Ертаева Фариза Ертайқызы
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
Филология,
әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің
2-курс магистранты
Қазақ
тілі – әлеуметтік-коммуникативтік кеңістіктегі
қостілділіктің сыңары
Тіл –
тұлғалардың бір-бірімен пікірлесуін, сөйлесуін
қамтамасыз ете отырып, тілдік қарым-қатынасты іс
жүзінде жүзеге асырады. Тіл адамдар арасындағы пікір алысу,
өзара түсінісу құралы. Кез келген тіл адамдар
үшін, өзінің ортасы үшін, яғни қоғам
үшін қызмет жасауы керек. Ешбір қоғам тілсіз болмайды,
тілсіз де қоғамның болуы мүмкін емес.
Әр елде, кейде
әр аймақта тілдік жағдайдың қалыптасуының
немесе пайда болуының өзіндік ерекшеліктері болуы мүмкін.
Мысалы, Қазақстан халқы үшін өмірдің экономикалық,
мәдени т.б. салаларында қатынас құралы ретінде орыс
тілі басым болған. Бір жағынан Кеңес Одағының ыдырауынан
кейін, орыстардың көп бөлігінің
Қазақстаннан кетуі және керісінше, шет елдерден туған
жерлеріне оралмандардың қайта келуі елдегі тілдік жағдаятты
күрт өзгертті. Оның бәрі титулды тілдердің
қайта өркендеуі және таралуымен тығыз байланысты.
Қазіргі
Қазақстандағы тілдік жағдай көптілді және
экзоглосты деп қарастырылады. Байқағанымыздай,
Қазақстанның өзінің бір ерекше тілдік
жағдайы бар, себебі, елде сан алуан тілдің түрлері бар
және осы тілдердің басым бөлігін екі коммуникативті
қуатты тілдер таразылайды – қазақ және орыс тілдері.
Қостілділік бұл республикадағы ең маңызды тілдік
көрсеткіш болып табылады. Сондықтан қостілділік феномені
мәселесін елімізде лингвистер, әлеуметтанушылар, саясаттанушылар,
журналистер жіті бақылауына алып отыр.
Отандық тіл білімінде
қостілділік мәселелері Э.Д.Сүлейменова, М.М. Копыленко, З.К. Ахметжанова, С.Е.Байболсынова,
М.К.Исаев, Б.Хасанұлы,
Г.А.Ғабдуллина еңбектерінде қарастырылған. Ж.Қ.Ибраева
психолингвистика аспектісінде талқылаған. Билингвизм терминіне
қатысты ғалымдардың бірнеше тұрақты
тұжырымдары бар (Л.В.Щерба,У.Вайнрайх, А.Розенцвейг). Тілдер
қатынасы теориясының негізін салушы У.Вайнрайхтың пікірі
бойынша екі тілді алма-кезек қолдану тәжірибесі – қостілділік
[1, 25-60 бб.]. Тілдерді меңгеру деңгейін әр зерттеуші
әртүрлі анықтайды. Кей ғалымдар қостілділікті – екі
немесе бірнеше тілдерді әртүрлі деңгейде білу (Б.Хасанұлы,
М.К.Исаев) деп қарастырса, ғалымдардың бір тобы – екі немесе
бірнеше тілді ана тілін білу деңгейінде меңгеруі деп
қарастырып жүр.
Қостілділік
адамның рухани үдерісіне әсер етеді. Жеке тұлға
үшін қостілділік – көп тілді қоғамда
қатынас құралы болумен қатар ойлау
жүйесінің сөйлеудегі нәтижесі. Қостілділік
біріншіден ұлттық мінез-құлық компоненттері болып
табылса, екіншіден басқа ұлттардың
құндылықтарын тану болып табылады.
Қостілділік деп біз
жеке бір индивидтің немесе қоғамның
қарым-қатынас жасау мақсатында екі тілді қатар
қолдануын айтамыз. Осы арқылы біз У.Вайнрайхтың «Коммуникация
– адамдардың пікір-ой алмастыруындағы қоғамдық
үдеріс» деген анықтамасын толықтырамыз және
қостілділік түсінігін қоғамдық психолингвистика
шеңберімен шектейміз. Жеке индивидтің немесе индивидтер
тобының қарым-қатынас жасау барысында бір тілді қолдануын
біртілділік немесе монолингвизм деп атаймыз. Ал үш кейде одан да
көп тілдерді қолдануды көптілділік (мультилингвизм) дейді.
