Қазақ жазуын
латыншаға ауыстырудың ұлттық негізі
Исхан
Бейбіт Жалелұлы, ф.ғ.к., доценті,
Абылай
хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ
қазақ
филологиясы кафедрасы,
Оспанова Баянды Рамазанқызы, ф.ғ.к.,
доцент, Абай атындағы ҚазҰПУ
«Әдебиеттану және тіл білімі ҒЗИ»
Кез
келген халықтың мәдениетінің, өркениетінің
деңгейін анықтайтын басты белгілердің бірі – оның
жазуы. Көп уақыт бойы еуропалықтар жабайы санап келген
түркі халықтарының төл жазуының
болғандығы ХІХ ғасырдың 1887-1913
жылдары Дания ғалымы, Копенгаген
университетінің профессоры Вильгельм
Людвиг Петер Томсен (1842-1927)
Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің құпиясын
ашқанда ғана белгілі болды [1].
Жазба
ескерткіштердің көне түркі жазулары екенін анықтап, оны
оқуға түрткі болған себеп – түркі тілдеріне
тән дауысты дыбыстардың түркі сөздерінде
бірыңғай жуан немесе бірыңғай жіңішке болып
келетіні, яғни дауысты дыбыстар үндестік заңы еді. Бұл
жазу қанша жыл және қандай ауқымда, яғни
жалпыхалықтық немесе белгілі бір сауатты адамдар тобы ғана
қолданылғаны туралы нақты дерек жоқ. Біздің
топшылауымызша, мөлшері, бұл жазуды хан ордасы
маңайындағы бірен-саран адамдар ғана жазып-оқи
алған сияқты. Ал қолданыс кезеңіне келсек,
Орталық Азия елдеріне ислам діні мен мәдениеті кең тарап,
арабтардың үстемдігі орныға бастаған кезге дейін
қолданыста болғандай.
Араб
жазуының кең тарап, бірсыпыра елдердің жазуына айналуына
ІҮ-Ү ғасырда Азия, Африка, Еуропа
құрлықтарына үстемдік орнатқан Араб халифатының дүниеге келуі себеп болды [2]. Араб халифаты
жаулап алған жерлеріне өз үстемдігін берік орнықтыру
үшін ислам дінін кең насихаттауды көздеді. Осы мақсатта
мектеп, медреселер ашып, оларда тек араб жазуын пайдаланды, араб сөздерін
қолданды. Сөйтіп, түркі тілдес халықтар арасына араб,
парсы сөздері кеңінен тарай бастады. Әлбетте, араб тілінен
тек діни сөздер ғана емес, ғылым мен білімге, мәдениет
пен әдебиетке, жаратылыс пен дүниетанымға қатысты да
сөздер енді [3]. Өйткені сол кездегі араб ғылымы, араб
әдебиеті мен мәдениеті дүниежүзі бойынша озық
болатын.
Араб халифаты 1258 жылы Бағдадты моңғолдар басып
алғаннан кейін мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты.
Алайда ислам діні мен араб жазуы өзінің өміршеңдігін
дәлелдеп, Кіші Азия мен Орталық Азия және бірқатар
Африка елдерінің діні мен жазуы болып сақталып қалды [4]. Қазақ жазуы да ХХ
ғасырдың екінші ширегінің басына дейін араб ажазуына
негізделіп келді.
Түркі
әлеміне кең тараған араб жазуы моңғол
шапқыншылығына байланысты ХІІІ ғасырдың екінші
ширегінен бастап түркілік сипат ала бастады. Себебі Шыңғыс
ханның екі ұлы – Жошы хан мен Шағаттай хан билеген
ұлыстар қазіргі Қазақстан мен Орталық Азияның
біраз жерін қамтыған болатын. Олардың билігіне
қараған халықтың басым бөлігін түркілік
ру-тайпалар құрады.
