Педагогические науки
Р.Т.Игенбаева,
Т.М.Малдыбаева
Қорқыт Ата
атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақстан
Республикасы
РЕФЛЕКСИЯ-
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ІС-ӘРЕКЕТ НӘТИЖЕСІНІҢ МАҢЫЗДЫ КӨРСЕТКІШІ
Бүгінгі таңда білім берудегі негізгі мақсат - білім сапасына
қол жеткізудің тиімді, жаңа әдістерін іздестіру,
сондай-ақ, оларды жүзеге асыра алатын болашақ мамандарды
даярлау болып отыр. Елбасы «Қазақстан - 2050» стратегиясы -
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты
Қазақстан халқына Жолдауында «Бәсекеге қабілетті
дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге
айналуымыз керек» деген міндет қойды [1]. Демек, ұлттың
бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік
деңгейімен айқындалады.
Заманауи
еңбек нарығы білімді, шығармашылық деңгейі жоғары,
әрекеттің сан түрлі саласында өз білімі мен
біліктілігін қолдана алуға қабілетті мамандардың
кәсіби даярлығының деңгейіне және сапасына
жоғары талап қоюда. Сондықтан жоғары білім беру
жүйесінің алдында білікті, бәсекеге қабілетті,
құзыретті және кәсіби ізденіс арқылы
нәтижеге жететін маман дайындау міндеті тұр. Бұл
көкейкесті мәселе болашақ педагог-психолог мамандарын даярлау
жүйесінің де шешуге тиісті күрмеулі міндеттерінің бірі.
Осыған орай болашақ педагог-психологтарды даярлауда олардың
өзіндік ізденісінің, жаңашылдығының, кәсіби
шеберлігінің қалыптасуына ықпал ететін бірден-бір фактор -
болашақ мамандардың кәсіби іс-әрекетінде рефлексияны
дамыту болып табылады. Рефлексия - адамды, білімді дамытудың
шарттарының бірі. Рефлексия - өзіндік тәжірибе, өзін-өзі
тану мен өздігімен үйрену туралы ойлану. Ол болашақ
мамандарға өзінің үйрену әрекеттері мен амалдарын
айқындау мен нақтылау, үйренудің
мақсат-міндеттерін тұжырымдау, үйрену нәтижелерін
сараптап, ой елегінен өткізуге мүмкіндіктерін береді.
Рефлексия
сыни ойлау арқылы жүзеге асырылады, өйткені нәтижеге
өзіндік ізденіс, өзіндік талап қою, шығармашылық
арқылы жетуге болады. Сонымен қатар рефлексия күмәндану
мен терең ойлануды қажет етеді, мұнда болашақ маман
өз әрекеттерін, ойларын, ұстанымдарын жан-жақты
қарастыру керек, өзіне өзі толассыз түрде
сұрақтар қойып, оларға жауап табуға ұмтылуы
тиіс. Рефлексия жасаушы педагог
өзінің тәжірибесі, іс-әрекеті жайлы ұдайы
ойланып, талдап, зерттеп отыратын педагог, Д.Дьюидің сөзімен
айтқандай «өз кәсібінің мәңгі оқушысы»
[2, 22 б.].
Рефлексия
ұғымын өз жұмысына, өз әрекетін талдау
деген мәнмәтінде қарастыратын болсақ, Мағжан Жұмабаевтың мына
бір қанатты сөздерінен үндестікті көре аламыз:
«адамның өзін-өзі тексеруі - оның жан
тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне
бірінші шарт» [3, 36 б.]. Дәл осы
пікірдің бір парасын ғұлама ғалым әл –
Фарабидің бақыт ұғымына берген түсінігінен
көре аламыз: ««Бақыт - әрбір адам ұмтылатын
мақсат. Бақыттың мәні – парасаттылықта,
әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде...
адамның өз мінез–құлқын, іс-әрекетін ерікті
түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында» [4, 63 б.].
Ғалымның бұл пікірі рефлексияға тікелей қатысты
деуге болады. Өйткені рефлексия – көп қырлы, кіріккен
әрекет. Бұл әрекет психологиялық
тұрғыда адамның психикалық қызметінің
өзгеруіне ықпал етсе, педагогикада мұғалімнің
кәсіби әрекетін жоғары шығармашылық
деңгейде жүргізуіне негіз болады.
Педагог
үнемі өзін-өзі жетілдіруге,
өздігінен білім алуға және әлеуметтік
құндылықтарын шыңдауға дағдылануы керек.
Көптеген зерттеушілердің еңбектеріне қарайтын
болсақ О. В.Акулова, О.С
Анисимов, А.П Гуреев, Ю.
Н. Кулюткин, Е. Р. Новикова т.б рефлексия
кәсіби әрекетті табысты іске асырудың негізгі бөлігі
деп қарастырған. Рефлексия ұғымын педагогикалық
іс-әрекетпен байланыстырған зерттеулерді жүргізген
ғалымдар қатарына Б.З.Вульфовты, Г.П. Звенигородскаяны, Г.М.
Коджаспированы, В.А. Метаеваны, В.А. Сластенинді жатқызуға болады.
Олар рефлексияны педагогикалық іс-әрекетті талдай алу дағдысы
ретінде қарастырған. [5, 12 б.].
Педагогтың
рефлексиялық білігі – педагогикалық іс-әрекеттің
қажетті де маңызды сапасы болып табылады, сондықтан
болашақ педагог-психологтарды даярлауды рефлексияны дамытудан
бастаған жөн деп есептейміз. Болашақ мамандармен
жұмысты кезең-кезеңмен бастаған жөн.
