Раманова Айгүл Абибуллақызы

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, ф.ғ.к., Орал қаласы, Қазақстан Республикасы

 

Етіс жұрнақтарының түбірге кірігу әрекеті

 

Жұрнақтардың негізгі қызметі сөз тудырушы болғандықтан, олардың да түбірге кірігу әрекеті – тілде бар құбылыс. Кірігу әрекеті арқылы жұрнақтар өз мағыналарынан айырылып, бастапқы түбірмен бірігіп келіп, жаңа мағынаға ие сөздер жасайды. Жұрнақтарды көбіне-көп өлі түбірлерге кіріккен күйде кездестіре аламыз. Мысалы: қақ-ай, құт-ай, сақ-ай, сер-ей, сіл-ей; без-ер, жіб-ер, ит-ер, кез-ер, қас-ар, доғ-ар; жай-на; қай-на; қау-сыр, қу-сыр; ажы-ра, аңы-ра, асы-ра, сүй-ре, түй-ре т.б.

Етістіктің грамматикалық формалары сөз түрлендіруші жұрнақтар деп есептелетіндіктен, оларды осы (жұрнақтар) топта қарастырғанды жөн көрдік. Тілімізден түбірге кіріккен күйінде кездесетін етістік формаларына мыналар жатады: етіс, есімше, көсемше.   

Бұл тұста негізгі орынды етіс категориясы алады. Етістердің түбірге кірігуі арқылы тілімізде синкретизмдер яғни етістік-есім мағыналы сөздер қалыптасқан. Ал есімшенің түбірге кірігуі барысында тілімізде сын есімдер мен зат есімдер пайда болса, көсемшелердің лексикалануы – үстеу тудырудың бір жолы.

Етістің түбірге кірігу әрекеті тілде жиі кездеседі. Түркітануда етіс қосымшаларының етіс мағынасынан басқа мағынада да қолданылғанын ғалымдар көрсетіп жүр. Осы тұрғыдан А.М.Щербак мынаны айтады: «Етіс формалары өзгермелі екендігімен өзіне назар аудартады, етістен өзге де грамматикалық мағыналарды жиі білдіріп отырады және лексикалану құбылысына тез айналады» [1, 102].

Етіс формаларының қызметі жөніндегі таласты пікірлер әлі шешімін тапқан жоқ. Түркітанушылардың бір тобы (Э.В.Севортян, С.Н.Иванов, А.А.Юлдашев, А.Н.Кононов) етіс категориясын сөз тудырушы жұрнақтар қатарына жатқызса, келесі бір тобы (Н.А.Баскаков, Н.К.Дмитриев, А.М.Щербак) етістің грамматикалық мәні де бар деп қарайды. Соңғы пікірді қазақ тілін зерттеуші мамандар ішінен А.Ысқақов, М.Томанов, Ы.Мамановтар қолдайды. Мәселен, А.Ысқақов: «...етіс категориясының формаларында субъекті мен объектіге қатысын білдіретін грамматикалық сипаты күшті. Демек, етіс формалары сөйлемнің грамматикалық құрылысына өзгеріс енгізіп отырады», - дейді [2, 296]. Ал Б.М.Сүйерқұл болса: «Етіс жұрнақтарының грамматикалық семантикаға әсері бар, олар етістіктерге жаппай жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды. Ал егер ол таза сөз тудырушы категория болса, оның көрсеткіштері бірлі-жарым аздаған сөздерге жалғанар еді», - деп түйіндейді [3, 86].

Қарашай-балқар тілін зерттеуші А.И.Геляева: «етіс категориясын не тек сөз тудырушы, не тек сөз түрлендіруші аффикс деп айтуға болмайды. Себебі ол екі қызметті де қатар атқарады», - дейді [4, 6].

Әзірбайжан ғалымы Т.Г.Агаева жұмысында: «Етіс формаларының лексикалануын қарастыру барысында бір етістік негізде етіс аффикстерінің түйдектеліп қолданылу құбылысына (мәселесіне) соқпай кете алмайсың. Қазіргі әзірбайжан тілінде бір етістікте екі, үш, ал кейде төрт етіс аффикстері сыйысып келетіндігі белгілі. Бұлай қолданылу басқа түркі тілдерінде де кездеседі», - деп жазады [5, 22]. Ғалым пікірін негізге ала отырып, біз де, қазақ тіліндегі осы құбылыстың табиғатын анықтауға тырыстық. Бұл туралы қазақ ғалымы А.Қалыбаева: «етіс тұлғаларының екі мәнде жұмсалуы олардың бірнешеуінің қатар тізбектеліп жалғана қолданылуына мүмкіндік туғызады», - деп айтады [6, 14].

