Филологические науки

 

Ахметова Ақбота (Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты, Қазақстан)

СЕПТЕУЛІК ШЫЛАУЛАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

 

Септеулік шылаулардың қалыптасуы да өзге грамматикаланған көптеген сөздер сияқты грамматикалық жағынан абстракциялануы, лексикалық ұғымнан жалпы грамматикалық қатегория дәрежесіне жетуі өте баяу және бірте-бірте даму жолымен келгендігі байқалады.

Тілімізде адам ойлауының жан-жақтылықты, нақтылықты білдіретін бір пікірдің екінші пікірмен ұштасып айтылатындай біршама сөздер де бар. Мұндай сөздер замандар бойы тиісті сөз тіркестерінде қолданылуының барысында біртіндеп өзінің негізгі мағынасынан ажырап, көмекшілік сипатқа түскен. Осындай шылаудың бірі – септеуліктер. Септеуліктердің шығу төркіні, қалыптасуы жайлы біршама зерттеулерде пікірлер кездеседі.

«Шығу тегі тұрғысынан қарағанда, өзге шылаулар сияқты, септеуліктер де тіліміздің даму тарихының белгілі бір кезеңдерінде жеке-дара қолданылуы дербес мағыналы негізгі атаушы сөздерден (зат есімнен, етістіктен, үстеулерден) ауыса келіп, өз алдына категория болып, бірте-бірте қалыптасқан» дей келе, мынадай мысалдар келтіріп, «қазіргі қазақ тілінде өте жиі қолданылатын үшін (үш+ін), шейін (шек+ін), сияқты (сиық+ты), арқылы (арт+қа+лы), бойы (бой+ы), жөнінде (жөн+ін+де), шамалы (шама+лы) сияқты септеулік шылаулардың есімдермен тектес екендігі күмәнсіз болса, дейін (дей+ін), сайын (сай+ын), қарай (қара+й), гөрі (көр+е) сияқты септеулік шылаулардың етістіктермен тектес екендігі даусыз» [1; 172] деп пікірін білдіріп, талдап өткен.

«Қазақ граматикасында» септеуліктерге «сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді бірін екіншісіне бағындыра, яғни сабақтастыра байланыстыратын» [2; 559] деген анықтама береді.   

Септеулікке жататын сөздер қалыптасу тарихы тұрғысынан алып қарағанда ерте қалыптасқан (үшін, шейін, дейін, сайын, бетер) және кейінірек қалыптасқан (туралы, жөнінде, арқылы, кейін, соң, әрі, бері, гөрі, кезде, қатар, қарай, бірге, бойы, бұрын т.б.) септеуліктер деп екіге бөлінеді. Бұлардың бірінші түріне жататын сөздер өздерінің алғашқы лексикалық мағынасынан, тұлғалық қасиетінен әлде қайда алшақтап кеткен.  Сондықтан бұлардың нақтылы шегін табу, дәл, толық анықтау көбірек ізденуді қажет етеді. Ал, екінші тобына жататын септеулік шылаулар көбіне өздерінің алғашқы лексикалық мағынасынан да, тұлғалық қасиетінен де өздерінің алғашқы негізінен де онша алшақтай қоймаған сөздер болып саналады. Бұлардың көбі әуел баста бөлініп шыққан негіздеріне омоним болады. Мысалы: Екеуі бірнеше сағаттан кейін қалаға жақындады (С.Ер.). – бұл сөйлемде кейін сөзі септеулік қызметінде тұр. Сейтен кейін шегінді (С.Ер.). дегенде, кейін сөзі үстеу болып, өз алдына дербес тұр. Бұл жиынның Базаралыдан басқасы үш күннен бері бірге жүрген (М.Ә.). – деген сөйлемде бері сөзі септеулік болса, «Кел бері!» - деп әмір етті (М.Ә.). – дегендегі бері үстеу болады.

Балалар қолқа салған соң меселін қайтара алмадым (Ғ.Сл.). дегенде, соң – септеулік. Михаил мен Айдынғали әңгімелесіп, қарияның соңында келеді (Ғ.Сл.). – сойлеміндегі соңында сөзі – үстеу болып тұр.

Мұндай септеуліктердің тілімізде ерте пайда болып, өзінің негізінен алшақтау немесе бертін келе қалыптасып, өз негізіне жақын болу сияқты жағдайлар жалпы түрік тілдеріндегідей орыс тілінің предлогтарына да (а, до, у сияқты көне түрімен қатар, благодаря, мимо, навстречу тәрізді бертінректе пайда болғандары да) бар [3; 652]. 

