МҰНАЙ-ГАЗ ҚҰБЫРЛАРЫН ТӨСЕУ ЖҰМЫСТАРЫНДА МАШИНАЛАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІН ЖОҒАРЫЛАТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Шилібек К.Қ., Шойбек Е.Е., Байтерекова М.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Тәуелсіздіктің таңы атқан жылдан бері қарай магистралды мұнай құбырларындағы техникалық жағдай да жақсара түсті. Көп жылдардан бері тозығы жеткен құбырлар ауыстырылды, олардың техникалық-экономикалық қасиеттері бақылауға алынды. Қазіргі таңда «ҚазТрансОйл» АҚ қарасты еліміздегі барлық құбырлар жүйесі автоматтандырылған SCADA технологиясы бойынша басқарылады. Отандық мұнай тасымалы саласының жыл санап алға басуына байланысты тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз ету турасында тың технология ойластыру мәселесімен бетпе-бет келдік. Себебі сұраныстарды уақытында орындау үшін бірінші кезекте жұмысты жеңіл және сапалы жолға қою қажеттігі туындады.

Бұл магистралды мұнай құбырларының көбісі Кеңес уақытында тартылған және Тәуелсіздік жылдарынан бері жаңартылып, Қазақстанның игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Ал «Атасу - Алашанькоу», «Кеңқияқ - Құмкөл» секілді магистралды мұнай құбырлары - Тәуелсіздіктің төл қарлығаштары. Негізінен, аталмыш екі құбыр жолы да Қытай Халық Республикасына мұнай айдауға арналған.

Жалпы, ұзындығы 962 шақырымнан астам магистралды құбырдың 960 шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

«Қазақстан - 2050» бағдарламасында айтылғандай мұнай-газ саласындағы мәселелерді шешу актуальді тапсырмалардың бірегейі болып табылады, оның құрама бөлігі ретінде мұнай құбырларын төсеуді механикаландырылуы мен технологиясын айтып өтуге болады.

  Мұнай құбырларын төсеуді механикаландырылуы, машиналардың негізгі түрлерінің бірі болып табылатын жер жұмыстарына арналған машиналардың көмегімен жүзеге асырылады. Алынатын нысандардың көлеміне байланысты жер жұмыстарының көлемі құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінің 80 – 90% қамтиды. Жер қазғыш машинаның өнімділігін жоғарылатудың тиімді бағыттарының бірі олардың жұмыс құралдарын жетілдіру болып табылады.

  Жұмыс құралының құрылыстық орындалуы мен оның қазылатын тпырақпен өзара әрекет үдерісі жоғары дәрежеде топырақтың физико-механикалық қасиетіне (гранулометриялық құрамы, тығыздығы, үйкеліс коэффициенті, қаттылық қасиеті, табиғи құлама бұрышы, абразивтік және т.б.) және оның қалыпты жағдайына  байланысты болады. Конструкция мен үдеріске біздің қалай қазғанымыз және өзара әрекет ережесі (қазу әдісі, жылдамдықтар, үдеу, салыстырмалы беріліс мөлшері, топырақты кесу қалыңдығы) үлкен әсер етеді.

  Жер қазғыш машиналардың жұмыс құралдарының техникалық деңгейін жоғарылату үшін, әлемдік жобалаудың әдістерін жалпылау және машина жасаудың осы саласындағы техникалық дамуына дұрыс бағдар бере алатын, патенттік-техникалық ақпарат талдау негізінде олардың конструкциясының бәсекеге қабылетті бағыттарын анықтау керек.

Топырақты әртүрлі машиналарға орнатылған, әртүрлі пішінді жұмыс құралдарымен қазу әдістері бар, мысалы, алдымен қопсытқышпен топырақты бұзады, содан кейін бульдозерлермен немесе басқа ұқсас машиналармен  өңдейді. Энергошығындардың жалпы үйлесімдігі бірыңғай технологиялық процестерінде жұмыс істейтін машиналардың қуаты мен өнімділігі бойынша дұрыс таңдаумен жүзеге асқан.