Бір етістік түбірде екі немесе одан да көп етіс аффикстерінің келуі олардың лексикалануымен байланысты. Мысалы: сығылыстырыл – сығ+ыл (ырық.е.)+ыс(ортақ е.)+тыр(өзг.е.)+ыл(ыр.е.). Бұл ырықсыз етіс тұлғалы етістік. Құрамындағы басқа етіс формалары лексикаланып кеткен. Тіліміздегі ажыра+с+тыр+ыл, айда+л+ын, бағ+ын+дыр т.б.сөздер де осы топқа кіреді. Мысалдардан көріп отырғанымыздай, лексикаланған етіс көрсеткіштері грамматикалық етіс мағынасын білдірмей, түбірдің бір бөлігін ғана құрайды және оның лексикалық мағынасының құрылысына енеді. Енді әр етіске жеке-жеке тоқталайық.

1. -ын, -ін, -н; -ыл, -іл, -л - өздік етіс көрсеткіштері. Өздік етістің түбірге кірігуі өздік форманың өзіндік семантикасына байланысты. Л.Н.Харитоновтың пікірінше: «Якут тілінде кей жағдайда өздік формалар етістік мағынасының әлсіреуіне әкеледі» [7, 88]. Ал Э.В.Севортян «өздік мағына сөзжасамдық категорияның өзіндік белгілерін қамтиды, сондықтан да түріндегі өздік форманы сөз тудырушылар қатарына қосуға болады» деген тұжырымды айтады [8, 478].

Қазіргі тілімізде өздік етістің түбірге кірігуі арқылы жасалған сөздер: қуан, сүрін, ұял, күшен, үйрен, жұбан, оян. Қырғыз ғалымы Б.Орузбаева бұл топқа жалын, түтін тәрізді сөздерді де қосады [9, 32]. Бұл сөздердің барлығы да қосымшасынсыз өз мағыналарын жоятын болғандықтан, морфологиялық құрылысына сәйкес әуелгі түбірлер деп танылады. Ал өздік етіс көрсеткіштері түбірге кірігіп, сіңісіп кеткен.

2. -ын, -ін, -н; -ыл, -іл, -л – ырықсыз етіс көрсеткіштері. Бұл аффикстер өзге етіс формаларына қарағанда, кірігу әрекетіне сирек ұшырайды. Түбірге кіріккен ырықсыз етіс арқылы пайда болған сөздер мыналар: тұтыл (<тұт-ыл), шегін (<шег-ін).

Т.Г.Агаеваның дәлелдеуінше, әзірбайжан тіліндегі «Севиль» түріндегі әйел есімі де ырықсыз етістің «сев-сүю» етістік түбірге кірігуінен жасалған [5, 21].

Ырықсыз етіс көрсеткіштері сөз тудырушы аффикстерге кірігіп, сол арқылы зат есімдер жасайды: құрылыс, түзеліс, бұрылыс, т.б.

3. -дыр..., -т - өзгелік етіс көрсеткіштері. Өзгелік етіс аффикстерінің лексикалануы туралы Э.В.Севортян: «Бұл тұста өзгелік көрсеткішінің көне сөзжасамдық қызметінің әсерінен өзгелік етістіктің өзгеруі мүмкін, бұдан басқа бір жағынан салт және сабақтылық себептерімен түсіндірілетін форманың етіс мағынасын жоғалтуы мүмкін», - деп түсіндіре келе [8, 525], өз еңбегінде бұл ойын былайша толықтырады: «Біз форманың жалпы мағынасы, оның қандай да болмасын нақты тұста қолданылуының нәтижесінде, тарылып және модификацияланып, бастапқы сөзден семантикалық жақтан алыстаған нақты сөздің грамматикалық формаларын лексикаланған өзгелік етіс ретінде есептейміз» [8, 526].

Қазіргі тілде бұл топқа белгілі бір жағдайда мағыналары сығымдалып, өзгеріп, бастапқы семантикаларынан алшақтаған өзгелік етістер арқылы пайда болған сөздер енеді: жырт, есіт, қайт, жұбат, уат.