Осы тұрғыда қостілділікті кең тараған
үдеріс деп қарастыруға болады.
Қатынасқа
түсуші тілдердің қоғамдық дәрежесіне байланысты
қостілділік пен диглоссияны ажырата білу керек. Қостілділік
бір-бірімен мінез-құлқы, мәдениеті жағынан
ерекшеленетін әртүрлі тілдердің қатынасы, ал диглоссия
бір тілдегі жергілікті сөйленістердің қатынасы.
Қостілділік
түсінігіне байланысты ғалымдар пікірі әрқилы. Белгілі
ғалым Б.Х.Хасанұлы «Қостілділік – белгілі бір территория
көлеміндегі ұлтаралық (этносаралық)
қарым-қатынасқа түсетін белгілі бір этникалық
қауымдастық өкілдерінің, бүкіл
қоғамның
(социумның) әртүрлі жағдайда екі тілді
(әдетте ана тілі мен екінші тілді) алма-кезек немесе қатар
қолдануы» деген анықтама бере отырып, «Егер адам, адамдар тобы,
қоғам этникалық белгісіне қарай қанша алуан болса
да, екі тілде сөйлессе (жазса, оқыса) ғана қостілді
(билингв) болып саналады» [2, 86 б.] деген қорытындыға келеді. Ал,
Б.Гавранек билингвизмді «тілдік қатынастың ерекше жағдайы
ретінде анықтай отырып және осы терминді қолдану тек
ұжымдық екітілділікке қатысты екенін нақтылап, кең
көлемде түсінік береді [3, 65 б.]. В.А.Аврорин билингвизмге
төмендегідей анықтама береді: «Шамамен екі тілді және одан да
көп тілдерді бірдей еркін меңгеру. Нағыз қостілділік
екінші тілді меңгеру деңгейі бірінші тілді меңгеру
деңгейіне жеткенде ғана басталады» [4, 140 б.]. Билингвизм
түсінігі және екі тілді меңгеру деңгейі туралы
анықтаманы Е.Ю.Протасова былай
деп тұжырымдайды: «Қостілділік жеке жағдайда, ал
көптілділік жай мағынада – екі тілде қатар сөйлеу
мүмкіндігі, яғни, екі тілді меңгеру деңгейінің
ана тілін меңгеру деңгейіне сәл де болса жақын болуы
мүмкін. Тұрақты тілдік жағдайда, қоғамда
мәртебесі жоғары беделді тіл және тіл мәртебесі
төмен беделсіз тіл өмір сүреді. Оның біріншісі
грамматикасының күрделі болуымен ерекшеленіп, көбінесе ресми
жағдайларда және жазбаша жазуларда қолданылады. Ал екіншісі –
күнделікті өмірде, көбінесе ауызекі сөйлеу тілінде
қолданылады» [5, 3-15 бб.].
Жалпы алғанда,
қостілділік түрлері әр салада жан-жақты зерттеліп,
әртүрлі классификациялар ұсынылған. Мысалы:
Б.Хасанұлы әлеуметтік лингвистика негізінде жасалған
классификацияны ұсынады:
а) қостілділіктің
түрлерін оның белгілі бір қауыммен сәйкестенуінің
бағытына қарай жеке,
топтық, бұқаралық қостілділік деп жіктеуге
болады;
ә) тілдерді игеру
тәсіліне қарай табиғи және
жасанды түрлерге бөлуге
болады;
б) тілдерді меңгеру
деңгейіне қарай координативтік (таза) және субординативтік қостілділік түрлерін сипаттауға
болады [6, 27 б.].
