Бастауыш сынып мұғалімі Қасымова Гүлдәурен
Ырзалыққызы
Қазақстан, Қарағанды облысы, Сәтбаев
қаласы,
Абай атындағы №4 лицей-мектебі
ОЙЫН – ОҚУШЫЛАРДЫҢ
СӨЙЛЕУ ДАҒДЫЛАРЫ МЕН ИКЕМДІЛІКТЕРІН ДАМЫТУ ҚҰРАЛЫ
РЕТІНДЕ
Ерте заманнан-ақ
адам өзін қоршаған ортаның тылсым тіршілігін
тануға әрекет жасаған. Ал айнала дүниені танып-білудің,
белсенді іс-әрекеттің алғашқы түрі – заттық
іс-әрекет болып табылады. Нәресте заттың іс-әрекеттен
бірте-бірте ойын әрекетіне ауысады. Барлық адам өзінің
тұлға ретінде даму ерекшелігінде ойын іс-әрекетін бастан
кешіреді. Сәбилік кезеңнен бастап бала өзін
қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған
айналасындағы заттар мен құбылыстарда ойын
арқылы түсініп ұғынады. Тек көру,
сипап-сезу, байқап-тану арқылы емес, тікелей араласып,
іс-әрекетіне көшуін нақты қарым-қатынас барысында
біледі. Осылайша ойын адамның өмір танымында шешуші мәнге ие
болады, баланың таным-түсінігі іс-әрекеті ойыннан
басталып, оның негізгі болашақ өмірінде оқу,
еңбек іс-әрекетімен жалғастырылады. Жеке
тұлғаның дамуындағы ойынның әсерін ерте
заманның өзінде-ақ атақты ғұлама ойшылдар,
философтер, педагог, психолог ғалымдар көріп байқап, оны
іске асыру жолдарын ұсынған. Оның көп
ғасырлық тарихына үңілсек, ол туралы
алғашқы пікірлер ежелгі грек философтері Платон мен Аристотель
еңбектерінен бастау алатынын көруге болады. Ертедегі ұлы
ойшылдар Я.А. Коменский,
Ж. Руссо,
Дж. Лонк, И. Песталоцци және т.б. ойын
арқылы балаларды болашақ өмірге бейімдеу керек деп
түсіндірген.
Я.А. Коменский
ойынды баланың қозғалуына табиғи қажеттілік ретінде
қарастырды. Ол
балаларға ойнау үшін көмектесіп отыру қажеттігін,
олардың іс-әрекеттін бақылау керектігін ерекше атап
көрсетеді. «Бала неғұрлым көп әрекет етсе, жүгірсе,
жұмыс істесе, соғұрлым ол жақсы ұйықтайды,
жақсы тамақтанады, тез өседі, денсаулығы мықты
болып, дене ой дамуы жақсы жүреді, бірақ ол үшін баланы
үнемі қорғап отыру қажет.»
Мектепке дейінгі
жаста қалыптасқан моралдік сана-сезім мен
мінез-құлық барлық балалар іс-әрекеттерімен
балалар арасындағы өзара қарым-қатынастары кешеніне
шешуші ықпал жасайды. Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу
күнделікті өмірде ойын үстінде жүзеге асады. Ойын
балалардың негізгі іс-әрекеттерінің бір түрі. Бала
өмірі ойынға байланысты. Бала ойынсыз өсіп өркендей
алмайды, бұл – өмірдің заңдылығы. Еңбек
үстінде адамның көптеген ерекшеліктері дамиды. Өмір
сүру барысында ол түрлі жолдармен жарыққа шығады.
Мысалы,
үлкендер өздеріне тән ерекшеліктерін еңбектену
барысында танытса, ал балалар ойын үстінде көрсетеді.
Ойын – балалар үшін
күрделі әрекет. Балалар ойын үстінде үлкендердің
іс-әрекеттерін үйренеді. Ойын арқылы баланың
ой-өрісі кеңейеді. Ойынның өз мақсаты, жоспары,
тәрбиелік мәні бар, сол ойын арқылы
ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез-құлқын,
ерік-жігерін
қалыптастырады.
Оқушыға жалпы бірдей
қалыптасқан, дәстүрлі әдістер мен әлемдік
деңгейдегі озық технологияларды салыстыра, байланыстыра, өмір
тәжірибесіне ұштастыра отырып білім беру, білімін дұрыс
бағыттай білуге үйрету – әрбір оқытушының
міндеті. Сабақ үрдісінде оқушыларға ойынның
мақсаты мен талаптары, ережесі толық түсінікті болуы
өте маңызды рөл атқарады. Ойын әдісі арқылы
олардың пәнге деген қызығуын арттырамыз, өз ойын,
пікірін, көзқарасын білдіруге, екінші бір адамның жауабын
тыңдап, оны толықтыруға, жетістіктері мен кемшіліктерін
білуге жаттығады. Ойынға қойылатын талаптар қандай
болмақ деген сұраққа төмендегі сызба негізінде
жауап беруге болады.