Мешіт-медресесі бар
қалалар орналасқан оңтүстік өлкеде Шағаттай
ұлысының билігі жүрді. Сондықтан да арабша
түркілік жазу біршама отырықшылық кәсіпке негізделген
осы ұлыста айтарлықтай дами түсіп, «шағатай» жазуы
деген атауға ие болды. Алайда екі ұлыстың арасындағы
саяси-мәдени байланыс, сауда-саттық сияқты
қарым-қатынас тығыз болды. Негізінен көшпелі
түркі (қазіргі қазақ) ру-тайпаларынан құралған
Жошы хан ұлысы кейінірек Алтын Орда деп аталып, Берке хан билеген
тұста араб жазуын пайдаланды. Тіпті Араб халифатының Египеттегі ел
биліктін тартып алған мәмүліктер
(мамлюк-қыпшақтар) мемлекетінің құрылуына (ХІІ- ХІV ғғ.) және «Алтын Орда»
хандығы (ХІІІ-ХІV
ғғ.) билігінің күшеюіне байланысты араб
жазуына негізделген түркілік жазу кеңірек өріс алып,
өркендей түсті.
Осындай
түркілік мемлекеттік құрылымдардың үстемдігі
артқан сайын Еуразия ауқымында түркі тілін білу
қажеттігі туындап, араб жазуы негізінде «Кодекс куманикус»
(Қысқаша қыпшақ сөздігі. Авторы белгісіз.
Бұл еңбек «қыпшақ жазуның» жәдігері.
Сөздік армиян жазуымен де жазылып, мұра болып қалған)
сияқты еңбектер де жазыла бастады.
Түркі
халықтарына біршама ортақ «шағатай» жазба әдеби тілі
қазіргі халықтар мен ұлттардың жазба әдеби тілі
сияқты жалпыхалықтық емес, хат білетін сауатты адамдарға
ғана арналды. Оны сауатты адамдар ғана оқып қолдана
алатын болған. Сондықтан да оны кез келген қарапайым адам
күнделікті сөйлеу тілі сияқты емін-еркін пайдалана алды
десек, артық айтар едік. Алайда ол жазу тілі болғандықтан,
әрине, оның өзіне тән емле ережелері мен хат
жүзінде қалыптасқан үлгілері, дағдылы
дәстүрлері болды. Ол ережелерді қисса-дастандар не хат-хабар,
ісқағаздары, тағы басқадай дүниелерді жазатын
адамдар мен оқитын адамдар ғана жетік біліп, ережені
мұқият сақтап отырған. Оның нақты көрінісін
сол дәуірге жататын тарихи жазба құжаттар мен эпистолярлық
(хаттар) жазбалар, әсіресе ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырда
Санг-Петербург, Қазан, Уфа қалаларынан басылып шыққан
түрлі мазмұндағы эпостық және лиро-эпостық
жырлар мен қисса-дастандар тілінен, солардағы сөз саптау
үлгілерінен көреміз.
Шағатай жазба
тілі кең қолданыста болған кезеңдегі түрлі
жазбалар мен әдеби шығармалардың тілі мен көркемдігіне
және мазмұнына тереңірек бойлап қарасақ,
дін-ислам ұстанымының басым күйде болғанын байқаймыз.
Ол оның, ең бірінші кезекте, араб-парсы тілі элементтерінің
аса молдығынан аңғарылса, екіншіден, ұзақ
жылдық араб-парсылық жазбаша әдеби
дәстүрдің үстемдігінен байқалады.
Шағатай тілі өз кезінде түркітілдес
халықтардың, соның ішінде қазақ жазба әдеби
тілі мен жалпыхалықтық тілінің дамуына айтарлықтай
ықпал етті. Ол – көне дәуірден бері келе
жатқан түркілік ауыз әдебиеті үлгілерін, алуан
түрлі сөз өрнектерін, сөз қолданыстарын
хатқа түсіруге жағдай жасай отырып, олардан қол үзбеуімізге
септігін тигізді. Сонымен қатар тілімізге кері әсерін де тигізді.
Мәселен, шағатай жазуымен жазылған түрлі жазбаларда
араб-парсы сөздері ретсіз көп қолданылатын еді. Соның
белгісі («ф», «х» дыбысын пайдалану немесе «Алда» сияқты кейбір
сөздерді барынша арабша дыбысталуына бейімдеп «Аллаһ» деп жазу)
күні бүгінге дейін сақталып келе жатқаны да
шындық. Бұның ең негізгі себебін араб жазуының
қазақшаға бейімделмей алынып, ұзақ жылдар (сан
ғасырлар) бойы қолданылуынан, яғни араб жазуына негізделген
төл әліпбиіміздің сол кезеңде қалыптаспауынан деп
түсінуге болады.
VІІІ ғасырдан ХХ ғасырдың
алғашқы жылдарына дейін жеткен арабша түркілік жазу
дәуірі шартты түрде Қараханид (Х-ХІІ ғғ.)
