Ибрагимова Айнұр

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 2-курс магистранты

 

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ШЕШЕНДІК СӨЗДІҢ ҚЫЗМЕТІ

 

Қазақ халқы есте жоқ ерте замандардан бері қызыл тілдің қасиетін де, құдіретке толы құндылығын да жақсы білген. Жақсы біліп қана қоймай, сан ғасырлар бойы көріп-білгенін, естіп-танығанын көкірегінде түйіп, ақыл таразасында салмақтап, көмейінде балқытып, буынсыз тіл арқылы бүгінгі ұрпағына қатпарлы қазына етіп қалдырған.

Шешендік өнер әлем тарихындағы көне ғылымдардың бірінен саналып, мыңдаған жылдар өмір сүріп келеді. Шешендік өнер ғылым ретінде қоғам дамуының әртүрлі кезендерінде бірде маңызы артып, еңді бірде мәні төмендегенімен, өзінің дамуын үзбей өрістеп келеді.

Қазақ шешендік өнері жайындағы ғылымның тарихы да шешендік өнер тарихы секілді арыда жатыр. Шешендік өнер хақында жүйелі еңбек еткен ғалым С.Негимовтың: ұлттық шешендік өнер ғылымының тарихы, әлбетте, “Шығыстың Аристотелі” атанған отырарлық оқымысты Әбу Насыр әл-Фарабиден басталады. Ол “Риторика” атты күрделі трактатында ғылыми-теориялық топшылауларын алдымен кәдімгі тәжірибелік іс-мақсаттан, қолдану аясынан туындатады”[1, 32-33],- деген пікірі бірден-бір дәлел болып табылады.

Қазақ қоғамындағы шешендік өнердің, билердің рөлін пайымдау мақсатымен жазылған XIX ғасыр шеніндегі Ш.Уәлиханов еңбектерін атап өткен орынды.

Ш.Уәлиханов “Сот реформасын жайындағы жазбалар” дейтін еңбегінде аталмыш өнер аясының билік-кесім айтылатын дау-дамайда туындайтынын дұрыс пайымдай келе, бүл өнердің бүтіндей бір елдің билік жүйесін атқарып тұрған зандық күші бар көшпелі өмірге мейлінше лайықталған қасиетті өнер екендігін айтады. Бүл орайда Шоқаннан кейінгі қазақ оқымыстылары да шешендік өнердің билік, заңдық сипатын жоққа шығара қойған жоқ. Мәселен, Ә.Қоңыратбаев шешендік сөздерді заңды, нақылдық, философиялык, сатиралық деп жіктейді.

Ғылыми-сыни зерттеушілік ой-пікірдің оянуына мұрындық болған қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары, әсіресе, “Дала уәлаятының газеті” шешендік өнер, билік өнер хақындағы ой-толғамдарын С. Негимов былайша бағалайды: “Дала уалаятының газетінде” қазақ билерінің қоғамдағы орны, билік-кесім шығаруы жөнінде бірнеше мақалалар берілген. Атап өтер болсақ, “Қазак билерінің жұмыстарды тексеретұғыны турасынан”, “Қазақ жұртының тергеу хүкімі хақында”, “Бұрынғы замандағы билердің билік қылуы”, “Бұрынғы замандағы қазақтардың билік қылуы” дейтін материалдарда ұтымды пікірлер, бағалы мәліметтер, құнды деректер бар” [1, 68].

Шешендік өнер аясында туындаған сөздерді шешендік сөздер деп атап, оны әдебиеттің дербес, жеке жанр ретінде ғылыми тұрғыдан бажайлау үстіміздегі ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы А.Байтұрсынов, М.Әуезов және С.Сейфуллин т.б. ғалымдар еңбектерімен тығыз байланысты.

Аталмыш ғалымдар алғаш рет шешендік сөздерді ғылыми зерттеудің көзі ретінде арнайы қарастырды. Мәселен, А,Байтұрсынов 1926 жылғы “Әдебиеттанытқыш”[2] атты еңбегінің “Шешен сөз” деген тарауында шешендік сөздерді бес түрлі ішкі жанрлық үлгілерге жіктеді:

а) саясат шешен сөз;

ә) билік шешен сөз;

б) қошамет шешен сөз;

в) білімір шешен сөз;

г) уағыз.

