Алдиярова Т.К.

Құлан орталықты орта мектебі, Қазақстан

 

БАСТАУЫШ МЕКТЕПТІҢ ОҚУ- ТӘРБИЕ ҮРДІСІНДЕ ДЕҢГЕЙЛЕП ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

 

Қазіргі кезде бүкіл дүние жүзілік білім кеңістігіне кіру мақсатында   Қазақcтанда білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар жүргізіледі. Елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы өзгерістер білім беру саласына жаңаша қарауда: мұғалімнің оқу – тәрбие үрдісін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды, оқушылардан танымдық, шығармашылық потенциялдық дамытуды талап етеді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» - деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін әр мұғалімде  күнделікті ізденіс арқылы, барлық жаңалықтармен қатар тұру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым – қатынасқа өту қажеттілі туындап отырғандығы белгілі [1].

         Бастауыш сыныптарда оқытудың маңызды мақсаттарының бірі-оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.

         Білімнің негізгі бастауыш сыныптарда қаланатыны белгілі. Ендеше, осы бастауыш сыныптардан бастап, оқушылардың өз бетінше жұмыс істей білу іскерліктері де қалыптасуы тиіс. Атап айтсақ: жаңа ұғымды, заңдылықты ережені түсініп, тұжырымдау есепті талдап, шығара білу, жаңадан өтілген ұғым бойынша өздігінен ой қорыта білу, өзінің оқу іс-әрекетіне бақылау жасай білу, т.б. Осындай іскерліктерді қалыптастыру-оқу барысында мақсатты түрде ұйымдастырылған жаңа технологиялық жұмыстар және жаттығулар жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

 

Біздің пікірімізше, оқу процесін технологияландыру  дегеніміз- білім беру бағыттарына сай оқыту процесін құрастыру. Педагогикалық технологияның өзіндік ерекшелігі –қойылған мақсатқа жету мүмкіндігіне кепілдік беретін оқыту процесін құрастыру және оны жүзеге асыру. Оқылатын пән мазмұны мұғалім мен оқушының өзара байланысты іс- әрекеті. Оқушының ішкі даму процесі негізінде анықталған нақты мақсат қана педагогикалық технология құрылымын түсіну кілті бола алады. 

        Бүгінгі таңда  Қазақстандық педагог ғалымдар:  Ә.Жүнісбек,  А.Таубаева, Ж.Қараев, М.Жанпейісовалардың еңбектері білім беру үрдісінде кең қолданылып отыр [2].

        Ғалым Ж.А.Қараевтың  деңгейлеп оқыту педагогикалық технологиясының мақсаты –  жан – жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру.

        Мұнда баланың таным қабілетіне сай төрт деңгейлік тапсырмалар даярлауда жеке тұлғаны жаңалыққа ұмтылуға итермелейтін жаңа қабілеттерін ашуға  болатындығы ескеріледі.

          Ал, ғалым В.П.Беспалько деңгейлік технологиясын: міндетті, алгоритмдік, эвристикалық және шығармашылық,- деп төрт топқа  бөлді. Ж.А.Қараевтың технологиясында төрт деңгейлік тапсырмалар кездеседі.Онда:

1. Жаңа өтілген тақырыпты қайталау, пысықтау, ереже жаттау;

2. Ойлау қабілеттерін жетілдіру;

3. Танымдық іздену;

4. Ұғым, түсінік, қиялын тәжірибеде қолдану талаптарын қояды.

        Деңгейлеп оқыту технологиясының төрт деңгейлік тапсырмаларын барлық оқушылардың толық орындауы талап етіліп, әр деңгей  ұпаймен белгіленіп, рейтингті жүйелеп есептелінеді, мониторинг бойынша баға қойылады. Деңгейлеп оқыту технологиясы әр оқушының қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне орай  оқытуды көздейді. Яғни мықтылар өз қабілеті мен  икемдігін бекіте түседі. Әлсіздер өзіне сыни көзбен қарауға  дағдыланып сенімсіздіктен арылып, белсенділігі артады. Күшті топтарда оқуға деген құлшыныс ұлғайып, білім дәрежесі деңгейлес топтарда оқу жеңілдейді [3].

