды сүйемелдеу
және дамыту, нақты жүзеге асыру шаралары [1-3].
Білім беру жүйесін
ақпараттандыру ісінің негіздерінің бірі болып білім алу
саласына ақпараттық технологияларды енгізу жұмыстары
саналады, бірақ бұл ақпараттандыруды басқаша
түсіну қаупін туғызып, оны көптеген жағдайларда
тек техникалық құралдармен жабдықтауға ғана
әкеліп соқтыратыны белгілі.
Білім беру жүйесін
ақпараттандыру ісі жаңа оқыту технологияларын дайындауды
талап етеді. Білім беруді ақпараттандырудың теориясы мен
әдістемесі мынадай зерттеу бағыттарынан тұрады:
- қазіргі
ақпараттық қоғам мен ғаламдық коммуникация
жағдайында білім беру мазмұнын жетілдіру;
- оқушының
ақыл-ой әлеуетін дамыту;
- бірлескен
ақпараттық желілер мен ғаламдық коммуникациялар
базасында жұмыс істейтін «виртуалдық» білім беру;
- оқушының
ақыл-ой қуатының деңгейін белгілеудің, оның
білімі мен жетістігін бақылау және бағалаудың
компьютерлік тестілеуші, диагностикалаушы әдістемелерін жасап пайдалану.
Аталмыш оқу жүйесін
басқаруды автоматтандырудың әдістерін көлемді
және қарқынды қолдану, жан-жақты оқу,
тәжірибелік және теориялық мәселелерін зерттеуді,
комплекстік ізденістерді жүргізуді талап етеді. Мысалға
алсақ, бірнеше жылдар бұрын ақпаратты игеру үшін
оқушылар тек кітап қолданса, қазіргі кезде білім беру
мекемелерде, мектептерде компьютерлер қондырғылары, интерактивті
тақталар, мультимедиа кабинеттері орнатылған. Сонымен қатар
алуан электронды түрдегі оқу-әдістемелік әдебиеттер,
кешендер мен оқулықтар жиынтығы пайдаланылуда.
Ақпараттық-комуникациялық технологияның келешек
ұрпақты жан-жақты білім алуына, іскер әрі талантты,
шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын педагогикалық,
психологиялық жағдай жасау үшін де тигізер пайдасы аса мол.
Осыған орай оқып үйрену құралдарына жататын
электронды оқулықтар қазіргі таңда жиі қолданыста
[4-6].
Елбасының «Жаңа әлемдегі жаңа
Қазақстан» атты жолдауында: «Біз бүкіл еліміз бойынша
әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін
көрсетуге қол жеткізуіміз керек» делінген, ХХІ ғасыр –
бұл ақпараттық қоғам дәуірі,
технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы
дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби
мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Білім
беру үрдісін ақпараттандыру – жаңа ақпараттық
технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара
тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге
асыра отырып, оқу тәрбие үрдісінің барлық
деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарлатуды
көздейді.
Осы бүгінгі уақытта
арнайы білім беру мекемелерде, арнайы мектептерде де ақпараттық
технология кең көлемде қолданылады. Электронды оқулықтар,
көмекші құралдар, компьютерлік тапсырмаларды оқытушылар
өздері құрастырып пайдаланады. Күнделікті
сабаққа бейне, аудио қондырғыларын, теледидар мен
компьютерді қолдану айтарлықтай нәтижелер беріп келеді. Заман
ағымына сай ондай қондырғылар оқушылардың
қызығушылығын арттырып, зейін қойып тыңдаумен
қатар, түсінбей қалған сәттерін қайталап
көруге не тыңдауға, алған мағлұматты
нақтылауға мүмкіндік береді. Оқушылардың
өздері де алынған ақпаратты көшіріп алып онымен
өз ыңғайына қарай жұмыс істей алады.
Электрондық оқулықпен
оқытудың негізгі мақсаты ол оқыту үрдісін
үздіксіз және толық деңгейде бақылау, сонымен
қатар ақпараттық ізденіс қабілетін дамыту болады.
Электрондық оқулық деп білім берудің компьютерлік
технологиясын кеңінен пайдалануға негізделген электрондық
оқып-үйрену құралдарын айтады. Қазіргі
мектептің даму болашағы қоғамның даму
үрдісімен үнемі өсіп отыратын ақпарат
көлемінің әртүрлі тегімен анықталады.
Оқушыларға білім беруде жаңа оқыту технологияларын
қолдану, инновациялық бағытта жұмыс жасау заман
талабына сай талап етілуде. Оқу үрдісінде компьютерді тиімді
пайдалану және қолдану кейінгі жылдары айтарлықтай
оң тәжірибе беріп отыр.
