Музыка и жизнь/1.Музыка: изучение и преподавание
Мукушева Мейрамгүл Сембекқызы
Қарағанды қаласы №2 өнер
мектебінің ұстазы
Таңғажайып шертпе күйдің
атасы – Тәттімбет.
Қазақ халқының аспапты
музыкасында қоңыр күйлердің дәстүрлерін
қалыптастырып, тұтас бір мектептің орнығуына
мұрындық болған ұлы күйші – Тәттімбет
Қазанғапұлы музыка әлемінде өз орнын ойып
тұрып алған. Тәттімбет күйлері өмірді терең
түсінген, ойшыл, қиялшыл жанның сыры мен сезімін
аңғартады.Ол - негізінен лирикалық композитор.
Шығармалары философиялық түйіндерімен астасып жатады, ал
музыка тілі көңілге қонымды, тез жатталғанымен
орындауға қиын, күрделі болып келеді. Тәттімбет
күйлеріндегі лирикадық сарындар, әуен толқындары
қазақтың кең даласы мен оның сұлу
табиғатын суреттейді. Қазанғапұлы
Тәттімбет-қазақ халқының аспапты музыкасында
қоңыр күйлердің дәстүрлерін
қалыптастырып, тұтас бір мектептің орнығуына
мұрындық болған ұлы күйші.
Ол ән мен күйдің жылжыған жорғасы мен
жүйріктері Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу
Мұса, Жанай, Орынбай сияқты әнші-ақындармен,
Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ сияқты
күйшілерімен, Құнанбай, Алшынбай, Ерден, Шыңғыс,
Шорманның Мұсасы сияқты ел басыларымен қадірлес -
сыйлас болған.
Қазанғапұлы Тәттімбет 1815 жылы
Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданына
қарасты Дастар тауының етегінде туған. Бұл жер
қазіргі Абай атындағы совхоздың №4 Мыржық
бөлімшесіне қарасты Қызылжал деп аталатын қыстау.
Қызылжал қыстауын Мөшеке деп те атайды. Мөшеке
Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет небары 45 жас
ғұмыр кешіп, 1860 жылы дүние салды.
Қазанғапұлы Тәттімбеттің шыққан тегі
Орта жүз, Арғын, оның ішінде Мейрамнан тарайды. Шежіре
бойынша Мейрамнан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік,
Шұбартпалы, Қаракесек (Болатқожа) деген аталар өрбіген.
Осылардың ішінде Тәттімбет Қаракесегі болып келеді.
Тәттімбеттің мінезі байсалды, жеңіл-желпі сөзге
көтеріле қоймайтын салмақты кісі болса керек. Мұндай адам бойындағы
адамгершілік қасиетті оның көптеген күйлерінен де
аңғаруға болады. Себебі, жаны сергек, пейілі адал,
халық мүддесі десеішкен асын жерге қоятын, аса
әділеткер, адамгершілігі мол болғанын көз көрген
қарт-қариялар да әңгімелеп айтып отырады екен.
Тәттімбет
атқа ерте мініп, ел ісіне ерте араласқан адам. Батыс-Сібір
генерал-губернаторы генерал-майор Фон Фридрихс Тәттімбет туралы арнайы
жинаған мәліметінде мынандай дерек келтіреді: » Тәттімбет —
ақ сүйектер әулетінен, бірақ көпестер гильдасына
тіркелмеген. Қарқаралы округіндегі Нұрбике-Шаншар болысында
1842 жылдың 20 қаңтарынан 1845 жылдың 25
қаңтарына дейін болыс болды. Бұл жұмыстан өз
арызы бойынша 1854 жылдың 29 шілдесіндегі бұйрықтың
негізінде босатылды, қылмыс жасамаған, тергеуде, сотта
болмаған » (ООМА, 3-қор, 3-тізім, 3902 -іс).