және Алтын Орда (ХІІ-ХҮ
ғғ.)
кезеңі деп екіге бөлініп қарастырылады. Осы
кезеңдердің жазуын «қадим» (ескі) жазуы деп те атайды. Ал арабша түркілік жазудың ХҮ
ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейінгі кезеңін жаңа
дәуір дейді. «Жадид» (жаңаша) жазуы осы дәуірдің соңғы
онжылдықтарында қалыптасып дами бастады.
Қадим жазу үлгісі, зерттеушілердің
көрсетуі бойынша, қазақ жерінде «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Айқап»
сияқты қазақтың алғашқы газет-журналдары
шыға бастаған кезеңге дейінгі уақытта кең
қолданыста болған. Бұл жазудың бір ерекшелігі дауысты
дыбыстарды арнайы таңбаламай, харакаттар арқылы белгілейтін. Ал
жадид жазуы харакаттардың орнына арнайы дауысты дыбыстардың
таңбаларын пайдаланды.
Сөйтіп, жадид жазуының қолданысқа
енуі – қазақтың төл сөздерін барынша дәл
таңбалап жазуға жасалған алғашқы қадам
болды. Алайда жадидше жазуда да араб әліппесіндегі қазақ тілі
дыбыстық жүйесіне еш қатысы жоқ араб тілі
дыбыстарының әріп-таңбаларының барлығы дерлік
пайдаланылды. Бұл болса, қазақ сөздерінің табиғи
бітім-болмысына нұқсан келтіріп, олардың емлесі
(орфографиясы) мен айтылымы (орфоэфиясы) арасындағы үйлесімді тым
алшақтатып жіберетін еді. Сол себептен ХХ ғасырдың басында
араб әліпбиінің осы бір кемшілігін жойып, қазақ
сөздерін дәл таңбалай алатындай етіп, ұлттық
әліпби жасау қажеттілігі туындады.
Осы ретте ескере кететін бір жәйт – қазақ ұлтының Ресей империясының
құрамында болған жылдардың соңына таман,
яғни ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ
ғасырдың басында қазақ сөздерін дұрыс таңбалап
жазуға қатысты орыс (кирилл) жазуын қазақшаға
икемдеу бағытында да жұмыстар жүргізілді. Бұл
миссонерлерлік, орыстандыру саясатының мақсаты еді. Осыны
көздеген орыс оқымысты-миссонерлері сан ғасырлар бойы
қазақ қоғамына белгілі бір дәрежеде қызмет
етіп келген араб жазуын барынша жоққа шығаруға тырысып,
оның кемішін тұстарын теріп көрсетіп дәлелдеп
бақты. Олардың сол миссионерлік түпкі ойын ашып
көрсеткен еңбектер кеңестік жүйе күйрегеннен бері
айтарлықтай дәрежеде жазылып келеді. Солардың ішіндегі
ең іргелісі деп танымал ғалым, ф.ғ.д., профессор Мекемтас
Мырзахметовтің «Қазақ қалай орыстандырылды» [5] деген
маңызды еңбегін атап көрсетуге болады. Басқа
ғалымдар да бұл саясаттың түпкі мақсатын
түсініп, өз еңбектерінде айтып жүр. Мәселен, ф.ғ.д., профессор Айтмұхамет Тұрышев «Сарыарқа
самалы» газетінде жарияланған «Жазба тілдің қысқаша тарихы» деген мақаласында да
осы саясатты атап көрсетеді [6].
Қазақ ұлтында жазба мәдениеттің
қалыптасу маңыздылығын – «Біздің заман – жазу заманы: жазумен сөйлесу
ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» [7,128] деп
ерекше атап көрсеткен А.Байтұрсынұлы арабшаға негізделген
қазақ жазуын төл әліпбиге айналдырудың нағыз
реформаторы болды. Ол, ең әуелі, қазақ тілі дыбыстарын
анықтап және дыбыстық жүйесін ретке келтіріп, содан
соң араб әліпбиін қазақ сөзін
дәл таңбалауға бейімдеп, ұлттық тілдің
төл дыбыстарынан тұратын әліпбиін жасады. Оның жаңа әліпбиі –
қазақ даласында «төте оқу» немесе «төте жазу»
деген атпен кең тарады.
