ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРГЕ ЖАНАМА ҚАТЫСЫ

 Колумбаева З.Е.

 

Колумбаева Зәуреш Ермековна

т.ғ.к.,профессор «Тұран-Астана» университеті, Астана қ.

zauresch_k@mail.ru

Райымбекова Гүлмира

магистр, Еуразия гуманитарлық институты

 

Жерлеу рәсімдеріне байланысты айтылатын тұрмыс-салт жырлары: естірту, қоштасу, жұбату, көңіл айту.

Қазақ халқы өлімді шамасы келгенше туыс, туған, ауыл болып аса құрметпен аттандыруға ат салысады. Әрине, әрбір өлген адамды соңғы рет алыс жолға аттандыру оның жасына, жынысына, дәулетіне, қоғамдағы орнына және жеке басының беделіне, адамдық қасиетіне, қала берді артында қалып бара жатқан әке, бала, туыстардың дәулетіне, олардың беделіне, қоғамдағы орнына байланысты. Әсіресе ауыр күйзеліс шаңырақ иесі, яғни отағасы өлген жағдайда болады.

Осы бір адам баласына түскен ауыр жағдайда қазақтардың сан түрлі дәстүрлері, ырымдары, жоралғылары орындалатын болған. Сол дәстүрлердің бірнешеуі қазақтың тұрмыс-салт өлеңдерімен тығыз байланысты болып келеді немесе салт өлеңдерінің орындалуымен шартталады.

Солардың біріншісі естірту жырын таладуда Мұхтар Әуезовтің пікірін келтіргенді жөн санадық. Ескі қазақ салтында, көп елді күйзелтетін қайғыны арнаулы өлең түрінде естіртетін әдет болған. Естірту өлең, сол қайғы үстіндегі сүйеу сөз, көңіл айтып жұбатқан сөз болатын. Естірту көбінесе жұмбақ тұспалмен басталады. Содан кейін өлген жанның қасиеті айтылады. Көп елдің қасиетті өлімге күйзелгенін айтады. Өлген ханның өміріне баға беріледі [1, 28]. Сөйтіп Байшуақ би өлгенде, баласы Байғараға қыпшақ Ізбасты бидің естірткені мысал болып берілген. Тағы бір ғылыми пікірге орын берелік.

 

Қазақта берік қалыптасқан дәстүрдің бірі – дүние салған адамның басқа жанашыр туыстарына немесе басқа жақта жүріп қайтыс болған адамның ауылдағы үй-ішіне, әке-шешесіне ауылдың жөн білетін қарттары жиналып келіп, әртүрлі әңгімелерді айта отырып, қайғылы хабарды естірту ғұрпы.  Естірту қара сөзбен де, өлеңмен де, тіпті күймен де орындалады. Қазақтың ауыз әдебиетінде естіртудің көптеген тамаша үлгілерін былай қойғанда, Ақсақ құлан күйінің шығу тарихы кімге болсын аян [2, 74].

Екі пікірді салыстыра келгенде, екеуінде де естірту белгілі бір дәстүр екендігі және осы дәстүрді орындау кезінде естірту жыры айтылады, ол жырда адамның қайғысы, мұң-шері көрініс табады делінген. Сол сияқты Х.Арғынбаев естірту дәстүрі тек жырмен немесе өлеңмен емес, қара сөзбен де айтылатындығын белгілеген. Ендеше, естірту жыры адамның қайғылы көңілінен хабар беретіндігін және оның кейде жыр үлгісінде, кейде қара сөзбен айтылатынын ескерсек оның дәстүрмен жанама байланысады деудің қисыны бар.

Осы сияқты адамның көңіл-күйінен молынан хабар беретін, өлік жөнелту фольклорының арыздасу, көңіл айту, жоқтау, жұбату сияқты жырлары бар. Бұл жырлардың қалыптасуының басты себебі халықтық дәстүрге айналған ғұрыптарды орыдау болса, екіншіден адам өмірінде болатын әрбір жағдайға байланысты олардың көңіл-күйінен хабар беру. Негізінен шерлі өлеңдерге жататын барлық өлеңдер дәстүрмен жанама байланысқан. Өйткені олардың ешбірінденаным-сенім нышаны мүлде жоқ, тек адамның мұңы, қайғысы білдіріледі.

