Қазанбаева Айнагүл Зікірқызы (канд.фил.наук, доцент),
Исабек Айман Назкенқызы
Карагандинский государственный университет им. ак. Е.А.Букетова,
Казахстан
ҚАРАМА-ҚАРСЫ МӘНДІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР
Мақалада
қарама-қарсы мәнде қолданылатын фразеологизмдердің
қалыптасуы, зерттелуі, сөздікте берілу жолдары
қарастырылған. Контраст мәнді фразеологизмдердің
көркем шығармадағы қолданысы, мәтін ішіндегі
қарама-қарсы мәнде қолданылу мүмкіншілігі
мысалдар негізінде берілген. Қарама-қарсы мәнді
фразеологизмдердің өзіндік орны, қызметі,
маңыздылығы көрсетілген.
Қазақ тілі – өте бай
тіл, қолданылу мүмкіншілігі өте кең. Тілдің
байлығы сөз мағынасынан байқалады. Тіліміздегі
сөздік қорды байытуда фразеологизмдердің алар оны ерекше.
Тіліміздегі фразеологизмдер – тілдік бірліктердің ішінде ерекше
байқалатын, бірнеше мыңжылдықтар бойына пайда болып, дамып,
қалыптасқан, әдеби тіл дамуы кезеңдерінің
өзіндік ерекшелігін айқындайтын тілдің ажырамас бір
бөлігі болып табылады.
Фразеологизмдер – ұлт
тілінің байлығының көрсеткіші. Фразеологизмдер
сөйлеу тілінде де, жазба тілде де өте көп қолданылатын
тілдік материал. Сондықтан олар өмірдің барлық саласын
қамтып, ішкі мән-мазмұн, мағынасы жағынан
айқын болып келеді. Фразеологизмдер көркем әдебиет тілінде
ұлтымыздың эстетикалық танымын танытатын ең күшті
тілдік құралдардың бірі болып есептеледі.
Жалпы,
тіл білімінде фразеология мәселесі жан-жақты зерттеліп келеді.
Дегенмен, контраст мағыналы фразеологизмдер арнайы ғылыми
тұрғыдан зерттеу нысаны болмаса да, бұл мәселе
төңірегінде ғалымдардың пікірлері бар.
Қазақ
тіл білімінде қарама – қарсы мәнді фразеологизмдер
фразеологиялық антонимдер деп те қарастырылып жүр. Ә.Болғанбайұлы
мен Ғ.Қалиұлы фразеологиялық антонимдерге
төмендегідей анықтама береді:
«Фразеологиялық
антонимдер – мән-мағынасы жағынан бір-біріне
қарама-қарсы қолданылатын тұрақты тіркестер»
[1;439].
Фразеологизмдер – жазу,
сөйлеу тілінің ажарын кіргізіп, құдіретін арттыра
түсетін, көңілдегі көрікті ойды бейнелеп, астарлап,
өзіндік бояу-нақышымен жеткізетін, көркем сөз
қазынасында қорланып, қолдануға дайын тұратын,
қалыптасқан сөз тіркестері.
«Зерттеушілердің бір
тобы (А.И. Молотков, Л.А. Грязнова, В.Л. Смирнов) құрылымдық
жағынан біркелкі және құрамында антоним компоненттері
бар фразеологизмдер ғана антонимдік жұп құра алады
деген пікірде. Ал А.И. Алехина, Л.П. Зимина, С.А. Быкова, Е.Н. Миллер, Ж. Мусин
сияқты ғалымдар фразеологиялық антонимдерді анықтау
құрылымдық ерекшеліктері негізінде емес, фразеологиялық
бірліктердің мағынасын салыстыру, қарсы қою
нәтижесінде пайда болатындығын дәлелдеген болатын» [2;162].
