Магистрант Сабиталин Едіге Солтанбекович

 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан, Астана

 

АСБЕСТЦЕМЕНТ БҰЙЫМДАРЫНЫҢ ӨНДІРІС КЕЗІНДЕГІ ӨЗІНДІК ҚҰНЫН АЗАЙТУ

 

Аннотация

Бұл мақалада құрылыста қолданылатын асбестцемент бұйымдарының өндіріс кезіндегі өзіндік құнын азайту жайында айтылады.

Кілт сөздер: асбестцементтік өнеркәсіп, асбестцемент бұйымдары, асбестцемент зауыттары, поротландцемент, асбестцементтік құбырлар, өзіндік құнды төмендету престелінген табақтар, престелінбеген табақтар.

 

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында: «...бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есе, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісі 1,7 есе өсті. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі Қазақстан үшін 2016 жылға жоғары экономикалық өсу қарқынын болжап отыр» - деп, құрылыс материалдарын дайындаудағы өсімді айрықша атап көрсеткен болатын [1].

Осыған орай, Қазақстанда құрылыс материалдарын өндірудің сапасын арттыру жұмыстарын одан әрі жоғарылату және өнімнің өзіндік құнын азайту мәселелері маңызды орын алады. Нақтырақ айтатын болсақ, асбестцемент бұйымдарының өндіріс кезіндегі өзіндік құнын азайтудың мәні зор. Бұл ретте құрылыс материалдарының физикалық қасиеттерін білу міндетті болады.

Материалдық құндылықтар өндірісі, тауар саудасы, сонымен қатар қызмет көрсету адамдық, материалдық, ақшалай ресурс шығындарын қажет етеді. Бұл қолданылған ресурстар соңында әртүрлі нысанда және көлемде өзіндік құнға негізделеді.

Осылайша, өзіндік құн – кәсіпорында өткізу мақсатында өндірілген асбестцемент бұйымдарын өндіруге кеткен шығындардың ақшалай түрдегі сомасын көрсетеді. Өзіндік құн – асбестцемент бұйымдарын өндіруге жұмсалған барлық шығын жатады.

Өндірілген асбестцемент бұйымдарының өзіндік құнына барлық жұмсалған шығындар: шикізат, материал, электр энергиясы, амортизациялық жарна, еңбекақы т.б. кіреді. Өзіндік құн сол кәсіпорын шығынының жиынтық көрсеткіші, ол асбестцемент бұйымдарын өндіруге жұмсалған жалпы шығын сомасын өнім көлеміне бөлу арқылы анықталады.

Сонымен, кәсіпорын қызметінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып асбестцемент бұйымдарының өзіндік құны саналады, ол өндірістегі өнім өткізілуінің ақшалай нысандағы шығындар жиынтығын құрайды және барлық өндіріс тиімділігін анықтайды. Техникалық дәрежесі жағынан асбестцементтік өнеркәсіп қазіргі кездегі жоғары механикаландырылған және автоматикаландырылған құрылыстық материалдар өнеркәсібінің саласына жатады.

Енді түсініктірек болу үшін алдымен асбестцемент бұйымдары мен оларды өндіру жайлы тоқталып өтейік. Асбестцемент деп - цемент, асбест және су араласпасының қатаюы нәтижесінде алынатын күйдірілмеген жасанды тас материалдарын айтады. Асбестцемент негізінде жамылтқыш толқынды плиталар, құбырлар, қабырғалық панельдер, декоративтік бұйымдар шығарылады. Қазақстанда асбестцемент материалдар мен бұйымдар жасайтын зауыттар жоғары механикаланған және негізгі технологиялық процесстері автоматикаланған. Мысалы, Қазақстанда Шымкенттегі асбестцемент бұйымдарын шығаратын зауыт кейінгі кездерде технологиясы жетерліктей дамыған алдыңғы өнеркәсіп қатарында істеп келеді. Жалпы ТМД аймақтарында өндірілетін асбестцемент бұйымдарының номенклатурасы 40-тан астам келеді.

