Мажитаева Ш., Амирбекова М.Р., Толеуова Г.К.,

Академик Е.А.Букетов ат.КарМУ

 

  ҰЛЫТАУ ӨҢІРІНДЕГІ БИ-ШЕШЕНДЕР  МҰРАСЫ

 

Қазақ ауыз әдебиетінің ерекше бір жанры – шешендік өнер. Халқымыздың даналығының үлгісі шешендік сөздер – ғасырлар бойы халық сынынан ерекшеленіп өткен құнды мұра, асыл қазына. Халқымыз ықылым заманнан–ақ шешендікті, іс мәнісіне қарай тереңнен толғап, айтар ойды дөп басып, нысана ортасына суылдап келіп қадалған жебе тәрізді дәл тигізіліп айтылған сөзді өнердің ең биік сатысы деп жоғары бағалаған. Шешендер кезінде мемлекеттік дәрежедегі маңызды істермен айналысатын қайраткерлермен тең бағаланған. Олар сот ісінде, мемлекеттік басқару ісінде, ел жағдайына қатысты күрделі жайыттарды шешуде төрелік айтып, болған іске әділ бағасын берген. Тумысынан ойшыл, дана халқымыз өзі өмір сүріп отырған орта, саялы табиғат, тұрмыс-тіршілік болмысын, ел-жұрт арасындағы қарым-қатынас, ел басынан өткен қилы-қилы кезеңдерді, жақсы-жаман жағдаяттарды ой-сана илегінен өткізіп, оған деген өзінің көз қарасын білдірді.

Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы би мен Аяз билерден басталып (XII-XIII ғғ.), Жиренше шешен, Асан қайғы (XIV-XV ғғ.) есімдерімен қатысты калыптасып, өркендей түсті. Шалгез, Бұхар (XV-XVIII ғғ.), Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелерге жалғасты.

Шешендік өнер Ұлытау өңірлерінде де кең дамығаныменен бір жүйеге келтірілмеген. Осы өңірден шыққан би-шешендеріміз Бабыр би, Шегір би, Бітімгер Байғұла би, Бозай шешен, Би Бидаш, Төлек би осы өңірде туып өскен. Олардың аталы сөздері тек газет, түрлі жергілікті басылымдарда ара-кідік басылып жүргенмен, жинақталып, бас-аяғы бүтінделіп жарияланып, зерттелмеген. Ұлытау – би-шешендер мекені. Бұл асыра айтқан сөз емес. Ұлытау – ұлттың ұясы десек, осы жерде ел тағдырына қатысты мәселе шешілген. Би-шешендер осы жерде бас қосқан. Ендеше ғажап өнердің дәні осы топыраққа түсері сөзсіз. Ұлытауда сонау Шыңғысхан заманында Төлебидің бабасы Майқы би бүкіл алаш баласына енші бөлген деген аңыз бар. Сонда Ұлытау алаш жұртына ортақ  жазғы орда болып белгіленген. Дешті Қыпшақ даласында түркі тайпаларының тобы қазақ болып бірігіп, бір ту астына жиналып, енші алысқаны туралы таңбалар қасиетті  таудың төрінде Таңбалы тасбұлақта әлі тұр.

Ауылдарды үш жылға сайланған старшина, болысты-болыс басқарушысы, округті-болыс басқарушылары сайлайтын аға сұлтан басқаратын тәртіп орнатылды. Бағаналының Төртбосағасының  құрылуы да рубасыларының, билердің талқылау-таразылау сарабынан өтті. Алдымен ақылшы билердің саны қанша болу қажет, олар қалай іріктеледі, жеке ру емес, тайпалық және тайпааралық даулы мәселелер қалай шешіледі, бұлардың барлығы көпті көрген ақсақалдар  мен игі жақсылардың талқылауына түседі. Оның сыртында қазақта төрт түлік мал, төрт арыс деген сөз тізбектері болған. Сонымен, дүние танымы төрттік санға кеп тоқталады. Төрт би сайлау көптің мақұлдауымен  шешіледі. Сайланатын билерге де төрт талап қойылды. Олар біріншіден, елдің қыстауы мен жаз жайлауын кеңейтіп, жаңадан  жер әперген кісі болуға тиісті, екіншіден, ел басқарып, көпті сөзіне ұйытқан адам болуы керек, үшіншіден, әрісі Үш жүз бас қосқан, берісі көрші ағайындармен жиынға қатысып, суырылып шығып сөз бастаған әділ билік айтқан би болуы шарт, төртіншіден руы өсіп-өнген, беделді, ұран тасталса, бір ту астына жиналар сайыпқыран жігіттері көп, қол бастайтын жүректі адам болуы керек.  Бағаналының төрт босағасы Қадір, Сандыбай, Бабыр, Шегір-бірі би, бірі батыр, бірі әулие, бірі ділмар шешен. Олар XVIII-XIX ғасырлардың белортасында өмір сүрген. Бұл қазақ қауымының өміріндегі құбылмалы, қиын және қасіретті кезең еді. [1]

Жауғашты Кәдір бидің алға түсер жосық-жөнінің себебі бар. Оның шыққан Сары-сарғалдақ тайпасының адамдарының бүкіл бағаналы елінің ширегіндей еді. Олардың ішінен Барлыбай хан, Шұбартулы Жаулыбай батыр, Оразымбет батыр, т.б. шыққан. Жері Қоқан, Хиуа, Түрікпен шапқыншыларының өтінде орналасқан. Кеше Әбілқайыр ханды өлтіріп, Алатауды жағалап жоңғар қонтайшысын сағалаған Барақ сұлтан әділ үкім шығарса, осылар болар деп үш бидің қатарында атаған найман Өтебай Кәдір бидің атасы еді.