Өнердің бәрін де үйрену қажет деседі
халық. Ешбір мектебі жоқ кездерде де халық таланттары
жасөспірімдерді өнерге баулып, үйрете білген. Міне, сол
өнерге қабілеті бар адамның оны үнемі дамытып
отыруға ұмтылары хақ.
Тәттімбет
күйлерін осы заманға жеткізген, насихаттаушы кәсіби-домбырашылар
Ә.Хасенов, М.Хамзин, У.Бекенов. Тәттімбет күйлері музыка
өнеріміздің алтын қорына қосылып,
халқымыздың рухани мұрасын байыта түсті.
Тәттімбет күйлері композитор Е.Брусиловскийдің,
М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Ахмет Жұбанов пен Латиф
Хамидидің «Абай» операсында және «Жамбыл» кинофильмінде
кеңінен пайдаланылған.Күйшінің туған жерінде
халық аспаптар оркестрі жұмыс жасайды, Қазақ
ұлттық консерваториясында 1971 жылы шертпе күйлер класы
ашылған.Шертпе күйлер класын алғаш ұйымдастырған,
әрі ұстаздық еткен домбырашы У. Бекенов.
Қарағандыда
Тәттімбет атындағы музыкалық өнер колледжі бар. 1952
жылы ашылған бұл училище қазіргі уақытта
Республикамызға белгілі оқу орындарының бірі. 1973 жылы
училищеге күйші-композитор Тәттімбет
Қазанғапұлының есімі берілді.
1988 жылы Қ.Байжанов
атындағы концерттік бірлестікте Тәттімбет атындағы
халық аспаптар оркестрі ұйымдастырылды. Оның
алғашқы бас дирижері Дүйсен Үкібай. Оркестр
құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген
артисі Р.Болтаева, Республикалық конкурстардың жеңімпаздары
Б.Смағұлов, Б.Тәшімов, М.Ибраева, Қ.Ғабделов,
Е.Оспанханов, С.Рахымғалиева, С.Ізтілеуов, Қ.Бақыраев т.б.
1992 жылдан бастап оркестрді басқаруға КСРО халық артисі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шамғон
Сағаддинұлы Қажығалиев шақырылды. Осы кезеңде
оркестрдің орындаушылық деңгейі мен репертуар шеңбері
әлемдік өнер талғамы үлгісіне лайық биіктікке
көтерілді.Қазіргі уақытта бұл оркестр елімізге танымал
ұжым. 2000 жылы оркестрге Академиялық атағы берілді. Оркестр
еліміздің Астанадан бастапкөптеген облыстарында, сонымен бірге ТМД
елдерінде, Еуропа мен Азияның Түркия, Иран, Ирак,Чехия, Словакия,
Оңтүстік Корея, Швейцария, Франция, сонымен бірге АҚШ
мемлекеттерінде болып, өз өнерімен көрермендердің
ықыласына бөленіп, мамандардың жоғары бағасына ие
болуда.
Тәттімбеттің әр түрлі тақырыпты қамтитын
40-тан астам күйлері бар. Тәттімбет күйлері
өмірді терең түсінген, ойшыл, қиялшыл жанның сыры
мен сезімін аңғартады. Ол негізінен лирикалық композитор.
Шығармалары философиялық түйіндерімен астасып жатады, ал музыка
тілі көңілге қонымды, тез жатталғанымен орындауға
қиын, күрделі болып келеді. Тәттімбет күйлеріндегі лирикадық сарындар,
әуен толқындары қазақтың кең даласы мен
оның сұлу табиғатын суреттейді. Композитор “Сары жайлау”
күйін Майдасары жайлауына қоныстанған кезінде, күз
мезгілінде шығарған. Мұнда табиғаттың әсем
суреті, жаз-сайрандағы рахатты шақтар бейнеленеді.
Күйдің ішкі философиясы табиғатты суреттеу арқылы жаз
думанын бастан кешкен адам өмірінің қайта оралмас
бұралаң жолдарын табиғат мезгілімен салыстыруды мегзейді.