  Кейінірек топырақты бір машинада орнатылған әртүрлі жұмыс құралдарымен өңдеу әдістері пайда болды, мысалы, бүйір жағында қопсытқыш тістері орнатылған бульдозерлі-қопсытқыш агрегаттармен немесе қайырмалы бульдозерлермен қазу әдісі. Мұндай жұмыс құралдарымен топырақты екі түрлі қозғалыспен өңдейді: алдымен қопсытады, содан кейін сол машинаның қайырмасымен топырақты қазады. Үйлесімді үдеріс топырақты қазу тереңдігі мен қозғалыс жылдамдығы бойынша машинаның тарту күші мен оның қозғалтқышының қуатын толық іске асыру арқылы жүзеге асты. Машинаның екі жүрісін болдырмау үшін өңдеу әдісін бөліп-бөліп қолданатын болды. Мысалы, алдымен бір жұмыс құралымен белгілі бір қашықтықты жүріп өтеді, ал сосын тоқтап тұрған машинаға екінші жұмыс құралын жеткізеді. Бұл жағдайда машина бір рет қозғалғанымен, тура қазу кезінде (мысалы, коммуникацияның тура өтуі) қажет емес қосымша артық кедергі туады.

  Әртүрлі уақытта жұмыс істейтін бір жұмыс құралымен екі түрлі топырақты қазу әдісі ең тиімді әдіс болып табылады. Мысалы, Poclain 220 экскаваторында екі жұмыс құралының біреуін жұмысқа жылдам кірістіру үшін қатты топырақты қопсытқышпен, қаттылығы аз топырақты шөмішпен қазатын қопсытқышты шөміш  қондырғысын біріктіре қолданған. Топырақты сақиналы шөмішпен қазу және оны жоғарғы жұмыс істемейтін жағдайдан төменгі жұмыс жағдайына және керісінше пышақтың орын алмастыруы үшін рычагқа бекітілген тура сызықты кесу пышағымен тазалау осы әдістің басқа мысалы болып табылады.

  Қазумен бір уақытта түпті тазалауға мүмкіндік беретін құрылғы белгілі. Бұндай жұмыс құралының өзгеше ерекшелігі – біріншісі тісі бар, екіншісі – жұмыс құралының енін түгел жауып тұратын пышақ түріндегі турасызықты кесу жүздері бар тізбектеп орналасқан екі кесу жиектерінің болуы, ал басқа құрылғының, тісі бар, тұтас, жартылай домалақ, трапециялы, ара тәрізді және ортаңғы жағы шығыңқы әртүрлі пішінді кесу жиегі бар кескіш элементтері бар. Аталған топырақты қазу әдістері қатар қолданылған операциялардың қазіргі заманғы талаптарына жауап бере алмайды, себебі, процесс әртүрлі уақытта әртүрлі жұмыс құралдарымен орындалады және жұмыс құралының орын алмастыруына энергия шығыны болады.

Мұнай құбырларын төсеудің сапалы орындалуында бульдозер жұмыс құралының алатын орны зор.

Бульдозер – топырақ кесу мен оның орнын ауыстыруға және өңделген бетті жобалауға арналған, базалық тартқыш пен аспалы бульдозер құрылғысынан тұратын жер қазғыш машина.

Бульдозерлер тракторлар мен тартқыштарға және басқа да базалық машиналарға аспалы жабдық ретінде кең қолданысқа ие, бұл оның қарапайым құрылымымен, жоғары өнімділігімен, әр түрлі топырақтық және климаттық жағдайларда қолдану мүмкіншілігімен және орындалатын жұмыстардың төмен бағасымен түсіндіріледі.

Әр түрлі сыртқы жағдайлар мен факторларға байланысты өзінің эволюциялық даму болашағында бульдозер жұмыс құралын жетілдіру қажеттігі туындауда.

Бульдозер құрылғысы жұмысының тиімділігін арттыру техника саласының өзекті мәселелерінің бірі екеніне көзіміз жетті. Өндіріс шығындарын азайту, өнімділікті арттыру және т.б. мәселелерді шешу мақсатында бульдозер жабдығы құрылымы бір деңгейде қалып қоймай, дамып отыруы заман талабына айналып отыр.