М. А. Жанабекова,

Г. Сержан

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Алматы, Қазахстан

 

ҚАЗАҚСТАН ҚЫТАЙ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

 

Қазіргі кезде әлем жаһандану заманына бет бұрған сәтте, Қытай экономикасын, оның мәдениетін, тілін оқып үйрену, білуге деген қызығушылықтың күрт өскендігін байқаймыз. Қытайдың халықаралық деңгейде сондай танымал болуының өзіндік себептері де баршылық: оның қарқынды дамып келе жатқан экономикасы, Бейжинде өткен жаздық олимпиада, дүниежүзілік сауда қоғамдастығына (ДСҚ) енуі, Шанхайдағы дүниежүзілік көрме.

Қытай тілі қазіргі кезде халықаралық экономика, сауда-саттық, білім, технологиялық тұрғыда күн өткен сайын көптеген мемлекеттердің саяси өмірі мен қоғамдық қатынас тұрғысында айтарлықтай беделге ие болып отыр.

         Көптеген мемлекеттерде Қытай үкіметі жан-жақты саяси, экономикалық, әлеуметтік, қарым-қатынасты нағайтуда, өздерінің мәдениетін, тілін дамыту мақсатында түрлі шараларды мемлекеттік деңгейде атқарып отыр. Қытай институттары, оқу орындары, тіл орталықтары, қытай банктері, сауда орталықтары, мейрамханалар мен клубтары, түрлі деңгейдегі кәсіпорындар, туристік фирмалар және т.б.

Қытай үкіметі Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынасын ойдағыдай іске асыруда. Қазір Қытай – Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптесі болып табылады. Қазақстан мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдан бастап орын алып, түрлі бағытта халықаралық дәрежеде, саяси, сауда-экономикалық, мәдени, әскери байланыстар, туризм, білім-ғылым дами бастады.

Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы қарым-қатынастарға қатысты құжаттар мен материалдар жиынтығы, мемлекетаралық ресми келісімдер, меморандумдар мен декларациялар сияқты дипломатиялық құжаттар құрайды. Олардың қатарында «Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Достық өзара қатынастар негіздері туралы бірлескен декларация», «2003-2008 жж. аралығындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы туралы Бағдарлама», «Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы XXI ғасырда жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту туралы бірлескен декларация», «Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуы туралы декларация», «Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясы», «Лаңкестікпен, сепаратизммен, экстремизммен күрес туралы Шанхай конвенциясы» сияқты ресми маңызды құжаттарды атауға болады.

Қытай Халық Республикасының Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелері АҚШ-тың, Германияның, Францияның, Ұлыбританияның бірқатар зерттеушілерінің еңбектерінде де қарастырылған. Олардың арасында 3. Бжезинскийдің, Г. Кисинджердің, Р. Легволдтың, С. Хантигтонның, М.Б. Олкоттың, Р. Оливьенің еңбектерін атауға болады.

Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының қалыптасуы, оны жүзеге асыру Ж.У. Ибрашевтың, Қ.Е. Байзақованың, К.Қ. Қожахметовтың, Ф.Т. Кукееваның және т.б. еңбектерінде, Қытайдың ұстанатын сыртқы саясатының принциптері, стратегиялық басымдылықтары туралы Қ.С. Сұлтановтың еңбектерінен кездестіреміз.

Қазақ тіл білімінде қытай тілі мен қазақ тілін салғастыра зерттеуге арналған Ф. Дәулетованың «Қытай және қазақ тілдерінің салғастырмалы фразеологиясы» атты кандидаттық диссертациясы, Т. Қалибекұлының «Қытай және қазақ тілдеріндегі сөз тіркесінің құрылымы мен семантикалық ерекшеліктері» және Ж. Тұрсыналиқызының «Қытай және қазақ тілдеріндегі жай сөйлемдердің құрылымдық мағыналық топтары», Ш. Мұстафаұлының  т.б. көптеген еңбектерін атауға болады.

2014 жылдың Мамыр айында Қазақстанның сыртқы істер министрі Е. Қазыхановтың айтуы бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 25 миллиард АҚШ долларын құрап, 2016 жылға қарай 40 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырғанын мәлімдеді.

Бүкіл Қазақстан емес, бір Алматы қаласының өзінде жүзге тарта қытай кафесі мен мейрамханасы, 270 бірлескен касіпорын, екі банк, 48 жанармай құю бекеті, бір мәдениет орталығы, Қазақ ұлттық университетінің жанындағы «Қытай тілі орталығы», Конфуций институты, Си Синхай, Бианху көшелері, Ялян және Сауран сауда нүктелері, оннан астам қытай медицина орталығы т.б. бар [1].

Осылайша, Қазақстан мен Қытай арасында қарым-қатынас одан сайын стратегиялық бағытта дами түспек. Әрине бұр көп нәрсені аңғартса керек.