Оларды мынандай негізгі топтарға бөлуге болады: профильделінген табақтар үй жамылтқысына және қабырғалар қаптауға арналған толқынды және жартылай толқынды шифрлар; жазық плиталар - қабырғаларды өңдеу үшін арналған кәдімгідей және фактураланған немесе боялған плиталар ; жылуқоршағыш қабаты бар жамылтқылық және қабырғалық панельдер; жалғастырғыш муфталарымен қоса қысымды және қысымсыз құбырлар; арнаулы асбестцемент бұйымдар - сәулеттілік, санитарлық – техникалық, электрқоршаушы, радиотехникалық және т.с.с.

Асбестцемент зауыттарында байланыстырушы ретінде поротландцемент М400 және М500 қолданады. Онда гипстен басқа қоспалар болмауы керек. Массасы бойынша С3S - 52 % кем емес, С3А - 8 % көп емес, бос әк СаО - 1% асық емес болулары керек. Егерде автоклавтық өңдеу тәсілі қолданатын болса, онда құмдалған портландцементті де пайдаланады. Мұндай цементтегі ұнтақталынған кварцтық құм мөлшері клинкердегі үшкальцийлік силикат санына С3S байланысты. C3S мөлшері клинкерде көбейген сайын құмды көбірек қоса түседі. Мысалы алиттік клинкерден ПЦ өндірерде құм қоспасын 45% -ға жеткізеді, ал белиттік клинкерде -30-35 % -ға дейін. Құмның сапасын - SiO2 мөлшері 87% кем емес, калий және натрий 3% асық емес, тозаңдық, ылайлық және саздық ілеспе 10% аспайтындай шамаларда реттейді.

Асбестцементтік өнеркәсібінде көбінесе хризотил – асбест пайдаланады. Ол сыртынан қарағанда сулы немесе сусыз магний силикатынан тұратын жіңішке талшықты бейорганикалық масса, формуласы 3MqO * 2SiO2 * 2H2O. Оны серпетиналық тау жыныстарынан өндіреді. Асбест талшық ұзындығы 40 мм дейін болуы мүмкін. Талшығының орташа ұзындығы мен шаңының мөлшері бойынша асбест сортқа бөлінеді: 0; 2; 1; 3; және т.с.с 8 сортқа дейін. Ең жоғарғы маркасы 0; ең төменгісі 8; Асбестцементтік бұйымдар жасау үшін 3; 4; 5; 6 сортты асбесті қолданады. Асбест жабық қоймаларда жеке бөліктерде маркалары және сорттары бойынша сақталады. Цемент және асбест шығындарының технологиялық нормаларының сақталуы қатаң бақылауда болуы тиісті. Әрбір бұйымдар үшін ерекше асбест араласпасы тағайындалады.

