1Смагұлова Н.Қ., 1Кадыров Ж.Т. , 1Таласпаева Ж.С.

1 М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

 

КӨРКЕМ ПРОЗАДАҒЫ ТАРТЫС МӘСЕЛЕСІ

 

В данной статье авторы  рассматривают  проблему художественного конфликта. Систематизировали и проанализировали различные определения и точки зрения, связанные с категорией конфликта.

 

 

ХХ ғасыр қазақ халқы үшін қым-қуыт қайшылығы мол әлеуметтік-саяси өзгерістерге толы кезең болғаны белгілі. Қоғамдық-әлеуметтік саяси өзгерістер аяқ астынан пайда бола қоятын құбылыс емес, оның астарында талай күрделі мәселелер тоғысып жатқаны аз сөз болып жүрген жоқ. ХХ ғасырдағы қазақ прозасының даму заңдылықтарын зерттеу барысында нақты тарихи жағдайларға жаңа заман тұрғысынан көз салып, саралау көп мәселелерді қайта бағамдауға жетелейтіні сөзсіз. Әсіресе ұлт әдебиетінің әрбір кезеңінің өзіндік мәні мен маңызын тереңірек тану үшін сол уақыттағы негізгі қарама-қайшылықтың табиғатын анықтау қажет. Себебі көркем шығармада тартыстың дамуына, ауқымының кеңейіп өзгеуіне қоғамдық саяси-әлеуметтік жағдайлар мен адамдар арасындағы кереғар қайшылықтар ықпал ететіні белгілі.

Әр кезеңдегі тарихи жағдайлар әдебиетке жаңа міндеттер жүктейтінін ескерсек, кезеңіне қарай, тартыс жаңа мазмұнға, жаңа сапаға ие болатынына ешкім дау айта қоймас. Дегенмен қазақ әдебиеттану ғылымындағы зерттеулерге назар аударсақ, қазақ прозасындағы тартыс категориясының талай дау-дамайға жетелегені, әрқилы бағаланғаны, түрлі ғылыми жүйеге негізделгені анық. Зерттеулерде тартыс категориясының әдеби даму процесін айқындауға мүмкіндік беретін, оған қоса әдеби кезеңнің, жеке жазушының болмысын танытатын күрделі ұғым екені орнықты айтылған.

Алғашқылардың бірі болып А.Байтұрсынұлы тартыс категориясына: «Адам бала күнінде тысқы ғаламдағы көзге көрініп, денеге сезіліп тұрған нәрселерді ғана танумен болады. Ержеткен сайын дүниенің ісіне өзінше сүйсініп, өзінше күйініп, өзінше жол тұтып, өзінше жол белгілеп, жақсылық, жамандыққа өз көзімен қарап, өзінше сынап, өзінше бағалап, өзінше пікірлейтін болады. Өз алдына мұңы, мұраты, мақсаты, мүддесі болып, сол мұрат-мақсатына жету талабына кіріскен жерде тысқы ғаламға тиісті жердің шегіне келіп, ішкі ғалам мен тысқы ғаламның шарттары тура келмей екеуі ілінісіп, ұстаса кетеді» [1,294] – деп сипаттама береді.

Бұдан әрі тартыс Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, З.Қабдоловтардың оқулықтарында ғылыми талдауға ие болады [2-4]. Сюжет көптеген әдебиеттанушы ғалымдардың пікірінше, көркем шығармада жалғасқан оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі, жүйесі. Осы оқиғалар жүйесінің ішкі мазмұнының ашылуы тартыстың негізінде жатады. Сюжет пен тартыстың үнемі бір-бірімен қатар өрілуі міндетті емес. Бұл жөнінде зерттеуші Т.Есембеков мынадай пікір білдіреді: «.....Конфликтное течение может начинаться раньше, чем сюжетное, а может быть и вынесен автором за «пределы» текста. Сюжетное действие не может быть вынесено, оно может в лучшем случае  задержаться,  но его «опаздывание» вряд ли служит оправданием. Так или иначе образно-стилевое воплощение конфликта распределяется по всему тексту-воссоздание деталей, штрихов, обстоятельств, ситуации, эмоции» [5,97].  Бұдан көркем туындының бойынан тартыс пен сюжетті қатар іздеу, соның  негізінде бағалау үнемі жемісті бола бермейтінін байқаймыз. Жазушының мақсат-мұраты, басты идеясы шығарма тартысының ең түпкі қабатында орын алып, ал сюжет тек сыртқы жамылғы есебінде қызмет атқаруы да әбден мүмкін.