Қазақстан мен Қытай экономикалық байланысының дамуынан бөлек, Қазақстанда қытай тілін үйренуге деген қызығушылықтың артып отырғандығын байқаймыз:

«Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар қазақ жастарына жаңа мүмкіндіктер ашуда. Жастар жұмыс тәжірбиесін үйреніп, жұмысқа орналасу үшін де қытай тілін оқып жатыр. Өйткені, жұмыс мәселесі Қытаймен тығыз байланысты. Қазақстанда Қытай кәсіпорындары күн санап көбейіп келеді. Жұмысшыларды шектеу де өте қиынға соғып тұр.  Қазақ қытай компаниясында істейтінін мақтан етеді. Бұл – қытай тілін үйренуге негізгі қозғаушы күшке айналды» [2].

«Көп адамдар Қытай мәдениеті мен тарихына деген қызығушылығының арқасында қытай тілін жақсы көріп кетіп жатыр. Шығыс халқы болғандықтан қазақтар Қытай мәдениеті мен Жібек жолы өркениетіне жақындығын сезеді. Қазақстанда төртінші жыл қатарынан Қытай жаңа жылын қарсы алу мерекесі өтіп келеді» [3].

«Бүгінгі таңда Қазақстаннан барған 10 мың студент Қытайда білім алып жатыр. 17 млн халқы бар елге бұл аз адам емес. Мен балалары Қытайда оқитын шенеуніктерді, кәсіпкерлерді көп кездестірдім. Тіпті көптеген қазақтар Қытайдағы оқу орындарына түсу үшін қандай өтініштер толтыру керектігін сұрап елшілікке жиі келеді. Оның үстіне қытай тілін үйрету Қазақстанда жаппай сәнге айналып келеді. 2006-2012 жылдар аралығында Қазақстанда 4 Конфуций институты ашылыпты. Қытай тілі жоғарғы оқу орындарында, бастауыш және орта мектептерде пән ретінде өтіп, оның оқытылуы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Мені таңқалдыратыны – қытай тілінің танымалдылығы ерекше...» [4].

«Соңғы жылдар бедерінде Қытай экономикасының өсуі әрі еліміздің халықаралық беделінің жоғарлауы және Қытайдың керемет мәдениеті мен күшті тарихы Қазақстандағы қытай тілінің аса танымал болуына әсер етіп отыр». «Ал, Қазақстаннан барып қытай тілін оқып жатқан студенттер үшін қытай ­ жарқын болашаққа ашылған есік және қытай мәдениетіне саяхат. Мен қытай ретінде осының бәрін мақтаныш көремін!» [4].

Алматы қаласындағы Қытай елшілігінің мәдениет және білім саласының елшісі Гау Чын мырза айтуынша: «Бүгінгі таңда қытай тілі ресми алты тілдің бірі және БҰҰ қолданыс тілі болып табылады. Бұл тілде әлем бойынша 1 млрд. 600 млн. адам сөйлейді. Соңғы жылдары қытай тілін үйренуге деген сұраныс күрт артты. Қазіргі таңда қытай тілін үйренушілердің саны 40 миллионға жетті және күн санап бұл көрсеткіш өсуде. Қытай тілі әлемнің жүзден аса елінің 4 мыңнан аса жоғары оқу орындарында оқытылады. Қазақстан елінде де қытай тіліне қызығушылық артуда. Қазақстан аумағында төрт Конфуций институты құрылды. Елдің ірі ЖОО-да қытай тілі орталықтары ашылды. Әсіресе, студенттер тарапынан қытай тілін үйренуге деген құлшыныс байқалады. Тіл – бұл халықтар арасындағы қатынас құралы. Танымал шет тілін білу әлемдік кеңістікке жол ашады. Бұл орайда, әлемдегі ең ежелгі де, ең әдемі тілдердің бірі саналатын – қытай тілінің көп пайдасы бар деп айтар едім», – деді [5].

Б. Әділбаева: «Қазақстандықтардың «пессимистердің үйренетін тілі» қытай тіліне қызығушылығы жоғары. Тіл үйрететін орталықтардың басым көпшілігі ағылшынмен қоса қытай тілін бизнес көзіне айналдырған. Қазақстанда Конфуций институты жұмыс істейді. Оның мақсаты – жергілікті халыққа қытай тілін үйрету. Конфуций институтының тарихына үңілсек. 1987 жылы Қытай үкіметі «Мемлекеттің шетелдерге қытай тілін үйретудің басқарушы ұйымы» деген құзыретті жұмыс тобын құрған. Осы мемлекеттік басқарушы ұйымның аясында арнайықытай тілін оқытуға қатысты университеттер, институттар, орталықтар ашылған. 2004 жылы қараша айында халықаралық деңгейдегі тұңғыш Конфуций институты Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде пайда болды. Ал 2007 жылы Пекинде Конфуций институтының орталық штаты өз жұмысын бастады. 2009 жылдың соңына дейін 88 мемлекет пен арнайы аймақтарда 282 Конфуций институты мен 272 Конфуций дәрісхана ашылған. Бұдан тыс 50-ден астам мемлекеттің 260 мекемелерінен Конфуций институтын ашу жөніндегі арнайы ұсыныстар түскен» [6].

