1Мажитаева Ш., 2Хамзина Г., 1Абдрахманова Г.Х.

1 Е.А.Бөкетов ат.Қарағанды мемлекеттік университеті

2 М.Қозыбаев ат.Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

 

КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ ЖЕРГІЛІКТІ ҚОЛДАНЫСТАР ХАҚЫНДА

 

Өркениетті қоғамда тіл адамзаттың баға жетпес құндылығы деп саналады. Тіл – дүниетаным құралы, ұғым мен пайымдаудың объективтенуі. “Әлемнің тілдегі бейнесі” көркем туындылар  тілінен, яғни суреткердің тіл шеберлігінен де көрінеді.  Ұлттың айнасы тіл десек, сол ұлттың айшықты тілі көркем шығармаларда көрініс тауып, сол арқылы ұлттың шынайы болмысын беруге қызмет етеді.  Кейінгі жылдары, яғни қазақ тілінің мемлекеттік  мәртебе иеленуімен байланысты  тілдік құрылымдардың жазбаша формадағы көрінісін, нақтырақ айтқанда көркем шығарма тілін зерттеу үлкен мәнге ие болып отыр.

Көркем  әдебиет тілін зерттеу тіл білімі мен әдебиеттану аумағынан шығып, жалпы филологиялық көлемде қарауды қажет етеді.

Тілдің тірегі – сөз. Ал тілдің сөз байлығын танытатын – көркем шығарма.  Көркем шығарма тіл байлығын танытумен ғана шектелмейді, сондай-ақ тілді байтатын, дамытатын негізгі арналардың бірі болып табылады.

Қазақ тілі ғылымында көркем шығарма тілі туралы алғашқы зерттеулердің қатарына Р.Сыздықова, Е.Жанпейісовтердің еңбектері жатады. Р.Сыздықованың  “Абай шығармаларының тілі” атты іргелі зерттеуінен өріс алып, мәтін талдау аспектілері аясында басталған  жаңа филологиялық бағыт бүгінгі күні қазақ лингвистикасында соны ізденістермен, тың бағыттармен өз арнасын  Б.Шалабай, Г.Смағұлова, А.Жұбанов, Б.Нұрдәулетова, Г.Әзімжанова, З.Ерназарова,  Қ.Есенова, Г.Мұратова  т.б. ғалымдардың зерттеулерімен толыға түсті.

Е.Жанпейісов  1960-жылдардың ішінде қазақ прозасының тіліне арнап көлемді кітап шығарды. Бұрынырақ айтылған теориялық тұжырымдарды сарапқа салып қорытындылай келе, автор бірнеше құнды принциптік мәселелерді ұсынады. Оның бірі жеке тілдік элементтерді дербес алып қарамай, жалпы көркем контекспен, басқа да әр алуан бейнелеу құралдарымен тығыз байланыстыра қарау болса, екіншісі – көркем шығарма тілін әдебиеттік, сонымен бірге лингвистикалық ыңғайда қоса талдау қажеттігі [1;7]. Зерттеуші көркем әдебиет тілінің басты ерекшелігін оның эстетикалық қызмет атқаруымен байланыстырады. Ол бұл қызметтің шығарманың мазмұнымен, идеясымен, образдар жүйесімен бірлікте тұрып атқаратындығын баса айтады, Е.Жанпейісов көркем әдебиет тілінің теориясы жайында былай дейді: «Жазушы тілдегі бейнелеу құралдарын әр алуан көркемдік бояу бере пайдаланады. Бұл орайда, ауызекі сөйлеу тіліндегі қарапайым сөздер де, мақал-мәтелдер де, эпитет пен теңеулер де, тілдің басқа да бейнелеу құралдары шығарманың жалпы идеялық, тақырыптық арқауына лайық жаңа бір мағыналық астар алып, стильдік функциясы арта түседі». Ғалым көркем әдебиет тілін әдеби тілдің басқа стильдерінен бөлекше қатардағы құбылыс ретінде қарауды ұсынады [1;112].

Қ.Өмірәлиев көркем шығарма тілін талдауда тұтастық принципін қолданады. Зерттеуші: «...белгілі бір ақын-жырау тілін шығармасында көтерген тақырыппен, идеямен, ол жасаған жанрмен бірлікте алып қарау, сол жанрдың ерекшелігінен шығарып барып зерттеу қажет» [2;9] , –деген байлам жасайды.

