1.История государства и права.

Оқытушы, құқық магистрі Омар Б.М., Баетов Е.К

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университет. Қазақстан    

Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет ретінде дамуына үлес қосатын заңгерлерді дайындауда құқықтанушылардың алар орны 

Қазіргі кезде біздің Республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Республиканың оқу орындары, педагогикалық ұжымдары ұсынылып отырған көпнұсқалыққа байланысты өздерінің қалауына сәйкес кез келген үлгі бойынша қызмет етуіне мүмкіндік алды. Бұл бағытта білім берудің әртүрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылымға және тәжірибеге негізделген жаңа идеялар, жаңа технологиялар бар.

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру оқушының интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Қазақстан халқына арналған жолдауында «Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді. Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өрісі биік, денсаулықтары мықты өкілдері болады. Олар бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгереді, олар бейбіт, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады», - деп көрсетілгендей-ақ, ертеңгі келер күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана. Қай елдің болмасын өсіп өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы, оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты [1, 1].

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту Қазақстан дамуының басты бағыты» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекетіміздің барлық салаларына қатысты мәселелер жан-жақты қамтылған. Сол маңызды мәселелердің бірі білім беру саласы болып отыр. Қазіргі жаһандану заманында білім беру жүйесін одан әрі дамытуға қатысты мәселелерді Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев осы жолдауда айқындап берді. Атап айтар болсақ, бұл жолдауда Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деген болатын:

            «Білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін келесі іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор.

            Біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу. Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев университеті мен Зияткерлік мектептер табысты жұмыс істеуде. Кәсіптік-техникалық білім берудің озық мекемелерінің желісі дамып келеді. Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет.

            Екіншіден, педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор. Арқаулық педогогтык білім берудің үлгі-қалыптарын, мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажет. Әр өңірде педогогтардың біліктілігін арттыратын интеграцияланған орталықтар жұмыс істеуі тиіс.

            Үшіншіден, біліктіліуті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру қажет. Мемлекет бір мезгілде білім беру қызметтерін көрсетуге әрі олардың сапасына баға беруге тиіс емес.

            Үкіметке үстіміздегі жылы қанатқақты режімде салалық ассоциациялар арқауында 1-2 салаларда тәуелсіз Біліктілікті бектіу орталықтарын құруды тапсырамын», -деді Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев [2, 1].

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына (2010 жылдың 7 желтоқсанында № 1118 Президент жарлығымен бекітілді) сәйкес педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесі тез арада шешуді талап етеді. Білікті педагогтар педагог мамандығының мәртебесін көтерудің қуатты факторы болып табылады. Педагогтың мәртебесі оның интеллектуалдық, кәсіптік деңгейімен, жеке тұлғалық қасиеттерімен белгіленеді. Аталған қасиеттерді жетілдіру үшін біліктілікті арттыру жүйесінің қызметі осы бағытқа арналуы тиіс. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесіне өзгерістер ендіру қажет [3, 1].

            Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Педагогикалық жоғары оқу орнының білім беру үрдісінің болашағын жоспарлау – ол экономикалық, әлеуметтік, саяси, рухани жұмыстардың қоғамдағы дамуына байланысты шешілетін мәселе. Болжаудың ең басты мақсаты: ғылыми тұрғыдан болашақты көре білу. Соған байланысты студенттерді тұлғалық бағдарлы технология негізінде басқарудың педагогикалық шарттарын анықтау керек.

            Қазіргі таңдағы оқытушылардың алдында тұрған зор мақсат ғылым негізін жақсы білетін, жігерлі, төзімді мамандарды тәрбиелеу, жоғары идеялы, қандай да болсын қиыншылықтарды жеңе білетін, өз Отанына шексіз берілген, бетбұрыс ісіне батыл кірісуге қабілеті жететін, еңбек сүйгіш мамандарды тәрбиелеу болып табылады [4, 1].

