магистр, аға оқытушы Абылайхан С.М.,

МДОжТ – 41 тобының студенті Саматова Ұ.С.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қарағанды қ.

 

Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу балабақшадан басталады

 

Әлемдік қауымдастықтың біртұтас білім кеңістігін қалыптастыруға бағытталған ортақ мүддеге барынша әрекеттенуі жалпы адамзаттық және ұлттық құндықтарды бойына сіңірген саналы да парасатты тұлғаны тәрбиелеу қажеттігін көрсетеді. Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру. Адам тәрбиесі – ұзақ үрдіс. Адам тәрбие негізінде жетіліп қалыптасады. адам өмірінде тәрбие мәңгілік категория болса, оны ұйымдастыру, жүзеге асыру еш уақытта ескерілмейтін, қайта күн озған сайын жаңарып, әрбір кезеңнің өз талабына сай жетіліп отыратын үздіксіз үрдіс деп түсінеміз [1].

Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімде ғана. Әлемде өзіндік лайық орын алуы сол мемлекеттің білім сапасына байланысты екенін Президент Н.Ә.Назарбаевтың « Қазақстан – 2030» атты халыққа жолдауында білімнің сапасын арттыру туралы ерекше айтылуы да сондықтан [2].

Бүгінгі күнгі білім беру жүйесі алдында оқушыны ойлауға, қай жаста болсын алдынан шығатын түрлі мәселелер шешуге қажетті әрекет тәсілдерін үйрету міндеті тұр. Сондықтан рухани дамыған бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу рухани құндылықтың қайнар көздері  негізінде және оны жеке тұлғаның қабылдауы арқылы жүзеге асады. Ал рухани құндылықтардың қайнар көздері сан алуан екені белгілі. Сонымен, рухани дамыған, бәсекеге қабілетті тұлғаны төмендегі көрсетілген құндылықтарды балалардың бойына сіңіру арқылы қалыптастырамыз [3].

Танымдық бағыт: таным мәдениеті, интеллект, білім, ақыл – ой мәдениеті, шығармашылық, саналы ойлау, сананы жетілдіру, ой – өрісінің кеңдігі т.б.

Адамгершілік бағыт: жеке тұлғаның қасиеттері: сыйлау, мейірімділік, әділдік, т.б, адамгершілік ұстанымдар: қадір-қасиет, ұқыптылық т.б.

Әлемдік бағыт: азаматтылық, патротизм, белсенді өмірлік позиция, ұйымдылық, адам құқықтары т.б.

Ұлттық бағыт: салт – дәстүрді, тілді, дінді, әдет – ғұрыпты құрметтеу, ұлттық сана, ұлтжандылық; елін, жерін сүю және т.б.

Салауатты өмір салты: экологиялық мәдениет, спорт, санитарлық – гигиеналық нормаларды сақтау, жағымсыз қылықтардан арылу, дене шынықтыру т.б.

Дүниетаным бағыты: ғылыми, білімділік дүниетанымы, танымдық дүниені қабылдау, дүниені түсіну, әлем туралы ойлану, ой – толғаныс т.б. Яғни, бүгінгі таңда тәрбиешілер алдында дайын білімді, дағдыларды меңгеретін, қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Баланың шығармашылық әрекеті – оның тәрбиешімен бірлесе отырып, білім үрдісіндегі материалдық және рухани мәдени объектілерін жаңаша сапалық тұрғыдан тануға, жасауға, өзгеруге бағытталған әрекетінің өнімді түрі деп түсінуге болады [4].

«Бүгінгі балабақша тәрбиеленушісі – ертеңгі ел болашағы» – деп Елбасымыз айтқандай, бүгінгі таңда жас ұрпақ тәрбиесіне айрықша назар аударылуда. Бүгінгі күні ұрпақ тәрбиесі үшін мектеп, ата – ана және қоғамның алар орны зор. Сондықтан, бала тәрбиесі жайында сөз еткенде, бар жауапкершілік алдымен ата – анаға жүктелетіні шындық. Ата – ана – бала тәрбиесіндегі негізгі тұлға. ҚР – ның «білім туралы»  Заңында: «Ата- аналар – алғашқы педагогтар» деп жазылған. Олар баланың мінез – құлқына, жан дүниесіне терең үңіліп, отбасындағы бірлік пен тыныштықты сақтаулары қажет. Ең бастысы, ата – аналар білім беру мекемелерімен тығыз қарым – қатынаста болуы шарт. Баланы ақылды, есті етіп тәрбиелеу – отбасы мен балабақшалардың бірлесіп істеген жұмыстарына тікелей байланысты екені анық [5].

Демек, қорыта айтқанда халық педагогикасына сүйене отырып, баланы патриоттыққа тәрбиелеу, отансүйгіштік пен ұлттық намысын ояту – балабақша тәрбиесінен бастау алады. Бәсекеге қабілетті дамыған 50 елдің қатарына қосылу үшін де бұл мәселенің маңызы зор. Ендеше ұрпақ тәрбиесіне балабақшалардан бастап көңіл аударғанымыз жөн.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                 Мектепке дейінгі жалпы білім беру бағдарламасы: (балабақшаның жастағы ересектер тобына арналған) / ред.алқа: Т.Н.Попова, З.Д.Еденбаева – Алматы: Алматы кітап баспасы, 2009. - 224б.

2.                 Н.Назарбаев. / «Қазақстан-2030» Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. / Алматы, «Білім», 1998.92-с. 54-55 беттер

3.                 ПоповаТ.Н., Еденбаева З.Д. Мектепке дейінгі жалпы білім беру бағдарламасы. - Алматы: Алматы кітап баспасы, 2009. - 224б.

4.                 ҚР «Білім туралы» Заңы // Егемен Қазақстан, Тамыз, 2007.

5.                 Қазақстан Республикасының Президенті – елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». - Астана, Ақорда, 2012.