Жаңаша оқыту жолдары - өмір талабы

Бүкіл адамзат қоғамының ХХІ ғасырдың алғы шебіне, яғни ғылыми-техникалық прогресс пен өркениетті даму дәуіріне бет бұру кезеңінде жаңа қоғамға лайықты саналы білімді, жетілген жеке тұлғаны қалыптастыру бүгінгі мектеп алдында тұрған негізгі міндет. Бұл үлкен іс баршамыз тілге құрметпен, жанашырлықпен қараған жағдайда ғана іске асады. Қазіргі кезеңде білім берудегі негізгі мақсат – жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, іскер, өзіндік ой-толғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жанды қалыптастыру [1].

Қазіргі уақыттағы Қазақстан Республикасының білім беру кеңістігіндегі түбегейлі өзгерістер жалпы орта білім беретін мектептердегі пәндерді оқыту әдістемесін жаңа мазмұнда, заман талабына сай оқытуды талап етіп отыр. Бұл  мектептегі басқа да пәндер секілді қазақ тілі пәні де әдістемелік тұрғыдан тиімділікті арттыру жолдарын, заман талаптарына сай ұйымдастыру амалдарын іздестіруді міндеттейді.

ХХІ ғасыр табылдырығындағы тұрған адамзат дамуының жаңа кезеңі білім беру прогресінің ең маңызды факторларының бірі болып саналатын кезеңге келіп жетті. Өркениетті қоғам мен құқықтық мемлекеттің гүлдене түсуі болашақ өсіп келе жатқан ұрпақтың руханилығын, мәдениеттілігін, ойлау қабілетінің еркіндігін, шығармашылық талабын, кәсіби біліктілігі мен білімділігін еңбекке жарамдылығы мен бәсекелестікті талап етеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының білім және тәрбие беру салаларында, әсіресе, қазақ орта мектептерінде ұлтжанды, рухани жан дүниесі бай, еркін ойлау қабілеті жоғары тұлғаны даярлауда басқа пәндермен қатар, кейде тіпті жоғары десек те, артық болмас, негізгі үлес салмақ қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің үлесі болып есептеледі. Ендеше, осы саладағы мамандардың өз сабағына жауапкершілікпен қарап, үнемі шығармашылық ізденіспен ұйымдастырып отыру бүгінгі білім беру кеңістігінің басты талабы. Өткен тарих парақтарына үңіле қарасақ, мұғалім өзін үнемі жетілдіріп отыруы қажеттігін қазақтың ағартушы ғалымдарының көрнектісі А.Байтұрсыновтың мына пікірінен көреміз: «Бала оқытуын жақсы білейін деген адам, әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші - баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек. Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі хәлінен хабар аларлық болу керек» [2]. Бұл пікірдің қазіргі таңда да әдістеме ғылымы үшін өзгермейтін заңдылық екені даусыз.

Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекетінде «инновация» ұғымын пайдалану соңғы жылдарда кең көлемде қолданылып келеді. Ең алғаш «инновация» ұғымын қазақ тілінде анықтаған ғалым профессор Немеребай Нұрахметов. Ол «инновация, инновациялық үрдіс деп отырғанымыз білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану және таратуға байланысты бір бөлек қызметі» деген анықтаманы ұстанды. Инновациялық негізін құраушы ұғымдардың «инновация», «нововведение», «новшество», «новое» қазақша аудармаларын жасаған Ы.Алтынсарин атындағы білім проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының әдіскері Құдайбергенова болып табылады. Өз еңбектерінде «инновацияны» нақты қойылған мақсатқа сай салынған жаңа нәтиже деп есептейді.