Қарама
– қарсы мәнді фразелогизмдерді анықтауда фразеологиялық
сөздікті басшылыққа алдық. Фразеологизмдерді
сараптағанда байқағанымыз: контраст мағыналы
фразеологизмдерді анықтауда
олардың құрылымдық сипаты басты рөл
атқара бермейді. Мұндай фразеологизмдер құрамындағы сөздердің антоним болып
келуі арқылы да жасалады. Мәселен, ақ жүрек – қара
жүрек, аузы жеңіл-аузы ауыр т.б
Сонымен
қатар, олардың мағыналарының қарама
–қарсылығы негізінде жасалады. Мысалы,
аузы-аузына
тимеу – жұмған аузын ашпау, ілгері басқан
аяғы кейін кету – тасы өрге домалау. Бұл
антоним фразеологизмдердің екі жұбы да
етістікті фразеологизм. Ауқатты адам – қара сирақ кедей,
жүнін жұлған тырнадай – үріп ауызға
салғандай. Мұндай фразеологиялық антонимдердің жұптары сын есімнен
жасалғандығын аңғаруға болады.
Осы сияқты
контраст мәнді фразеологизмдердің бір тобын І.Кеңесбаев
құрастырған «Қазақ тілінің
фразеологиялық сөздігінен» [3] келтіріп өтсек:
Абырой
алды (жақсы ат, атақ алды)
– Абыройы жойылды (беделі, атағы, қадір-қасиеті кетіп болды).
Ажар
(қабақ) білдірді (сыңай танытты, бет құбылысымен
сездірді) – Қабақ танытпады (сыңай танытпады).
Ажары
кетті (жүзі солып, көркі кетті) – Ажары кірді (көріктенді).
Бұл
фразеологизмдер құрамындағы етістіктің ауыстырылуы
арқылы жасалған.
Беделін
көтерді (қадірін асырды) – Беделін түсірді (қадірін
түсірді).
Дүние
есігін ашты (өмірге келді) – Дүниеден өтті. О дүниеге
сапар салды (өлді, қазаға ұшырады).
Кәлимаға
тілін келтірді (құдайға құлшылық етті) –
Кәлимаға тілі келмеді (иманын айтуға шамасы келмеді).
Көзін
қадау (тесіле қарау) – Көзіне ілмеу (назар аудармау,
қарамау).
Көңілге
дақ түсті (ренжіді, реніш түсті) – Көңілге
қаяу алмады (ойында реніш, кірбің болмау).
Көз
жасын көл қылды (тоқтаусыз жылау) - Көз жасын құрғату (жылауын тоқтату)
Ақ
жүрек (ақ, адал көңіл) – Ала көңіл (арам
ниет).
Ал
келесі фразеологизмдер құрылым-құрылысы жағынан
мүлде басқа сөздерден жасалған:
Ит
өлген жер, ат шаптырым жер (алыс, шалғай жер) – Таяқ тастам
жер (жақын).
Бетінен
оты шықты (ұялды) – Беті бүлк етпеді (ұялмады).
Сөзге
қонақ бермеу (аузы жабылмай сөйлеу) – Жұмған
аузын ашпау (үндемеу)
Ағыл – тегіл жылау –
Көз жасын тыю
Қарама – қарсы фразелогизмдердің
қолданысын көркем шығармалардан байқауға болады.
Фразеологизмдердің табиғатына тән қасиетін біз жалпы
сөз қолданыс жүйесінен, әсіресе, проза тілінен
айқын көреміз. Проза тілінің шығарма бойындағы
үйлесімділік, кейіпкердің әсем де әсерлі
іс-әрекеті фразеологизмдердің сан алуан өзгерістерге
түсуіне әсерін тигізеді.
Фразеологизмдердің
көркем шығармадағы маңызы мен рөлі туралы ғалым
Х.Кәрімов былай дейді: «Әдебиетте шығарма тілін
көркемдеп, жандандырып, нәр беруші амалдардың бірі –
халық тіліндегі тұрақты фразеологиялық тіркестер. Олар
тілдегі бейнелі экспрессивті-эмоциялы бояуы қанық амалдардың
қатарынан орын алады. Олар – ұлттық психикалық
өзгешелігінің негізінде қалыптасқан образды ойлау
тілінің үлгілері, халықтық даналыққа
суарылған өткір құралдар»[4;134].