Күй табиғаты сыршыл, қиялшыл, мөлдір лиризмге толы.
Нәзік нюанстар мен әсем ырғақты иірімдер
тыңдаушысын бірде желпіндіріп, енді бірде тәтті мұң
толқынымен тербетеді.Тәттімбет
күйлерінде негізінен өмір тартысы, тағдыр
тауқыметі, сұлулыққа құштарлық, алыс
арман, сарғайған үміт, өкініш сарыны баяндалады. Ал
“Былқылдақ” күйі жер атына байланысты (елінде
Былқылдақ атты сазды жайлау болған) шыққан.
Күйдегіромантика – мың бұралған өзен ағысы,
бұлақтың қоңыраулы сыңғыры,
тоғайдағы құстың әсем үні сұлу
табиғат тынысымен ұласып жатыр. Тәттімбет шығармаларының
ең биік шыңы – “Көкей кесті” күйі. Бұл
күйді сазгер өмірінің соңғы жылдарында
шығарған. Мұнда халық шежіресінің
ұлылығы мен ұлағатты ақыл-ойдың парасаты
толғанады. Домбыраорындаушылық шеберлігінде кездесе бермейтін екі
қолға бірдей вибрациялық діріл толқынын түсіру
арқылы және саусақтардың қарымен жоғары
қарай орап қағу “Көкей кестінің” өте күрделі
туынды екендігін көрсетеді. Күйдегі орындаушылықтың
жаңа пошымы, яғни шерту тәсілдерінің сан қырлы
өрнегі –Тәттімбеттің күйшілік
мектебін даралай түседі.
Сөйтіп,
ол домбыра үніне “жан бітіреді”, күйдің табиғатын,
сырын ашады.Тәттімбет лирикасының тағы бір
қырын ашатын “Сылқылдақ” күйі. Бүл күйді
композитор өзімен күй сайысына түсіп, өнер
көрсеткен домбырашы қызға арнап орындаған.
“Сылқылдақ” күйінің музыка тіліндегі күміс
қоңырау үні, әдемі әуені тыңдаушыға
ерекше әсер қалдырады. Күй бойынан жастық жалын мен
өмірге құштарлықтың лебі еседі. Күй сарыны
Тәттімбетке тән композициялық ерекшелік
қолтаңбасын даралап, оның шертпе күйдегі нақышын
танытады. Тәттімбеттің “Қосбасар” күйінің
бірнеше түрі бар. Осы аттас күйлер Тоқа, Әбді, т.б.
халық күйшілерінде де кең өріс алған. Әр
“Қосбасардың” өз тарихы, айтары бар. Тәттімбет “Қосбасарлары” туған жер
табиғатын, халық өмірін суреттейді.Тәттімбет тек күйші ғана емес,
сөзге ұста, шешен, шыншыл, әділетті көксеген ақын
жанды сері адам болған. Композитор “Бес төре” күйін
халықты қыспаққа алып, жәбірлеген атқамінерлерге
арнап шығарған. Бұл юморға толы туынды. Тәттімбет қоғамдық болмысқа
сын көзімен қарап, өзінің шығармалық
туындысы арқылы әлеум. бағытын аңғартады. 1855
жылы 24 наурызда Ресей патшасы Александр ҚҚ-нің
таққа отыру тойына Тәттімбет өнерпаз ретінде Арқа
қазақтарының өкілдерімен бірге Санкт-Петербургке
барған. Осы сапарында өзінің тамылжыта тартқан
күйлері арқылы орыс астанасының өнер сүйер
қауымының назарын аударып, күміс медальға ие болды. Сол
медальды Егіндібұлақ ауданы “Қаратау” кеңшарының
тұрғыны Тәттімбеттің шөбересі Өзек
Кәбішұлында сақтап қалған.
Қолданылған әдебиеттер
тізімі:
1. Қазақ
мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна
Ltd.” ЖШС, 2005
2. Тоғысбаев
Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматы кітап баспасы”, 2009