Қазақ тілі пәнінің мақсаты мен міндетін, мазмұны мен құрылысын айқындайтын – қазақ тілі бағдарламасы. Осы бағдарламада: «Ана тілінің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсінген, тілдің қызметін жүйелі меңгерген, коммуникативтік біліктілігі дамыған дара тұлға даярлауға мүмкіндік туғызу»,- делінген [3]. Тіл заңдылықтарын, ережелері мен анықтамаларды үйрену бар да, әрі оларды күнделікті қатынас құралы ретінде қолдануға қажеттілігінің қыр-сырын түсіну бар. Бұл екі жағдайдың бір-бірінен өзгешелігі болғанмен, бірінсіз-бір іске аспайтын тұтас дүние. Міне, осындай мәселелерді ескере отырып, бүгінгі күн тұрғысында балаға меңгерту басты мақсат. Осындай мәселелерді зерттеуде оқытудың жаңа жобалары, технологияларын зерттеп, әрбір пәннің өзіндік шеңберіне лайықтап игеруді ұсынған әдіскер ғалымдар баршылық. Олардың ішінен, В.П.Беспалько, Ж.А.Қараев, Ж.У.Кобдикова, Б.Барсай, Г.К.Селевконың, Қ.Бітібаеваның, К.Жақсылоқованың, К.О.Өміраеваның т.б ғылыми еңбектерінде оқытудың жаңа технлогияларын өз ғылыми зерттеу объектілері негізінде жан-жақты зерттейді. Біз осы жоғарыда аталған ғылыми еңбектердің теориялық, әдістемелік негіздерін пайдалана отырып, қазақ тілін оқытуда тиімді тұстарын қал-қадірімізше саралауға тырысамыз.

Мектеп бағдарламасындағы қазақ тілі сабақтарын жаңа заман талабына сай ұйымдастыру мұғалімнен шығармашылықты талап ететіні хақ. Әрбір сабақ жоспары өзіндік жаңалығы және мақсатымен ерекше. Ендеше, мектеп тәжірибесінде кеңінен қолданылып жүрген сабақ үлгілерін беруді алға қойып отырмыз. Себебі, жоғарыда айтылған теориялық материалдардың практикалық маңызын арттыра түсетіні сөзсіз.

5-сынып бойынша компьютер арқылы өткізуге арналған сабақ жоспарының үлгісі.

І. Компьютермен жұмыс істеуге дайындық. Арнайы жазылып сақталған бағдарламаны пайдаланып, экранда «Синонимдер»  тақырыбы шығарылады.

ІІ. Жұмыстың басталуы. Экранда синонимдердің ережесіне сәйкестендірілген жұмыс істеу тәртібі шығады. Оны әрбір оқушы оқи алады, сосын төмендегі кесте бойынша өз бетінше  жұмыс істей бастайды.

Тақырыбы: Синонимдер

Тапсырмалар:

«Синонимдер» ережесін мұқият оқып алыңыз.

1.Жазылым әрекетін игеруге байланысты дайындық жаттығулары:

1-жаттығу. Көп нүктенің орнына қажетті синонимдерді қойыңыз: ... ағаш, ... жол, ... көйлек, ... қыз, ... адам, ... бойжеткен, ... жігіт, ... адам.

2-жаттығу. Синоним сөздерді тауып жазыңыз.

Ұзын - ...                       Аласа - ...                      Инабатты - ...

Қайратты - ...                Қалың-...                      Толық-...   

3-жаттығу. Сөздердің антонимдерін тауып  жазыңыз, оқыңыз.

Биік, жоғары, ұзын, қайратты, қажырлы, ибалы, әдепті, инабатты

Жаттығудың мақсаты – синоним сөздерді сауатты меңгерту, мағыналас сөздердің мағынасын дұрыс түсіну, жазылымның түрлерін игеру.

Жаттығудың тиімділігі –оқушылар сөздерді сауатты, дұрыс жазуға, айтуға, мағынасын ажыратуға дағдыланады.

Жаттығудың маңызы – жазылым түрлерін бір-бірінен ажыратып қолдана білуге көмектеседі.

ІІІ. Жаттығу жұмыстарының орындалуы. Компьютерлік – оқушы тәртібіндегі диалог.

Экранда оқушының «Синоним» тақырыбы бойынша жаттыққысы келетіндігіне сәйкес сұрақ туындайды. Оқушы өз жауабын «ия» («и», «я» клавишін басып) немесе «жоқ» деген сөздің көмегімен енгізеді. «Жоқ» десе жұмыс тоқтатылады, «ия» десе диалог жалғастырылады: машина оқушының атын сұрайды, жұмыс істеу тәртібін ескертеді.