В.И.Асланов -дыр... тұлғаларының түбірге кірігуі барысында әзірбайжан тілінде: «дикдир(шың), судур(су перісі), Бәсти(әйел есімі) сөздері пайда болған», - деп есептейді [10, 30].

4. -ыс, -іс, -с – ортақ етіс көрсеткіштері.

Ортақ етістің сөз тудырушылық қызметі туралы көптеген еңбектерде айтылады.

А.Н.Кононов «-ыс» аффиксі жекелеген жағдайларда етістікке жаңа мағына үстейтіндігін айтады [11, 197].

Ортақ етіс жалпы түркі тілдерінде көп жағдайда берілген форманың лексикаланғанын көрсететін жаңа мағынаға ие болады. Бұл оның алғашқы түбір етістікке қатысты етіс мағынасын жоғалтуымен байланысты.

Ортақ етіс көрсеткіштері тілде кірігу әрекеті арқылы етістік-есім мағыналы сөздер (синкретизмдер) тудырады. Бұл мәселе туралы Ә.Қайдаров, М.Томанов, Ж.Манкеевалар еңбектерінде қарастырылады.

К.Мелиев -ыс аффиксінің негізінде жаңа сөздердің пайда болуы жекелеген формалардың лексикалануымен байланысты екендігін көрсетеді. Келесі түркітанушы А.И.Геляева ортақ етіс көрсеткіштері қызметінің кеңеюін болуш, уруш, тутуш, жюрюш тәрізді етістікті есім сөздердің жасалуымен түсіндіреді.

Қазақ тіліндегі бұл өзгерістерге А.Қалыбаеваның еңбегінде қысқаша сипаттама берілген [6].

Осы ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, тілімізде ортақ етістердің кірігуі арқылы пайда болған сөздерге мыналарды енгіземіз: кіріс, шығыс, ұрыс, шабыс, тұрыс, жүріс, соғыс, күрес, ойнас, шайқас, көрініс, жиылыс, құрылыс, бұрылыс, т.б.

Қорыта келсек, етіс қосымшалары барлық жағдайда бірдей жаңа лексикалық мағына тудыра бермейді. Біздіңше, етіс көрсеткіштері өлі түбірлерге жалғанған тұста (қуан, сүрін, оян, ұял, үйрен, тұтыл), етістік-есім мағыналы сөздер құрамында (ұрыс, шығыс, шабыс, күрес, соғыс) әуелгі түбірмен бірігіп келіп, жаңа лексикалық мағынаға ие сөздер жасайды. Сондықтан оларды сөзжасамдық қызмет атқарып тұр деп айта аламыз. Ал, бір етістік түбірде екі немесе одан да көп етіс көрсеткіштерінің келуі олардың лексикалануымен байланысты, бірақ бұл тұста олар лексикалық мағына тудырмайды.

                                                  Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                                                                                                          Щербак А.М. Очерки по сравнительной морфологии тюркских языков (Глагол). Ленинград: Наука, 1981.

2.                                                                                                          Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

3.                                                                                                          Сүйерқұл Б. М. «Ат-Тухфа ...» ескерткіші (ХІV ғ.) тіліндегі етістік категориялары (тарихи-салыстырмалы талдау). Филол. ғыл. канд. ... дис. Алматы, 1999.

4.                                                                                                          Геляева А.И. Категория залога в карачаево-балкарском языке. Автореф. дис. ... канд. филол. наук. Москва, 1982.

5.                                                                                                          Агаева Т.Г. Лексикализация грамматических форм в современном азербайджанском языке. Автореф. дис. ... канд. филол. наук. Баку, 1987.

6.                                                                                                          Калыбаева А. Категория залога в современном казахском языке. Алма-Ата, 1949.

7.                                                                                                          Харитонов Л.Н. Залоговые формы глагола в якутском языке. Москва-Ленинград, Изд. АН СССР, 1963.

8.                                                                                                          Севортян Э.В. Аффиксы глаголообразования в азербайджанском языке. Москва: Изд. Вост. литер., 1962.

9.                                                                                                          Орузбаева Б.О. Словообразование в киргизском языке. Фрунзе: Илим, 1964.

10.                                                                                                      Асланов В.И. Некоторые случаи перехода грамматических форм в лексикализованные образования // Известия АН Азербайджанской ССР. Серия общественных наук. Баку, 1963, № 2, С. 26-30.

11.                                                                                                      Кононов А.Н. Грамматика современного узбекского литературного языка. Москва-Ленинград, 1960.