Сандыбай батыр алғашқылар қатарында аталды. Жоңғарлармен, қоқандармен, хиуалықтармен шайқаста ерекше аты шыққан түкті жүрек, құрыш білек, алдаспан батыр. Қалың жырық, қуат, қоқан руларының бетке ұстар ел ағасы. Қызылтаз, ибеске, жұртшы ағайындарынан  жылкелді Бабыр би, ақтаз Сейіт, бадана жұртынан  Шалабай Шегір би сайланды. Төбе би орнын Кәдір би алды. Төрт биді бағаналы елінің төрт босағасы деп атады. Бірліктің, берекенің, бауырластықтың мәйегі сырттан көз алартқандарға айбын, Ұлытау өңірінің тұрғындарына қорған болды. Балталы-бағаналыларының  қонысы кеңіп, іргесі бекіп, ел өркен жайып, дәулеті кемелдене берді.

Айтулы шешеннің бірі - Бабыр би. Бағаналы Бабыр бидің туған аймағы, кіндік қаны тамған жер жазба деректе көрсетілмеген. Шежіре ақтарып, ғасырлар тұңғиығына көз жіберсек, оның арғы тегі өкіреш найман Белгібайдың өнікті бір бұтағы сүгіршінің ұрпағы екенін бағдарлаймыз. Бөкенбайұлы Бабыр жастайынан ел көзіне іліккен. Өз заманында Ресей әкімшілігіне ықпалы бар белгілі  би, батыр әулие болған. Ол Бағаналы еліндегі төрт болыстың бірі – Қызылтаз – Ибеске – Жұртшы болысын 26 жыл басқарған.

XIX  ғасырда Ұлытау баурайын мекен еткен Бабыр би, Бабыр әулие, Бабыр батыр, Бабыр болыстың көсем сөзі, ақыл-өсиеті, толғам-тұжырымдары ел аузында көп сақталған. Қане, Бабыр Бөкеншин не дейді?

«Білікті би біліп айтады,

Көлгір күліп айтады

Жалқау жатып айтады,

Надан үріп айтады,

Жолаушы жүріп айтады».

Немесе

«Ағайынның татулығы қабағында,

Абысынның татулығы табағында

Ал, «қасиетім қызымда қалады,

Іргем сыртқа жағады»,- деген сөздерінде қаншама мағына жатыр. [2]

Ұлытау өңіріндегі айтулы тұлғалардың бірі, артында аталы сөз қалған шешен – Шегір би. Құтан атадан тараған ұрпақ аз емес. Солардың ішіндегі ең айтулысы - оның Шалабай атты ұлынан туған немересі Шегір би. Ұлытау өңірін мекендеген қалың бағаналы найманның төрт босағасы-төрт тірегінің бірі ретінде оның есімі ел ішіне кеңінен  таралған.

Өтеубай би    үш жүзге танымал, қара қылды қақ жарған, аузы дуалы, сөзі уәлі ел ағасы. 1748 жылдың тамыз айында Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіріп, қолына қарайтын елмен орта жүзге қарай үдере көшкенде, жол үстінде қаз дауысты Қазыбек көлденең тұрып, «Ханыңды қалай өлтірсең, халқыңды қынадай қырарсың. ...Сылтауратып сытыла алмайсың, бұлталақтап құтыла алмайсың...» деп келіп билер сотына мойын ұсынуға мәжбүр еткен» деген сөз бар. [3]

Ұлытау топырағынан шыққан атақты билердің бірі – Бозай шешен Тілекеұлы. Оның кемел ақылы,орнықты сөзі, әділ билігі атағы алысқа тараған Ерден сұлтанның назарын аударған.  Бозай бабаны Ердекең өзінің бас биі етіп тағайындаған. Халық арасындағы Бозай бидің беделі Ерден сұлтаннан әсте де кем болмаған, тіпті, кейбір реттерде сұлтанға тоқтамағандар Бозай бидің алдына барғанда райларынан қайтып, ымыра-бірлікке келіп отырған.