Ойынға қойылатын әдістемелік
талаптар:
1. Ойынның
мақсаты нақты болуы керек.
2. Ойын тәртібі әбден түсіндірілуі
керек;
3. Көрнекіліктер
мен материалдар алдын ала керек;
4. Оқушылар
түгел қамтылуы тиіс, дұрыс шешім
қабылдауға дайын, таныс болуы керек.
Ойынның
жүру барысында оқушылардың түгел қатысуын
қадағалаумен қатар оларды ойын үстінде дұрыс
шешім қабылдай білуге жетелеу – маңызды болып табылады. Жеке
тұлғаны қалыптастыру үстінде оқушы
қабілетін зерттеудің тиімділігін де пайдаланған абзал.
Нысаналы мақсатымыз – ақыл-ойын, сезімін, білімін,
құзыреттілігін еркін үйлесімдікте ұстай білетін, өнегелі
мінез қалыптастырып, адамгершілік қағидаларды меңгерген
тұлға тәрбиелеу. Бұл ретте білім мен тәрбиені
ұштастыра отырып оқушылардың бойында өзіне сын
тұрғысында қарау түсінігін қалыптастыруға
күш салуымыз қажет. Ол үшін әңгіме, пікірталас
және басқа да әдіс-тәсілдерді, сондай-ақ
рөлдік, іскерлік ойындарды енгізіп отырған жөн.
Дидактикалық ойын – оқушылардың
ынта ықыласын күшейтетін, оқудың қиын процесін
жеңілдететін, дамуды тездетуге көмектесетін, оқу барысында
таным қызметін күшейту мен көтермелеудің қуатты
қайнар көзі болатын оқыту әдісінің бір
түрі.
Сайыс ойынының
негізгі мақсаты баланы қызықтыра отырып, жаңа
сабақты немесе өткен материалды берік меңгерту болып
табылады.
Сайыс ойындардың ережесі
оқушылардың түсінуіне оңай, қарапайым әрі
қысқа болуы шарт.Дидактикалық ойынды сабақта
қолданылғанда оның мынадай шарттарға сәйкес болуын
қатаң ескерту қажет:
-
сол ойынның оқушыға беретін білімдік
және тәрбиелік мәні болуы;
-
баланы жан-жақты дамуына, танымдық
қызметінің артуына әсер етуі;
-
өтіліп отырған материалға
қызығушылығын туғызу;
-
ойын сабақтың мақсатын іске асыруда
оқушыларға қажетті білік пен дағдыны
қалыптастыруға көмектесетіндей болуы тиіс;
-
өтілген тілдік материалдарды салыстыра алуы
және қорытында жасай білуі.
Ойын үстінде
оқушы өзіне үлкен адамның белгілі бір функциясын
қабылдайды, оны іс-әрекетінде жүзеге асыруға тырысады. Балалардың
дидактикалық ойындарға деген қызығушылығын ойын
әрекетінен, ойлау әрекетіне, ақыл-ойды дамытуға
берілген логикалық жаттығуларға ауысады.
Оқыту
тәжірибесінде дидактикалық ойындардың бірнеше түрі
қалыптасқан. Атап айтқанда бастауыш сыныптардағы оқыту
процесінде төмендегі ойын түрлері жиі пайдаланылады: «Қай
әріпті жоғалттым?» «Қай буынды жоғалттым?», « Бос тор
көзді толтыр», «Қызықты торкөз», «Суретті билет», «Сөйлем
қуаласпақ», «Тыныс белгісін тап», «Екі-екіден ірікте», «Тордан
шық», «Синтаксистік касса», т.б. ойындардан сайыс сабақтарда
оқушыларда әрекет пайда болады, әр пәнге
қызығушылығы артады, дүние танымы кеңейеді, сөздік
қоры дамиды, білімі, сауаттылығы күшейеді .
Дидактикалық
ойындарға сабақ материалымен тереңдетуге және бекітуге
арналған ойындар жатады. Оқушылар ойын кезінде сабақ
мазмұнындағы оқиғаны әңгімелейді. Кәдімгі
мектеп жағдайында оқушының белсенділігі
сұрақ-жауап, әңгімелеу өздерінің ойларын
жеткізе білу кезінде көрінеді. Дидактикалық ойындарда баланың
сөйлеу, ойлау, есте сақтау қабілеті дамиды. Бұл ойындар
алған білімді бекітуге ықпал жасайды. Дидактикалық
ойындарға «Лото», «Домино», «Қуыршақты киіндір» т.б. Арнайы
таңдалып алынған ойындар (Не жоқ? Тап, Жоғары-төмен,
«Сиқырлы сандық», «Ғажайып қоржын», т.б.) Ойын
түрлері оқушының сабақта тапсырманы орындау кезінде
қызығушылығын туғызып, белсенділігін арттырады.