Диалог

-Синонимдердің орынды қолданылуы бойынша жаттыққыңыз келеді ме?

- Ия                                        - Жоқ

- Сіздің атыңыз кім?              - Өкінішті

- Әлихан

-Жарайды, Әлихан, енді жаттығу арқылы сізбен жұмыс істегіміз келеді.

Жұмыс тәртібі:

1.Жаттығуды оқу.

2.Көп нүктенің орнына тиісті синонимді тауып жазу.

3.Тексеруге арналған сөзді іріктеу.

4.Көп нүктенің орнына қажетті синонимдерді қою.

Соңынан экранда синонимдері қалдырылып кеткен сөйлем шығады. Оқушылар бұл сөйлемдерді дауыстап оқиды.

Компьютер бағдарламасының жұмысы біткен соң, өткен материалды тексеру мен бекіту мақсатында мұғалім сұрақтар қояды.

Сауатты жауап беруге, ауызша сөйлеу икемділігін дамытуға арналған жаттығулар:

1-жаттығу. Ия, жоқ, дұрыс, дұрыс емес, қателесесің деген сөздерді пайдаланып, өз ойыңызды дұрыс жеткізе біліңіз.

- Сізге кіруге болады ма?

-Ия, кіруге болады.

-Жоқ, кіруге болмайды.

-Менің айтқаным дұрыс па?

-Ия, дұрыс.

-Жоқ, айтқаның қате.

2-жаттығу. Берілген сөйлемдерге сұрақ қойыңыз

.............................................................?

-         Менің атым Әлижан.

- .....................................?

-         Ия, менің үйім бар.

-         ..................................?

-         Менің үйім үлкен. Бес бөлмелі.

3-жаттығу. Мына сұрақтарға жауап беріңіз.

- Сіз үйде ... ... сөйлейсіз бе?

- Мен үйде ... сөйлеймін.

- Сіз мектепте достарыңызбен ... сөйлейсіз бе?

- Мен ....     .... .....

Жаттығудың мақсаты: лексикалық тұлғаларды сауатты меңгеріп, дұрыс сөйлеуді үйрену.

Жаттығудың тиімділігі: оқушылар өзін ұстай білуге, өз ойын анық жеткізе білуге жаттығады.

Жаттығудың маңызы: оқушылардың бір-бірімен еркін тілдік қарым-қатынас жасауына көмектеседі.

1-жаттығу. Мақал-мәтелдердің жалғасын тауып жазыңыз, оларды қатыстырып сөйлем құраңыз.

А) Көз қорқақ .....

ә) Еңбек етсең ....

б) Не ексең ...

2-жаттығу. Берілген мақал-мәтелден антонимдерді тауып, олармен жаңа сөйлем жазыңыз.

1.Жақсының өзі кішік, ойы биік.

2.Жақсы ата – балаға қырық жыл азық.

3.Жақсы дос ашып айтар, жаман дос шашып айтар.

3-жаттығу. «Кім көп біледі?» жарысын өткізу. Мақал-мәтелдермен жарыс.

Жаттығудың мақсаты – мақал-мәтелдер арқылы оқушылардың тілін дамыту.

Жаттығудың тиімділігі – мақал-мәтелдермен жұмыс жасау оқушылардың тілдік қарым-қатынаста, өмірде алған білімдерін пайдалана білуге көмектеседі.

Жаттығудың маңызы – оқушыларды мәнерлеп сөйлеп, тез өз ойын айта білуге тәрбиелеу.

4-жаттығу. «Бұл қай кезде болады?» жұмбағын шешіп, оны жаттап алыңыз.

Күн өзгеріп,

Қар еріп,

Су сайларға толады,

Бұл қай кезде болады?

Суда мұз бар,

Жерде қар,

Боран борап соғады,

Бұл қай кезде болады?

Жаттығудың мақсаты – жаңа сөздермен таныстыру, оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, білім, білік дағдыларын жетілдіру.

Жаттығудың тиімділігі – оқушылардың сөздік қоры молаяды, шапшаң және тез шешім қабылдай білуге дағдыланады.