Асбестцемент бұйымдар қасиеттері мынандай факторларға тәуелді: цемент сапасына, асбест маркасына, бұлардың массадағы мөлшерлік арақатынасына, асбестің талшыққа тарқатылу дәрежесіне, массаның тығыздалыну дәрежесіне, бұйымдардың қатаю жағдайы мен ұзақтығына, сондай-ақ, асбест-цементтің ылғалдылығына. Асбестцемент бұйымдардың үзуге, июге және қысуға қарсы кедергісі жоғары болады. Пресстелінбеген бұйымдардың созғандағы мықтылық шегі - 10-47 МПа, игендегі – 16-27 МПа, ал пресстелінгендерде – созғандағы мықтылық шегі 20-25 МПа, ал игендегі – 27-42 МПа. Қатая келе, кейін химиялық беріктігі және тыгыздығы ұлғая түседі. Асбестцемент бұйымдардың басты сапалық көрсеткіші – игендегі мықтылық шегі, сол бойынша олардың көтергіш қабілеті есептелінеді. Құрылысқа арналған асбестцемент бұйымдардың игендегі мықтылығының нормальданылған шамасы орташа алғанда 20-25 МПа аралығында. Үзу және қысу әсеріне қарсы кедергілерінің жоғары болғанына қарамастан асбестцемент бұрғылауға, тілуге, тегістеуге оңай беріледі. Іс жүзінде асбестцемент су және газ өткізбейді. Оның аязға төзімділігі бойынша маркасы Ғ25 кем емес, жылу өткізгіштігі - 0,35 Вт/(м-С) айналасында, орташа тығыздығы -1700-2300 кг/м3; отқа төзімділігі және электрқорғағыштығы басым. Дегенмен құрамында цементтің көп болатындығынан асбестцемент бұйымдарының шөңулік және ылғалдылық деформациясы бетондардыкімен салыстырғанда 2-3 рет жоғары келеді. Сондай-ақ асбестцемент бұйымдардың кемістігіне олардың соғуға кедергісінің төмендігі, бүрсие кұрғап қалу ықтималдығы және де бетонмен салыстырғанда олардың жылжығыштық деформациясы басымдау болатыны жатады. Қазіргі кезде құрылыс саласында кең қолданатын асбестцемент бұйымдарға ірі габаритті кескінделінген (профилдалынған) және жазық табақтар және солардан жасалынған конструкциялар жатады. Ірі мөлшердегі бұйымдарды қолдану жамылтқыш және қаптау жұмыстар өндіруін жеңілдетіп және арзандатады, сондай-ақ түйіскен жіктер санын азайтады. Сонымен, асбестцемент жамылтқы құрастыру шатыр тіреуіш итарқасын және обрешеткасын қоса есептеп рубероидтық жамылтқымен салыстырғанда, құны 24%-ке, ал еңбек шығыны 27%-ке төмен. Асбестцемент толқынды табақтар - кәдімгі кескіндік ТО (ВО) және нықталынған кескіндік ТН (ВУ) табақтар мөлшері онша үлкен болмайды. Асбестцемент өнеркәсібі тұрғындық, ауылшаруашылық және өнеркәсіптік үйлер құрылыстары үшін басты сегіз мөлшертиптес үлкенмөлшерлі толқынды табақтарды шығарады. Мұндай табақтар пролетінің ең үлкені, жамылтқыштық жаптырма үшін 1,5 м, ал қабырғалық қоршау үшін - 2,4 м. Асбестцемент толқынды унифицирланған табақтар УТ(УВ) және ОТ(СВ) өнеркәсіптік және ауылшаруашылық үймереттері мен ғимараттардың шатырсыз және жылытылған жамылтқыларын және қабырғалық қоршауларын жасауға қолданады. Олардың ұзындыгы 1750, 2000 және 2500 мм, ені 1125 мм және қалындыгы 7,5 мм. Бұл плиталар мықтылығы жоғары (игендегі беріктігі 20,0 МПа кем емес), орташа тығыздығы 1700 кг/м аз емес, аяз төзімділігі Ғ50. Ірі габариттік табақтарды майда мөлшердегілердің орнына қолдану тиімділігі, жоғарыда келтірілген деректей, орасан зор. Сондықтан толқынды табақтар пішіндерін жетілдіру және олардың ұзындықтарын ұлғайту, арматуралынған, ұзындығы 6 және 9 м толқынды табақтар шығару тәсілдерін меңгеру өте маңызды әрекет болып есептелінеді.

Өздерінің конструкциялық сипаттамалары бойынша УТ (УВ) және ОТ(СВ) кескіндегі табақтар шет елдерде шығарылатындардан анағұрлым басымдау. Жоғарыда айтылғандай, бұларды әсіресе өнеркәсіптік үйлерде қабырғалық қоршауға қолдану үлкен экономикалық тиімділік береді. Қоршау массасын 6-10 рет төмендетуге, оларды тұрғызудағы еңбек сыйымдылығын және құнын бірқатар азайтуға, салу мезгілін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Асбестцемент жазық табақтар мен плиталар екі типте шығарылады -престелінген (П) және престелінбеген (ПБ). Олардың бет жағы тегіс (жылтылдатылған немесе жылтылдатылмаған) немесе басылған (кедір-бұдырлы) кәдімгі сұр түсті, боялған немесе фактурланған болулары мүмкін. Асбестцементтік престелінбеген табақтар тығыздығы 1600 -1700 кг/м3, престелінгендер 1800 кг/м кем емес. Соларға тиісінше игендегі мықтылық шегі 18-20 МПа, 23-27 МПа кем болмайды. Бұл бұйымдардың көпшілігінің мөлшерлері 1200 х 800 және 1600 х 1200 мм, қалыңдығы 6-ИО мм, бірақ жылдан-жылға ұзындығы 3-6 м, ені 1,5 және 1,2 м дейінгі ірі мөлшерлі табақтар шығару дамуда. Асбестцемент жазық табақтарды азаматтық және өнеркәсіптік үйлердің жинақты жылуланған қорғаушы конструкцияларын (плиталарды және панельдерді) жасау үшін пайдаланады.