Қытай тілінің Қазақстанда белең алуын жалпы негізін мына себептерден көруге болады:

· Миграциялық жағдай – жылына қазақ-қытай шегарасынан шамамен 50 - 60 мың қытай Қазақстан территориясына өтеді екен. Соның 50% пайызы ғана кейін қайта қайтқан болса, қалғаны республикада қалып кояды екен. Қазақстан Республикасында қазір нақты қанша қытай азаматы жүргенін растайтын мәлімет жоқ немесе ашық айтылмайды. Себебі заңды тіркеуге тұрғандары және тұрмағандары да бар;

· Әлеуметтік жағдай – қытай азаматттарының көп жағдайда қазақ азаматшаларына үйленіп, өсіп-өніп, тілін мәдениетін, дәстүрін өз мақсатын жүзеге асыруы, Қазақстан азаматтығын алып, осы елде өсіп өркендеуі, балаларына қытайлық тәрбие беруі;

· Материалдық жағдай адамдар түрлі мақсатта тілді оқиды, жақсы білім алу үшін, жақсы жұмысқа орналасу үшін, көп тіл білу үшін, сауда-саттық мақсатта, туризмдік, медициналық, жеке қызығушылық;

· Ақпараттық жағдай – тілдік ортаны көбейтіп, яғни қытай тілін, мәдениетін қарқынды түрде насихаттауы. «Синхуа» агенттігінің ресми мәліметтеріне мән берсек, Қазақстанда өмір сүріп жатқан 300 мыңнан аса қытай азаматтарына арнап Қазақстанда қытай және орыс тілдерінде «Хасакэсытань хуацяо бао» деген газет шығарылуда. Сайтттар мен көшедегі кейбір жарнамаларда қытайша жазуларды байқауға болады, дүкендердегі кейбір тауар сыртындағы ақпараттар қажетті тілдерге аударылмаймай сол тілде қалып қоюы.

Осы кезде еріксіз ойға Француз қолбасшысы Напалеон Бонапарттың: «төрт жүз мылтықтан төрт газеттің күші артық» деген сөзі еске оралады. Аталмыш басылым туралы Фазылбек Апсаттарұлы: «Қытай үкіметі 5-10 жылда Қазақстандағы қытай тілінің құқығын қорғайды» - деген күмәнін жасырмайды.

         Қытай тілінің Қазақстан жастарының оқып-үйреніп жатқанын қолдамайтындар да бар. Олардың айтуы бойынша, Қазақстанда негізінен үштілділік идеясы басымдыққа ие. Қытай тілі сол сияқты түрік тілінің қоғамдағы қажеттілігі өзекті емес. Сондай бір пікірді ұстанған азамат Арқайын БИЗАРҰЛЫ, интернет парақшасына жазған пікірінде,: «Нихау ... қазақтар ... айналған қазақтар! Қытай тілі соншалықты танымал емес. Бізге екі тіл ғана керек. Алдымен Қазақ тілі, сосын халықаралық қатынас үшін ағылшын тілі. Мен 4 тіл білемін, алайда ол мақтанатын нәрсе емес, амалсыздан үйрендім, жаман жері, мамандығымды меңгеретін уақыттың бір бөлігін тіл үйренуге жұмсадым. Үш тұғырлы тіл –  балалардың басын қатырады, бізге тек қана тіл безеген аудармашылар емес, білікті мамандар керек, көп тіл үйренуге жұмсаған уақытты көп білім алуға жұмсаған мемлекетіміз үшін анағұрлым тиімді. Елімізде жасап, жұмыс істеу үшін ана тілімізді білу міндет, ал заманға сай білімді жалғыз ғана ағылшын тілімен толықтай алуға болады. Мектептен, немесе бала кезінен қытай тілін үйренбеген адам, есейе келе ол тілді меңгеруі өте қыйынға соғады, біздің жастар қытай тіліне уақыт ысырап етуінің керегі жоқ, ағылшын тілін білсе кез келген шетелмен жұмыс жасауға толық мүмкіндігі бар деп ойлаймын...» (фейсбук 2014).

Шығыстағы көршілеріміз жайлы осындай жақсы-жаман пікірлер аз айтылып жүрген жоқ. Дегенмен, еліміз бен жұртымызға атқарылып жатқан шаралардың пайдасы тиіп жатса игі еді. Тіл білу – сол елдің жанын түсіну деген сөз. Сол себепті, бұдан ұтпасақ, ешқашан ұтылмаймыз. Көп тілді білу, оқыту жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашып, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік береді деп сенейік.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.         Құрманғазы Жұмағұл. Қытай саясатының астары// Әділет газеті 10.01.2014//http://adiletgazeti.kz/index.php/sayasat/75-ytaj-sayasatyny-astary

2.         Б. Құсайынов. П Әбсаттарұлы. Аждаһа алты басты жаудан қорқам //http://www.namys.kz/?p=1267

3.         Қытай тілінің білгірлері. Егемен Қазақстан жалпыұлттық республикалық газеті 9-б, №70(28294), 11 сәуір, 2014 жыл

4.         Б. Әділбаева. Оптимистер ағылшын тілін, пессимистер қытай тілін үйренеді.Қазақ тілін кім үйренеді?// http://mtdi.kz/til-saiasaty/til-tynysy/3091-kazak-tilin-kim-uirenedi

5.