ЖЕКЕ ЕҢБЕК КЕЛІСІМІ

   Жеке еңбек келісімі-қызметкер мен жұмыс берушінің арасында жазбаша нысанда жасалатын екі жақты келісім, ол бойынша қызметкер жұмыс берушінің актісін атқара отырып, белгілі бір мамандық, біліктілік, немесе лауазым бойынша жұмысты орындауға міндеттейді, ал жұмыс беруші қызметкерге жалақысын және заңдар мен тараптардың келісімінде көзделген өзге де ақшалай төлемдерді уақытында және толық көлемінде төлеуге, еңбек туралы заңдар мен ұжымдық шартта көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндеттенеді.  Келісімге отыратын жұмысшылар мынадай категорияларға бөлінеді:

·        тұрақты түрде жұмыс істейтіндер

·        уақытша жұмыс істейтіндер

·        негізгі жұмыс орны бойынша жұмыс істейтіндер

·        қоса атқарушылық бойынша жұмыс істейтіндер

     Еңбек келісімі 2 дана болып жасалады. Оған жұмыс беруші мен қызметкердің қолы қойылып, мөрмен куәландырылады.

Сөйлемдерді орыс тіліне аударыңыз.

1.      Осы шарт бойынша бұл жұмыс қызметкердің негізгі жұмыс орны болып табылады.

2.      Қызметкердің басқа қызметтерді қоса атқаруға құқығы бар және өзінің негізгі қызметінен босамай-ақ қосымша қызмет атқара алады.

3.      Қызметкер сынақ мерзімінде жүрген кезде ҚР еңбек туралы заң актілерінде және осы шартта белгіленген нормаларды пайдаланады.

4.      Қызметкер өзінің қызметін орындауға тікелей қажетті Жұмыс беруші берген мүліктердің дұрыс сақталуына толық материалдық жауапкершілікте болады.

5.      Қызметкер қызмет бабына байланысты өзіне ғана мәлім Жұмыс берушінің коммерциялық құпия мәліметтерін жарияламау жөнінде жазбаша түрде міндеттеме береді.

6.      Жұмыс беруші ҚР «ҚР-дағы еңбек туралы» 10.12.99 жылғы №493-1 Заңының 91 бабының 2-7 тармақтарында белгіленген жағдай-ларда қызметкерге келтірілген зардаптар үшін толық мөлшерде жауапты болады.

7.      ҚР «ҚР-дағы еңбек туралы» 10.12.99 жылғы №493-1 Заңының 8-бабының және ішкі қолданыс үшін шығарылған жарғылар мен актілердің талаптары шегінде Жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері болады.

8.      Қызметкерге жыл сайын жалақысы сақталатын, ақылы, ұзақтығы 30 күнтізбелік күн еңбек демалысы беріледі.

9.      Іссапарға байланысты кепілдіктер мен өтемақылар ҚР қолданылып жүрген заң актілеріне байланысты төленеді. Іссапарға ҚР Үкіметінің белгілеген нормасынан артық төленетін өтемақылар оны растайтын құжат болғанда төленеді.

10.  Жұмыс беруші қызметкерді ҚР-ның заңдарында белгіленген тәртіпте арнайы киіммен, құралдармен, көлікпен және басқа инвентарлармен, сонымен бірге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігімен қамтамасыз етуге міндетті.

11.  Қызметкер мемлекетік сотқа жүгінсе, онда ол мемлекеттік баж салығынан және басқа да соттың төлемдерінен босатылады.

12.  Меншік иесінің немесе заңды тұлғаның ауысуы осы шартты бұзуға негіз бола алмайды.

13.  Егер осы шарттағы ережелер Қазақстанда бекітілген халықаралық шарттар мен Қазақстан Республикасының «ҚР-дағы еңбек туралы» заңдарының ережелеріне қайшы келетін болса, онда ең бірінші халықаралық шарттары, содан кейін ҚР заңдары заңды болып табылады.

14.  Егер ҚР заң актілерінде қызметкердің жағдайын жақсарту жөнінде өзгертулер енгізілсе, онда осы шарттың соған сәйкес тармақтарына да өзгертулер енгізіледі, егер керісінше болса, онда шартқа өзгеріс енгізілмейді.

15.  Коммерциялық құпияға жататын мәліметтерді жарияламау туралы міндеттеме, 1 бет, 1 дана.

Әкімшілік сеніп тапсырылған материалдық құндылықтардың толық сақталуын қамтамасыз ету үшін қызметкерге қажетті жағдай жасауға міндеттенеді


ЕҢБЕК КЕЛІСІМІ ҮЛГІСІ

            1. Келісімнің жасалған орны мен күні.

Елді мекеннің аты мен типі, келісім жасалған күн, ай және жыл көрсетіледі. Құжат атынан 1 интервал төмен елді мекен аты — сол жаққа, дата — оң жаққа жазылады.