Атап айтсақ мектеп оқушыларының өз бетімен ізденісі,
пәнге деген қызығушылығын арттырып,
шығармашылығын дамытуға, оқу қызметінің
мәдениетін қалыптастыруға, дербес жұмыстарын
ұйымдастыруға ерекше қолайлы жағдай туғызып отыр.
Осыған орай психика дамуы тежелген (ПДТ) балаларға
арналған арнайы мектептерде, сонымен қатар аталмыш оқушылары
бар инклюзивті білім беру мектептерде география сабақтарын
оқытудың тиімді әдіс–тәсілдерін қарастыру,
яғни география пәнін оқытуда пайдаланылатын электрондық
бағдарламаны құрастыру мәселелері біздің
ғылыми зерттеу жұмысымыздың өзектілігін
айықындады.
Психикалық дамуы тежелген оқушылар үшін
география пәнін меңгеруде өзіндік қиындықтар
ұшырасады. ПДТ балалардың география
пәнін меңгеруде кездесетін қиындықтар ең алдымен
психикалық процестердің жетілмеумен байланысты. Мысалы, ойлау
әрекетінің ерекшеліктеріне келсек, бұл
оқушылардың көрнекі-бейнелік, көрнекі-әрекеттік,
және сөздік – логикалық ойдау түрлерініңтежеле
дамуын көрсетеді. Сонымен қатар бұл балалардың ойлау
кемшіліктерінің спецификалық ерекшеліктеріне байланысты, оқу
материалын ұсыну әдісі балалардың ойлау деңгейіне
сәйкес болмаған жағдайлардың салдарынан оқу
бағдарламаның меңгерілмейтіндігі анықталды [7].
Бұл әсіресе географиядағы есептуге үйретудегі
сөздік және көрнекі әдістерді салыстырудан анық
байқалады. Материалды меңгерту үшін оқытудың
тиімді әдістерін пайдалану үшін мұғалім үнемі
ізденуі қажет. Осыған орай заманауи оқыту талаптарына
сәйкес аталмыш география сабақтарында ақпараттық
технологияларды қолдану оқыту үрдісінің тиімділігін
арттырып, балалардың оқу материалдарын игеру дәрежесін
жоғарылатады деген ойдамыз.
Осы жоғарыда айтылғанды ескере отырып
заманауи оқыту талаптарына сәйкес инновациялық
технологияларға негізделген «География» атты электронды
оқулық құрастырылды және жоғарыда
аталған білім беру мекемелерде география сабақтарында тиімді
көмекші оқыту құрал ретінде қолданылып
байқаудан өтті.
Психикалық дамуы тежелген оқушыларға география
пәнін оқытуда ақпараттық технологияға негізделіп
жасалған «География» атты электрондық оқыту
бағдарламасы көмекші құрал ретінде қолданылып
жүргізілсе оқытудың нәтижелілігі артады деген алдын ала
қойған болжамымыз толығымен дәлелденді. Электрондық
оқулық арқылы түрлі суреттер, видео көріністер,
дыбыс және музыка тыңдатып көрсетуте болады. Бұл,
әрине, мұғалімнің тақтаға жазып
түсіндіргенінен әлдеқайда тиімді әрі әсерлі.
Меңгерілуі қиын сабақтарды компьютердің көмегімен
оқушыларға ұғындырса, жаңа тақырыпқа
деген баланың құштарлығы оянады.
Сонымен қатар, электрондық
оқулықтарды сабақта пайдалану кезінде оқушылар
бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен
шығармашылық тапсырмалар орындайды. Әрбір оқушы
таңдалған тақырып бойынша тапсырмалар орындап, тестілер
шешіп, схемалармен жұмыс жасауға дағдыланды.
Әдебиет:
1. Мұхамеджанова А. Инновациялық педагогикалық
технологияларды қолдану тетіктері // Қазақстан мектебі. –
2006. – № 4.
2. Бөрібаев Б.,
Балапанов Е. Жаңа ақпараттық технологиялар. – Алматы, 2001.
3. Бейсенова Г. Жаңа ақпараттық технологиялардың
тиімділігі // Қазақстан мектебі. – 2006. – № 6.
4. Абдурахманова Г. Коммуникациялық технологиялардың
дидактикалық мүмкіндіктері // Қазақстан мектебі. –
2006. – № 3.
5. Байғазиева Г. Педагогикалық технологияларды меңгеру –
міндет // Қазақстан мектебі. – 2006. – № 6.
6. Елубай
С. Білім беру технологиясының қазіргі проблемалары. – Алматы,
2001.
7. Тебенова К.С., Рымханова А.Р. Арнайы психология. –
Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2011. – 180 б.