Бағаналы Құдайменде би. «Жалғызбын деп қиналғанға: Алланың өзі жалғыз, жарлымын деп қайғырғанға-пайғамбардың өзі жарлы болған», деп басу айтқан Құдайменде Есенбайұлы Сарыарқа төсінде керілген Сарыкеңгір өзенінің бойында дүниеге 1802 жылы келген. Жастайынан үш жүзге аты шыққан Құдайменде би ғұмырында адамгершілік, адалдық шыңынан ерте көрінген, ел басқарған билердің шоқ биігі. Ел басқарса-ай мен күндей, баршаға бірдей болған, билік айтса - турашылдық пен әділдікке  шақырған, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөзді пір тұтқан. [4]

Бидаш бәйбіше ел ортасында ақылды, дана парасатты әйел болғандығын күні бүгінге дейін көз көрген, көңіліне түйген кісілер айтып, тамашалайды. Ұсақ-түйек үй ішінің кіржің қабағына қарап, мәселен, көрші-колаң, еркек-әйел отбасында ренжіссе, ауыл арасында реніш болса, өтіп бара жатқан жолаушы ұрланса, тағы басқа осы сықылды жағдайдан наразылығын айтып Бидаш бәйбішеге ғана жүгінген. Осы кісі нашар жанға көмек беріп, бұзығына ақыл айтып, басқасының ақыл-ойын жаңартып алдына келген екі аяқты жанды ырза етіп жіберетін  болыпты. Осындай жақсылықтарымен ел арасында  «Бидаш болыс» атанған. Болыс атаулының да талай себептері бар сияқты. Ел арасында бітпес жанжал, дау бола қалса, «Бидашқа барамыз»  деп жүгінген. [5]

«Аймырза шешен айтқан екен»,- деген көптің сөзі оның да кезінде ықпалды жан болғанын байқатады. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, Ұлытау өңірінде Аймырза деген тілді кісі болыпты. Ол жасы  ұлғайған кезінде сол аймақтың біраз жақсы-жайсаңдарымен бірге аға сұлтан Ерденнің үйіне келіп қонақ болады. Қонағасы кезінде далаға шығып есіктен қайта кіре берген кезінде Аймырза ақсақал табалдырыққа сүрініп, құлап тұрады. Ол кезде бірінің сөзін бірі аңдып, бірінің қимылын бірі бағып отыратын замандас құрбыларының бірі Айекең орнына отырған соң: «О, Айеке, ұятыңды жабарлық бір ауыз сөз айтшы» депті.  Сонда Аймырза:

Таң екенін кім білер-

Сарғайып күліп атпаса

Батыр екенін кім білер-

Жауға қарсы шаппаса

Шешендікті кім білер-

Қапыда сөз таппаса.

Артық жаратқан үй екенін кім біледі.

Біреу құлап, біреу сүрініп-жатпаса, - деген екен. [6]

 

Халық жадында жазылып қалған ұлытаулық шешеннің бірі - Өте Таймасұлы. Өте жайлы, оның ел ісіне араласқан кездері жайлы мәлімет аздау, бірақ оның аңыз кейіпкері еместігі, тарихи тұлға екендігі, тарихтан белгілі Жанайдардың Мейрамымен замандас болғаны – ақиқат. Ел ауызынан жеткен әңгімелер сорабына қарасақ, Өте Мейрам Жанайдарұлынан жасы үлкен екен. Өтенің ел ішіне беделі жүріп тұрған кез. Ел ісіне араласып, өзінің кім екенін танытып келе жатқан Мейрам да осал емес. Сол кезде жасының үлкен-кішіліге қарамай сөзбен сынасып қалатын, бірін бірі сөзбен сүріндіруге тырысатын дәстүр болған.

Ұлытау топырағынан шыққан билер жайлы сөз бола қалғанда есімі алдымен аталатын тұлға - Қаражігіт би. Қаражігіт бидің азан шақырып қойған есімі – Бәйменде. Бір үлкен даудың үстінде кесімді сөз айтып, кеңес мүшелерін аузына қаратқан оған жақсы мағынада айтылған Қаражігіт деген  лақап ат беріліпті. [7] Қысқасы, Ұлытау өңірі – қазақ хандығын құру идеясы туған топырақ. Ендеше бұл жерде ел жайын, ел ертеңін, алдағы күннің қандай болатынын болжайтын, маңайындағы халықты осы мәселе төңірегінде ұйымдастыра білетін тұлғалар өмір сүрді деген сөз. Олар – хандар мен би-шешендер. Бұдан шыңатын қорытынды,  Ұлытау төңірегінде де шешендік өнердің қанат жая дамығандығы. Ал осы мол мұраның жинақтап, зерттеу бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болса керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.    Ұлы істердің ұйытқысы – ұлы дала. //Сарыарқа газеті, 2015.

2.    Сандыбай батыр. //Сарыарқа газеті, 2000.

3.    Бейсембек Т. Сарыарқа саңлақтары. Қарағанды, 2007.

4.    Бағаналы Құдайменде би, ЖҚММ, 545 қор,1 тізімдеме, 83 іс, шілде, 2007.

     5.  Тоқсанбайұлы Қ.  «Би Бидаш», 545 қор, 1тізімдеме, 83 іс.

     6.Ұлы істердің ұйытқысы – ұлы дала. // Сарыарқа газеті, 2015.

     7.Хандар тарихындағы Ұлытаудың орны. //  Мысты өңір газеті, 2015.