 Қазақ прозасында сюжет екінші кезекте қалып доминанттық рөл философиялық пікірлер болып келетін шығармалар баршылық. Бұл шығармалардағы аңыздық желінің деңгейінде ғана алынуы  сюжет динамикасына да әсері бар. Негізгі екпін кейіпкерлердің ішкі халіне рухани толғанысына түсірілгендіктен, бір-бірін жылдам айырбастап дамиды.  Ішкі драманың сыртқы әрекетке айналуы, бір қалыпты дамып келе жатқан сюжет аяқ астынан ширығып, күтпеген, тосын өмір ситуацияларының қым-қуыт тартысқа айналып кетуі қазіргі әдеби үрдіске тән сипат. Осындай тәжірибелер ұлттық әдебиетімізде кездесіп отыратынын, тіпті көркемдік принцип мәніне ие болғанын атап өтуге болады. Тартыс категориясын айқындауға ғалым Н.Ғабдуллин де ден қойып, өзінің «Замандас келбеті»  атты  еңбегінде  осы мәселеге кеңінен тоқталған. Ғалым прозадағы тартыс  сырына, оның қаһарман сомдаудағы мән-маңызына арнайы тоқталып, біраз ойлар түйеді. Нақты тоқталсақ, «Қоғамдық құрылыс аясында сапалық өзгерістер туып жатуы-даму шарты. Қоғам жаңалықтары жұрттың экономикалық және мәдени өміріне соны күйлер енгізді. Қалыптасқан бұрынғы тәртіптерді, үйреншікті дағдыларды ығыстырып жаңа үлгілер шығады. Міне осы өзгерістер адамның ақыл-ойына, санасына зор ықпал еткен. Санадағы ескі ұғым бірден өшпейді, жаңа ұғым бірден бекімейді, екеуінің арасында тартыс туады. Сол тартыс адамды терең толғанысқа түсіреді, адамның басынан бір алуан күй өтеді. Ол тебіренеді, алабұртады, қобалжиды, тынышы қашады; қашан түзу жөнін тапқанша, ойы онға, ақылы алтыға бөлініп, шарқ ұрады» [6,110]  деп көрсетеді зерттеуші.

Ғылыми еңбектердегі тартыс категориясы туралы әдебиеттанушы Р.Нұрғали: «Әдебиет алғашында антогонистік таптардың өмір сүру формасы басқа екі әлемнің күресінен туындаған конфликтілерді жазды. Бірақ, бұдан таптар жоғалған өмірдегі қарама-қайшылықтар жоғалды деп қорытынды жасауға болмайды. Өмір қайшылығы қисапсыз. Мұны ұмытуға өнердің хақы жоқ» [7,122] деп, тап тартысы сияқты кезеңдік сипаттағы тартыстардың әдеби процесте уақытша ғана көрінетінін, ал өмірлік қайшылықтардың әдеби туындының өзегіне қашанда үнемі айналып отыратынын баса көрсеткен. Академик С.Қирабаев: «Қазіргі әдебиеттің идеялық-тақырыптық қана емес, эстетикалық маңыздылығын талдауда шығармадағы тартыстың сырын, көркемдік ерекшеліктерін ашып көрсетудің мәні өте үлкен. Тартыс екі пікірдегі адамдардың қақтығысы емес, шығарманың бейнелеу құралдарындағы қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресін танытады, автордың философиялық эстетикалық концепциясын анықтайды» [8,51] деген пікір білдіреді.