Жаттығудың маңызы – түрлендіре берілген жаттығулар тілге қызығушылығын туғызады, оқыту сапасын арттырады.

Сөйлеу жаттығулары әр түрлі жағдайларда емін-еркін қарым-қатынас жасауға, алған білімдерін бекітіп, оны ізденіспен ілгері дамытуға төселдіреді.

Сөйлеу жаттығуларына танымдық және жылдам жазылым түрлерін меңгеруге байланысты жаттығуларды жатқызуға болады:

1-жаттығу. «Біздің сынып» деген тақырыпқа әр түрлі әңгіме жазыңыз. Берілген тапсырмаларды орындаңыз.

А)Мәтін «Біздің сынып».

Мен мектепте оқимын. Мектептің іші таза, кең, әдемі және салқын. Мектепте оқушылар өте көп. Біздің сынып мұғалімдермен бірге түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Түрлі олимпиадаларға да белсене қатысады. Біз сынып мұғалімдерімен бірге саяхаттарға шығамыз. Демалыс күндері саяхатқа шығып, демаламыз.

1-жаттығу. Мәтінді оқып, түсініп, сөйлемдерге сұрақ қойыңыз.

2-жаттығу. Мәтіннен сөз тіркестерін тауып, олармен жаңа сөйлем жазыңыз.

3-жаттығу. Мәтінді өткен шақта айтып беріңіз.

Тапсырма 1.Мәтіннен зат есімдерді тауып, оларға қосымшалар жалғаңыз.

2. «Мұғалім» сөзіне бірнеше сөйлем құрастырыңыз.

3.Шағын мәтін құрастырыңыз.

ә) Мәтін «Біздің мектеп»

Мектеп маған ұнады. Мектептің алдында Абай ақынның мүсіні орнатылған. Мектеп жақсы жерге орналасқан, төменде саяжай бар. Біздің мектептің оқушылары қала көлемінде өтілетін іс-шараларға қатысып, концерт, кездесулер ұйымдастырады. Мектепте кейде мұғалімдер мен сынып арасында жарыс өтеді. Сонымен бірге біздің мектепке басқа қаладан қонақтар келеді. Біз олармен жақсы араласып, достасамыз.

1-жаттығу. Мәтінге жоспар жасаңыз.

2-жаттығу. Мәтіндегі қарамен берілген сөздермен жаңа сөйлем жазыңыз.

3-жаттығу. Топ, кездесу, жақсы сөздерінің синонимін атаңыз. Тапсырма:

1.Өз мектептерің туралы айтып беріңіз.

2.Мәтінге басқа ат қойыңыз.

3.Еркін тақырыпта шағын мәтін жазыңыз.

Жаттығудың мақсаты – ойлау қабілетін дамыту, тілдік қарым-қатынаста қолданылатын ұғымдардың мағынасына зейін қоя білу.

Жаттығудың тиімділігі – оқушылардың тілді меңгеру барысындағы білімі бекиді, сөздік қорын молайтуға мүмкіндік туады.

Жаттығудың маңызы – тіл үйренушілер танымдық және жылдам жазылым түрлерін игере отырып, олардың қазақ тілінде еркін сөйлеу сауаттылығы артады.

Ауызша сөйлеу әрекетін меңгеруге арналған жаттығулар жүйесі оқушыларды дұрыс сөйлеуге, сауатты жазуға, әр түрлі деңгейлік тапсырмаларды іске асыруға, тілдік қарым-қатынаста тіл ережелері мен жаңалықтарын еркін меңгеріп, қолдануға жаттықтырады.

Оқушылардың азызша сөйлеу әрекетін дамыта оқыту барысында магнитофон ленталарын жазып және оны тыңдатуға болады. Сондай –ақ, оны мәнерлеп оқуға ұсынамыз. Оқуға ұсынылған мәтін 5-10 сынып оқушыларының жас және дара ерекшеліктеріне сәйкестендіріліп жасалады. Сол бойынша оқушылардың дауыссыздардың түрлерін, айтылуын, екпінді дұрыс қоюын, ассимиляция мен диссимиляцияға ұшыраған дыбыстарды қаншалықты деңгейде ажырататынын, игергенін анықтай аламыз. Яғни қорытынды бақылауға арналған тілдік материал қазақ тілінің фонетика-орфоэпиялық негізгі ерекшеліктерін қамти алады және оқушылардың әдеби тіл нормасын ажырата алып, деңгейлеп игеру көрінісін аша алады.

