Жанұзақова Құралай Темірбековна
ф.ғ.д., Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университетінің доценті, Қазақстан
«СНЫ ОКАЯННЫХ» РОМАНЫНДАҒЫ
СТИЛЬДІК ІЗДЕНІСТЕР
ХХ ғ.
соңы мен ХХІ ғ. басы – қазақ прозасы дамуының
тарихындағы күрделі кезең. Әдебиет, «өз
дәуіріндегі жағдаятты, бейнелеп, суреттейтін сөз өнері»
екенін [1, 162] бағдарласақ, елдегі ірі қоғамдық,
әлеуметтік, экономикалық өзгерістердің,
әлеуметтік-саяси формациялық ауысулардың,
қоғамдық санадағы төңкерістің
әдебиетке де әсер етуі заңды. Тәуелсіздік
тұсындағы қазақ прозасының ерекшелігі
жазушылардың әлемді барлық қырынан қамтуға,
жан-жақты бейнелеуге ұмтылысында жатыр [2, 59]. Қазіргі
қазақ прозасында көркемдік ізденістер көкжиегі
кеңейіп, түрлі әдістер
бір-бірімен араласып жатыр. Кеңестік әдебиеттануда
романтикалық сарында жазылды деп бағаланған шығармалар
енді модернистік туындылардың қатарында. Замандастар
қабылдауында романтизм мен модернизм бір-біріне қарама-қарсы
тұрады. Алайда үлкен тарихи дәуір бойында болмыс
турасындағы түрлі танымдарды ұсына отырып, олар бірін-бірі
толықтырып тұрады. Романтикалық поэтика элементтері
модернистік эстетикаға кіріге отырып, қандайда бір деңгейде
романтизмді трансформацияға ұшыратады. Бұл
мәдениеттің дамуын, жалғастықтың
алғышарттарын қалыптастырады. Бүгінгі таңда модернистік
деп бағаланған шығармалардың көркемдік тінінде,
қаламгерлердің суреткер, қоғам, жеке тұлға
мен болмыс хақындағы толғаныстарынан, ой-пікірлерінен,
стилистикалық ерекшеліктерінен романтикалық дүние қабылдаудың
сілемдерін бағамдауға болады. Солардың қатарында
А. Жақсылықов, Д. Амантай, А. Кемелбаева,
М. Омарова, т.б. прозаиктер шығармаларын атауға болады.
А. Жақсылықов
романдарында уақыттың тынысын тап басып, қоғамның
рухани даму деңгейін, адам мен табиғаттың, тарихтың
қарым-қатынасын терең барлау нәтижесінде
қазақ прозасының көркемдік таным көкжиегін
кеңейтті. «Сана ағымы» үрдісінде жазылған «Сны
окаянных» атты романына Семей полигонының зардаптары арқау
болған. А. Жақсылықов шығармашылығындағы стильдік ізденістер арнайы
сөз болмағанымен, мерзімді басылым беттеріндегі ғылыми
мақалаларда, қазіргі әдеби үрдісті саралаған
еңбектерде С. Қасқабасов, Б. Жетпісбаева,
Г. Пірәлиева, А. Темірболат, Л. Сафронова, т.б. бірқатар
әдебиеттанушылар өз
пікірлерін білдірді.
Қаламгер адам
болмысы мен жаратылыс жұмбақтары сынды бұрыннан келе
жатқан мәңгілік мәселелерге жаңа қырынан
келіп, ең алдымен, адам мен әлемнің
қарым-қатынасына экзистенциалистік таным тұрғысынан
философиялық терең мән жүктейді. Адамның ішкі жан
дүниесі мен сыртқы болмысындағы
қайшылықтардың себептерін,
ұңғыл-шұңғылын зейінмен зерттеуге тырысады.
А. Жақсылықов романындағы романтикалық иірімдер
баяндау құрылымындағы семантикалық антитезаларда
көрініс табады. Шығармада қос әлем: ересек
адамдардың қатыгез, тасбауыр «үлкен әлемі» мен
өркениет бойынан сығып тастаған, қорғансыз,
бірақ мейірімді, «кішкентай балалар әлемі» қатар жатыр.