Шешендік сөздер қазақ ауыз әдебиетінің күрделі де көркем бір саласы болып табылады. Шынайы шешендік қиялдан тумайды, өмірлік оқиғалардан, табиғи құбылыстардан туады, көп жылдық тәжірибе мен сан рет қайталау арқылы сыннан өтіп халық мойындаған қағидаға, даусыз ақиқатқа айналады. Оның үстіне әр дәуірдің әр түрлі сөз шеберлерінің талғамынан, толғауынан өтіп шешендік сөз “тілге жеңіл, жүрекке жеңіл” тиетін сүйкімді үн мен ырғаққа ие болады.

Шешендік сөз парасатты ойға, ұшқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады. Шешендік сөз айтылған ойға әрі қисынды, әрі жедел жауап қайтару. Яғни, шешендіктің басты қасиеті - тапқырлық, шапшаңдық.

Бұдан кейінгі кезенде жалпы шешендік өнер аясында пайда болған шешендік сөздердің құлақ кесті үлгісі ретінде қандай жәдігерлер қарастырылуы, аталуы тиіс деген көкейдегі ойдың пердесін сыпырған, бұл төңіректегі теориялық ой-толғақтың нені шиырлауы керектігін Әуезовтен кейін тағы да атап көрсетіп, әдебиет тарихының тұтас бір дәуірін арнаған еңбек С.Сейфуллиннің 1932 жылғы “Қазақ әдебиеті” кітабы болды.

С.Сейфуллиннің енбектегі ой-зердесі М.Әуезовтің ой-пікірлерімен астасып, шешендік сөздердің негізі ретінде дау-дамайда, талас-тартыста туған билер сөзі алынуы керектігін зерделеген ой-әлемі жанрға “билер сөздері” деген термин-атау ұсынғандығынан аңғарылады. Сондай-ақ С.Сейфуллиннің ғалым ретіндегі ой-тұжырымдарының кұндылығының тағы бір қыры мынада: автордың қазақ билерінің болмысының халық өмірінің сан-алуан қырларымен байланыстылығын, билердің көп қырлы функциясын айта алғандылығында.

Әдебиетші ғалым С.Негимов бұл турасында “…бұған қоса ол әрі батыр, әрі әнші-ақын, жыршы, сыншы, сәуегей, шежіреші, ғұлама, бір сөзбен айтқанда, әмбебап дарын екендігін ескертеді” [1, 124], – деп пайымдайды.

Бұдан былайғы тұста айтарлықтай құнды пікірлер берген ғалымның бірі – С.Садырбаев.

“Халық әдебиетінің тарихи негіздері” дейтін еңбегінде зерттеуші: “қазақтардың шешендік өнерін үшке бөлуге болады: а) салтанатты, екпінді сөздер; ә) нақтылы, қысқа түйінді сөздер; б) майда, биязы, сыпайы сөздер” [3, 78], – деп жіктеп, олардың мәтіндері мен түрлерін де саралайды.

Теориялық толғамдарды қалыптастыруда қазақ шешендік сөздерін жинап-бастырып, алғы сөз жазып, жүйелеп беріп жүрген ғалымдар еңбегі де айтулы. Бұл орайда Т.Кәкішов, Ж.Дәдебаев, С.Қорабай, Н.Төреқұлов, М. Қазбеков сынды бұл істің үлкен жанашырларын атаған лазым.

Жалпы қазақ сөз қадірін жете ұғынған, оған өз өмірінде мейілінше мән берген, айрықша бағалаған. Сөз өнерін дертке балаған ел “тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады” деп сөз құдіретіне табынған, оның уытты күшін “таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді” деп бағалай білген. Мән-мағынасыз, қалай болса, солай сөйлеуге болмайтындығын ескертіп, “аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі “, “іріген ауыздан, шіріген сөз шығады,” “жақсы сөз – жарым ырыс” деп тыйым айта отырып жүйесін тауып сөйлей білгенді “сөз тапқанға қолқа жоқ” деп қошемет көрсетіп отырған. Әлемдік өркениетте ең бай да құнарлы тілді меңгерген қазақ елінің “жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз киесін табар” деп сөйлеудің мәдени нормаларын да белгілеп, тіл білудің, сөйлей білудің соншалықты қиын өнер екенін айтқандығы халқымыздың даналығын танытса керек.

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

1. Негимов С. Шешендік өнер. - Алматы: Ана тілі, 1997, 268 б.

2. Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. /Құраст. А.Ісімақова, Г.Пірәлиева және т.б. – Алматы: Алаш, 2003. – І-том. – 408 б.

3. Садырбаев С.Қазақ халқының әдебиеті. Хрестоматия.-Алматы,1990.