1960-70 жылдардағы қазақ әдебиетінде ерекше құбылыс ретінде көрінген қаламгерлер шығармаларын бағалауда, талдау жүргізуде кей сәтте әдеби сын өзінің дайын еместігін байқатты. Олардың туындыларындағы ишара, меңзеу сипатындағы тартыс түрлерін сыртқы сюжеттік оқиға арқылы пайымдау, түсіну мүмкін емес еді. Себебі сыртқы оқиғалық және ішкі психологиялық болып табылатын тартыс түрлері бар. Кейде тартыс нақты оқиғалық сюжеттің дамып, бір-біріне қарама-қайшы характерлердің ашық күресі көрініп тұрса да, автор интрига, құпиялылық элементтерін кіргізсе де тез табылады. Егер тартыс қаһармандардың ішкі жан дүниесіне кірігіп, сыртқы оқиғада көрінбесе, бұндай жағдайда жазушылар «терең» мәнді стилистикаға, яғни детальдар мен фразаларды «ауырлатып» подтекске көп мән бере бастайды. Туындыларда сырттай ештеңе көріне қоймайды, рефлекстер, естеліктер тартысы терең қабатқа кетеді.

 Кейбір әдебиет зерттеушілері тартыстың әдебиеттегі көркемдік қызметі тек қана шығарманың идеялық-тақырыптық мазмұнымен байланысында емес, көркем тартыс сюжет пен композициясының негізі, адам характерін ашудың көркемдік құралы деген қорытындаға келеді. Жалпы қазақ әдебиеттану ғылымында тартыс категориясы Т.Есембековтың «Драматизм и казахская проза» атты зерттеуінде тереңірек қарастырылған. Зерттеуші біріншіден, тартысты  эстетикалық категория ретінде қарастырып, оның сюжет, характер, стиль мәселерімен арақатынасына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ бұл еңбекте тартыс категориясының ұлттық әдебиеттегі сапалық өзгерістері, көріну сипаты сияқты тың мәселелер қарастырылған. «Көркем конфликт – бұл коллизияда тарқатылатын (идеялық-бейнелілік құрылым тұрғысынан) идеялар, характерлер, оқиғалар мен көзқарастар, сезімдер қайшылығынан туындайтын, идеялық-бейнелілік көп қабатты компонент. Көркем конфликтіні қабылдаудағы осы түсінік бірден-бір дұрыс түсінік ретінде әдебиеттің даму тарихын нығайта түсері сөзсіз» -деген  Қ.Рүстемованың пікірі ойды дәлелдей түседі [9,32].

Ұлттық әдебиет туындыларында қоғамдық ой-сана заман тынысына сай өзгеріп отырғаны белгілі. Сондықтан 1920-50 жылдар прозасындағы тартыс табиғатын саралау үшін ең алдымен, оның әдеби даму процесін анықтайтын категоияның бірі екенін ескере отырып, сол кездегі әдеби қоғамдастық түрлерін зерделеу қажет. Аумалы-төкпелі заман тудырған адамның ақылына сыймайтын, мағынасыз жаңа тәртіпті қабылдай алмаған суреткерлердің басты мақсатына модернистік бағыт сәйкес келген еді. Бұл бағыт М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтерге жаңа өкімет еріксіз таңған әдебиет функциясынан бір сәт алшақ кетіп, өз мүмкіншіліктерін пайдалануға көмектесті. Олар ақиқатты модельдеуге, жоқ дүниені қолдан жасап безендіруге қарсы болды. Социализмге тән белгілі бір нормамен шектелген  әйтеуір бір кезде жүзеге асады деген елес идеяны нысана тұту олар үшін өнерде өтірік және ойдан шығарылған боп көрінді, сондықтан да олар осы аумалы-төкпелі заманның артына қалдырар салқыны туралы ойлады. Ұлтжанды ақын-жазушылардың шығармаларында тартыс ишара, мегзеу сипатында көрінді. М.Әуезов «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі үш әйел тізбегі тегін алынбаған. Үш ұрпақ өкілі. Араларында жібек жіптей нәзік жалғастық бар. Олар тек жетім-жесір кебінін киіп қана отырған жоқ, мейірімнің жоқтығынан, қаныпезер қарақшылықтан жапа шегіп барынан айырылып отыр. Күшікпайдай жаны жайсаң батыр барда жауға кеткен мал қайтатын. Жан беруі бар, ел намысы ешкімге кеткен жоқ. Ана мен қыз ешқашан ешкімге қолжаулық болған емес. Ал Ақан болыс болып, мырза атанғанымен батыр түгіл азамат, азамат тұрмақ өз мағынасындағы адам да емес. Тұрмысы тоз-тоз кемпір адам ретінде руханият төрінде отыр. Тәні -тарамыс, жаны жарқырап тұр. Қазақ рухының бейнесі іспетті. Ғазиза-руханиятымыздың қарашығы. Ұлттық құндылық – қашанда халық қазынасы. Сол алтын қазына үзіліп түскелі тұр.  Бұл талай нар тұлға мерт болған қиын өткел екенін тарих біледі.

