1Капанова А.Е.,  2Алибаева Г.К.

1Е.А.Бөкетов ат. Қарағанды мемлекеттік университеті, п.ғ.м.

2Жезқазған қаласы, Талап ауылы №2 орта мектеп мұғалімі

 

ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЭТНОЛЕКСИКАНЫҢ КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДА БЕРІЛУІ

 

Этностың  басып  өткен  сан  ғасырлық  даму жолы,  оның белгі-бейнелері  біздерге  тас-мүсіндер  мен  жартастарға  қашалған  сына  жазуы  арқылы,  мәдени  ескерткіштер  мен  әр  түрлі  зергерлік бұйымдар түрінде  жетті. Қазақтың ұлттық мәдениеті тарихында зергерлік өнердің алар орны ерекше. Дәл осында халықтың арман-мұраты, оның талғамы мен көркемдік және материалдық құндылықтарының деңгейі анық көрінеді [1,18].

Қазақ зергерлері (зер-зар – парсы тілінде алтын дегенді білдіреді) әрқайсысы жеке-дара жұмыс істеп, өз ұсталығын атадан балаға мұра етіп қалдырып отырды. Зергерлік бұйымдардың стилистикасы да географиялық жағдайға, ең бастысы, қазақтардың тұрмысының көшпелі салтына орай соншалықты сан алуан болды. Азияның далалық аймағының алып кеңістігіндегі көшпенділердің тұрақты түрде көшіп қонған атмосферасында, түрлі халықтармен араласуында, олармен мәдени құндылықтарды алмасу кезінде қазақтардың зергерлік өнері дамып, байи түсті [2,58].

Тіл мен мәдениет байланысын бейнелейтін шығармалардың бірі Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы». Этномәдени лексиканың танымдық негіздері шығармадан алынған мына бір үзінділерден көрінеді.

Күнікей атын көп атқа матастырып, жұртта таранып, сыланып жатқан Шәмши, Шәлкендердің жанына келді. Шәмшиден жылы сөз естігенге ме, кім білсін жердегі белбеуін, сәлісін әперіп, шолпысын сыртына шығарып жылпылдаған болды [3;108].

  Апасы жылтырағанды Күнікейдің үстіне жапсырады, шашын жылтыратып тарайды, өреді, омырауын қызыл-жасыл жіппен кестелейді, тана моншақты қамзолына тағады, уақ күмістен сылдырмақай шашпау да істейді, Құлтуманың тыққыштап әкелген пұшпақ жабағысына бакалшыдан айна, тарақ, жұпар сабын, шаш мойын әперді [3;103].

Қазақ зергерлері таспаны бойлата әр түрлі зергерлік тәсілмен безендірілген шашты әдемі әрі қалың етіп көрсетіп тұру үшін шашбауды шаштың түбінен бастап, ұшына дейін қосып өретін болған. Шашбау ортасына асыл тастардан көз қондырып теңгелердің тізбегінен тұрады да бір-біріне сым үзбелер арқылы жасалады. Салпышақтар бір-біріне төгіліп шылдырлаған сылдырлаған дыбыстар шығарып тұрғанын Қазақты   «Сыңғырлаған күлкісіне сылдырлаған шолпысы үн қосар»-деген сөз де бар.

Күнікей қызылшаң белбеуімен, қыпшасын қылдай қып буынып, қызыл тақиясының үкісін дөңгелете сілкіп, желпілдетіп, кебісін тазалап киіп, атын жетелеп байдың жұртына барды [3;106].  Осы бір мысалдарда автор Күнікейдің образын беруде ұлттық этномәдени лексиканы ұтымды қолданады. Ұлттық мәдениеттің ерекше бір көрініс беретін саласы – киім-кешек пен зергерлік бұйымдарға  байланысты атаулары.

Қазақ тіліндегі зергерлік өнер саласындағы лексиканың зерттелуіне қатысты оны халықтың тарихымен, рухани мәдениетімен сабақтастыра қарап, ұлттық мәдениет тұрғысынан бағалап, орасан мол тілдік материал жинап, жан-жақты талдап түсіндірген Р. Шойбековтің еңбегінің орны ерекше.

Сақиналар мен жүзіктерді  салтанатты жиындарда, тойларда ғана емес күнделікті тұрмыста да әшекей ретінде таға береді.

Жүзіктің түбірі жүз (jűc//tus//чус). Ол буын деген мағынаны білдірген. В.Радлов сойот тілінде jűc-буын, алтай, телеут тілдерінде jűcтук сақина (жүзік) деп көрсетеді (Радлов. Опыт.сл.,Т ІІІ, 615-616). Якут тілінде сусä сөзі «буындау, буынға бөлу» (Пекарский. Сл.якут.яз. Т ІІ, 244). Хакас, тува тілдерінде бұл сөз чустук//чутук болып айтылады. Чус - тува тілінде бармақтың буыны. Хакас тілінде с дыбысы л-ға алмасып чул болып айтылады. Н.Ф. Катанов бұл сөздің алғашқы түрі чускук («с» және «к» дыбыстары бірінен-бірі алмасып чуксук болып айтылуы да мүмкін) дейді. Чускук-перстень, чускум-мой перстень. (Катанов. Опыт исследов. урян. языка). Сөз арасындағы к дыбысы түсіп қалып, қатаң с ұяңданып з-ға айналып, көпшілік түркі тілдерінде юзик//йузик болып айтылып жүр. Қазақ, қарақалпақ тілдерінде фонетикалық құрылыстың ерекшеліктеріне сай жүзік//жузик болып айтылады. Осы жүзік//йүзик// юзик// чускук//jüstuk сөзі üksük, yüksük түрінде түркі тілдерінің көне жазба ескерткіштерінде «Ettuhfet..» тен және Махмуд Қашқаридің сөздігінен кездеседі. Онда üksük, yüksük – әйелдер іс тіккенде бармағының басына киетін оймақ делінген. Уüksük сөзі «оймақ» мағынасында қазіргі әзербайжан, түркі тілдерінде қолданылады [3].

