Джубаниязова Нурсулу Дуйсембаевна
№42 «Ақниет» гимназиясының қазақ
тілі мен әдебиеті пәнінің І санатты мұғалімі,
Орал қаласы, Қазақстан Республикасы
Септік жалғауларын оқыту әдістемесінің зерттелу
жайы
Қазақ
тілін оқыту әдістемесінде септік жалғауларын оқыту
мәселесі арнайы қарастыруды қажет ететін негізгі
мәселелердің бірі десек, қателеспеген болар едік. Бір
қарағанда, септік жалғаулары тілде ең жиі
қолданылатын және ең күрделі жалғаулардың
бірі.
Морфологияны
оқытуға, зат есімді оқытуға байланысты
зерттеу-еңбектерде септік жалғауларын оқытуға
байланысты төмендегіше ой-пікірлерді кездестірдік.
Әдіскер
ғалым С.Қазыбаевтың «Қазақ тілі методикасы» атты
еңбегінде зат есімді оқыту әдістемесіне қатысты
тараушада септік жалғауларын оқытуға байланысты
төмендегіше ойларды айтып кетеді: «Зат есім тақырыбындағы
әрі тыңнан оқып үйренілетін әрі күрделі
тарау – септік жалғаулар. Программа септік жалғаудың
мәнін, сұрауларын, жалғауларын және сөздің
септелуіне байланысты емле ережелерін үйретуді талап етеді [1, 80].
Ғалым
сөзімен айтсақ, оқулық материалы әрбір септікті
бөлек-бөлек параграфта алып, олардың сұрақтарын
тізім түрінде көрсетеді. Септік жалғауларының атау
тұлғалы сөзге жалғанғанын айтады. Ал, кейбір
жалғаулардың барыс, табыс, жатыс септік тәуелденген
сөзге жалғанатын түрлері де беріледі. Осы арада тәуелді
жалғаулы сөздердің де атау тұлғалы сөзге
жататынын мұғалім ескергені жөн. сонда тәуелді
сөздің септелуі де «септік жалғаулар атау сөзге
жалғанады» деген ережеге қайшы емес деген ұғымды
оқушыларға іс жүзінде түсіндіреді. Әрине, септік
жалғаудың әр түрі әр сабақта өтілсе
де, оқушыларға берілетін білім солардың сөйлемдегі
қызметін, сөз бен сөзді байланыстырудағы рөлін
таныту мақсатын көздейді. Соның өзінде әрбір септік
жалғаудың мәнін танытуға баса назар аудару керек.
Бұл үшін септіктің аттарының өзі оның
мағынасын ашатынын аңғартқан жөн. Мысалы, ілік –
сөздердің бір-бірімен ілік-шатыс байланыстылығын
көрсетсе, барыс – бару, табыс – табу, жатыс – орын, мекен, шығыс –
шығу, көмектес – жәрдемдесу, көмек ету деген
ұғымдарды меңзейтіні мысал талдау арқылы
түсіндіріледі. Бұл ұғымдар сөзге
сұрақ қою арқылы сөйлем құратып
танытылады.
Ал, барлық
септік түгел өтілгеннен кейін әдіскер-ғалым мынаны
ұсынады: жинақ кесте жасатылып, қорытынды шығарылады.
Әлбетте, септік жалғаулардың білдіретін мағынасы,
жұмсалатын орындары көп. Бұл мағлұматтардың
барлығы түгел түсіндіріледі [1, 81].
«Қазақ
тілін оқыту әдістемесі» атты еңбектің авторы Асхат
Әбілқаев септіктер мәселесін «Морфологиялық
әдістеме» тарауында қарастырады. Еңбектен мынадай
әдістемелік талдауды көре аламыз: «септік жалғау және
сөздердің септелуі V класта қысқаша түсінік
беріліп, септелу реті, сұрақтары, жалғаулары кесте
түрінде көрсетілген, VІ класта әр септіктің
мағынасына, тұлғасына, сұрауларына жеке-жеке
тақырыпшаларға арналған. Оқушылар септеу
үлгісімен кез келген зат есімді септей алады. Бірақ жаттығу
кезінде ол сөздің қай септікте тұрғанын тап басып
айта алмай, бір-бірімен шатастырады. Оқушылар диктант жазғанда,
жатыс септігінің –да, -де жалғауын да/де шылауынан, көмектес
септігінің -мен, -бен, -пен жалғауын сол тұлғалас
жалғаулық шылаудан ажырата алмай, жалғауларды бөлек,
шылауларды өзінен бұрын тұрған сөзге қосып
жазу фактілері жиі ұшырайды. Мұның бәрі септік
жалғаулары мен шылаулардың грамматикалық
мән-мағынасын жете түсінбейтіндіктен туатын жағдайлар.
Демек, мұғалім әр септікті өткенде, оның берерін
грамматикалық мағынасын оқушыларға сапалы
меңгертумен қатар, тиісті жалғауларын аттас
тұлғалардан ажырата алатындай салыстырмалы мысалдар алып отыруы
керек [2, 78].
