Педагогические науки
Р.Т.Игенбаева, Е. Дилмагамбетова
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университеті, Қазақстан Республикасы
ИСЛАМИ ТӘРБИЕ МЕН
ЭТНОСТЫҚ САНАНЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ
Ұлттық
өркениетке қол жеткізудің басты шарты ұлттық
өзіндік сананы қалыптастыру екендігі айқын. Ұлттық сана дегіміз
ұлттың тарихы, шежіресі, сол ұлттың салты,
дәстүрі, болмысы. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың:
«Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі
және болашақтағы – тарих толқынында өзінің
ұлттық «Мен» дегізерлік қасиетін түсінуге
тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр.
Бірақ бұл мүмкіндік қана: ол шындыққа,
қазақтардың ғана емес, барлық
қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан
фактіге айналуы қажет» [1, 3 б.],- деп атап өтуі осы
ойымыздың дәлелі.
Қазақтың
этностық құндылықтары, салт-дәстүрлері
исламның асыл құндылықтарымен біте қайнасып
кеткен. Мұхаммед пайғамбар
айтқан хадистер қазақтың санасына сіңіп,
нақылына айналып, халқымыздың этностық санасымен ,
таным-түсінігімен қабысып, тұрмыс-тіршілігімен ұштасып
кеткені ешкімге жаңалық емес.
Хадис - Ислам дінінің Құран
кәрімнен кейінгі ислами
нақыл, ұлағатты тәрбиелік сөздер
жиынтығы. Құран мен
Хадисте келтірілген насихат, уағыздар
– қазақи тәрбиенің, ұлттық болмысты,
жастардың этностық санасын қалыптастырудың
түпқазығы.
Ислам
үш нәрседен нәрседен құралады: олар имам,
шариғат және көркем мінез. Ислам – көркем, жақсы
мінез діні. Мұхаммед Пайғамбардан халыққа «Жақсы
мінездерді толықтыру үшін, жақсы мінездерді дүниеге жаю
үшін жіберілдім», - деп мәлімдеген. Одан халық: «Жаннатқа кіретін адамдардың
көпшілігі кімдер?» – деп сұрағанда,
ол: «Аллаһқа тақуа болғандар мен көркем
мінезділер», – деп жауап берген [2, 47 б.].
Жалпы
исламның қалыптасу тарихына көз жүгертсек, оның
өкілдері ислам дінінің байрағы көркем мінезде деген
қағида арқылы исламды дүние жүзіне
таратқан. Көркем мінезді адам адамгершілік номаларды жоғары
қойып, имандылық жолын ұстанады. Адамгершілік нормалары Құранда жасауға
болмайтын, яғни «харам» болып саналатын нәрселер және жасалуға тиісті
нәрселер жиынтығы — «халал» болып бөлінеді. Қазақ халқы ежелден өзінің
адамгершілік, парасаттылық, адалдық, қайырымдылық,
ізеттілік қасиенерімен көзге түскен, имандылық
қасиетті зор бағалаған. Сондықтан имандылық,
адамгершілік тәрбиесі мұсылмандық және
ұлттық
дәстүрлердің бірі болған.
Ислам
дінінің басты ұстанымы сабырлылық болып саналады. Ислам
тарихында «бабу әл-ильм» (ғылымның есігі) атанған ірі
тұлға Әли Ибн Әбу Толибтің адамды
сабырлыққа жігерлендіретін мынадай сөздері бар: «Өмірде
сабырлық қасиетін, денедегі баспен теңеуге болады. Егер
денеден басты айыратын болса, онда дене өледі. Сол сияқты
өмірде сабырлық болмаса, іс-әрекет те бұзылады» [3, 224
б.].
Әбу Хамид
әл-Ғазалидің пікірінше адам қажеттеріне
ұмтылғанда, сырттан келген машақаттармен күрескенде,
қиындыққа ұшырағанда және жеңіске
таяулап қалғанда сабыр қасиетіне мұқтаж. Бала
жасында адамның бағыты мен әрекетін
құмарлық қалауы басқарып отырады. Белгілі
жасқа жеткенде бұл қалаудың орнын сабырлық
күші басады.