            Оқытушы өзіне тапсырылған істі абыройлы да нәтижелі етіп орындау үшін жатпай тұрмай оқиды. Ол мұның сүйегіне сіңген қасиет. Сонымен қатар оқытушы өз басына ең жақсы деген адамгершілік қасиетті дарытып отырады. Себебі ол шәкірттерінің ғана ұстазы емес, халыққа  үлгі - өнеге болатын үлкен  инабатты азамат.

            Оқытушының дүние танымы – оның өмірі мен, оның әрбір құбылысқа қалай қарайтындығы, қалайда барлық оқушыға әсер етеді. Сондықтан да оқытушы өзінің мінез – құлқы, әрекеттері «күшті» бақылауда екендігін сезе біліп, өзін өзі ұстай білуі керек.

            Студенттердің мінез – құлқын, олардың сана – сезімінің жетілу дәрежесін  танып, білу оңай нәрсе емес.

            «Ұстаздық мамандық ұсақ – түйегі көп, жалықпай жұмыс істеуді қажет ететін мамандық», - деген болатын Макаренко.

            Осындай қоғамға қадірлі тұлғаны даярлап шығуда жоғары оқу орындарының алатын орны ерекше. Жоғары оқу орындарында оқытушы өз мақсатында, өз бағытына дайындайды. Бұл саланы зерттеушілер өз саласының ұстаздары қандай болуы керек екендігін  айқындап көрсетуде. Солардың ішінде оқытушыларға қойылатын талаптар өте көп. Атап айтқанда, олар:

-         сабақтың ғылыми  және  құқықтық дәрежесіне байланысты оқытушыға қойылатын талаптар, яғни сабақтың ғылымилық сипат алуы, ғылыми мазмұндық толықтығы, оқу материалының  ұғынықтылығы, құқықтық мәселелердің ашылып түсіндірілуі, құқықтық құбылыстардың, фактілердің дұрыстығы және дәлдігі, сабаққа берілген тұжырымдаманың дұрыстығы, мұғалім әңгімесінің жүйелілігі, студенттер назарын өзіне аудару, студенттердің сабаққа белсене қатысуын қамтамасыз ету;

-         сабақтың әдістемелік дәрежесіне байланысты оқытушыға  қойылатын талаптар: сабақтың білімдік, тәрбиелік, дамытушылық міндеттерінің дұрыс анықталуы, сәтті және ойдағыдай жүзеге асуы, сабақтың қажетті элементтерін тиімді жүзеге асыру, пәнаралық байланыс жасау, жаңа материалды қазіргі жағдайлармен салыстыру,  жаңа технологияларды,  көрнекі құралдарды тиімді қолдану,  уақытты ұтымды пайдалану, оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге баулу, нормативті – құқықтық актілермен жұмыс жүргізу, ситуациялық жағдайларды тудырып, оны шешуге оқушылардың белсенділігін арттыру, қорытынды жасаттыру, қорыта айтқанда мұғалім  сабақтың  оқушылардың естерінде қалуына  барлық жағдайды  жасауы,  сабақта нәтижеге жету;

-         студенттердің біліміне, даму дәрежесіне байланысты оқытушыға қойылатын талаптар:  оқытушының мемлекеттік стандарттағы құқықтық білімге қойылатын талаптарды ұстануы, студенттер білімін  объективті, жүйелі бағалау, сонымен қатар, білімінің дәрежесі мен білім деңгейлерінің ара салмағын қадағалап отыруы;

-         педагогикалық мінез құлққа байланысты оқытушыға қойылатын талаптар: оқытушының  студенттерді ұйымдастыра алуы, тіл байлығымен аудиторияны өзіне баурап алуы, студенттерге талап қоя білуі, кішіпейілдігі, ұстамдылығы, студенттердің мінез-құлқын тани алуы және жақсы білуі, студенттердің барлығымен тең қатынас жасауы, сөйлеу шеберлігі, дауыс ырғағы, сыртқы пішіні, өзін студенттер арасында орынды ұстауы. Әрине, жоғарыда айтылғандар  барлық оқытушыларға ортақ талап болып табылады[5, 1].