Көркем әдебиетте қандай да бір әлеуметтік топтың қоғамдағы орнын, қарым-қатынасын жекелеп көрсетуде сол топтың тілдік қолданысына сәйкес тілдік құралдарды көре аламыз. Әсіресе тілдік құралдар көркем шығармада кейіпкердің, немесе белгілі бір топтың әлеуметтік ерекшелігінен  хабар беретін стильдік көрсеткіштер болып табылады.  Соның ішінде  көркем образ жасау үшін,  көптеген әдіс-тәсілдер  санатындағы  -  кейіпкер тілі үлкен мәнге ие. Кейіпкер бейнесі артында тұрған әлеуметтік топтың келбетін кейіпкер тілі арқылы танимыз. Кейіпкер бейнесін сомдауда тілдік құралдардың маңыздылығын, сондай-ақ тіл мен әдебиет арасындағы байланыстың тығыздығын осыдан-ақ аңғарамыз.  Ғалым Х.Кәрімов: «Көркем тексті өнер туындысы ретінде зерттегенде таза лингвистикалық әдіс-тәсілдермен шектеліп қалу жеткіліксіз. Себебі көркем туынды (көркем текст), даралық көркем стиль жазушы шығармаларының көркем құрылысы ғана емес, әр жазушының шығармаларына тән мазмұн мен түр ерекшеліктері. Көркем әдебиет стилистикасында шығарманың тілін оның идеялық мазмұнынан бөліп алып қарауға болмайды. Бұдан талдаудың лингвистикалық принциптері мен әдіс-тәсілдерін әдебиеттану тұрғысынан талдаумен, соның ұғымдары, категорияларымен, принциптері және әдіс-тәсілдерімен ұштастыру қажеттілігі туады» [3;17], –деп атап айтады.

Көркем туынды – қоғамның айнасы. Г.Кәріпжанова өзінің «Ж.Аймауытұлы прозасы тілінің көркемдік ерекшелігі» атты авторефератында: «Жазушы кейіпкердің қайталанбас портретін жасау үшін оған тән барлық белгіні, оның ішінде тілдік ерекшеліктерді де пайдалануға тырысады. Яғни ұлттық ерекшеліктен бастап, кәсіби мен мекен еткен жеріне байланысты тілдік қолданыстар, сондай-ақ жас ерекшелігін, әлеуметтік сипатын танытатын білім деңгейіне қатысты сөз саптауындағы тілдік ерекшеліктер назардан тыс қалмайды [4;7], –деп атап көрсетеді.

Бұлардың қай-қайсын алсақ та, қазақ көркем әдебиет тілін зерттеуге және қазақ тілі стилистикасының ғылым саласы ретінде қалыптасуына мол үлес қосқан зерттеулер. Дегенмен де көркем әдебиет тілін зерттеудің теориясы негізделіп, тәжірибесі қалыптасып бітті деу әлі ерте.

Көркем шығарма тілін ғылыми тұрғыдан зерттеу – маңызды мәселелердің бірі. Қазақ тілінің  мамандары, ғалымдары, тілшілер Р.Сыздық, М.Серғалиев, Е.Жанпейісов, С.Хасанова, Б.Шалабай т.б. ғылыми еңбектерімен бірге соңғы кезеңдерде жазылған  кандидаттық диссертациялар лингвостилистика саласын толықтыра түсуде.

Көркем шығармаға қойылатын басты талап – тіл шеберлігі.  Әрбір  жазушының өзіндік ерекшелігі де тілі арқылы көрінеді. Шығарманың көркемдік, өзіндік бітім болмысын айқындауда жазушылар қолданған тілдік құралдардың әрқайсысының орны ерекше. Әрбір суреткердің тіліндегі сөз байлықтарын игере білу, оның ішкі дүниесіне бойлау дәрежесі түрліше болып келеді. Жазушының әрбір сөйлемі мақсатты ойға сәйкес құрылуға тиіс. Көрікті ойдың көркем суретін салуға жұмсалатын амал-әрекеттің әр қилы бедері, көркемдік кескіні, эстетикалық әсері бар.

