Қадыров Ж.Т., Синбаева Г.К., Хамзина Г.С.

(М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті)

 

КӨРКЕМ ШЫҒАРМА ТІЛІНДЕГІ  ДИСФЕМИСТІК ҚОЛДАНЫСТАРДЫҢ ЭМОЦИОНАЛДЫ-ЭКСПРЕССИВТІК СИПАТЫ

 

Эмоция адамдардың дүниедегі болып жатқан құбылыстар мен айналасындағы заттарға, жеке адамдардығ қарым – қатынастарына, т. б. баға беруімен тікелей байланысты болып келеді. Бұндай баға берудің бірнеше шкаласы болуы мүмкін, олардың қарама – қарсы қоятын антонимдік жұптары да бар. Мысалы, жақсы-жаман, жоғары-төмен, жаңа-ескі, ұзын-қысқа, алыс-жақын, ауыр-жеңіл, т.б. Әрине бұл ойлау процесінде ғана болып қоймай, сөз мағынасында да байқалады. Сондықтан да эмоциялық-экспрессивтік сөздерді де біз жағымды эмоцияны, жағымсыз эмоцияны білдіретін сөздер деп екіге бөлуімізге болады. Салыстырыңыздар: ботақан, жарасымды, сәнді, ақымақ, азғын, безер, әумесер, әулекі, аусар, аңқау, қу, найы, т.б. Қазақ тілінің сөздік құрамындағы эмоциялық-экспрессивтік сөздерді салыстырып қарасақ, біріншіден, эмоциялық-экспрессивтік сөздер одағайларда, сын есімдер мен етістіктерде көп кездеседі де зат есімдер мен басқа сөз таптарында сирек кездеседі, екіншіден, жағымды эмоцияны білдіретін сөздерден жағымсыз эмоцияны білдіретін сөздердің көп екендігіне көз жеткізуге болады» [1, 112].

«Эмоциялық-экспрессивтік сөздердің аумағы кең. Олар заттар мен құбылыстарға баға беріп салыстырғанда мағынаны анықтамайды, айтушы не жазушының сол затқа берген бағасын анықтайды. Ол екі параметр негізінде іске асады, яғни не ұнатады, не ұнатпайды, жақсы не жек көреді т.б.» [2, 115 б.].

Сондай-ақ эмоциялы-экспрессивтік мағынаны берудегі өнімді жолдың бірі – сөздердің метафоралы қолданылуы екендігін айта келе метафоралы мағынада қолданылып, эмоциялық-экспрессивтік мағынаны білдіре алатын сөздерді топтастырып көрсетеді. Олар: 1. Құс атаулары. 2. Төрт-түлік мал  атаулары. 3. Жыртқыш аң атаулары. 4. Ит-үй хайуаны. 5. Жабайы аңдар. 6. Құрт-құмырысқа. 7. Тірі жәндіктерге, жан-жануарларға байланысты қолданылатын мал, мақұлық, аң сияқты жалпы атаулар. 8. Кейбір өсімдік атаулары. 9. Ай, күн сияқты планета атаулары. 10. Дерт, ауру атаулары [1,121]. Бұл сөздер метафоралы мағынада қолданылып, жағымды не жағымсыз мағынаны білдіреді. Мұндағы жағымсыз мағына жек көру, ұнатпау, менсінбеу, жақтырмау сияқты жағымсыз эмоцияда қолданылатын сөздер. Оларды тіл білімінде пейоратив сөздер деп те атайды. Яғни, жағымсыз мағыналы сөздер өзіндік ерекшеліктерімен дисфемизмдермен сәйкес келеді. Дисфемизмдерде экспрессиялық бағалауыштық сипат басым болып келеді, оларда мағынаның эмоционалдық бөлшегі бірге жүреді. Дисфемизмдердің эмоциональды-экспрессивті сөздердің де құрамына енетіні белгілі. «Дисфемизмы традиционно считался синонимом слова «оскорбление», однако, в настоящее время в работах по иследованию этого явления утверждается, что дисфемизм-это нечто большее, чем просто нарушение правил коммуникации. Любое слово становится дисфемизмом, как и эвфемизмом не потому, что обладает соответсвующими и изначально присущими слову качествами,  а из-за использования его в качестве замены другого термин. Будет ли слово считаться эвфимизмом или дисфемизмом зависит от ситуации общения» [3, 84] – деп белгілі бір сөздердің тұрпайылануын қарым-қатынастық жағдайымен байланысты  қарастырады. Мысалы:

