Түйте Е.Е.
Академик Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Тіл мен сөйлеу
Таңбалар жүйесі мен олардың
қолданысы тіл деп аталады. Бұл жүйе әртүрлі тіл
деңгейлерінен – фонетикадан (дыбыс, интонация), морфологиядан
(түбір, қосымша), лексикадан (сөз және оның
мағынасы) және синтаксистен (сөйлем) құралады.
Сөйлеу арқылы адамдардың
іс-әрекетін айқындауға болады. Жеке адамның дұрыс
я болмаса дұрыс емес сөйлеуінен оның қандай адам
екендігін білеміз. Сөйлеу дегеніміз – бұл тілдік әрекет.
Сөйлеуде тілдік бірліктер түрлі өзгерістерге түседі.
Сөйлеу уақытқа байланысты сөйлеушінің
өзіндік белгілерін анықтайды. Ол контекст пен
қарым-қатынас жағдаятына байланысты.
Сөйлеу әрекетінің өніміне
сөйлеушінің ауызша немесе жазбаша түрде
құрылған мәтіні жатады. Біздің
қарым-қатынас жасауымыз үшін тілді ғана қолдану
жеткіліксіз, біз үшін оны дұрыс пайдаланып,
қарым-қатынасқа түсушінің жағдаятқа
байланысты сапалы сөйлеуі маңызды.
Грек ойшылы Аристотель: «Жандылардың ішінде адам
ғана сөйлеу қасиетіне ие» – деген [1]. Сөйлеу
жан-жануарларға берілмеген. Себебі сөйлеу – сананың
нәтижесі. Өмірде сөйлейтін (сөйлеуге
ұқсайтын дыбыс шығаратын) құстар мен жануарларды
көреміз. Мәселен, тотықұс (Кто там?). Алайда
бұлардың сөйлеуі сол сөздің мағынасын
түсінгендіктен емес, адамдардың сөйлеуін (дыбысқа
имитация жасау) шартты түрде қайталағандықтан орын алып
тұр. Осы арада И.П.Павловтың жүргізген екі сигналдар
жүйесі жайындағы зерттеулері бұл мәселені
теориялық тұрғыдан дұрыс шешуге мүмкіндік береді.
Саналы адам баласы пайда болмай тұрып, жан-жануарлай қоршаған
ортада көру, есту, сезу мүшелері арқылы әртүрлі
дыбыстар шығарып, бір-біріне (қорғану, көмек
сұрау т.б. мақсатында) белгілер беретін болған. Бірақ
бұл дыбыстық белгілер саналы түрде емес, ағзаның
физикалық, биологиялық қажеттілігінен туындаған.
Осындай бірінші сигналдар жүйесінің негізінде «сөз»
түріндегі екінші сигналдар жүйесі пайда болды. Сөз бізді адам
етті. Екінші сигналдар жүйесі еңбек әрекеті нәтижесінде
дамыды. И.П.Павлов ұсынған бірінші сигналдар жүйесі бізді
жан-жануарлармен жақындастырады, ал екінші сигналдар жүйесі
арқылы адам саналы түрде ойлаудың нәтижесінде сөз
бен оның мағынасын түсіну – сөйлеу арқылы жан-жануарлардан
ерекшеленеді [2, 47].
Тілдік қарым-қатынасқа түсу
жағдайында лингвистикалық (тілдік ережелерді білу),
социолингвистикалық (сөйлеу этикеті, әртүрлі жас,
жыныс, әлеуметтік топ ерекшеліктеріне байланысты) және
прагматикалық (тілдік құралдарды мақсатты түрде
арнайы қолдана білу дағдылары, түрлі мәтіндерді тану,
қарым-қатынас жағдайында жағдаятқа байланысты
тілдік құралдарды орынды қолдана білу) білімдер мен
дағдыларды сабақтастыра білу сөйлеу әрекетін жандандыра
түседі.
Тіл білімінде тіл мен сөйлеуге қатысты
біршама пікірлер бар. Тіл мен сөйлеудің бір еместігін
ғалымдар ертеден-ақ байқаған. Тіл – таңбалар
жүйесі болса, сөйлеу – жеке психофизикалық
құбылыс, тілді пайдалана отырып, сөйлеушінің жеке ойлау
қабілетімен ерекшеленеді. Тіл мен сөйлеудің бірлігі
сөйлеу әрекетінде жеке адамның тілдік және сөйлеу
белсенділігі нәтижесінде жүзеге асады.