Э.Д.Сүлейменова,
Н.Ж.Шәймерденова, Ж.С.Смағұлова, Д.Х.Ақанованың
«Әлеуметтік лингвистика терминдерінің сөздігінде» қостілділіктің
мынадай түрлері берілген:
- жеке қостілділік
– белгілі бір халықтың жеке мүшелерінің екі тілді білу
әрі қолдануы және жаппай қостілділік –
халықтың көпшілігінің екі тілді білуі әрі
қолдануы;
- аймақтық
қостілділік – елдің белгілі бір аймағындағы
тұрғындардың екі тілді білуі әрі қолдануы
және ұлттық қостілділік – сол ел халқының
екі тілді білуі әрі қолдануы;
- табиғи
қостілділік – осы тілдерді қолдаушылардың тікелей
өзара әрекетінің салдары ретінде екі тілді білуі әрі
қолдануы және жасанды қостілділік – екінші тілді
үйренуге арнайы және әдейі жасалған шарттардың
салдары ретінде екі тілді білуі әрі қолдануы;
- таза немесе
үйлестірілген қостілділік – екі тілдің
әрқайсысы билингвте бөлек жүйе ретінде болады, аралас
қостілділік – екі тіл бір жүйеде бірігеді, субординативті
қостілділік – екінші тілді меңгерудің бастапқы сатысы,
оның бірліктері өзінің мағыналық базасын азайтып,
бірінші тілдің бірліктерімен арақатынаста болады.
- қосымша
қостілділік – билингв біріншідегі тілдік құзыретті жоғалтпай, екінші
тілді қолданады және орнын басатын қостілділік – билингв
екінші тілді меңгергеніне қарай біріншідегі құзыретті
жоғалтады;
- функционалды
(мәдени) қостілділік – екі тілді бір халық қолданады, сонымен
бірге біреуі – этностық тіл, басқасы – арнайы қызметтерде
немесе қарым-қатынастың ерекше жағдайларында
қолданылатын этнос үстіндегі тіл және этникалық
қостілділік – бір социумда екі тілдің қолданылуы сол тілдерде
сөйлейтін екі халықтың арақатынасымен немесе бір
халықтың екі тілді қолдануымен байланысты болады [7, 64
б., 239 б., 231 б.].
2009 жылғы
халық санағының мәліметі бойынша [8],
Қазақстан Республикасын 125 этнос пен диаспора өкілдері мекен
етеді, тұрғындардың саны 16 004,8 мың адамды
құрайды. Солардың ішінде ең көбі 7 этнос болып
табылады. Жалпы халық санының ең көп мөлшерін
63,1% қазақтар мен 23,7% орыстар құрайды. Басқа
этностар мен этникалық топтардың үлесіне республиканың
13,2% тұрғыны тиесілі. Қалалық және ауылдық
жерлерде этникалық айырмашылық айрықша айқын
байқалады. Тұрғындардың этностық
құрамы жағынан қалада және ауылдық жерлерде
қоныстануы бойынша былай сипатталады: қалалы жерлерде
қоныстанған барлық халықтың 47,9%
қазақтар, 72,8% орыстар, 74,6% татар, 55,8% украин, 50,1% немістер,
42,7 % ұйғырлар, 83,8% корейлер, 27,8% түріктер, 48,8%
әзербайжандар, 52,8% белорусь, 17,0% дұңған, 20,8%
күрдтер, 49,8% шешендер, 68,3% қырғыздар мен 43,6% басқа
этностар құраса, Халықтың қалған
бөлігі ауылдық жерлерде тұрады.

2-сурет. Жалпы халық ішіндегі жеке этностардың алатын
үлесі
Э.Д.Сүлейменованың
пікіріне сүйенсек, кеңес кезінде Қазақстанда
қостілділіктің дамуы «көптеген жылдар бойы қостілділік
кезінде ана тілін сақтау, алмастыру және жоғалту бүркемеленіп
келді. Керісінше, орыс тілімен байланыста болатын тілдерді байыту міндетіне
ерекше көңіл бөлінді... Қостілдіктің
әлеуметтік-қызметтік талдауы көбінесе тілдік түсінік
пен ұлттық сана-сезім сияқты өте маңызды
факторлардың есебінсіз жүзеге асты» [9, 57 б.].