Ғалым өзінің «Ихия-у улум
әд-Дин» (Дін туралы білімдердің жандануы) кітабында адамдарды
ұстамдылығына қатысты үш түрге бөліген.
Біріншісі, сабырлылықтың арқасында қалаған
және ұнатқан нәрселерін толықтай бақылауға
алғандар. Екіншісі, сабырлық күшін мүлдем
қолданбағандары үшін қалау мен еріктің
соңында кеткендер. Бұлар көптеген адамдарды өз
арқасынан алып кетеді. Үшіншісі, ақыл мен шаһуат
сияқты екі күштің арасында толғанып
тұрғандар. Бұлар кейбір кезде ақылды тыңдаса, басқа
уақытта құмардың соңынан ереді [3, 79 б.].
Жоғары келтірілген
мысалдардан байқайтынымыз, Исламда төзімділік, сабырлық пен
ұстамдылық деген құндылықтардың
мәртебесі жоғары. Расында да, сабырлық – исламдағы
мақтаулы мінез. Исламды зерттеушілердің пайымдауынша сабырлық
мінезіне арнайы жаттығу немесе жақсы тәрбиесіз ие болу
қиын. Ислам сахабаларының бірі Ибн Масғуд: «Иман екі жартыдан
тұрады: біреуі – сабырлық; екіншісі – шүкірлік», – деген [4, 32 б.].
Қазақ
халқы өз ұрпағын сабырлы болуға
шақырған. Сабырлы адам- сыйлы адам. «Сабыр түбі – сары алтын», немесе «Сабырлы жетер мұратқа»
деу арқылы жастарға ақыл, өсиет қалдырған.
Жастарымыздың санасына исламмен біте қайнасқан осы
қағиданы сіңдіру қажеттігі ғасырлар бойы
жалғасып келеді.
Ислами тәрбиенің
және бір қайнар көзі - мейірімділік
пен қайырымдылық. Хадисте: «Бір-біріне қайырлы, мейірімді,
шапағатты бол, қол беріп амандасып жүріндер, сонда
көңілдегі түйткіл кетеді. Бір-біріңе
қайыр-садақа беріндер, себебі ол сүйіспеншілікті оятады,
жамандықтың алауына су боп құтылады.
Мүсәпірге қайыр берсеңіз ол - садақа боп
есептелінеді, ал оны туған туысқа үлестірсеңіз ол
әрі адамгершілік. Адамзаттың денелеріндегі барлық
мүшелері қайырымдылық жасауға
ұйғарылған; әрбір күн, таң атқаннан
бастап екі адамның арасында қайырымдылық жасаудан басталады.
Малды күтімге алу немесе оған жүк арту - адамның
оларға жасалған қайырымдылығы; жылы сөз -
қайырымды іс, ғибрат жасауын орынға аттаған әрбір
қадам қайырымдылық іс және жол үстінен
ауырпалық жасап зиянын тигізген әрбір затты алып тастау - ол да
қайырымылық іске жатады. Кімде де кім соқыр адамды 40
қадам жетектесе, ол міндетті түрде жұмаққа
барады. Мен жетімнің кепілдігіне алған адаммен о дүниеде де
біргемін. Досың залым болсын, мүсәпір болсын – бәрібір
жәрдем беру керек. Мүсәпірге көмектескен
мақұл, залымға неге жәрдем беруіміз керек деген сауал туады. Оған берілген жауап: Оны
зұлым болудан қайтарсаңыз, оған берген
көмегіңіз сол болады. Алла-тағалаға отбасының ішіндегі ең
сүйіктісі – жетімді асырап,
жақсы тәбие беріп отырған отбасы, - делінген .