Тағдыр тауқыметін тартқан, туғаннан жарымжан,
мүгедек және дәрменсіз балалар адамдар тастай
қашқан полигон
аймағында өлместің күнін кешеді. Жандарына батқан
өз дерттерімен, одан қалса айналасындағы жауларымен тіршілік үшін күресіп бағады.
Бүкіл әлем үшін олар өгей, тастанды. Жанашырлары
жоқ, үлкендердің махаббатынан, мейірімінен құр
қалған, ауру меңдеген, бірақ
қаһармандық мінезін, рухын жоғалтпаған кішкентай
балалар күнделікті
күйбең қатал
тірлікте сырт әлемге жатбауыр
болғанымен, бір-біріне соншалықты
жақын әрі мейірімді. Ал ересектер болса мейірімнен,
жүректегі жылудан жұрдай, жеке мүдделерін күйттеу мен
нәпсісін тояттау үшін небір
қитұрқы
әрекеттерге, адам жанын былғайтын тірліктерге барады. «Халықтың
әл-ауқатын жақсартамыз, өркениетті дамытамыз» деген
жалған ұрандарымен жас балалардың жүрегіне
қайғы әкеліп, обалына қалды. Үлкендердің
көмегіне сүйенбей, аз нәрсені қанағат еткен
балалар өмірдің ауыр жүгін, өз қайғысын қабырғасы
қайыспай жалғыз
көтереді. Ересектердің жат әлемі балалар әлеміне
олардың санасынан тыс түстер, жағымыз естеліктер,
үзік-үзік елестер кейпінде «кенеттен» кірігіп, араласып кетсе де,
балалар бір-біріне ол жайында тіс жармауға тырысады. Баяндау барысында
жазушының балалар тағдырына алаңдауы байқалып
қалады. Адамдар астамшылығының, өркениеттің жемісі
болған тәжірибелердің, даму бағытындағы
түрлі сынақтардың табиғат үшін, адамдардың өздері үшін, әсіресе, балалардың
өмірі үшін қаншалықты
қауіпті, залалды, зардабы мол екенін автор күрделі, көп
желілі баяндау мен сана ағымы
арқылы шебер бейнелейді. Романдағы өзек ой
Ф. Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романындағы
Алеша Карамазовтың «байлыққа, бақытқа жету
жолында қоғам дамудың
қандай биік деңгейіне жетпесін, ол үшін баланың
нақақтан төгілген бір тамшы жасына тұрмайды» деген
идеясымен сабақтас.
Қорыта
айтсақ, А. Жақсылықовты суреткер ретінде
қоғамдағы ғылым мен техниканың, өркениет
дамуының жетістіктері, зор табыстары емес, сол жетістіктердің
зардабын тартқан, қоғам ағысынан тыс қалған
күнәсіз балалардың тағдыры алаңдатады. Ол
өз қаһармандарының күрделі жан әлеміне
терең психологиялық барлау жасап, адам табиғаты туралы
ауқымды философиялық жинақтауларға бой ұрады.
Романдағы негізгі ойды ашуға қызмет еткен антитезаларда,
қиялдың шарықтауында, фантастикалық желілерде жазушының
романтикалық дүниетанымы аңғарылады. Жазушы табиғаттағы,
қоғамдағы күрделі қайшылықтарды кішкентай
балалардың тағдыры арқылы шебер бейнелейді. Модернистік сипат
пен көркемдік қиялдың тоғысуы арқылы жазушы
романдағы адам мен табиғат қарым-қатынасына жаңа
философиялық мазмұн берген.
Әдебиеттер тізімі:
1
Нұрғалиев Р.Н. Толғауы тоқсан
қызыл тіл. Зерттеулер. – Алматы,
2009. – 304 б.
2
Ысқақұлы Д. Жаһандану
жағдайындағы әдебиет // Әлемдік рухани
құндылықтар және қазіргі қазақ
әдебиетінің өзекті мәселелері: халықаралық
ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы, 2007. – 1
т. – Б. 66-75.