Екінші тілді, демек басқа мәдениетті
меңгеру процесін зерттеу барысында мәдениаралық
қарым-қатынас процестерін үйрену маңызды болып
саналады. Е.Ф.Тарасов:
«мәдениаралық қарым-қатынас әртүрлі
мәдениет иелерінің (және әдетте түрлі
тілдердің) қатынасуы ретінде түсіну орынды. Метафораның
көмегімен «ұлттық мәдениет иесі» әдетте белгілі
бір ұлттық мәдениетті «иемдену» барысында
қалыптасқан адам санасының сапасын көрсетеді», – деп
тұжырымдайды. Когнитивті психологияда осы сананың сапасының
аясында мынаны ескереді: 1) сезім мүшелерінен алынған естілім
мәліметтерін қайта өңдеу барысында
тұжырымдалған естілім білімі; 2) ойлау әрекеті үстінде
қалыптасқан, естілім мәліметтеріне тікелей сүйенбейтін тұжырымдамалық білім; 3) естілім
және тұжырымдамалық мәліметтерді қолданудың
жүйелілігі мен әдістерін суреттейтін рәсімді білім [10, 4
б.].
Қазіргі кезде мәдениетаралық байланыс
жеке лингвистиканың ғана емес, маңыздысы,
тұтасқан тәртіп нысаны: психолингвистиканың,
социолингвистиканың, когнитивті психология мен когнитивті лингвистиканың
зерттеу нысаны екеніне ғалым баса назар аударады.
Мәдениетаралық байланысты зерттеудің қазіргі
кезеңін лингвистиканың дәстүрлі нысанын талдаудың
жаңа кезеңі негізінде қарауға болады: талдау
нысанының өзі күрделеніп, өзгерді
(мәдениетаралық байланыстың сан алуандылығы,
қарқындылығы, көлемі өсті), зерттеу жабдығы
өзгерді (коммуникативтік тәсілдеме, нейрофизиологиялық
функционализм, компьютерлік метафора, адамның есте сақтауы туралы,
сөйлеуді қабылдау мен қайта өңдеу процестері
туралы жаңа тереңдетілген білім).
Мәселен, өткен жүзжылдықтың
аяғындағы лингводидактикалық зерттеулерде заттар мен
құбылыстардың оларды айыратын белгілерін ұғыну
нәтижесінде біртұтас тікелей сезімдік бейнелеу ретінде
түсіндірілетін қабылдау жөніндегі психология
мәліметтерін қатыстыру жеткілікті болды [11, 53 б.].
Екі тілдің алма-кезек
қолданылуы, Қазақстан Республикасының Конституциясымен
бекітілген және де басқа нормативтік-заңдық
құжаттармен расталған, тілді қолданатын жерлердің
бәрінде қызмет атқаратын, соның ішінде ең бастысы
болып бүгінгі күні – БАҚ болып табылады.
Бұқаралық ақпарат құралдары тілдің
кодификациялануына және бірыңғайлануына ең басты
ықпалын тигізеді.
Қазіргі
кезеңде халықаралық байланысы күшті барлық
елдерде тілдік қатынас мәселесіне ерекше мән беріліп отыр.
Тілдік қатынастың бүкіләлемдік маңызы ел мен
елдің, ұлт пен ұлттың саяси байланысына жан-жақты
жол ашудан көрінеді. Сондықтан тілдік қатынас бүгінгі
күннің ең өзекті мәселесі ретінде
әлеуметтік лингвистикада жаңа ғылыми еңбектердің
шығуына әсер етті.
Тілдік қатынас –
адамның ойлау, пайымдау, сөйлеу, тыңдау, түсіну, айту,
пікірлесу т.б. әрекеттеріне тікелей қатысты құбылыс.
Сондықтан тілдік қатынасқа байланысты құбылыстардың
теориялық негіздерін анықтау; айтылған, берілген,
жазылған хабарды қабылдаудың әдіс-тәсілдерін
айқындау; сол сияқты қарым-қатынас
құралдары мен тұлғаларын, олардың қолданылу
жолдарын белгілеу қазіргі өзекті мәселелер қатарына
жатады [12, 3 б.].