- Айдың, жылдың аманында тірідей жерге көміп, досқа күлкі, дұшпанға таба қылдың-ау, көгермегір!.. /141/.  Миғұла неме-ау, тым құрыса соны да түсінбегенің бе? /141/.  Араға сегіз жыл салып, бала табудан мүлде қарайып қалған кезімде, осы жарыместі неге ғана таптым екен десейші? /142/. Мына шіріген жұмыртқаны не істесем болады? /142/ Өйткені жұрт құлақтанып қалды /143/.   Сәби күнінде мешел болып қала жаздап, екі жасқа толғанда аяғын әрең басты.  Денесі кесек болғанымен, өзі болбыр, бостау болып өсті /145/.

Әй, Орынғайша, өзің не сандалып отырсың? /214 Сөзімде тұрмайтын қатын емеспін, айта бер. (Е.І. Көшпенділер).

Берілген мысалдардан сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы қарым-қатынасты дөрекі мәндегі эмоционалды-экспрессивті сөздер арқылы байқауға болады. Бірақ эмоционалды-экспрессивті сөздер тек жағымсыз мағынада ғана қолданылады деген ой тумау керек. Бұл орайда А.Е. Мамаева «Эмоционалды-экспрессивті сөздер барлық уақытта жағымсыз мағынаны бере алмайды. Бұл олардың дисфемизмдерден айырмашылығын көрсетеді» [4,57] дей келе, дисфемизм мен эмоционалды-экспрессивті сөздердің өзара ұқсас қасиеттері мен жалпы ортақ белгілерін анықтап жіктейді: «1. Дисфемизмдер мен эмоционалды-экспрессивті сөздер көбінесе күнделікті ауызекі сөйлеу тілінде қолданылады; 2. Ақын-жазушылар, стильдік мақсатын діттеп көркем шығармада кейіпкерлердің бейнесін айқындай түсетін тілдік құрал ретінде пайдаланылады; 3. Публицистикалық  стильде, күнделікті баспасөзде өте сирек кездеседі; 4. Эмоционалды-экспрессивті сөздер мен дисфемизмдердің қолданыс аумағы кең емес. Екеуі де мағынаны анықтамайды, жазушының немесе айтушының айналадағы заттар мен құбылыстарға, адамға берген бағасын анықтайды; 5. Екеуінде жек көру, ұнатпау мәні бар. Демек, екеуіне ортақ интенсионал мағына бар деген сөз; 6. Эмоционалды-экспрессивті сөздер мен дисфемизмдерге көп мағыналық пен ауыспалы мағынада қолданылу ерекшелігі тән; 7. Тура (номинативті) мағынасы бар сөздер көп жағдайда екеуіне де ортақ болып келеді; 8. Ауызекі тіл мен әдеби тілді тығыз байланыстырады. Яғни, екеуінің ортасындағы дәнекер сөз болып табылады. Сондай-ақ эмоционалды-экспрессивті сөздер мен дисфемизмдердің өзара байланысын салыстырып: «Дисфемизм ретінде қолданылатын сөздердің  барлығы эмоционалды-экспрессивті, ал эмоционалды-экспрессивті сөздердің барлығы бірдей дисфемизм бола алмайды. Өйткені, дисфемизмдердің айшықты мәнді сыңарымен қатар тура мағыналы сыңары жарысып жүрсе, эмоционалды-экспрессивті сөздердің едәуір бөлегінің номинативті мағыналы сыңары бола бермейді [4, 59]. Эмоционалды-экспрессивті сөздер мен дисфемизмдер көркем шығармаларда кейіпкерлер тілінде қолданылып, көп кездесетіні байқалады. Олар кейіпкер бейнесін ашуда әр түрлі көзқарасқа, қарым-қатынас пен көңіл-күйге байланысты жұмсалып, лексикалық мағынасы арқылы жағымсыз сезім тудыратын сөздер қызметін атқарады.Мысалы,

Әй,осы сен қатынды ма... быт-шытыңды шығарайын... – деп келіп, арқасынан тартып жіберді. Жоға, әлгі Құсайынның қатынын айтам-ау, – деді ол сәлден соң жуып-шәйіп, – ақша сұрасам, сайқымазақ қылады.

Әй, докторсымақ! Бері қара! Әлде түк көрмейтін, су қараңғы соқыр деп ойлайсйң ба?