Тіл мен сөйлеуге қатысты
мәселенің қойылысы ХІХ ғасырда жандана бастады.
Ғалым, ойшыл В. фон Гумбольдт: «Әрбір жеке адам тілді
өзінің қайталанбас болмысын таныту үшін
қолданады; ол субъективтілік пен объективтілікті түзеді» – деген
болатын [3, 90]. Яғни
ғалымның пайымдауынша, сөйлеу – бұл дара
құбылыс, адам өзінің қоршаған ортаға
деген көзқарасын жеке ойы, сөйлеуі арқылы жеткізеді
деген сөз.
Тіл білімінде тіл мен сөйлеудің бір
еместігін ғылыми тұрғыдан алғаш жан-жақты
дәлелдеп берген ғалым Фердинанд де Соссюр болды. Оның ойынша:
1. Тіл – әлеуметтік
құбылыс, ал сөйлеу – жеке-дара құбылыс.
2. Тіл – жүйелі,
тұрақты және ұзақ өмір сүретін
үдеріс, ал сөйлеу – жүйесіз, тұрақсыз және
жиі өзгеріп отырады.
3. Тіл адамның миымен,
санасымен бірге өзі қалыптасатын үдеріс, ал сөйлеу
әркімнің өзі дамытып отыратын үдеріс.
4. Тіл адамның
қарым-қатынасында және бәріне ортақ, ал
сөйлеуде сөйлеушінің өз қолтаңбасы болады.
5. Тіл – психикалық
(мән), ал сөйлеу – психофизикалық (құбылыс) [4].
Алайда ғалымның тіл мен сөйлеуге
қатысты пікірлерінде қайшылықтар да жоқ емес. Ол тіл
мен сөйлеуді екі бөлек құбылыстар деп санай отырып,
екеуін екі түрлі лингвистика қарастырады дейді. Алайда тіл де,
сөйлеу де –бір ғана тіл білімінің нысаны. Сонымен
қатар, сөйлеуді жеке дара құбылыс дей отырып,
оның әлеуметтік мәнін ескермейді.
Ф. де Соссюрше, тілдің мәні сөйлеу
әрекеті арқылы көрінеді, ал сөйлеу тіл арқылы
адамның ойын жеткізудің, тілдік потенцияны жүзеге
асырудың басты құралы болып саналады.
Тіл мен сөйлеудің бір еместігі
мәселесі тіл білімінде А.Сеше, Л.Ельмслев, Г.Гийом,
А.И.Смирницкий, Л.В.Щерба, Есперсен, Звегинцев, Кацнельсон, Мещанинов т.б.
ғалымдардың еңбектерінде сөз болды.
ХХ
ғасырдың 60-жылдарына дейін тіл білімінің зерттеу нысаны
тілдік жүйе болды. Ал аталмыш уақыттан бастап сөйлеу
әрекетін зерттеуге ойыса бастады (мәтін, дискурс
төңірегінде). Сөйлеу – тіл білімінің ғана емес,
психология, физиология, логопед т.б. ғылымдардың ортақ
мәселесі.
Қазіргі
таңдағы ғылымда сөйлеу жеке өмірдің
феномені ретінде түсіндіріледі, оның басты субъектісі – адам. Сөйлеу
тек таңбалау әрекеті ғана емес, ол сонымен қатар
өмірде болып жатқан жағдайлардан да хабар беріп отырады.
Сөйлеуді қалай болса солай жасалған жай ғана
сөздердің тіркесі деп түсінбеуіміз керек.
А.Байтұрсынұлы: «Ауыздан шыққан сөздің
барлығы сөйлем бола бермейді» – дейді [5]. Сөйлем болып
құралған сөйлеудің жаны – оның
мағыналы болып құралуы мен мәнді болып
жұмсалуында. Ол адамдар арасында (тыңдаушы мен сөйлеуші
арасында) қарым-қатынасты орнатады. Біз аузымызға бірден
келген нәрсені емес, ойланып барып, жүйелі түрде тіл
арқылы екінші адамға ойымызды жеткіземіз. Дауыстамай іштей
сөйлеу де сөйлеуге жатады. Бұл туралы Л.С.Выготский: «Внутренняя речь есть все же речь, то есть
мысль, связанная со словом» – дейді [6].
Екіжақты
байланыстың негізінде сөйлеу әрекеті пайда болады. Тіл мен
сөйлеудің бірлігі сөйлеу әрекетінде жүзеге асады.