Қостілділіктің
табиғи және жасанды түрлері ажыратылады. Табиғи
қостілділік сәйкес тілдік ортада табиғи жолмен пайда болса,
жасанды қостілділік оқу жағдайында әртүрлі
әдіс-тәсілдерді қолдана отырып игеріледі. Топтастыру
негізінде жатқан әртүрлі белгілерге байланысты
қостілділік бірнеше типтерге бөлінеді. Әрекеттер санына
қарай билингвизмнің мынадай типтері ажыратылады: рецептивті, репродуктивті, продуктивті
қостілділік. Жас ерекшеліктеріне байланысты ерте және кеш деген
типтерге бөлу де кездеседі. Екі тіл механизмдерінің
арақатынасына орай Л.В. Щерба таза және
аралас қостілділікті
бөліп көрсетеді [13, 15-16 бб.].
«Билингвизм» термині мен «қостілділік»
сөзі синоним ретінде қолданылғанымен, кей зерттеушілер екеуін екі түрлі
ұғым ретінде анықтайды. Кей ғалымдар билингвизм немесе
қостілділікті қандай да бір үдеріс деп түсінеді.
Мысалы, Е.М.Верещагин қостілділікті адамға екі тілдік жүйеге
тән сөйлеу түрін қайта шығару, тудыруға
мүмкіндік беретін психикалық механизм ретінде анықтаса, В.Ю.Розенцвейг
қостілділікті екі тілді меңгеру ретінде, қарым-қатынас
жағдаятына байланысты бір тілден екіншісіне ұдайы ауысу ретінде
анықтайды. Зерттеушілердің назары бұрын билингвизмнің таза
лингвистикалық аспектілеріне аударылса, соңғы жылдары
билингвизмнің психолингвистикалық, әлеуметтік
лингвистикалық аспектілеріне қызығушылық айқын
артып отыр. Билингвизм құбылысын ғылымның
әрқандай салалары әр қырынан алып қарастырады.
Билингвизмнің мәтінмен байланысы тікелей лингвистикада
қарастырылса, қоғамдағы қостілді адамның
немесе топтың мінез-құлқына байланысты мәселелер
әлеуметтануда қарастырылады. Сондай-ақ психологияда
билингвизм сөйлеуді тудыру механизмдеріне орай қарастырылады. Ал
мәтіннің әлеуметтік мінез-құлықпен
байланысы тұрғысынан қарастырылатын билингвизм
әлеуметтік лингвистиканың пәні болып саналса, сөйлеу
механизмі мен мәтін арасындағы байланыс тұрғысынан зерттелетін
билингвизм псхолингвистиканың зерттеу пәні болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Вайнрайх У. Одноязычие
и многоязычие: Новое в лингвистике. – Вып. 6. Языковые контакты. – М., 1972. –
С. 25-60.
2. Хасанұлы Б.
Тілдік қатынас негіздері. – Алматы, 2006. – 86 б.
3. К проблематике смешение
языков // Новое в лингвистике. – Вып. 6.
– М., прогресс, 1972. –
с. 64-111.
4. Проблемы изучения
функциональной стороны языка. – Л., Наука, 1975. – 140 с.
5. Становление и функционирование
двуязычия // Материалы по исследованию билингвизма. – М., Изд. МГУ, 1999. – с.
3-15.
6. Казахско-русское
двуязычие: Социально-лингвистический аспект. А., «Наука», 1987. – 27 б.
7. Словарь социолингвистических терминов. –Издание 2-е, дополненное и переработанное / Э.Д Сулейменова, Н.Ж. Шаймерденова,
Ж.С. Смагулова, Д.Х. Аканова;
Отв. ред Э.Д. Сулейменова. –Алматы: Қазақ университеті, 2007.
– 330 с.
8. Аналитический отчет. «Итоги
Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года». Под ред. Смаилова А.А. – Астана, 2011
– 65 с.
9. Сулейменова Э.Д. Казахский и русский языки: основы
контрастивной лингвистики.
−Алма-Ата: Демеу, 1992.
12. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас. Алматы,
2005. – 275 б.
13. Мәмбетова М. Тілдік қатынас:
оқу-әдістемелік құрал. – Алматы: Қазақ ун-ті,
2011.- 70 б.