Септеуліктер өздерінің морфологиялық негіздері жағынан әр түрлі сөз таптарына қатысты болып келеді. Бұларды сол негіздеріне қарай топтастырғанда, есім сөздерден бөлініп қалыптасқан септеуліктер, етістіктен бөлініп қалыптасқан септеуліктер, үстеуден бөлініп қалыптасқан септеуліктер деп жіктеуге болады.

Есім сөздерден бөлініп қалыптасқан септеуліктерге мыналар жатады: үшін, шейін, туралы, сияқты, секілді, тәрізді, арқылы, бойынша, бетте, бұрын, қабат, қатар, кезде, жөнінде, шақты т.б.

Етістіктен бөлініп қалыптасқан септеуліктер: дейін, сайын, салым, қарай, қарағанда, көрі (гөрі) т.б.

  Үстеуден бөлініп қалыптасқан септеуліктер: әрі, бері, кейін, соң, ілгері, бірге т.б.

 Бұл септіктерді қалыптасуына қарай жіктеу. Жалпы тіліміздегі байырғы сөздер тобы туыстас түркі тілдеріне ортақ екені мәлім. Сол сияқты ертеден қалыптасып келе жатқан септеуліктер де – байырғы сөздердің қатарында түркі тілдеріне ортақ сөздер болып саналады. Әрбір тілдің өзіндік өзгешелігіне орай олардың дыбысталуы жағынан ерекшеліктері болғанымен, мағыналық жағынан бір, кейде жақын болып келеді. Сондықтан жалпы түркі тілдерін зерттеу ісімен шұғылданғандар болсын, жеке тілдердің көмекші сөз категориясын зерттеушілер болсын осы септеуліктердің қалыптасу тарихын өз тұрғыларынан әр қилы қарастырғандары да бар.

Сөйлемде атқаратын қызметі жағынан септеуліктер басқа сөздерден кем түспейді. Олар сан жағынан шағын болғанымен, тілде өте-мөте жиі қолданылады. Септеуліктер өзгермейтін, дербестігі жоқ сөздер болуына қарамастан, тіркескен есім сөздерін синтаксистік қатынасқа келтіріп белгілі бір септіктерді меңгеріп тұрады [4; 134]. Септік жалғауларының грамматикалық мағыналарын жетілдірумен бірге, септеулі сөзді басқа сөздермен байланыстырып және оларды меңгеретіндіктен де бұл көмекшілер септеулік делінеді. Олар көбіне атау, барыс, шығыс, көмектес септіктерді меңгереді. Ілік септігімен келетін септеулікке ауысу дәрежесіндегі бірен-саран сөздер де бар.

Септік жалғаулы сөздерді меңгеретін септеуліктердің алуан түрлі топтары бар. Олардың сыр-сипатын жете айқындау үшін әрбір топқа арнайы тоқталған жөн.

 1. Атау септігіндегі есімдермен есім мәндес сөздерді меңгеретін септеуліктер. Бұларға мыналар жатады: үшін, туралы, жөнінде, жайлы, жайында, сияқты, сынды, секілді, тәрізді, арқылы, сайын, бойы, кезде, шамалы, шақты, жағы, жағында т.б.

Мысалы: Омардың ойы – Жақып арқылы жұмысты астыртын бітіру (Б.М.). Баласы үшін жанын қияр бар ата, Бірақ, сіздей бола бермес әр ата (С.Д.). Осы қалыпша бір жағы егін, бір жағы саудамен Сейтқұлдың жұрты жұрттан асқан бай болыпты (Ы.А.). Келген бетте көптің шетінде тұрып қалған Әдхан кимелеп ортаға таман барды (Ғ. Мүс.). Ондай ұрылар жайында Абайдың естіген әңгімелері соншалық көп (М.Ә.). Жалақы жөнінде кейінірек болғанын дұрыс көрдім (Ғ.Мүс.). Бірінен-бірі алшақ салынған он шақты ақ үйлер тұр (Ғ. Мүс.).

2. Ілік септіктегі есім сөздерді меңгеретін септеуліктер: үстіне, үшін, арқасында, (арқамда, арқаңда), жанында, қасы, қасында. Бұл сөздердің «үшіннен» басқасы бірде көмекші есім, бірде септеулік қызметінде жұмсалады. Бұл сөздер көмекші есім болғанда, өздерінің нақты лексикалық ұғымында, яғни тұтас бір нәрсенің юөлшегі, мүшесі мағынасында тұрады да (мысалы: От үстінде үлкен қара шәугім асулы тұр), септеулік қызметінде жұмсалғанда, абстрактылық ұғымда келеді.

Мысалы: Дене ептілігінің үстіне ол аса ойнақы жігіт (С.М.). Шешесінің арқасында Көркемтай жетімдіктің не екенін де білген жоқ (С.Дөн.). Мазасыздық үстінде, үдере көшіп отырып, Бақанасқа жетті (М.Ә.).