33-ші Хадисте тәкаппарлық және
кішіпейілдікке жайлы жазылған. «Тәкаппар» деген сөз арабша
«Тәкаббүр», яғни өзін-өзі артық санау деген
сөзден кірген. Қазақша дандайсыған, менмен,
көкірек керген дегенге саяды. Хадисте жүрегінде
тозаңның түйірінің салмағындай
тәкәпарлық болған кісі
жаннатқа кірмейтіндігі айтылған. Құран Кәрімде: «Жер бетінде тәкаппарланып
жүрме! Өйткені, сен ешқашан жерді тесіп кете
алмайсың және таулардан биік бола алмайсың.
Бұлардың барлығы Раббыңның құзырында
жеккөрінішті жаман қылықтар саналады» – деген аят
түсіріп мұндай мінезді жақсы көрмейтіндігін білдірген
[5].
Қазақтың дара
тұлғасы, қаһарман, батыр ұлы Бауыржан
Момышұлы:
Мен істедім дегенше, Мың істеді
десеңші, — дей отырып, жастарды менменсіну, мақтану,
көкірек керу сынды жиіркенішті қасиеттен аулақ болуға
шақырады. Сол сияқты ұлы Абай:
Менімен сен тең бе деп
мақтанасың,
Білімсіздік белгісі-ол баяғы, -
деп тәкаппарлықтың аясының тарлығын атап
өткен [6,11 б.].
Ислам
дәріптейтін тағы бір тақырып обал мен сауап. Ата-бабамыз:
«Обалды біліп
өссең – сауапқа кенелесің» — деген даналықты
өз ұрпағына тарту еткен. Жасауға болмайтын теріс
қылықтарды «обал болады» деу арқылы балаларды жаман
әдеттен сақтандырады. «Сауабын аласың» деу арқылы
жақсылыққа үндейді. Обал — жақсы нәрсенің қадірін біл, оны тастама,
түбінде оның зарын тартасың деген ұғымды
білдіреді. Обал мен сауап ырымдары қазақ ырымдарында
жан-жақты көрініс тапқан: «Қазақ шашты
далаға тастамайды, жерге көмеді. Құс шашты ұясына
салса бас ауруға шалдырады, бас айналғыш болады,
ұмытшақтық, жеңілтектік дертке шалдырады» деп
пайымдайды.
Белгілі исламтанушы Н. Нұртазина:
«Ислам діні қазақ қоғамының, мемлекетінің,
мәдениетінің идеялық, құқықтық,
саяси және рухани-адамгершілік фундаменті болды. Қазақ
халқының дәстүрі мен мәдениетін біз
көшпенділікпен байланыста дамыған, көне түркі
мұрасы мен бүкіл адамзат тарихына пәрменді рухани фактор
болып келген ұлы ислам дінінің бір-бірімен кездесіп, байланысып,
сіңісуінің заңды қорытындысы, жемісі деп
бағалауымыз керек» - деп
жазған [7,76 б.].
Қазақ халқының этностық санасының
қалыптасыуна ислам дінінің ықпалы айқын.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Н.Ә.Назарбаев Тарих
толқынында. - Алматы :
Атамұра, 1999. - 296 с.
2. Оңғаров
Е.А. Қазақ мәдениеті
және ислам құндылықтары. – Алматы : Көкжиек,
2013.– 272 б.
3. Әбу
Хамид Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Ғазали. Ихия’у ‘улум
әд-Дин. – Мысыр: Дар әл-Иман, 1996. – Т.1.– 525 б.
4.
Ислам негіздері
(имандылық әліппесі): – Алматы, 2008. – 64 б.
5.
Әділбаева, Ш. Хадис ғұрпымыз, сүнет салтымыз //
Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Алматы: Дәуір, 2011. 279 б.
6. Құнанбаев А. Қалың елім, қазағым. –
Алматы: Атамұра.
- 2002. – 240 б.
7. Нұртазина Н. Қазақ мәдениеті және ислам
(тарихи-мәдениеттанулық зерттеу). – Алматы, 2002. – 3-6 бб.