Алғашқысы
– дайындық кезеңі. Оның құрамдас
бөліктеріне мотивациялық, ақпараттық және
коммуникациялық қызметтер кіреді. Біздің пайымдауымызша,
өзіндік кәсіби өзіндік іс-әрекетті дамыту үшін
болашақ маман жаңа ақпараттпен тікелей «өзіндік
қарым-қатынаста» болуы керек (өзгенің
ықпалынсыз). Бұндай қарым-қатынас ақпаратты іштей
«сүзекіден өткізуге, талдауға бағалауға,
сөйтіп жаңа ақапаратты өзіндік жинақтауға,
құрастыруға мүмкіндік береді
Жаңа ақпараттпен танысқаннан кейін келесі кезең –
өз әрекетін рефлексиялық бағалау кезеңі
басталады. Бұл кезеңде болашақ педагог-психологтар
өзіне іштей әртүрлі сұрақтар қояды,
оған жауап іздейді. Біз білім алушыларға рефлексияны ауызша
және жазбаша жүргізуді ұсындық. Ауызша рефлексия жасау
барысында оларға өз пікірлерін ортаға салып, оларды
өзгенің пікірлерімен салыстыру талап етілді. Пікірлерін баяндау,
диалог құру арқылы жазбаша рефлексия жасау кейбір
маңызды мәселелі сұрақтарды шешуге мүмкіндік
берді. Яғни, кездескен қиындықтарды шеші, нәтижеге жету
жолдарын айқындау жүзеге асырылды.
Болашақ
педагог-психологтардың іс-әрекетінде оқушылармен
қарым-қатынас
барысында
қалыптасқан өздерінің пікірлерін, ой-тұжырымдарын
қайта тексеру, ой елегінен өткізу маңызды. Бұны
әлеуметтік-перцепциялық рефлексия деп аталады. Біз өзіміздің зерттеуімізде болашақ мамандардың бойында сол
әлеуметтік-перцепциялық рефлексияны дамыту бағытында
әдістемелік жұмыстар жүргіздік. Енді солардың
кейбіріне тоқаталып өтелік.
«Менің
педагогикалық кредом» жаттығуы. Болашақ мамандарға
өзінің өмірлік ұстанымын, девизін, эмблемасын
құрастырып, өзіндік бейнесін жасау тапсырылады. Тапсырма
орындау шығармашылыққа негізделеді.
Қатысушыларға еркін
түрде жұмыс жасауға мүмкіндік беріледі. Оларға
тапсырманы сурет салу, тақпақ арқылы жеткізу, сызба жасау
т.б. орындау рұқсат етіледі.
Келесі
тапсырма – «Мен-педагогпын» жобалық сурет салу. Білім алушылар
кәсіби іс-әрекеттегі өздерінің бейнесінің суретін
салады.
Тапсырма орындалған соң сұхбаттасу арқылы келесі
сұрақтар қойылады:
-
Суреттегі адам ерекшеліктері жайлы не айта аласыз?
-
Суреттегі адам қандай сапаларға (кәсіби,
тұлғалық) ие деп ойлайсыз?
-
Суреттегі адамға қандай тілек білдірер едіңіз?
«Автопортрет»
жаттығуы.
Жаттығу
мақсаты: Өзіндік бейнесін жасау дағдыларын
қалыптастыру.
Болашақ
мамандарға бейтаныс адамның өзін тануы үшін автопортрет
жасау тапсырылады. Қатысушыға көпшіліктің ішінен
өзін ерекшелендіретін қаситтерді тауып, сипаттау тапсырылады
(сыртқы бейнесі, жүріс-тұрысы, киім-киісі, сөйлеу
мәнері, т.б.). Жұмыс жұппен жүргізіледі.
Қатысушылар қосымша сұрақтар қойып,
«автопортретті» толықтыруға жұмыс жасайды. Соғынан
15-20 минут талқылау жүргізіліп, барлық қатысушылар
пікір алмасады.
Болашақ
педагог-психологтардың кәсіби іс-әрекетінде рефоексияны
дамытуға бағытталған мұндай жұмыстар саналуан.
Рефлексия арқылы өзін-өзі жетілдіруге ұмтылу
шығармашыл педагогтарға тән, сондықтан рефлексияны
дамыту арқылы болашақ мамандарға кәсіби
іс-әрекетіндегі кемшіліктер мен жетістіктерді салыстыруға,
педагогикалық міндеттерді шешуде өз іс-әрекетін
нәтежеге, мақсатқа бағыттауға мүмкіндік
туады. Сонымен рефлексия – бұл тек өзіне, өзінің іс-
әрекетіне баға беру, талдау жасау ғана емес,
өзгелердің де ой-пікірлерін білу,
өзінің әлсіз тұстарын жетілдіру, рефлексияны
мінсіздікке жетуге ұмтылу факторы ретінде қараластыру деп
қорытындылаймыз .
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан - 2050» стратегиясы -
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты
Қазақстан халқына Жолдауы. – Егемен Қазақстан. –
21 жельоқсан, 2012 ж.
2.
Дьюи Д. Психология и педагогика мышления. – М.: Совершенство, 1997. – 208 с.
3.
Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы, Ана тілі, 1992.- 160 б.
4.
Әбу Насыр әл-Фараби:
Таңдамалы трактаттары / Құраст.: Ә. Нысанбаев, Ғ.
Құрманғалиева, Ж. Сандыбаев. Алматы : Арыс баспасы, 2009. 656 с. .
5.
Бизяева А.А.. Психология думающего учителя:
педагогическая рефлексия. - Псков, 2004. – 216 с.