3. Барыс жалғауындағы есімдерді меңгеретін септеуліктер: дейін, шейін, қарай, таман, жуық, тарта, салым, қарсы, қарағанда, санағанда, аса т.б.

Мысалы: Оқжетпестің етегіне келгенге шейін ол еш нәрсе ойлаған жоқ (С.М.). Бесіктегі балаға шейін біледі десең де ауыз барады (С.Дөн.).

«Қарай» септеулігі «бері, ілгері» септеуліктерімен тіркескенде, септік жалғауын тілемейді. Мысалы: Ақаным нашар жатыр деп, Бері қарай жосқан ғой (Ақан).

4. Шығыс септіктегі есімдерді меңгеретін септеуліктер:бері, әрі, кейін, гөрі, соң, бетер, былай, бұрын, басқа, астам, бөтен, тыс, шет (шеткері), ілгері, бастап, т.б.

Мысалы: Түннен бері ойына келген байлауын айтты (М.Ә.). Абайдың ғылымға, өлең жазуға белсене кірісуі қырық жасынан бері қарай (Қ.Ж.). Жақының кейде жаттан әрі қинайды (Ғ. Мүс.). Содан былай Кебектің атын естісе, Жақыптың жүрегі дір ете қалған сияқтанушы еді (Б.М.). Үйде Бөжей мен Сүйіндіктен басқа Түсіп бар (М.Ә.).

«Соң» септеулігі тіркескен есімшенің өткен шағы шығыс септігінің жасырын жабық түрінде келеді.

Мысалы: Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім (Абай).

5. Көмектес жалғаудағы есімдерді меңгеретін септеуліктер: қатар, бірге, қабат, қоса т.б.

Мысалы: Тыңнан мұғалімдер даярлаумен қатар, бұрынғы мұғалімдердің өздерін де курстан өткізіп, қайта даярлаймыз (С.М.). Сүйегі ірілеумен қабат, бұлшық еттері де толып, бар мүсіні балғын, кесек тартыпты (М.Ә.). Қазір кәрілікпен қоса, кедейлікте мініпті мойнына (Ғ. Мүс.).

Септеулік шылаулардың мағынасы белгілі септіктің мағынасына байланысты қалыптасқан. Сондықтан септеулік шылаулар – белгілі септік сөзге ғана тіркесетін шылаудың түрі. Септеулік шылаулар септіктерді таңдайды және септік тұлғалы сөзден басқа тұлғалы сөзбен тіркеспейді, қолданылмайды [5; 352] деп айта келе, атау септік, барыс септік, шығыс септік, көмектес септіктегі сөздермен тіркесіп қолданылатын септеулік шылауларға тоқталады, талдайды. Осындай талдаулар А. Ысқақовтың еңбегінде келтірілген [6; 373].

Сонымен, шылаулар – сөз бен сөздің немесе сөйлем мен сөйлемнің араларын байланыстыру, құрастыру үшін қолданылатын, өздері тіркескен сөздерінің ұғымдарына әр қилы реңктер үстеп, оларға ортақтасып, тұлға жағынан тиянақталған, лексика-грамматикалық мағынасы бар сөздер. Шылау сөздер ішкі мазмұндары жағынан да, сыртқы формалары жағынан да, сондай-ақ, қызметтері жағынан да өздерінің бастапқы шыққан төркіндерінен біржола қол үзіп, әрі осы аталған негізгі үш белгі жөнінен де дербестіктерінен айырылып, өз алдына категория болып қалыптасқан және жалпы көмекші сөздер тобына негізгі ұйытқы есебінде қызмет ететін сөздер.

Шылаудың ішіндегі септеуліктер тобы объекті мен объектінің не предикаттың арасындағы түрлі грамматикалық қатынастарды білдіру үшін қолданылып, белгілі бір септік жалғауын меңгеріп тұратын көмекші сөздерді айтамыз. Септеуліктер өздері тіркесетін есімдерге, субстантивтенген өзге де атаушы сөздерге себептік, бағыттық, мақсаттық, көмектік, мезгілдік, қайталау, талғау, үдету, ұқсату сияқты әр қилы грамматикалық мағыналарды жамап тыңғылықтандырып отырады.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. – Алматы: Өлке, 2010.

2. Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002.

3. Кононов А.Н. Грамматика современного узбекского литературного языка. – М.-Л., 1960.

4. Дмитриев Н.К. Грамматика башкирского языка. – М.: Высш. шк., 1974.

5. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. – Алматы: Қайнар, 2007.

6. Ысқақов А. Қазіргі өазаө тілі. Морфология. – Алматы, 1991.