А.Байтұрсынұлының
әліпбиі сол уақыттағы
түркі, тіпті орыс ғалымдары тарапынан да жоғары
бағаланып, жалпы қолданыста болғанымен, ресми түрде
1924 жылы ғана қабылданды. 1926 жылы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында
Бакуде өткен түркітанушылардың съезінен кейін 6 наурызда
қазақ жазуын латын жазуына көшіру қолға алына
бастады [8,170]. Содан кейін латынша қазақ жазуы 1928
жылы қабылданып, 1929 жылы оның емле ережесі қолданысқа
толық енді. Сөйтіп, қазақ жазуының латынша
түрі өмірге келді.
Алайда
А.Байтұрсынұлының араб әліпбиіне негізделген әліпбиін латыншаға
ауыстырудың астарында орыстандыру саясаты жатқанын еді. Оны кирилл
жазуының түр-тұлғасынан көреміз. Себебі орыс
жазуының (кириллица) өзі латын немесе грек әліпбиі негізінде
қалыптасқандықтан, егер қазақ жазуы
латыншаға көше қалған жағдайда оны кейінірек орыс
жазуымен оп-оңай алмастыра салып, орыстандыру саясатын емін-еркін
жүргізе беруге кеңірек жол ашылатын еді. Солай болды да.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, арбшадан
латын жазуына көшу мәселесі оп-оңай шешіле
қоймаған [9,28-40 бб.]. 1926-1928 жылдары
бұл мәселе қызу талқыланып, сол уақыттағы
Алаш зиялыларының көпшілігі оған қарсы болса да,
ақыр аяғында үлкен дау-дамай, пікірталастан кейін еліміз 1929
жылы латын жазуына өтіп, содан соң 1937-1940 жылдары
толығымен латыннан кирилл әліпбиіне ауысты. Осы өзгерістер
қазақтың жазу мәдениетіне ғана емес, оның
жандүниесіне де, ұлтық ой-санасына да үлкен із
қалдырды. Ал тіліміздің өзіндік ерекшелігін бүлдіріп, табиғи
заңдылықтарының бұзылуына себепкер болған
кирилшеге негізделген «қазақ-орыс» әліпбиі бүгінге
дейін кең қолданыста болып келе жатыр.
А.Байтұрсынұлы
құрастырған арабша жаңа әліпбиде (төте
жазуда) де, сол әліпби негізінде жасалған 1928 жылғы латынша
қазақ әліпбиінде де (бұл әліпби 1938 жылға
дейін ұлттық тіл бағытында болды) тіліміздің
табиғи бітім-болмысы, өзіндік заңдылықтары
сақталған еді. Алайда олар репрессияланған соң, олармен
бірге ұлттық ой-тұжырымдар да, ұлттық
рухани-мәдени танымдар да тұтастай құрдымға
кетті.
Ұлттық
дүниетаным рухани сабақтастық сақталған
жағдайда ғана кемелдене түсетінін ескерсек, Алаш
зиялыларының тарихи және мәдени іс-тәжірибесінен 50-60
жылдай қол үзіп қалған қазақ
ұлтының жазба мәдениеті, тіпті жалпы рухани-мәдени
дүниесі соның залал-зардабын күні бүгінге дейін
тартуда. Қазір біз сол арыстарымызды түгелдей ақтап
алсақ та, ұлт үшін еткен ерен еңбектерінің
қадіріне жете алмай жүрміз. Тіпті «Ол дәурен келмеске кетті.
Тіліміз дамудың жаңа жолына түсті. Заман ағысына
қарай жаңаша өң алып дамуда» деген сықылды
жасанды қағиданы уағыздап, ұлттық тіл
заңдылықтарының бірте-бірте жойылып бара жатқанын
қасақана елемей жүрүргендейміз.
Еліміздің
бүгінгі саясаткерлері «ұлттық идея керек» дейді, бірақ
сол идеяның ХХ ғасырдың басында-ақ жасалып
қойғанын. Алайда біз Алаш арыстарының ұлттық
мақсат-мұрат пен мүддені көздеген ой-тұжырымдарын
зерделеп пайдаланудың орнына 1940-50 жылдары «жасанды әр
алуандылықты жою мақсатымен» деп дәлелдеп, «орыс сөзі
мен халықаралық атаулар, орыс тілі арқылы алынған
сөздер орыс орфографиясы бойынша жазылсын» деген академик И.И.Мещанинов пен
профессор Г.П.Сердюченконың кеңестік барша
халықты орыстандыруды мақсат етіп ұсынған
қағидасын (принцип) әлі күнге басшылыққа
алып келеміз.