Деңгейлеп оқыту оқушылардың білімін жаңа әдіспен ,яғни рейтингтік жүйе бойынша бағалауға мүмкіндік береді. Яғни оқушылардың әр тақырып бойынша қорытынды бағасы оның жинап алған ұпайымен сәйкес қойылады. Жинаған ұпайларын оқушылар сабақ соңында кестеде тиіс нүктемен белгілеп отырады. Осы нүктелердің арасын үздіксіз сызықпен біртіндеп қосса , график шығады. Ол оқушының даму мониторингі деп аталады [4].

        Мониторинг - педагогикалық үрдіс негізінде білім беру мақсатын таңдаудағы өзекті мәселе мен құралдарын шешу барысында диогностикалық, прогностикалық зерттеудің жағдайын ғылыми негізге сүйене отырып үздіксіз бақылау.

Мониторинг ішінде басқарудың өзіндік қызметі, педагогикалық әрекет барысында бағалау жүргізіледі. Соның барысында кері байланыс қамтамасыз етіледі. Педагогикалық жүйенің соңғы мақсаты нәтижелер мәлімделеді. Педагогикалық мониторинг педагогикалық жүйенің дамуын болжау, сонымен қатар оның жағдайын үздіксіз бақылауын қамтамасыз етуді көрсетеді. Сондай-ақ, ол әлеуметтік – психологиялық, медициналық мониторинг, оқушының жеке басының көзқарасын жалпылай алу мақсатында бұл оқу орындарында ең қажетті болып табылады.

 Қазіргі заман талабы бойынша оқытудың басты мақсаты өздігінен  білім алып дами алатын жеке  тұлғаны қалыптастыру болғандықтан, мектептердегі бастауыш сынып бірлестігі Ж.А.Қараевтың деңгейлеп оқыту технологиясын өз сабақтарында кеңінен қолданылады. Бұл технология бастауыш сыныптарда да оқушының білім деңгейіне сәйкес жеңілден қиынға қарай оқытылады.      В.П.Беспалько  ұсынған деңгейлеп оқытудың төрт бөлімі бастауыш сыныптарда да мынандай мәселелерді көздеуі тиіс деп санаймыз.

1. Оқушылық деңгей. Бұл міндетті деңгей боғандықтан барлық оқушы тапсырманы толық орындауы тиіс.

2. Алгоритмдік деңгей. Бұл деңгейде өтіп кеткен материалды талдап, бұрынғы тапсырмаларға ұқсас орындайды. Бірақ бұларды орындау үшін  алған білімдерін түрлендіріп пайдалану керек.

3. Эвристикалық деңгей. Өз бетіндік жұмысты қалыптастыру мақсатында оқушылар жаңа тақырып бойынша меңгерген қарапайым  білімдерін жетілдіріп тереңдетеді. Тағы жаңа білімдерін меңгеріп, өзі үшін жаңалық ашады. Анализ бен синтез, салыстыру арқылы анықтау, қорытындылау. Бұл деңгейде түрлі деңгейдегі ребус, сөзжұмбақтар құрастыру, зертханалық жұмыс жүргізу, эвристикалық сұрақтар болуы қажет.

4. Шығармашылық деңгей. Бұл деңгейде  берілген тақырыпқа өз бетімен реферат, баяндама, эссе, өлең, жұмбақ, жаңылтпаштар құрастыра білу қажет. Ал бұл мәселелер оқу бағдарламасының күрделенуіне қарай түрлене түседі.

 Бастауыш сыныптарда деңгейлеп оқыту технологиясының  мүмкіндіктеріне сүйену  оның тиімділігін арттырып, маңыздылығын ескеру тек балалар ұжымы үшін емес мұғалім үшін де аса маңызды әрі үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Қорыта айтқанда, деңгейлеп оқыту технологиясының  тиімділігі  оқушылардың  оқуға деген қызығушылығымен қатар шығармашылық деңгейін де арттырады. Әр оқушы өзінің деңгейіне, білім дәрежесіне байланысты тапсырмалар орындай отырып, білім алуға ұмтыла түседі, өзіне тән деген сенімділіктері арта түсті.  Нәтижесінде: жан – жақты  шығармашылық іс - әрекеті бар тұлға болып қалыптаса алады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы, 1999.

2.   Жанпейісова М.М. Технология модульного обучения. –  Ақтөбе: РИПК:СО, 1999.

3.   Бұзаубақова К.Ж. Жаңа педагогикалық технология. Тараз, 2003.

4.   Мұханмедина Ж. Деңгейлеп саралап оқыту .(тест) //Қазақстан мектебі. №9, 2005.