«Қазақ
тілін оқыту әдістемесі» атты еңбекте де септік
жалғауларын оқытуға қатысты мәселе зат есім
тақырыбына қатысты тұста қарастырылады [3].
Жоғарыда
аталған ғалым-әдіскерлер пікірі қазақ тілі
сабақтарында септік жалғауларын оқыту бойынша жұмыстар
жүргізуде бүгінгі күні өз құндылығын
жоймай келеді.
Септік
жалғауларын оқытуда тек әдіскерлердің пікіріне
ғана емес, теориялық тұрғыдан зерттеу жүргізген
ғалымдар еңбектеріне де сүйенетіндігіміз рас. Мәселен,
ғалым Салқынбай Анардың пікірінше: «Ойлау жүйесінде
сөздерді байланыстырушы септік жалғауларының жалғану
ырықтылығы мәнді саналмағанмен, оларсыз сөздерді
байланыстырып, ойды жеткізуге де болмайды» [4, 206]. Демек, септік
жалғауларының лебіздегі, тілдегі маңызы ерекше. Септік
жалғаулары түрлерінің болуы материалдық заттар мен
құбылыстардың қасиетін бір-бірімен байланыстырып,
олардың категориялық ерекшелігін таныту үшін де қажет
саналады. Грамматикалық тұлға ретінде септік жалғаулары
лебізді бүтін, анық етіп, олардың тұтастығын, сол
арқылы екінші адамға толықтай түсінікті болуын
қамтамасыз етеді.
Септік жалғауы
заттің не құбылыстың әлем бейнесінің
әмбебап категориялары саналатын уақыт пен кеңістіктегі
қозғалыс бағытын, бірлесу, ұштасу қызметін,
қатысын, байланысын анықтайды. Кез келген материалдық
дененің қозғалыс әрекеті мен өмір сүруі
кеңістік пен уақыт ішінде болатындықтан, септік
жалғаулары олардың байланысын реттеуші қызметін
атқарады. Сөздердің арасындағы байланыс
адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы процесінде,
ұзақ тәжірибе жүзінде бекітілген. Ұзақ
қарым-қатынастың қайталануы адам санасында белгілі
тәжірибе қалыптастырады да, бұл ұғымдық
категориялар тілде өзінің бейнелі көрінісін табады.
Қазақ тіліндегі заттық ұғымдардың
кеңістік пен уақытқа қатысты әрекеті мен
бағыт-бағдарын грамматикалық тұлғада белгілеу –
септік жалғаулары арқылы таңбаланған.
Септік жалғауларының түбірге кірігуі – үстеу
сөздерді тудырудың бірден-бір жолы екендігін көптеген
ғалымдар (А.Ысқақов, М.Томанов, Ә.Төлеуов,
Н.О.Оралбаева) еңбектерінде дәлелдеп көрсетіледі. Бұл
құбылыс сөзжасамда синтетикалық тәсілдің
аумағында қаралады. Ғалым Н.Оралбайдың
«Қазақ тілінің сөзжасамы» атты еңбегінде
синтетикалық тәсіл туралы түсінік беріліп, ол мысалдармен
дәлелденген [5, 159].
Қазақ тіліндегі үстеулердің септік жалғаулары
арқылы жасалу мәселесіне А.Ысқақов өз
еңбегінде кеңінен тоқталып, бұл туралы:
«Қазақ тіліндегі септік жалғауларынан жатыс, барыс, шығыс
септіктері жиі, ал көмектес септігі сирек кіріккен күйде
кездеседі», - деген [6, 34].
Қорыта
келгенде, адам баласының барлық таным процестері тіл
заңдылығын білуден, оқудан, ой сауатын ашудан басталады.
Сондықтан да септік жалғауларының категориясын
оқытудың маңызы ерекше зор.
Мектепте оқушы септік жалғаулары категориясымен танысады,
сөздердің түрленуі мен сөйлемдегі өзгерісін,
олардың ғылыми жүйесі мен әр алуан фактілерін зерттеп
біледі. Соның нәтижесінде, оқушылар өздерінің
тілден алған білімдерін молайтады, жазу, сөйлеу тілін дамытады,
дұрыс оқуға үйреніп, ұғу
қабілеттілігін жетілдіреді, грамматикалық ережелерді
үйренеді, сауатты жазып, тыныс белгілерін дұрыс қоя
білудің тиімді дағдысын қалыптастырады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Қазыбаев С. Қазақ тілі методикасы. Алматы, 1990.
2. Әбілқаев А. Қазақ тілін оқыту
әдістемесі. Алматы: Санат, 1995.
3. Құлмағамбетова Б., Исанова А., т.б. Қазақ
тілін оқыту әдістемесі. Алматы: Білім, 2000.
4. Салқынбай А. Қазіргі қазақ
тілі. Алматы: Қазақ университеті, 2008.
5. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. Алматы, 2001.
6. Ысқақов А. Қазіргі
қазақ тілі. Морфология. Алматы, 1990.