«Заман озып,
заң тозғанын» түсінсек те, теріс қағиданың
шылауынан шыға алмай, соның кесірінен кезінде қасақана
ескерілмеген қазақ тілінің мыңдаған жыл бойы
қалыптасқан өз заңдылығы, төл дыбыстары,
төл дыбыстарының өзіндік тіркесімі, сол дыбыстар мен дыбыс
тіркесімдерін айтатын өзіне ғана тән дыбыстау ерекшелігі
(артикуляция, акустика) бар екенін тіптен ұғынғымыз келмейді.
Бұл
мәселені қазақ жазуын қайтадан латыншаға
көшіру арқылы шешуге болатынын көпшілік қазір
түсіне бастағандай. Дегенмен соған қатысты материалдарды зерделеп,
ой таразысына салсақ, ұлттық мүддеден гөрі басқа жағын ойлайтындар
басым сияқты. Олар, көбінесе, ғылыми-технологиялық,
компьютерлік-бағдарламалық, электронды
құрал-жабдықтық, саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік,
педагогика-психологиялық, тарихи-танымдық (түркілік ұлттардың
бірдей әліпби пайдаланып, тарихи-этнографиялық тұрғыдан
тұтасуы) және т.б. жанама себептерді алға тартып жүр.
Біздің ойымызша, жазу ауыстыру арқылы ұлттық-лингвистикалық
мәселені шешіп, рухани тәуелсіздікке қол жеткізу – ең
негізгі мәселе. Демек латыншаға көшу тіліміздің
өзіндік табиғи бітім-болмысын сақтап қалу үшін
қажет.
Латын жазуына
негізделген қазақтың төл әліпбиін
құрып алған соң, оның табиғатында
жоқ, орыс тілінен және сол арқылы «халықаралық
сөз» деген желеумен орысшаланып енген бөтен атауларды жаңа
әліпбимен жазып, қазақ сөзіне айналдыруға болады.
Қазір біз
қазақша баламасы (атауы) табылмай, тіліміздің
лексикалық құрамына кіре алмай (олар кірме сөз бола
алмайды, өйткені кірме сөздер болуы үшін дыбысталуы
қазақша болуы керек) жүрген жаттілдік бүкіл сөзді
қазақ тілінің төл дыбыстарымен жазып-айтуға
тарихи мүмкіншілік туып отыр. Осы мүмкіншілікті дұрыс
пайдаланбасақ, ісіміздің бәрі бекер.
Тәуелсіздік
алғаннан бергі жылдарда мемлекеттік тілді дамытуға арналған
бірнеше кезеңдік іс-шараларды ой таразысына салсақ, қазіргі
таңда ел қоғамының оған деген
ықыласының біршама жақсарғанын аңғарамыз.
Себебі қазақ тілі – еліміздің мемлекттік тілі ғана емес,
қазақ қоғамының білім алатын, ғылымды
игеретін құралы, ұлтымыздың сан ғасырлық
рухани-мәдени мұрасының жиынтығы екенін
пайымдаушылардың саны арта түсті. Сондай-ақ бүгін
қазақ тілінің хал-ахуалы
қоғамдық-әлеуметтік мәселе болумен қатар,
ұлттық-саяси сипаттағы мүдделерімен де астасып,
оның ажырамас бір бөлігіне айналды. Осы ретте қазіргі кездегі
стратегиялық маңызды мәселелердің бірі –
қазақ жазуын латыншаға көшіру болып отыр.
Бқл мәселе өткен ғасырдың
90 жылдардың басында көтерілген еді. Осы кезеңде
түркітілдес Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан латын
жазуын қабылдап, оған толықтай көшті.
2006
жылдың 24 қазанында өткен Қазақстан халқы
Ассамблеясының XII сессиясында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев:
«Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі
мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге
қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі
коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және
көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің
латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты
жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен
шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде
асығыстыққа бой алдырмай, оның
артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» [10],– деген
сөзінен кейін бұл мәселе қазақ
қоғамын біраз дүрліктіріп барып басылды. Содан соң араға
біраз уақыт салып, бұл мәселе тағы да көтерілді.