Ойын – жаттығулар
жүргізілсе де, сабақта көп уақыт алмайды. Бұл
ойындар белгілі бір іс-әрекеттерден тұрмайды. Олар
оқушының белгілі бір қабілетін жетілдіруге
бағытталған. Мұндай ойындарға викториналар,
сөзжұмбақтар, жаңылтпаштарды жатқызуға
болады. «Кім не істеді?», «Не қалай дыбыстайды?», «Қай дыбыстан
басталады?». Осындай ойындарды түрлендіріп отырудың пайдасы зор.
Дыбыстарды дұрыс есту мен айтуға төсілген бала дұрыс
оқу мен жазуға да тез бейімделеді. Қимыл-қозғалыс
ойын белгілі бір іс-әрекеттен тұрады. Бұл ойын түрі
оқушының барлық психологиялық қабілетін дамытады.
Қимыл-қозғалыс ойындар өзінше оқушының
өмірге деген көзқарасының қалыптасуына
әсерін тигізеді. Мысалы: «Кім керек?», «Мысық пен Тышқан»,
«Сыңарыңды тап» «Көңілді поезд», «Ақ серек,
көк серек» т.б.
Сюжетті-рөлді
ойындарда балалар ересектердің өмірі мен іс-әрекетін
қайталайды. Олардың қарым-қатынасын көрсетеді.
Мысалы: «Дүкенде», «Дәрігерде», «Кітапханада», «Қонақта»
және т.б. ойындарда ойнау барысында үлкендерге еліктей отырып, олар
өзі рөлін және ойын логикасын жасайды. Сонымен бірге
бұл ойындар балаларды кішіпейілділікке, бауырмашылдыққа
тәрбиелейді. Оқушылардың сөздік қорын
кеңейтеді. Дұрыс айта алмайтын дыбыстармен арнайы жұмыс «Тіл
түзету жұмысы» (жеке жұмыс) жүргізіледі, оның
жұмыс реті дайындық жаттығуларынан тұрады (дауыс
көшін дамыту, демді дұрыс алуға үйрету) арнайы
тәсілімен дыбысты қою, қойылған дыбысты буында,
сөзде, сөйлемде машықтандыру. Ойын түрлерін 1-2
сыныптарда әр мұғалім күнделікті жұмысында дидактикалық
«деректерден-дерексізге, жеңілден-ауырға,
жақыннан-алысқа» дегенді негізге ала отырып, бірте-бірте
күрделендіре жүргізуіне болады. Ойын оқушылардың
фонетиканы толық меңгеріп, жазу тілін дамытуына мол мүмкіндік
береді. Өз беттерімен жұмыс істей білуге дағдыландырады. Ойланғыштық,
ізденімпаздық қабілеттерін арттырады, сөздік қорларын
молайтуларына көмектеседі.Мұнымен қатар сабақ
үстінде сайыс сабақтарында ойын түрлерін қолдану
оқушылардың оқып отырған сабағына
қызығушылығын арттырады, оған белсенді түрде
қатысып, түсінбегенін түсінуге мүмкіндік
туғызады.
Сабақта мынадай
ойын түрлерін қолданамын. Мақсаты: «П- Т- К» дыбыстарын ажырату.
1. «Ойлан тап»
қима-қағазға сөздің бірінші буынын жазып
қояды, екінші буынын бала өзі тауып, суретін көрсетіп,
сөзді анық айту керек. Мысалы: кар-(топ), дәп-(тер),
пар-(та), кі-(тап).
2. «Сөйлемді жалғастыр» Қима-қағазда
сөйлемнің басы немесе алғы жазулы тұрады. Бала
сөйлемді аяқтау керек. Мысалы: Бала кітап (оқыды). Картоп,
пияз – (көкөністер).
Көктемде күн (жылынады)
3. «Не жоқ?» Бірнеше
ойыншықтарды қойып оқушы сол затты көріп, есінде
сақтау керек. Содан кейін мұғалімнің
нұсқауымен оқушы көзін жұмады, сол кезде бір
затты тығып қояды. Оқушы жоқ затты атау керек.
4. Ойын «Домино» оқушының тапсырманы
дұрыс орындағанын
және дыбыстарды дұрыс, анық айтқанын
қадағалау.
Ойын – жұмыс
түрін түрлендіруге және оқушылардың назарын
аударуға көмектеседі. Осы
кезеңде тиімді пайдаланған жөн.
Қорытындылай
айтқанда, білім – қоғамды тұрақтандыратын, рухани
мұраны сақтайтын, ұрпақты-ұрпаққа
сабақтастыратын құрал. Барлық мүмкіндіктерді
пайдаланып, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тиімді
қолдану, жаңа технологияны қазіргі заманға бейімдеу,
оқытуды жетілдіруге түсу, әр оқушының
біздің ертеңіміз, болашағымыз екенін терең ескере
отырып жеке тұлға ретінде қалыптастыру, олардың білім
деңгейінің мемлекттік және халықаралық
стандартқа жетулеріне күш салу – біздің, яғни
мұғалімдердің басты міндеті.
Әдебиеттер:
1. Бастауыш мектеп. 2011, №6.
2. Антология педагогической мысли
Казахстана / Сост. К. Б. Жарикбаев, С.К. Калиев. –
Алматы, 2000.