Мысалы,

            Алматы каласы                                                23 қазан 2000 жыл

2. Екі жақтың толық және шартты атауы

Келісім жасаушы екі жақтың әркайсысының ресми аты және келісімде алынған шартты атауы жазылады.    Мыса­лы,

"Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті атынан университет ректоры профессор___________________________________

                                                                                    (аты-жөні)

былай қарай келісімде "Жұмыс беруші" деп аталады, екінші жақтан филология ғылымының кандидаты А.Сәрсенов бұдан былай қарай келісімде "Жұмысшы " деп аталады.

            3. Жұмыстың сипаты мен мазмұны, квалификация дәрежесі. (Базалық шарттар)

            Мұнда жұмыстың сипаты мен мазмұны оны атқаруға қажетті квалификация дәрежесі атап көрсетіледі. Жұмыс-шының мекеменің қай бөлімінде, кім болып істейтіндігі анық жазылады. Мысалы,

            "Жұмысшы "_____Сәрсенов Алмас____ қазақ тілі кафедрасына доцент

                                                          (аты-жөні)

болып кабылданады.

            4. Келісім типі

            Мұнда жұмысшының негізгі жұмыс орны ретінде істейтіндігі я болмаса басқа жердегі негізгі жұмыс орнына қосымша істелетін жұмыс орны ретінде кіріп, келісім жасап отырғаны анық жазылады. Мысалы,

            "Бұл еңбек келісімі — негізгі жұмыс келісімі, косымша істейтін жұмыс келісімі" (керектісінің асты сызылады).

            5. Келісім түрі

            Мұнда жұмысшы уақытша әлде тұрақты жұмысқа қабылданғаны жөнінде жазылады. Келісім уақытша жасалса, себебі көрсетіледі. Мысалы,

            "Жұмысшы уақытша бос тұрған орынға қабылданып отырғандықтан, келісім шектеулі мерзімге жасалады".

            6. Келісім мерзімі

            Мұнда келісімнің күшіне енетін күні мен аяқталатын күні көрсетіледі. Даталар цифрмен де жазбаша да, я бол­маса 2 нұсқа да көрсетіледі. Мысалы,

            "Келісім 2000 жылдың 20 мамырында (екі мыңыншы жылдың жиырмасыншы мамырында) күшіне енеді". " Келісім 2001 жылдың 20 ма­мырында (екі мың бірінші жылдың жиырмасыншы мамырын­да) өз күшін жояды ".

            7. Сынау мерзімі.

            Егер жұмысшы сынау мерзімімен қабылданатын болса, онда оның мерзімі көрсетіледі. Бірақ сынау мерзімі келісім жасалған күнді қоса есептегенде 3 айдан аспауы керек. Сынау мерзімі күнмен де аптамен де көрсетіле береді. Мысалы,

            "Жұмысшыға екі апта сынау мерзімі белгіленеді".

            8. Жұмысшының міндеттері.

            Мұнда жұмысшының кәсіптік міндеттері айтылады. Ол қандай құжат (бұйрық, нұсқау т.б.) негізінде жүзеге асырылатындығы атап көрсетіледі. Мысалы,

            "Жұмысшы ":

— өз міндеттерін мезгілінде және сапалы атқаруға;

— келісімнің 1.3-тармағында айтылған еңбек және өндірістік тәртіпті сақтауға;

— техника кауіпсіздігі талаптарын сақтауға;

— мемлекеттік құпияны жария етпеуге;

— ішкі еңбек тәртібі ережесіне бағынуға міндетті

            9. Жұмыс беруші міндеттері.

            Бұл бөлікте жұмысшыны қалыпты еңбек жағдайымен қамтамасыз ету, еңбекақы төлеу мерзімі, медициналык сақтандыру,қамтамасыз ету сияқты әкімшілік өз мойнына алған негізгі міндеттер айтылады. Мысалы,             "Әкімшілік Қазақстан Республикасының Еңбек туралы заң кодексіне сәйкес қалыпты еңбек жағдайымен қамтамасыз етуге міндеттенеді. Зейнетақымен қамтамасыз ету және ме­дициналық сақтандыру жалпы Қазақстан Республикасы азаматтарына ортақ  негізде жүргізіледі"

            10. Жұмысшының еңбек құқығын қорғауға қосымша кепілдік беретін мағлұмат.

            Бұл бөлікте жұмысшының еңбек құқығын қорғауға берілетін қосымша кепілдіктер жайлы айтылады. Атап айтқанда, басқа жұмысқа ауыстыру, еңбек демалысын өткізуге берілетін жеңілдік, қоғамдық транспортта жүруге берілетін жеңілдік, медициналық, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсету, тұрғын үймен қамтамасыз ету т.б. Мыса­лы,

            "Еңбек келісімінде көрсетілген мерзім аралығын­да жұмысшы онда көрсетілген міндеттерді толық атқарып, келісім талаптарын орындаған жағдайда оның еңбек құқығын қорғау мақсатында "Жұмыс беруші" әкімшілік тарапынан қосымша мынадай жеңілдіктерге кепілдік береді:

            а) Қазақстан Республикасы Президентінің 21.04.1993 жылғы N 431 Жарлығында айтылған жеңілдіктерді толық пайдалануға;

            ә) Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін пайызсыз қарыз алуға;