Сөйлеу – оны жүзеге асыратын екі субъектісі бар
іс-әрекеттің түрі. Біріншісі, сөйлеуші не жазушы,
екіншісі, тыңдаушы не оқушы. Адресатсыз мүлдем сөйлеу
болмайды, адресант жоқ болса, сөйлеу «іштей сөйлеуге» жатады.
Адамның
тілін тілдік қабілеттілік (тілдік құзіреттілік, тіл жады,
тілдік потенция), тілдік үдеріс (сөйлеу әрекеті,
сөйлеу) және тілдік өнім (мәтін, сөйлеу материал)
сияқты түсініктер құрайды [7].
Тіл мен
сөйлеу – күрделі диалектикалық бірлік. Тіл –
қарым-қатынас жасауды, сөйлесуді қамтамасыз ететін,
сонымен қатар адамның ойлауын сөйлеу әрекетінің
негізінде жүзеге асыратын басты құрал. Ол сөйлеу
арқылы болады және
дыбысталады. Тілсіз сөйлеу, сөйлеусіз тіл болмайды.
Тілдің
негізгі бірлігі – сөз, ал сөйлеудің бірлігі – мәлімдеме
(высказывание). Бір нәрсе жайында айту, мәлімдеу кезінде
алдымызға мақсат қоямыз, яғни сөйлеу –
мақсатқа негізделген әрекет. Қарым-қатынас
кезінде адамдар сөйлеушінің коммуникативтік ниетін оңай
әрі бірден аңғарады. Мәселен, «Қымбаттым!» деген
сөзді контексіз түсіну мүмкін болмайды. Жағымды
мәнде жақсы көру ниетінде жұмсалса, жағымсыз
көңіл-күйде «Мен сені
дәл осылай істейді деп ойламап едім!» деген мәнде жұмсалады.
Сонда сөйлеушінің интенциясы сөйлеу үдерісі мен
оның ақпараттық мәні бар мазмұнында жатыр.
Коммуникация үшін ақпараттың берілуі мен қабылдануы
маңызды.
Тілдің
коммуникативтік қызметі сөйлеу әрекетінде жүзеге асады.
Сөйлеу әрекеті дегеніміз тілдік және қатысымдық
тұлғалардың көмегімен сөйлеуші ниетінің
жүзеге асуы болып табылады. Сөйлеу әрекетінің міндеті
сөйлеушінің
мәлімдемесіне түсіндіру жасау, адресаттың ойына
әсер ету.
Көптеген
ғалымдар сөйлеуді адам іс-әрекетінің (еңбек,
ойын, танымдық әрекет) күнделікті өмірдегі
нәтижесі деп біледі [8, 33]. Осы тұрғыдан ол
қоғамдық мәнге ие, адамдардың бір-бірімен
қарым-қатынас жасауына жол ашады. Сөйлеу адресатқа
түсінікті болуы шарт, ол тілдік заңдылықтарға бағынады,
тілдік ережелерді сақтап құрылады. Керісінше болған
жағдайда сөйлеудің жүйесі бұзылады.
Сөйлеу
іс-әрекеті тілдің коммуникативтік, танымдық,
шығармашылық, ақпараттық, атауыштық,
экспрессивтік, эстетикалық, кумулятивтік т.б. қызметін
айқындайды.
Тіл мен
сөйлеу – бірімен бірі тығыз байланысты екі түрлі
құбылыс. Екеуінің бірлігінің нәтижесінде
тілдің екі түрлі табиғаты айқындалады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Аристотель. Политика. пер. С. А. Жебелева, М.
Л. Гаспарова. – М. : Транзиткнига,
2005. – 395 с.
2
Вендина
Т. И. Введение в языкознание. Изд.2-е, испр. и доп. – М.: Высшая школа, 2005. – 391 с.
3
Гумбольдт В. Избранные
труды по языкознанию. – М. Прогресс, 1984.
4
Соссюр Ф. Труды по языкознанию: пер.с фр.яз. / – М.: Прогресс, 1977. – 695 с.
5
Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. -
Алматы: Ана тілі, 1992. – 446 б.
6 Выготский Л.С. Собрание сочинений. В 6 т. Т. 2.
Проблемы общей психологии. – М.: Педагогика,
1982. –504 с.
7 Кодухов В.И. Введение
в языкознание. – М.: Просвещение,
1979. – 351 с.
8 Леонтьев А.А. Основы психолингвистики. – М.: Высшая школа,
1997. – 270 с.