Өзіндік құнның экономикалық міндеті – жұмсалған шығындардың орнын толтыру және соның негізінде өндірістің барлық элементтерін қайта өндіру: өндірістік қорлар және жұмыс күші.

Осы жерде кәсіпорынның өзіндік құнның негізгі элементі болып амортизация, яғни шығындалған материалдық ресурстар құны, еңбекақы - ол шығындардың бөлімдері болып табылады. Сонымен қатар кәсіпорында басқа да шығындарды жүзеге асырады: өз жұмысшыларына сыйақылар төлейді, банк несиелеріне пайыз төлейді, әлеуметтік объектілерді ұстайды, бюджеттік емес қорларға аудрымдар жүргізеді бұл шығыстар кәсіпорынның қосымша шығыстарын құрайды.

Өнекәсіптің дамуының бөлек кезеңдерінде бұл шығындардың орнын толтыру көздері өзгеріп отырады. Олар асбестцемент бұйымдарының өзіндік құнына қосылса немесе кәсіпорын қолында қалатын табыс есебінен іске асырылады немесе бюджет есебінен өткеріліп отырады. Осылайша, асбестцемент бұйымдарының өзіндік құнына қосылатын шығындар құрамы әрдайым өзгеріп отырады. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – қазіргі кезеңдегі орныққан өндірістік қатынастардың дамуын қамтамасыз ету, оларды толтыру көздері бойынша шығындарды шектеу – асбестцемент бұйымдарының өзіндік құны немесе пайда болып табылады.

Шығындар жиынтығы пайда көлемін анықтайды, олардың көбейуі екі түрлі факторға байланысты болады. Олар бағаның өсуі және асбестцемент бұйымдарының өзіндік құнының төмендеуі. Соңғысы тиімдірек болып табылады.

Асбестцемент бұйымдарының өзіндік құны – синтетикалық, кәсіпорын қызметінің барлық жағын бірлікте және өзарабайланыста сипаттайтын жалпылама көрсеткіш болып табылады. Ол кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық қызметінің сапалы көрсеткіші. Оның деңгейі мен динамикасы бойынша өндірістің басқару, жоспарлау, еңбек пен еңбекақының ұйымдастырылуы, техника мен технология деңгейін анықтауға болады.

Қорытындылай келе, өзіндік құнның мағынасы сонымен қатар оның атқаратын қызметтерімен де анықталады:

- өзіндік құнда асбестцемент бұйымдарын өндіретін өндірістің қоғамдық шығындарының 5/4 бөлігі шоғырланады. Сондықтан да асбестцемент бұйымдарының өзіндік құны арқылы өндіріс құралдарының жұмсалуы қамтамасыз етіледі;

- өзіндік құн көтерме бағаны қалыптастыру базасы болып табылады, оның есептемей бағақалыптастыру мүмкін болмайды;

- өзіндік құн негізінде табыс, жеке бұйымдардың рентабельділігі, яғни олардың өндіру мақсаттылығы есептелінеді.

Асбестцемент бұйымдарының өзіндік құнын құрайтын шығындар екі түрлі негізгі белгілер бойынша жіктеледі:

- шығындардың алғашқы элементтері бойынша;

- пайда болу және бағытталу сипаттамасы бойынша.

Асбестцемент бұйымдарын өндірумен бірге, сатуға жұмсалған шығындар жиынтығы өнімнің толық өзіндік құнын құрайды. Сонымен бірге, асбестцемент бұйымдарының толық өзіндік құны тауарлық өнімді өндіруге кеткен шығындар динамикасы мен деңгейін анықтайтын негізгі көрсеткіштердің біріне жатады.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2015, 30 қараша.

2. Попов К.Н. Строительные материалы и изделия: Учебник/ К.Н. Попов, М.Б. Каддо – 2-е изд., испр. и доп. – М.: Высш. шк., 2005. -435 с.

3. Сатеков Б.С. Табиғи және жасанды құрылыс матариалдары мен бұйымдары. 342-347 б.

4. Үдербаев С.Н. Құрылыс материалдары мен бұйымдары. –Алматы, 2006, 166 б.