Көркем шығармалар тілінің құрамында норма болып қалыптасқан жалпыхалықтық деңгейде қолданылатын әдеби сөздермен қатар сөйлеу тілінде көне тілдің көрінісі ретінде сақталып қалған ертедегі тайпа тілдерінің қалдықтары, қазақ халқының әр дәуірде іргелес, көрші жатқан халықтармен қарым-қатынасын көрсететін ауыс-түйіс сөздер де кездеседі. Бұлардың ішінде ескі жазба ескерткіштерде кездеспейтін, әдеби тілде қолданылмайтын, белгілі бір аймақ тұрғындары тілінде ғана сақталып, сол өңірге тән тілдік ерекшеліктер ретінде көнеден қалыптасқан және кейінгі кезде пайда болған бірліктер бар. Жинақталып сараланған мұндай тілдік ерекшеліктер қазақ тілі тарихының маңызды мәселерін айқындауда, сондай-ақ туыстас түркі тілдері мен өзге де тілдердің тарихына қатысты кейбір мәселелерді шешуде бай материал бола алады [5], [6, 7], 

Әрбір көркем шығарма – бұл ұрпақтан-ұрпаққа қалатын мұрағат. Сондықтан жазушы тіліндегі әрбір тілдік бірлік сол заманның мәдениетін, өмірлік болмысынан шынайы ақпарат беретін тарихи мұра десек те болады.  Көркем шығарма тілін зерттеу арқылы сөздік қорымыздағы сан алуан тілдік бірліктердің стильдік, мағыналық, функционалдық қызметтерін, олардың заттық мәдени мағынасын, ұлтты таныту қасиеттерін, этимологиялық қалыптасу тарихын анықтауға болады. Яғни көркем әдебиеттердегі диалектілік лексемалардың қолданылу себебін анықтап, оның ішінде әдеби тіл қатарына енуге бейім тұрған жеке атаулық  мағынаға ие болып, қазіргі заман талабына, яғни өзге тілден енген сөздерді қазақшалау шарттарына сәйкес келетін диалектизмдерді айшықтап, ажыратып көрсету жұмыстың өзектілігін танытады. 

Қазақ тіл білімінде жергілікті тіл ерекшеліктерін талдауда антропоцентристік бағыттағы зерттеулер жанданып келеді. Бұл орайда М.Атабаева, Ж.Мұхамбетовтердің еңбектерін атауға болады.  М.Атабаеваның еңбегі  қазақ тіліне ортақ этнодиалектизмдерге арналса, Ж.Мұхамбетов Батыс Қазақстан аймағындағы тұрғындар тіліндегі этнодиалектизмдерді талдады. А.З.Есенбайдың зерттеуінде Оңтүстік өңірден шыққан жазушылардың қолданыстарындағы жергілікті тіл ерекшеліктері  этнолингвистикалық тұрғыдан қарастырылады, өйткені Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі тұрғындардың тіліндегі лексикалық, грамматикалық, фонетикалық ерекшеліктер сөз болғанымен, көркем шығармадағы уәжді-уәжсіз қолданылу ерекшеліктері арнайы сөз болып, материалдық мәдениет атауларының ұлттық-мәдени ерекшеліктері этнолингвистикалық сипатта, тіл мен мәдениет сабақтастығында әлі де жан-жақты қарастырылған жоқ, көркем  туындылардағы  уәжді-уәжсіз қолданылып жүрген жергілікті  қолданыстарды арнайы алып қарастырған жұмыстар  аз.  

Cонымен  халықтың тіл байлығындағы этнос болмысын танытатын бояулы деректер  көркем шығармаларда барынша сақталады. Соған сәйкес кейде кейін қалыптасқан, бірақ түрлі экстралингвистикалық факторлар мен тілдік жағдаятқа байланысты бүгінде белгілі бір аймақтың тұрғындары тілінде ғана сақталып, әдеби тілдің «сыртындағы» қолданыста жүрген  сөздер мен тұрақты тіркестердің  көркем шығарма тілінде жұмсалуын  арнайы және біртұтас жүйе түрінде қарастыру зерттеудің қажеттілігі мен өзектілігін танытады.

 

Әдебиет:

1.Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі (Октябрь алды және 20-30 жылдар).                     –Алматы, 1968.

2. Өміралиев Қ. ХҮ-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. –Алматы:

Ғылым, 1976. – 270 б. 

3. Кәрімов  Х. Қазақ әдеби тілінің тарихы. –Алматы, 1963.

4. Кәріпжанова Г.  Ж.Аймауытұлы прозасы тілінің көркемдік ерекшелігі. 

Канд.дисс.автореф. –Алматы, 2003.  – 25 б.

5. Үрімова Р.К. Қазақ тілінің аймақтық мақал-мәтелдері мен фразеологизмдерінің этноқұрылымдық сипаты.  Канд.дисс. автореф.  Алматы, 2009.   25 б.

6. Қазақ тілінің аймақтық сөздігі    / Құраст. Ғ.Қалиев, О.Нақысбеков,

Ш.Сарыбаев, А.Үдербаев және т.б./ – Алматы: Арыс, 2005. –  824 б.