Қорыта айтсақ, уақыт ағымына сай білім берудің мазмұны жаңарып, жаңғырып тұрады. Қазақстанның білім беру кеңістігінде де, тәуелсіздіктің келуімен байланысты ұлттық рухани мәдениетке негізделген білім стандарттары жасақталып, мектепті заман талабына сай жасақтап, оқушыларға берілетін білім-білік дағдыларды ұйымдастырудың жаңа бағыттары айқындалды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауында жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамытудағы идеяларды іске асыру, «білім экономикасына» ауысу мемлекеттік дамудың басты бағыттарының бірі болса, білім беру деңгейін жоғарылату әлем нарығында бәсекелестіктің шешуші факторына айналмақ.

         Осы тұрғыда оқытудың мазмұнына, адамның рухани жан-дүниесінің дамуына танымдық іс-әрекеті мен белсенділігі негізгі міндеттердің бірі болып саналады.

         Оқытудың белсенді әдістеріне оқу үрдісіндегі субъектінің жоғары белсенділігін қалыптастыратын әдістер жатқызылады. Бұл әдістер – оқушы оқу үрдісінде енжар рөл атқаратын дәстүрлі оқыту әдістеріне қарама-қарсы әдіс [6], - деген пікірінен оқытудың оқушының белсенділігін көтеру үшін жаңа технологиялардың маңыздылығын айқын көреміз.

Өткен тарих парақтарына үңіле қарасақ, мұғалім өзін үнемі жетілдіріп отыруы қажеттігін қазақтың ағартушы ғалымдарының көрнектісі А.Байтұрсыновтың мыны пікірінен көреміз: «Бала оқытуын жақсы білейін деген адам, әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек. Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі хәлінен хабар аларлық болу керек» [2]. Бұл пікірдің қазіргі таңда да әдістеме ғылымы үшін өзгермейтін заңдылық екені даусыз.

Ендеше, кез келген уақытта әр пәнді сапалы білім мен тәрбие беруге сай ұйымдастырыу жолдарын анықтау өзекті болып қалмақ.

Қандай пәнді болмасын оқытудың негізі ең алдымен, оның ғылыми мәнін саралаудан басталатыны заңды құбылыс. Бұлай етпей тұрып оқытудың әдіс-тәсілдерін, үйрету жолдарын анықтау мүмкін емес. Ендеше, инновациялық технологиялар арқылы қазақ тілі сабақтарын тиімді ұйымдастыру жолдарын меңгеру үшін әуелі осы инновациялық оқытуды, технология, оқытудың жаңа технологияларының өзіндік заңдылықтары неге сүйенеді деген ғылыми-теориялық жүйені тұжырымдап алу маңызды.

Мектепте қазақ тіл білімінің салаларын жаңаша оқытудың лингвистикалық негіздерінің өзі бұрыннан бар тілдік бірліктерді өзгертіп оқыту деген сөз емес, қайта сол теориялық материалдың практикалық маңызын арттырып, оқушылардың қызығушылық, меңгеру сапасын арттыруға ықпал жасау.

Осыған орай, қазақ тілін жаңа заман талабына сай ұйымдастыру жолдарын ұйымдастыруда дидактиканың негізгі принциптеріне сүйенген жөн. Пән мұғалімі түрлі жаңа заман талабына сай ұйымдастырып отырса да, дидактиканың қалыптасқан әдістерін тиімді әрі іскерлікпен қолдана білуге де байланысты. Ол үшін оқытудың ең тиімді әдістерін жақсы біліп, оны оқытуда ұтымды қолдана алу керек.

