Мажимова А. З.

Жұмабаева К. Б.

Жезқазған политехникалық колледжі, Қазақстан

 

Жазбаша мәтіннің құрылымдық ерекшеліктері

Қазіргі кезде колледж оқушыларының тиянақты білім алып, біліктілігі мен дағдыларын қалыптастыруды мақсат етіп қоя отырып, оларды ойлауға үйрету, өз бетінше білімдерін толықтырып, жаңа білімдерді игеру тәсілдерімен қаруландыру, алған білімдерін теориялық және тәжірибелік мәселелерді шешуге саналы түрде қолдана білу сияқты ақыл-ой белсенділігін де дамыту бағытындағы негізгі мәселе – оқушыларды сөйлеуге, қарым-қатынас жасауға үйрету [1].

Жазбаша сөйлеу әрекеті – таңбалардың белгілі бір фонемалық, мағыналық қасиетке ие болуы арқылы адамдардың бір-бірімен жазбаша қарым-қатынасын қамтамасыз етеді. Жазбаша сөйлеу әрекетінде оқушы сөйлемнің мәніне, мағынасына, қалыбына көңіл аударып, оны ойлау әрекетімен пайымдау арқылы өз санасынан өткізіп, қағаз бетіне түскен материалдың түсінікті, жүйелі болуы нәтижесінде жазбаша тілдік қатынасты жүзеге асырады [2].

«Сөйлеу – адамдардың материалдық өзгертуші іс-әрекеті процесінде тарихи тұрғыдан қалыптасқан тіл арқылы болатын қарым-қатынас нысаны» деп атап көрсеткен А. Байтұрсынов[3].

Қ. Жұбановтың еңбектерінде қазіргі тіл біліміндегі терминдік атаулармен берілмесе де, мәтін мәселесіне қатысты пікірлердің болғандығы анық байқалады. Мәтін қарым-қатынасты жүзеге асырудың бірден-бір құралы деп түсінген ғалым мәтіннің ауызша және жазбаша түрлерін бөліп көрсетіп, олардың айырмашылықтарына да ден қоя отырып: “Сөз бұйымын дұрыс жасап шығу үшін де оның жасалу жолын білу – жазылатын сөзге ала-бөле қарау, - деп атап көрсетеді [4]. Бұдан біздер ғалымның мәтінді жүйелілік сипаты бар құбылыс деп түсінгендігін көреміз.

Ал 1974 жылы жарық көрген оқулығында сөздің ауызша және жазбаша деп екіге бөлінетіндігі, олардың ерекшелігі сөз етіліп, жазбаша сөздегі ойдың қағазға жазылып жеткізілетіндігі туралы мынадай пікір айтылады: “Сонымен жазу – ол белгілі бір текст. Бұл түрлі текстер (газет, журнал, кітаптардағы материалдар) әр жай, күйді білдіріп хабарлайды” [5]. Бұл ойдан жалпы лингвистика ғылымының зерттеу нысанынан саналатын мәтін – тіл жүйесін пайдалану арқылы қағаз бетіне түскен сөйлеудің бір түрі, яғни ол сөйлеудің хатқа түскен бейнесі түрінде анықталып отырғаны анық байқалады.

Мәтіннің өте күрделі табиғаты оған түрлі қырдан танылған әртүрлі анықтама берілуінен байқалады. З.Я. Тураева, Н.И. Жинкиннің тұжырымдамасы негізінде А.И. Новиковтың, М.М. Бахтиннің, И.Р. Гальпериннің, Б. Шалабаевтың, қырғыз мәтіндерінің қатысымдық құрылымын зерттеген С.Ж. Мусаевтың мәтінге берген анықтамаларын салыстыра талдай отырып, әр анықтамада мәтіннің бір қыры танылып жататынын көре аламыз.

Мәтін теориясын кең көлемде зерттеген И.Р. Гальперин өзара байланысып жататын мәтіннің мазмұндық және тұлғалық-құрылымдық категорияларын анықтап, олардың әрқайсысына сипаттама береді: хабар беру, мүшелену, мәтінішілік байланыс (когезия), континуум, диссконтинуум, ретроспекция (мезгілге, кеңістікке қатысты ұғымдар), модальділік, дербес мағыналық, тұтастық, аяқталғандық. Ғалым оларға нақты шек қоюды қажет деп есептемейді, өйткені “тұлғалық-құрылымдық категориясына мазмұндық сипат тән болса, ал мазмұндық категориясы құрылымдық тұлғалар арқылы көрініп отырады” [6].

