Современные методы преподавания

Салдатхан Ж., Қыстаубаева З.Т.

КарГУ им. Букетова

ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ МЕКТЕП: ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ДАМУ БОЛАШАҒЫ

Шағын жинақты мектептер – бұл алыс мекендерде орналасқан қазақ ауылдарының ұйтқысы, олардың әлеуметтік-мәдени дамуының өзегі. Елбасының «Ауыл – бұл халық өмірінің бейнесі, мәдениеті, дәстүрінің, салты мен рухани өмірінің қайнар көзі. Тек қана осы факторлар жиынтығы бізден ауыл мәселелеріне, соның ішінде оның мектебіне өте сергек қарауымызды талап етеді» деген сөзі мұғалімдерге үлкен міндеттер жүктейді.

Қазіргі таңда еліміздің түпкір-түпкірінде орналасқан шағын елді-мекендердегі мектептердің басым көпшілігі – шағын жинақты мектептер. Мұндай мектептер саны тәуелсіздік алған жылдардан кейін жыл сайын өсіп келе жатқаны белгілі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктері, ауыл тұрғындарының қалаға көшуі, жастардың ауылда тұрақтамауы шағын мектептер санының көп болуына тіреп отыр. Зерттеу бойынша Қазақстан оқушыларының әрбір жетінші оқушысы шағын жинақталған мектептер жағдайында оқиды және әрбір төртінші мұғалім шағын жинақталған мектептерде сабақ береді.

Шағын жинақты мектеп дегеніміз – тұрғындардың саны аз аймақтарда жұмыс істейтіндіктен, оқушыларының саны аз, біріктірілген сыныптардан, толық емес сыныптардан тұратын, оқу үдерісін жоспарлау мен ұйымдастыруда өзіндік ерекшеліктері бар жалпы білім беру мекемесі. Қазіргі таңда шағын жинақты мектеп:

- біріктірілген сыныптармен;

- біріктірілген сыныптармен және толық емес сыныппен жұмыс жасайды.

Мектеп құрылымы бұлай өзгеше аталғанымен, мұндағы білім мен тәрбие сапасына қойылатын талап барлық білім беру мекемелеріне қойылатын талаппен бірдей болып қала береді. Сондықтан да шағын жинақты мектеп жұмысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлу керек.

Қазақстан Республикасы  білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында шағын жинақты мектептерді дамыту проблемасы басым бағыттардың бірі болып белгіленіп, шағын жинақталған мектептерге ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы базасында ШЖМ дамытудың республикалық орталығының, тірек мектептері мен ресурстық орталықтардың ашылуы, мектептері жоқ елді мекендерде тұратын білім алушыларды тегін әрі қауіпсіз түрде тасымалдау стандартының қабылдануы. Осы аталған іс-шаралар республикамыздағы шағын жинақталған мектептердің сапалы білім беру үрдісін іске асыруға арналған игі іс-әрекеттер екені даусыз.

Шағын жинақталған мектептер мынадай мақсаттарды алдына қойып жұмыстануда:

-         шағын жинақталған мектеп оқушыларына жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес білім беру;

-         мектеп түлегінің функционалдық сауаттылығын қалыптастыру;

-         қабілеттерін дамыту, өмір бойы үздіксіз білім алуын, өз бетімен білімін жетілдіруін қалыптастыру;

-         ауыл шаруашылығы мамандығына бағытталып, ауыл мәдениетін, экономикасын дамытуға үлес қосуы.

Шағын жинақты мектептің оқу-тәрбие қызметіндегі қиындықтар осы мектептерге, біріктірілген сыныптарға арналған арнайы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың болмауынан туындап отыр. Пән мұғалімдерінің жетіспеуі немесе жүктеменің аздығы салдарынан шағын мектептерде бір мұғалімнің бірнеше пән бойынша сабақ беруіне тура келеді. Біріктірілген сыныптарда мұғалім бір мезгілде екі сыныпқа қатар сабақ өткізеді. Осыған   байланысты әр сыныпқа жаңа сабақты түсіндіру кезінде мұғалім сабақ уақытының белгілі бір бөлігін ғана жұмсай алады. Мұндай біріктірілген сыныптардағы сабақтарды ұйымдастыру кез келген мұғалімнен, әсіресе жас мамандардан шығармашылық ізденісті, кәсіби жоғары шеберлікті талап етеді. Мұның өзі шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарында сабақ өткізуде мұғалімдерге әдістемелік көмекші болатын құралдардың қажеттілігін туындатады.

 

Пайдаланылған әдебиет:

1 Ғылыми-әдістемелік «Ұстаз» журналының қосымшасы №1, 2012 ж

2 «Қазақстан мектебі» журналы, №10, 2015 ж

3 «Қазақстан мектебі» журналы, №11, 2015 ж

4 «Қазақстан мектебі» журналы, №10, 2012 ж

5 «Қазақстан мектебі» журналы, №11, 2013 ж

6 Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.