Проза тілінде
контраст мәнді фразеологизмдер қарама-қарсылық
мәнде қатар келе бермей, сол шығарма төңірегінде
іргелес тұрады. Дегенмен, бір сөйлем ішінде де кездесетіндері де бар.
«Ертіс
пен Тобыл өзендерінің арасындағы ағашты
өңірді жайлаған жау
жүрек қалың жұрт болатын – Осындай жанжалды
күтіп отырған Бату да су
жүректік көрсетпеген» [5].
Ит үріп, желдегі құлындар тыпырлап,
жылқылар үркіп ауыл іші азан-қазан болды – Құлаққа
ұрған танадай өлі тыныштықты ат
тұяғының дыбысымен бұзған жалғыз жолаушы
қара көлеңке көше бойымен жоғары өрлеп,
қақпасы батысқа қараған қорған секілді
биік кірпіш үйдің қасына келіп тоқтады [6].
Ал, Жұмакүл болса, бетінен оты шыға,
бүкіл семьясы, ата-бабасы атынан ұялды – Мұндай
әрекетке бойы үйреніп алған Еріктің беті бүлк етпеді. [7].
Түн
бойы кірпік ілмей, таңға жақын көз шырымын
алған Асқар тағы да күн шықпай оянып алды.
Асқар қаншама ағынан жарылдым дегенде де әлде
бірдеңелерді бүгіп қалған. Есік көргенді алма,
бесік көргенді ал дегенді есітіп өстік қой! [6].
Көркем
шығармадан алынған мысалдардан контраст мәнді фразеологизмдер
тек қарама-қарсылықты көрсетіп қана қоймай,
мәтін ішінде олардың қолданысынан семантикалық
аясының мүмкіншілігін байқаймыз.
Демек, біріншіден, фразеологиялық
бірліктердің антонимдігі оларды біртұтас негізде салыстыру,
екіншіден, оларды қарсы қоюдың ортақ компоненттері салдарынан
туындайтынын байқадық.
Қорытындылай келгенде, «Фразеологизмдерді
әр жазушының өз қажетіне байланысты
жаңғыртып қолдануы, оның ой-пікіріне, эстетикалық
талғамына, қоғамдық өміріне, философиялық
көзқарасына сәйкес келеді» [8;54]. Фразеологизмдер көркем
шығармада образ жасауда, кейіпкерге мінездеме беруде, белгілі бір оқиғаны
қорытындылауда, т.б жұмсалады.
Олар – тілдің
сөздік қорының айшықты да, мәнерлі де бай
саласының бірі. Бұлар өзінің бейнелілік,
әсерлілік, экспрессивті-эмоциялық, суреттеме қасиетімен
көзге түседі. Осындай көркем де алуан түрлі
фразеологизмдерді халық орынды пайдаланып,
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.
Тілімізде қарама-қарсы
мәнді фразеологизмдер салыстыру мақсатында ғана емес,
мәтіндегі астарлы ойды жеткізетін және стильдік қызметі де
ерекше көрініп тұратын тіркестер болып табылады.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1.
Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы:
IDK – TIPO, 1998. – 509 б
2.
ҚазҰУ
хабаршысы. Филология сериясы. №1(135).2012
3.
І.Кеңесбаев. Қазақ тілінің
фразеологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым, 1977
4.
Кәрімов Х. Қанатты тіл. Алматы, 1995.- 144 б.
5.
І.Есенберлин. «Көшпенділер», «Алмас қылыш».
Алматы: Жазушы, 1976
6.
Әбдіков Т. Өліара. – Алматы: Жалын, 1985. –
352 б.
7.
Бөкей О. Екі томдық таңдамалы
шығармалар, бірініші том. Повестер. Алматы, 1994. – 496 б.
8.
Қожахметова Х. Фразеологизмдердің
көркем әдебиетте қолданылуы. –Алматы: Мектеп, 1972 .– 112 б.