Мәтіннің көлемі қандай, қанша сөйлемнен түзілуі тиіс деген сұраулар төңірегінде де зерттеушілер арасында бірізді пікір жоқ. Сол себепті де, мәтін атауы әр түрлі құрылымдық-мағыналық бірліктерге – дара сөйлемге де, мағыналық, интонациялық жағынан аяқталған сөйлемдердің тізбегіне де, тұтас шығармаға да (макромәтін), шығарма бөліктері мен үзінділеріне де (микромәтін), яғни “бір сөйлемнен бастап бірнеше томдық шығармаға дейін” (Л.Г. Фридман) қолданыла береді. Сонда бұларды мәтін деп атауға қандай негіз бар? Бұл сауалға жауап ретінде О.И. Москальскаяның пікірін келтіргенді орынды көрдік: “…сан түрлі сөйлеу туындылары мен олардың шартты түрде аяқталған бөліктерінің барлығын біріктіріп тұрған ең басты белгісі – мағына бірлігі және қатысымдық маңызы бар функциналдық белгісі”, - деп тұжырымдайды [7]. Әр түрлі тұлға-бірліктердің мәтін деп аталуы, зерттеушінің тұлға-бірлікті өзіндік байланысу жолдары мен тәсілдері бар, салыстырмалы түрде тұтас бір аяқталған мазмұнды білдіретін құбылыс ретінде қарастырудан туындауы да мүмкін. Сондай-ақ бір-екі немесе үш-төрт сөйлемдерден тұратын, өз алдына аяқталған дербес тұтас мәтін ретінде танылатын да сөйлеу туындылары бар: мақалдар, мәтелдер, жұмбақтар, жарнама мәтіндері т.б.

1) Жазбаша мәтінде оны құраушы бірліктердің арасындағы байланыстырушы элементтер айқын білініп, формалды көрсеткіштері мүмкіндігінше, толыққанды болуға, логикалық ой желісі үзілмей, сақталып отыруға, лексикалық құнарлылығы терең болып, басқа да тілдік формалардың мол болуына мүмкіндік беретіндей күйде жасалады.

2) Қарым-қатынас жасау формасына сәйкес, мәтіндер монологтық, диалогтық, кейде полилогтық та болып бөлінеді. Бұл жерде сөйлеудің түрі мен формалары бірігіп келіп, жазбаша, ауызша мәтінде де монолог пен диалог болатыны анықталды.

3) Мәтіннің қандай да бір стильде құрылатыны белгілі. Оқыту барысында функциональды стильдердің ауызекі сөйлеу стилі, ғылыми, ресми іс қағаздары, публицистикалық және көркем әдеби түрі қолданылады. Осы стильдердің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері белгілі. Олардың мәтіндегі өзіндік құрылымы бірден көрініп тұруы да мүмкін. Көп ретте, публицистикалық және көркем әдеби стильдерді айыра алмау байқалады. Сондықтан да мәтін стильдерін таныту бағытында жүргізілетін жұмыстардың өзіндік жүйесі жасалынуы керек.

4) Мәтіннің жанрлық ерекшеліктері де танылуы қажет. Жанр, негізінде, функциональдық стильдермен тығыз астасып жатады. Ондай байланыстылықты мынадай сызба арқылы көруге болады:

5) Сөйлеудің функциональдық типі бойынша сөйлеуде сипаттама, хабарлама, ойтолғау түрлері қолданылатыны белгілі. Бұлардың әрқайсысының жеке ерекшеліктері әрбір сөйлеу типтерінің құрылымдық-жүйелік заңдылықтарына сәйкес танытылады.

6) Мәтіннің тағы бір маңызды белгісі – оның эмоционалдық бояулылығы. Бұл жағынан, ғалымдардың пікірінше, мәтіндер: ресми, ресми емес, бейтарап болып бөлінеді. Экспрессивті мәтіндер өз ішінде: экспрессивті-стилистикалық белгілері бар және бейтарап мәтіндер болып бөлінеді. Осының ішінде, экспрессивтік-стилистикалық белгісі бар мәтіндерге: көркем, публицистикалық, ауызекі сөйлеу, ғылыми (пікірталастар), құттықтау, қарсы алу сөзі сияқты ресми мәтін түрлері жатады. Ал «бейтарап» мәтіндерге: ғылыми, ресми іс қағаздар, публицистикалық стильдің кейбір жанрлары хроника жатады. Әдістемеші-мамандар әдістемелік тұрғыдан мынадай етіп бөлуді ұсынады: оқуға; тыңдауға; ауызекі сөйлеу тілін дамытуға; жазба сөйлеу тілін дамытуға арналған мәтіндер.

Тұжырымдай келгенде, оқушылардың дүниетанымын дамыту мен қалыптастырудың арнайы мақсаттары көзделіп, түрлі өмір, ғылым салаларынан арнайы мәтіндер талданады. Ғылыми мақсат та сол бағытта болады. Ал тіл дамыту мәтіндер бойынша шығарма, мазмұндама, жоспар, мәтінді талдау сияқты жұмыстар ұйымдастырылады. Тіл ұстартуда, міндетті түрде стилистикалық жұмыстар мол жүргізіледі. Өйткені, қазіргі қазақ әдеби тіліндегі стильдердің қайсысын болсын, оқушы мүмкіндігінше жетік меңгеруі керек. Ал жазбаша тіл ұстарту жұмыстары стиль тармақтарының ерекшеліктерін тани отырып, сол бағытта құра білу дағдысын қалыптастырады.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары.

2. Білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2015.

3. Байтұрсынов А. Тіл тағлымы, - Алматы, 1998. - 362 б.

4. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер, - Алматы: Ғылым, 2006. - 360 б.

5. Балақаев М., Томанов М, Манасбаев Б. Жанпейісов Қазақ тілінің стилистикасы, - Алматы: Колледж, 2004. –192 б.

6. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің мәселелері, - Алматы: Рауан, 1991.

7. Москальская О.И. Грамматика текста. - Москва: Высшая школа, 1981.