Ұстаз туралы толғаныс

 

А.Ж.Аметова,  Б.О.Рахимбаева

 

Академик Е.А.Букетов атындағы

Қарағанды мемлекеттік университеті,  Қазақстан.

           

            Жандос Қожахметұлы Смағұлов (1956 жылы, Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы «Қаратал» кентінде (қазіргі Шабанбай ауылы) - әдебиеттанушы ғалым, сыншы, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының (МАИН) академигі.

         Қызметтік жолы 1979 жылдан Ақтоғай ауданындағы Қ.Нұржанов атындағы орта мектепте мұғалім, 1980-1982 жылдары «Жамшы» сегізжылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, директор қызметтерін атқарған. 1983 жылы ҚарМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасына аға оқытушы болып орналасқаннан бері осы оқу орнында жұмыс жасайды. 1993-1995 жылдары ҚарМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 2000-2003 жылдары журналистика кафедрасының меңгерушісі, 1995-1997 жылдары факультет деканы орынбасары болып жұмыс істеді. Қазір қазақ әдебиеті кафедрасында профессорлық қызметте. 2005 жылы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің шешімімен доцент атағын, 2011 жылы Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының (МАИН) толық мүшесі болып сайланып, академик атағын алды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2013 жылдың “Жоғары оқу орындары үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын жеңіп алған.

         Бүгінде академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы, сыншы, ғалым Жандос Қожахметұлы алпыстың асқарына шығып, тағы бір асуды артқа тастады. Бар ғұмырын ұстаздық, ғалымдық жолға арнап келе жатқан ағамыз – адал еңбегімен, шәкірттері мен әріптестерінің  құрметіне бөленіп, күнделікті тіршілікте қарапайым, кішіпейіл, көптің бірі болып жүрген азамат. Қарапайымдылық дегеніміздің өзі шынайылық екендігіне өмір мысалдары көзіңді анық жеткізеді. Өмірде қаншама биіктерге шыққанымен де алдымен «Ұлық болсаң, кішік бол» ұстанымдарына сай адал өмір сүріп келе жатқандардың бірі емес, бірегейі бұл күндері жігіт ағасынан ақсақалдыққа қарай бет алған Жандос Қожахметұлы деп білеміз.

         Қашан көрсең де, аңқылдап қарсы алатын, өтініш айтсаң, мәселеңді шешіп беретін осы бір ұстазымыздың мінезіне, адами болмысына еріксіз риза боласыз.

         Бір аңдағанымыз – ұстаз болу түсінген жанға асқан жауапкершілік пен орасан еңбекті қажет етер күрделі іс екен. Біз үшін шоқтығы биік ұстаз – өзіміздің Жандос ағамыз. Қазіргі таңда ғалым, академик Жандос Қожахметұлы – бізге дәріс берген ұстазымыз, ғылыми жетекшіміз, кейіннен бірге қызмет атқарған ақылшы, жанашыр тұлға.

         «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі. Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым  Аристотель», десе, Абылай хан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды «ұстазым» деп, шексіз құрметтеп өткен екен. Бұл жерде айтпағымыз тек бізге ғана емес, талай жастарға ақылын аямаған, жол сілтеп жанашыр болған Жәкеңнің бізге дәріс берген жылдарын әрқашан еске алып отырамыз.

         Филология факультетінің студенттері едік.  Осы кезде  ағай бізге «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» пәнінен дәріс оқыды, ғылым жолының қайнар көздерімен таныстырды. Әрбір дәрісін жан-тәнімен беріліп оқитын. Дәрісі өте қызықты, көңілді өтетін. Ағайымыздың әр айтқан сөзін есте сақтауға тырысатынбыз. Жастарға білім беру бағытындағы ойлары өзектілігімен, шыншылдығымен ерекшеленетін. Бар болмыс-бітімімен, кісілік келбетімен, ақыл-парасатымен шәкірттеріне үлгі-өнеге бере біледі.

         Біз оқуды бітіретін жылдары Жандос ағай қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. Бірде ұстазымыз шақырып алып бізге: «Қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасына жұмысқа қалыңдар, қолдарыңнан келеді», - деді.

         Көркем сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің: «Тұла бойы тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас, бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай жан еді» деген тұжырымы тұп-тура Жәкеңе арнап айтылғандай.

         Жас маман үшін тәжірибе жинақтау, тәжірибелік дағдыны қалыптастыру, оны  жүзеге асыру күрделі де қиын кезең. Осы ретте  ұстазымыз ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісетін. Ғылым жолында ардақты ұстазымыз бізді адалдыққа үйретті. Ғылым жолының ауыр міндетін құр сөз, құрғақ ақылмен емес, теориялық тұжырымдармен, дәлелді мысалдармен жеткізеді. Өзіне ғана тән кең пейілінен, ақжарқын көңілінен, ізгі жанынан әкелік, ұстаздық қамқорлық сезіліп тұрады. Қателігімізді, кемшілігімізді зілсіз әзілмен түзейтіні – ағайымыздың нағыз шеберлігі.  Тіпті арасында «Әзір, күйеуді қоя тұрыңдар. Жүресіңдер,  ертең біреудің нәскиін жуып. Мақала жазыңдар, ғылыммен шұғылданыңдар! .. » деп әзілдейтін.  

         Ардақты ұстазымыз – жан-жағына жылы шуақ пен мейірім таратып жүруінің арқасында шәкірттерінің терең сүйіспеншілігі мен сый-құрметіне бөленген ғалым-ұстаз. Ұстазымыз – мінезге өте бай, кең парасатты, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ілтипатпен қарайтын, қолдан келгенше көмегін аямайтын, мәдениеті жоғары, өте еңбекқор жан.

         Отбасы. Ғылым. Шəкірт. Осы үш нəрсе Жандос Қожахметұлын  қажытпайды да, шаршатпайды да. Себебі ол  – өзінің бақытын еңбектен, жас ұрпаққа білім мен тəрбие беруден тапқан тұлға. Ұстазымыздың берген кеңесі, білім жолындағы көрсеткен бағыттары мен сөздері бүгінгі күнге дейін жəне мəңгілік азық болмақ.

         «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деп Александр Македонский айтқандай, алдыңда асқар таудай әкеміз, тəлімгер ұстазымыз болғанына не жетсін!

         Ағамыз  – Гауһар тәтедей жар сүйіп, Елдостай ұл, Тоғжан, Арайлым, Аяулымдай ару қыздар тәрбиелеп отырған бақытты шаңырақ иесі, ардақты да сүйікті ата.

         Осындай мерейтойыңызда шынайы көңілмен зор денсаулық, шығармашылық және өмірлік жоспарларыңызды орындауда үлкен жетістіктер тілейміз. Өзіңізді әрдайым ғылымның биіктерінен көре беруге жазсын!

         Сіздің атқарған еңбектеріңізді мойындай отырып, үлкен алғысымызды білдіреміз.

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

1.Смағұлов Ж.Қ. Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолдары.

 Қарағанды,  1995. 
2. Бәжікеев Қ. «Тоқырауын тынысы» газеті. 26 сәуір, 2013 ж.