Құқықтану мамандығының оқытушылары тікелей тоқталар болсақ – Қазақстан Республикасының демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде дамуына өз үлестерін қосатын тұлғаларды даярлауда шешуші рөл атқарады. Ол   құқықтық білім  беру  жүйесін   құқықтық тәрбие  ісімен  толықтырып отырады. Құқықтану мамандығы оқытушыларының басты мақсаты – студенттерге құқықтық білім беріп қана қоймай, олардың құқықтық снасын, мәдениетін қалыптастырып, дамыту.

            Құқықтану мамандығының оқытушылары Қазақстан Республикасы заңдарымен толық қаруланған, құқықтық мәселе көтере алатын, оның шешімін табуға студенттерді қатыстыра отырып, әр түрлі шараларды шеберлікпен ұйымдастыра білетін тұлға болуы қажет. Сондай-ақ, студенттердің барлығын дерлік тәрбие мақсатындағы қоғамдық жұмыстарға қатыстыру қажет деп ойлаймын [6, 1].

            Құқықтану мамандығының оқытушылары мына төмендегідей талаптар қойылуы қажет:

-         тәрбие жүйесін құқықтық негізде ұйымдастыра отырып құқықтық мемлекеттің өркениетті қарым – қатынас жасай алатын азаматтарын қалыптастыру қажет;

-         студенттердің мемлекет заңдарын қастерлеуге, құрметтеуге, заң нормаларын сақтауға және орындауға, өз құқығын заңға сәйкес қорғай білуге, өзгелердің құқықтарын қастерлеуге, құрметтеуге, өзінің іс - әрекетіне жауапкершілікпен қарауға баулуға үйрету қажет;

-         құқықтық сипаттағы кездесулер, дебаттар, олимпиадалар, т.б. құқықтық іс-шараларды ұйымдастырып, өткізіп отырулары қажет;

-         тәрбие нысандары арқылы құқықтық мәдениет дағдыларын қалыптастыра білу қажет;

-         студенттерді құқық қорғау органдарымен, жергілікті атқарушы органдармен және т.б. қоғамдық ұйымдардың жұмысына тарта отырып, тәжірибелік жұмыстарға қатыстыруға мүмкіндік жасаулары қажет;

-         ЖОО-дағы құқықтық профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға, құқық күндерін, апталығын, айлықты өткізуге студенттерді кеңінен араластыру,студенттердің өткізілетін құқықтық тәрбиелік іс-шараларына міндетті түрде тақырыпқа сай Республика заңдарын пайдалану, заң және құқық тақырыбына  сайыстар,  шығармалар, конкурстарды жиі-жиі өткізіп отыруға жағдай жасау қажет;

-         студенттің қықтық санасын, мәдениетін бағалаудың диагностикалық жолдарын қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп отыру қажет деп, ойлаймын.

Міне осы бағытта құқықтану мамандығының оқытушылары әрқашан да жұмыстар жүргізіп отыруы қажет. Сонымен қатар ол білімнің  студенттерге берілу нысандарын да ойластырып отыруы қажет. Құқықтық білімді берудің нысандарына оқытудың  жалпы әдістерімен бірге сабақтан тыс жұмыстарды жүргізуі қажет. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ МІНДЕТТЕРІ ЖӘНЕ БАҒЫТТАРЫ.http://www.rusnauka.com/5_SVMN_2013/Pedagogica/4_126085.doc.htm

2.      Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ -ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауы. e.gov.kz/wps/portal/Content?.../3.../president/

3.      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ 2013-2015 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН КЕШЕНДІ БАҒДАРЛАМАСЫ http://ped.kz/-

4.      Біліктілікті арттыру жүйесінде педагог мәртебесін қалыптастырудың жолдары http://baq.kz/kk/regional_media/post/

5.      Азаматтық құқықтық пәндер бойынша тәжірибелік сабақ өткізудің әдістемелік негізі мен ерекшелігі. http://almaty-akshamy.kz/?p=17762

6.      «Мұғалім тұлғасына заман талабына сай қойылатын талаптар»http://uzdikter.biz/muzika-jetekshisi-bidahmetova-elvira/