Оған ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы
Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Қазақ алфавитін 2025
жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық
жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл
қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы
ақпараттың тіліне айналдырады» [11], – деп латын графикасына көшудің
нақты мерзімін белгілеп берген сөзі себеп болып, қазақтілді
қоғам арасында латынға көшу жөніндегі
қоғамдық пікір аса жандана түсті. Небір ғылыми,
ғылыми-көпшілік баяндамалар жасалып, мақалалар жарияланды.
Латыншаға негізделген қазақ әліпбиінің жобалары
қалың қауымға ұсынылып, талқыланды.
Оның күрделі де маңызды мәселелерін қарастырып
талқылаған ірілі-ұсақты талай жиындар, арнайы
конференциялар мен семинарлар, сипозиумдар өтті.
Осылардың өзекті де маңызды мәселелерді
көтергендерін зерделелесек және 1928
жылдан басталған қазақ жазуын ауыстырудың тарихына тереңірек
бойлап, оның материалдарына кеңірек ой жүгіртсек, жалпы арабшадан
латынға, латыншадан кирилге көшудің
қоғамдық-әлеуметті қажеттілігі мен
экономикалық тиімділігі т.б. уәждерінен гөрі саяси астары
басымдау болғанын аңғарамыз. Бұл – патшалық Ресей
мен кеңестік Ресейдің өзге ұлттар тілдеріне
қатысты жүргізіп келген саясатынан болған еді. Мәселен,
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Ресей империясы өз
құрамындағы өзге ұлттарды орыстандыру саясатын
күшейтті. Оқу-ағарту ісі православие дінін насихаттау
жұмысымен астарласа жүргізілді. Бұл бағытта
Н.И.Ильминский, А.Е.Алекторов, А.В.Васильев, В.Н.Катаринский тәрізді
атақты орыс ағартушылары көзге түседі. Әсіресе
Н.И.Ильминский белсенді әрекет етті [12]. Оны Н.Ильминскийдің мына
сөзінен айқын аңғаруға болады: «Так и у нас в
России единство алфавита, даже самое точное, не приведет к внутреннему единению
инородцев с русскими, пока первые не объединятся с нами в вере православной. Я
далее полагаю, что иноверные инородцы, имеющие свою религиозную письменность,
как, например, татары-магометане, или ламайцы-буряты, не примут русского
алфавита, ни целиком, ни с какими угодно приспособлениями и прибавками. Все
наши инородцы, как и русский сельский народ, находятся в периоде религиозного
миросозерцания и руководствуются религиозными мотивами» [12, 35].
Ұзақ уақыт бойы
жүргізілген басқыншылық идеологияның санамызды әбден улап,
түп тамырымыздан үзіп тастағаны соншалық – бүгін
біз орыстандыру мақсатында жасалған «қазақ-орыс»
әліпбиіне әбден бауыр басып та кеттік. Енді одан, демек
құлдық санадан қазақ тілінің төл
дыбыстарын ғана қамтитын латынша әліпби дайындап,
қолданысқа енгізу арқылы ғана құтыла
аламыз.
Пайдаланған әдебиеттер
1 Дешифровка орхонских и енисейских надписей. — Записки
Восточного отделения Императорского русского археологического общества, т.
VIII, 1894.
2 http://www. zox.kz/
load/dintanu/arab_khalifaty_zh_ne_islamny_taraluy/6-1-0-15
3 Мамырова
Г. Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің
түсіндірме сөздігі. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты,
2014.
4 Ислам.
Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.
5 Мырзахметов М. Қазақ қалай орыстандырылды. Алматы:
«Атамұра-Қазақстан», 1993.
6 Тұрышев А. Жазба
тілдің қысқаша тарихы . «Сарыарқа самалы»
газеті.
7 Байтұрсынұлы А. Бес томдық
шығармалар жинағы. 3 т. – Алматы: «Алаш», 2005.
8 Резолюция І
тюркологического съезда о новом латинированном алфавите//Культурное
стройтельство в Казахстане (1918-1933), Алматы, 1965.
9 Латын
графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы
және болашағы. –Алматы: «Арыс», 2007.
10 Назарбаев
Н.Ә. Президенттің Қазақстан халқы
Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзі. http://www.akorda.kz.
11 Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2050»
Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси
бағыты /Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың
Қазақстан Халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14
желтоқсан.
12 Ильминский Н.И. Из переписки по вопросу о применении
русского алфавита к инородческим языкам. – Казань, 1883.