            11. Еңбек пен демалыс тәртібі

            Бұл бөлікте жұмысшының еңбек тәртібі, оның ерекшеліктері айтылады. Мысалы,

            "Жұмысшыға " 5 күндік (40 сағаттық) жұмыс күні белгіленеді. Толық емес жұмыс күніне көшіру қосымша өзара келісім негізінде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Еңбек туралы заң кодексіне сәйкес "Жұмысшы " өз міндетін атқаруға демалыс, мейрам күндері де шақырылуы мүмкін. "

            12.Ақшалай сыйлық көлемі және оның төлену тәртібі

            Бұл бөлікте еңбекақы төлеу тәртібі және қосымша берілетін ақшалай сыйлық көлемі мен оның берілу тәртібі айтылады. Мекеме немесе ұйымның өз ерекшелігіне, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісім жағдайына қарай:

а) лауазымдық төлемақы көлемі (айына______теңге);

ә) сағаттық төлемақы көлемі (сағатына______теңге);

б)атқарылатын жұмыс ерекшелігіне қарай үстемақы (лауазымдық  төлемақы мөлшерінің_____пайызы);

в) басқа қосымша ақы мөлшері_______(теңгемен я пайызбен);

г)мереке күндері берілетін ақшалай сыйлық______мөлшері (теңгемен, пайызбен) көрсетіледі.

            13.Демалыс алу тәртібі.

            Бұл бөлікте негізгі еңбек демалысының ұзақтығы, қосым­ша алынатын демалыс ұзақтығы, оларды алу тәртібі, сонымен қатар ақысы төленбейтін демалыс алу тәртібі анықталады. Мысалы,

            "Жұмысшыға" жылына бір рет Қазақстан Республикасы­ның еңбек туралы Заңы кодексіне сәйкес, ұзақтығы 18 жұмыс күні мөлшерінде ақылы демалыс беріледі. Демалыстың берілу мерзімін әкімшілік анықтайды. Жұмысшының қалауына қарай бұл демалыс екі бөлікке бөлініп те беріледі. Мұнда демалыстың бір бөлігінің ұзақтығы кемінде 5 жұмыс күнінен тұрады.

            Ақысы төленбейтін қосымша демалыс 10 жұмыс күні мөлшерінде "Жұмысшының" жеке басының жағдайына байланысты әкімшілік шешімімен беріледі. "т.б.

            14. Келісім бойынша жасалатын басқа да жағдайлар мен шарттар.

            Бұл бөлікте келісімнің негізгі бөлімінде айтылмаған, екі жақтың қосымша міндеттері сөз болады. Мысалы,

            "Жұмысшыға" жылына бір рет арнайы жұмыс киімі мен аяқ киім беріледі".

            "Жұмысшының" мектеп жасына дейінгі баласы болса, ұйымның бала бақшасынан орын беріледі." т.б

            15. Келісімдегі ерекше жағдайлар.

            Бұл бөлікте екі жақтың жазбаша келісімін қажет ететін ерекше жағдайлар айтылады. Бұл жағдайлар әр мекемедегі еңбекті ұйымдастыру ерекшелігіне байланысты, сондықтан әр мекеменің ішкі жағдайына қарай қаралады. Сонымен қатар бұл бөлікте ерекше жағдайлардан басқа келісім бұзылатын немесе қайта қаралатын, күшін жоятын жағдайлар сөз болады.

16. Келісімнің тоқтатылуы.

            Бұл бөлікте келісім күшін жоятын жағдайлар атап көрсетіледі. Мысалы,

            "Келісім мынадай жағдайда тоқтатылады:

— екі жақтың бірі келісім мерзімін ұзартудан бас тартқанда (бұл жөнінде келісім аяқталудан 1 ай бұрын жазбаша хабарлану керек);

— мезгілінен бұрын — егер екі жақтың бірі үнемі өз міндетін орындамаса;

— кәсіпорын я мекеме таратылған жағдайда;

            Келісім мезгілінен бұрын тоқтатылатын болса ол жайлы екі жақ  бір-біріне мерзімінен 15 жұмыс күн бұрын жазбаша хабарлау керек".

           

17. Екі жақтың мекен-жайы мен реквизиттері.

            Бұл бөлікте екі жақтың толық мекен-жайы мен реквизиттері жазылады. Жұмыс беруші мекен-жайы сол жаққа, жұмысшы мекен-жайы оң жаққа жазылады. Мысалы,

 индекс 480100

Алматы қаласы,

Достық  даңғылы, 13

Абай атындағы Алматы  

мемлекеттік университетінің ректоры_______________________

                                    (аты-жөні)

индекс 480005

Алматы каласы

Тастақ микроауданы

N 2- үй 89- пәтер

 

___________________________

                        (аты-жөні)

18.Сигнатура

 

19. Дата

            Еңбек келісіміндегі сигнатура, дата бөліктерінің жазылуы, рәсімделуі басқа іс қағаздарындағыдай.

            20. Келісімге қосымша.

Егер келісімге қосымша берілетін құжат немесе мәліметтер болса ол жайында екі жақ қол қоятын жолдан 1 интервал төмен алынып ескерту жазылады