1930-50 жылдар әдебиетінде тартыс белгілі бір дүниетаным немесе әлеуметтік топтар арасындағы болғаны ешкімге жасырын емес, оның себептерін әркім әрқалай түсіндіріп жүр. Әдебиетімізде бір-біріне ұқсайтын кейіпкерлер бейнесі сомдалды. Олардың басты мақсаты кеңестік өмір шындығын көрсету болғандықтан, шығарма тартысы соған ғана қызмет етті. Шығарманың финалы сәтті аяқталып, ұнамды кейіпкер жеңіске жетіп отыруы сияқты мәселелер орын алды. Бұл жалаң ұраншылдық әдебиеттің көркемдігін солғындатып, авторлық позиция белгілі бір идеологияның жаршысына  айналған кезең  еді. Сондықтан әдебиетте  кезеңдік тартыстар басым болды. Әдебиетте өзіндік ой өрісі, пікірі, көзқарасы бар кейіпкерлер азайды.

Қорыта айтқанда, қазақ кеңес әдебиетінің туу, қалыптасу кезеңі басталған еді. Бүгінгі күн көкжиегінен пайымдай қарайтын  болсақ, бұл әдебиеттің бойында кейбір кереғар сипаттар бар сияқты. Себебі ол ұлттық тілде жазылған көркем туындыларды құраса да, мемлекеттік-саяси принцип мәселелерін қамтиды. Осы жерде өз-өзінен заңды сұрақтар туындайды. «Кеңестік әдебиет» және «кеңестік әдебиет емес» деген ұғым бар. Себебі қазақ әдебиеті туындыларын осындай екі жүйеге бөліп, оның бірін (кеңестік емес әдебиетті) мүлдем әдебиет тарихынан шығару көзделіп, ұзақ уақыт олар туралы үндемей келгеніміз шындық. Қалай десек те бұл тұтас қазақ әдебиеті. Қазақ әдебиетінен қоғамдық-саяси жағдайларға байланысты алынып тасталған, аластатылған туындыларды зерттеп зерделеу  бүгінгі күн талабы екені шындық.  Өмірлік шындықты көркем шындыққа айналдыру, оны шынайы кейіпкерлер арқылы қалың оқырманға әсерлі жеткізе білу тек дарынды қаламгердің еншісіне тиесілі екендігі ежелден белгілі.

Әдебиет:

 

1.     Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. 320 б.

2.     Жұмалиев Қ. Әдебиет  теориясы. – Алматы: Мектеп, 1969.  244 б.

3.     Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Мектеп, 1976.  374 б.

4.     Бердібаев Р. Әдебиет және өмір. – Алматы, 1964. 188 б.

5.     Есембеков Т. Драматизм и казахская проза.– Алматы: Ғылым, 1997. 231 с.

6.     Ғабдуллин Н. Замандас келбеті.  – Алматы: Жазушы, 1972.  224 б.

7.     Нұрғалиев Р. Телағыс. – Алматы: Жазушы, 1986.  440 б.

8.     Қирабаев С. Талантқа құрмет. – Алматы: Жазушы, 1988.  248 б.

9.     Рүстемов Қ. Көркем туындыдағы тартысқа қатысты терминдер сипаты// Қазақ тілі мен әдебиеті, 2001, № 11.  32 б.