Эмоциональды-экспрессивті бояулы сөздер адамның көңіл  күйіне, қуаныш-қайғысына психикалық процеске байланысты айтылады. Сондықтан да эмоционалды-экспрессивті сөздер жағымды және жағымсыз болып екіге бөлінеді. Жағымды эмоционалды-экспрессивті сөздер көңілді, сезім мен қуаныш қалыпты, таңырқау, қызығу, сүйсіну, мән-мағыналарын береді.

Жағымсыз эмоционалды-экспрессивті сөздер төмен санау, менсінбеу, жек көру т.б. мән-мағыналарын аңғартады. Сөздің жағымды не жағымсыз зат не құбылысты, қимыл-әрекетті аңғартатын сөздер мен жағымды, жағымсыз бояу сөзді ажырата білу керек. Дисфемизмдердің эмоциональды-экспрессивті сөздердің де құрамына  кіретіні белгілі. Эмоциональды-экспрессивті сөздер туралы үлкен мәселе көтеріп, сырын ашуға ат салысқан тілші мамандардың бірі – Ш. Нұрғожинаның «Эмоционально-экспрессивная лексика казахского разговорного языка» деген тақырыпта жазған еңбегінде (1989) эмоциональды-экспрессивті сөздерді былайша сипаттайды: «Экспрессивность в языке является самостоятельной стилистической категорией, которая может сочетаться с эмоциональностью. Анализ лексических элементов, характиризующихся разной степенью экспрессии, свидетельствует о том, что эмоции в своем языковом проявлении обычно экспрессивны, либо служат для выражения, психических состояний человека средствами языка, а также при стремлений определенным образом воздействовать на партнера» [5, 15] деп түйіндесе, Ғ. Мұсабаев: «Қазіргі қазақ тілінде, басқа тілдердегі сияқты, сөйлеушінің бір затқа не құбылысқа эмоциялық көзқарасын білдіретін бір топ сөздері бар. Бұл категориядағы сөздерді тіл ғылымында эмоционалдық лексика немесе эмоциялық мәні бар сөздер дейді. Ал кейбір сөздерде, құбылыстардың атауларында жақсы немесе жаман қатынасты, психологиялық күйді көрсететін реңктер болады. Мысалы, айналайын, оңбаған дегендер тек белгілі бір тиянақталған... сөйлеушінің ой-күйін де білдіреді... Эмоционалдық лексика белгілі бір құбылысқа, затқа қауымның беретін бағасын аңғартады» [6, 178], деп көрсетеді.

Өз бойында адамның көңіл күйін, ішкі сезімін білдіретін, қасиеті я жағымды, жағымсыз реакция туғыза алатын ерекшелігі бар сөздерді эмоциялық сөздер деп түсінуге тиіспіз.  Тегінде, тілдегі экспрессивтілік дегенді айтылатын ойдың мәнерлілігі, суреттілігі, әсерлілігі деп түсінуіміз керек. Ал бұлар кейде жеке сөзбен де, сөз тіркесімен де, не болмаса түрлі грамматикалық тұлғалармен де берілуі мүмкін [7, 36]. Мысалы: Ауылдарыңда Зағипа деген бір өсекші қатын бар емес пе, хабар берген сол қыз-ауыз!-деп әйел күпсіне қосарланды.

Берілген мысалдардан сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы қарым-қатынасты байқауға болады.

Қай сөздің қаншалықты көркемдік деңгейіне көтерілуі оның лексикалық мағынасы мен жазушының рухани өресіне байланысты. Сон­дықтан әрбір жазушының өзіндік сөз қолданысы болады. 

Әдебиет:

1.     Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. – Алматы, 1991. – 290 б.

2.     Хасенов Ә. Тіл білімі. – Астана: Ер-Дәулет, 2007. – 128 б.

3.     Пірімбетов Т. Қарапайым сөздер мен сөйлеу тілінің басқа да элементтері мен арақатынасы. Қаз.ССР ҒА Хабаршысы,1986. Тіл және әдебиет сериясы. №1.–17 б.

4.     Мамаева А. Қазақ тіліндегі дисфемизмдер. Кан. дис.автореф. – Алматы, 2008. -23 б.

5.     Нұрғожина Ш. Эмоционально-экспрессивная лексика разговорного языка.  Автореф. кан. дис.  – Алматы, 1989. – 26 б.

6.     Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 1975. – 375 б.

7.     Белбаева М. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы. – Алматы: Мектеп, 1976. –  155 б.