Қазақ тілінде (оймақ киетін) екінші бармақты сұқ қол дейді. Біздің ойымызша, yüksük сөзі, о баста yüs+kük болу керек те, с~к дыбыстарының метатезаларынан  к~с болып, yüs+kük формасы тууы мүмкін.  Сөйтіп қазіргі тілдердегі чустук юзик жүзік болып айтылып жүрген сөз көне yüksük сөзінің фонетикалық семантикалық өзгергенінен туған болуы керек [3].

Білезік-әйелдерге арналған әшекейлердің бірі. Қазақстанның әр өңірінде күмістен соғылған  білезіктер әр түрлі болады. Күмістен немесе таза алтыннан жасалатын білезекті қыз-келіншектреге орта жастағы әйелдер және аналарымыз да қолына салады. Ұсталар білезіктердің сәнділігін арттыру үшін көп ізденді. Көпшілік жағдайларда олар түсі қанық тас қондырып, шілтерлі ширатпаның фактурасын өзгертті, түйіршіктеп, тесіп ойып, бедерлі шекіме салды, сол өрнектерді келістіре орналастыру арқылы олардың сән-салтанатын арттырды. Жұмырланып және төрт  қырланып соғылатын білезіктер негізінен, Қазақстан Шығыс мен Оңтүстік шығыс ауданыда ал өте  көлемді сырты алтынмен буланатын көзді білезіктер батыспен Оңтүстік Шығысда көп кездеседі.

Тоғжанның құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы қамшат бөркі, білек толған неше түрлі білезіктері - баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген бір нәрсесі сияқты [4; 215]. Білезік сөзі білек пен жүзік деген сөздерден құралған. Мұндағы білек сөзі, кейбір зерттеушілердің түсіндіруінше, бел сөзінен шыққан (Vambery, Etym. Wort, 202, 214; Lokotsch, Etym. Wort, 126), ал басқа бір зерттеушілер бұл сөзді көне түркі тілдерінде кездесетін «орау, орап байлау» мағынасын беретін біле етістігімен байланыстырады (Menges. Glossar, 701; Ф.Корш. Слово «балдак» и долгота гласных в турецких языках. «Живая старина», 1909, вып. 2-3, 156). Сөздің екінші бөлшегі жүзік кейбір түркі тілдерінде йүзік, дүзік болып айтылады. Оның түбірі - йүз болу керек, ал қазірде де қазақ тілінде жүз түріінде қолданылады да, «бет, ажар» дегенді білдіреді. Бұл сөздің төркіні туралы басқа да болжаулар бар. Сөйтіп, білек пен йүзік сөздері қосылып  білек + йүзік >біле (к) (йү) зік > білезік болып өзгерген тәрізді.

Білезіктерің аталуына қарай олардың бетіне жүргізілген өрнектерде түрліше болады.

-      тапсалы білезік;

-      үзбелі  білезік;

-      кавказ білезік;

-      көзді білезік;

-      жұмыр білезік;

-      қос білезік;

-      орама білезік;

-      өрме білезік;

-      бес білезік;

-      ұрама білезік.

Этнолексика ұлттық тарихи колорит таптырмас тілдік құрал болып табылады. Көркем шығармада қолданылған этнолексика, этномәдени атаулар тарихи-мәдени және лингвистикалық мазмұн мен мәнді тудыратын категория, ұлттық болмысымыз бен ұлттық танымымызды көрсететін, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыратын рухани байлығымыз [2,66].

Зергерлік, әсемдік  бұйымдар, тұрмысқа қажетті түрлі дүниелер адамдардың тіршілік керегіне жарап қана қоймай, өздерінің әдемі өрнектері мен сан қырлы, терең сырлы бояу, бедер үлгілерімен талай ұрпақты таң қалдырып, сол арқылы эстетикалық тұрғыдан рухани мәдениетіміздің қалыптасуына септігін тигізіп, тәрбиелік, танымдық қызметін де өтейді. Осындай ғажап төл мұрамыздың атауларының бай сырларына үңіліп, талдап анықтау, оларды рухани қажетімізге айналдыра білу – ұлт санасын жаңғыртатын ұлттық қазына.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері / Ә. Қайдар –Алматы: Ана тілі, 1998. –  13-б.

2.     Манкеева Ж. М. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері. –Алматы, 2008. -356 б.

3.     Аймауытов Ж. Ақбілек: повесть, роман.Алматы: Атамұра, 2003. -280 б.

4.     Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. Бірінші кітап. –Алматы: Жазушы,  2009. – 376 б.

Сөздіктер:

ҚТҚЭС – Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі.

ҚТТС – Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.

МК – Махмұт Қашқари