Жаңа технологиямен оқыту оқушы психикасын жетік меңгеруді қажет етеді. Мектеп оқушыларының бәрі бірдей дамиды деген сөз емес. Л.В.Выгостский «Орта буынды шығармашылық мүмкіндігі зор шығармашылықпен тұрақты белсенді айналысуға икемді жас деуге болады» дегенді айтады. Сондықтан, жаңа технологиялық талаптарға сәйкес психологиялық тұрғыдан сабақ неғұрлым әсерлі болса, оқушы оқу материалын соғұрлым дұрыс түсініп, берік білім алады. Бұл әрине, мұғалімнің шеберлігіне қатысты мәселе.

Инновация сөзі латын сөзінен аударғанда жаңалықты ендіру деген ұғымды білдіреді. Ал инновациялық оқыту дегеніміз – жаңалықты ашу, оны игеру және өмірге енгізу. Қазіргі кейбір жаңалық жүйесі ескінің айналып келуі немесе өзгеріске еніп қайталануынан туған мәселелер.

    Бүгінгі заман талабы білімді, білікті, өздігінен тығырықтан шығар жол таба білетін іскер және өмірге икемді адам тәрбиелеуді қажет етіп отырғандықтан да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің басты міндеттерінің бірі – мектеп қабырғасында жеткіншектердің жеке тұлға ретіңде қалыптасуына жағдай жасау және ана тілінің тылсым тереңіне бойлап, әдеби тілді еркін меңгерген, кез келген ортада комуникативті қарым-қатынас жасап, жағдаяттан шыға алатын ұрпақ тәрбилеу.

Қазақ тілі пәнінің мұғалімдерінің  алдында сабақты заман талабына сай ұйымдастырудың мақсатынан туындайтын міндет шәкірттің рухани жан дүниесінің жетілуіне, әсіресе, сөздік қорының бай болуына, сондай-ақ жас ұрпақтың бойына халықтық салт-сана мен жаңа деңгейдегі мәдени талаптарды қатар сіңіру арқылы оларды уақыттың сынынан сүрінбей өтуге икемдеу, бағыттаудағы жұмыстар төңірегінде ізденіспен жұмыс жүргізгені абзал.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.                 Қазақ тілі бағдарламасы. Алматы, 2003.

2.                 Өмірбаев К.О. Оқыту процесіндегі инновациялық ізденістер. Әдістемелік нұсқаулық. Ақтөбе, 2001 ж.

3.                 Д.Д.Шәркімбаева. Қазіргі білім беру технологияларының әдіснамалық негіздері // Білім беру мекемесі басшыларының анықтамалығы. №8/2008, 20-бет

4.                 Ш.Ерғожина. Шығармашылыққа құрылған жаттығулар мен тапсырмалар // Қазақ тілі мен әдебиеті, №12/2008, 102 бет.

5.                 Т.В.Митенкова. Озық ақпараттық технологияларды пайдаланудың тиімділігі // Білім беру мекемесі басшыларының анықтамалығы. №9/2008, 20-бет.

6.                 А.Суюбердиева. Жаңаша оқыту әдістері - өмір талабы // Ұлт тағылымы №4/2008, 66-бет.

7.                   Балақаев М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту. Алматы, 1989.

8.                 Әбілқаев А. Қазақ тілін оқыту әдістемесі (оқу құралы).- Алматы, «Санат», 1995. – 120 бет.

9.                 Ф.Оразбаева, Ә.Ахметов, К.Жүнісбекова. Қазіргі қазақ тіліне арналған жаттығулар /Фонетика, Лексика/: Оқу құралы/, - Алматы. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім акдемиясының Респубиликалық баспа кабинеті, 1999ж., 171 бет.

10.            Оразбаев Ф.Ш.., Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі: Оқу құралы.- Алматы: 2005. – 170 бет.

11.            Дәулетбекова Ж. Қазақ тілі. Оқыту әдістемесі. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған. – Алматы: Атамұра, 2002. 88 бет.

12.            Қосымова Г. Қазақ тілі. Оқыту әдістемесі: Жалпы білім беретін мектептің 7- сынып мұғалімдеріне арналған /Г.Қосымова, С.Исаев, К.Назарғалиева. 2-басылымы. – Алматы: Атамұра, 2007. – 88 бет.

13.       Қазақ тілі мен әдебиеті // №9. 2013