Негізінен жоғарыда аталған жар-жар, тойбастар, сыңсу, қоштасу, естірту, көңіл айту, арыздасу, жұбату, жоқтау жырларының барлығы адамдардың қуанышын, назын, жақсылығын, қайғысын білдіретін жырлар екені белгілі. Сонымен қатар осы өлеңдерді орындауда жасалатын салт бойынша олардың айтылуы немесе айтылмауы да мүмкін. Яғни ол жырлардың орнында қара сөз үлгісі жүретін болған. Ойымызда түйіндейтін болсақ бұл өлеңдердің барлығы дәстүрмен жанама түрде байланыста болады.

Асылында, дәстүрдің өзін үш топқа бөліп қарастыруымызға әбден болады. Бірінші топ – белгілі бір ғұрыпты орындау үшін өлеңдердің айтылуын немесе жырлануын қажет етпейтін дәстүрлер, екіншісі – белгілі бір салтты орындау үшін жырдың орындалуын қажет ететін дәстүрлер, үшіншісі – белгілі бір дәстүрді орындау барысында жырдың орындалуы немесе орындалмауы мүмкін дәстүрлер.

Бірінші топқа балаға ат қою, сүйінші сұрау, атқа мінгізіу тойы, тілашар тойы, тоқымқағар, жеті ата білу, ата кәсіпке тиісті салт, құдаласу, қалың мал, жасау беру, ұрын келу, ұлттық ойындар, ас беру т.б. дәстүрлер жатады.

Екінші топтағы дәстүрлер: аластау, сылау, беташар, некеқияр, сүндет той, жарамазан, наурыз бата, арбау, бәдік, құрт шақыру, бақсылық сарын.

Үшінші топқа келесі дәстүрлер, салттар кіреді: тойбастар, тойтарқар, жар-жар, шілдехана, бесікке салу, сыңсу, қоштасу, жұбату, арыздасу, естірту, жоқтау, көңіл айту.

 

Қазақ әдет-ғұрып жырларының ерекше үлгісі бата. Батаны әр кезде көптеген ғалымдар жинап, жариялап, олардың түрлері туралы, үлгілері туралы зерттеулер жасаған. Батаның бірнеше түрі бар:

Серттесу батасы, ақ бата, теріс бата т.б. Бата өлең үлгісімен айтылатын, тілек ету мәніндегі фольклорлық түр. Қазақтың сәбидің дүниеге келуінен бастап, ер жетіп, қартайып о дүниеге аттанатын кезіне шейін жасалатын барлық дәстүрлерде бата сөз қолданылады. Бата сөзді тілек сөздер деген де термин қолданылған кей еңбектерде.

Ертеден келе жатқан, қазақ дәстүрінде берік орын тепкен бата беру рәсімі. Бата - салт жырларының бір түрі екені белгілі. Тек оның өзіне тән бір ерекшелігі ол әуенмен айтылмайды. Қазақ әдет-ғұрыптарының ешбірі батасыз аяқталмайды. Қазақ жақсы сөз жарым ырыс дегенді ұстана отырып, баталы сөзге ерекше ықылас білдірген. Батада адамдардың тілегі көрініс тапқан. Қазіргі таңда халық арасында кеңінен қолданылатын түрі ақ бата, Наурыз бата, ас қайыру батасы, жолға шығу, аруақтарға бағыштау батасы. Серттесу немесе теріс баталары көнеде қолданылған, бүгінде мүлдем қолданылмайды деуге болады.

Қазақ бата сөздерінің жиналып-жариялануы ХІХ ғасырда басталған еді. Орыс шығыс зерттеушісі, Петербург Ғылым академиясының академигі В.В. Радловтың Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері атты күрделі, сүбелі еңбегінің үшінші кітабы түгелдей қазақ халқының ауыз әдебиетіне арналған.Сондай-ақ түркі тектес халықтардың рухани мұраларының жиналуы мен зерттелуіне аса зор көңіл бөлген Г.Н.Потанин жазбаларында да тілек сөздер көп кездеседі. Бұл орайда А.Васильевтің Қазақтың халықтық ауыз әдебиетінің үлгілері бойынша 1905 жылы Орынборда Бата сөз деп аталатын жинақ та бастырып шығарғанын атап айтқанымыз абзал.Қазақ ғалымдары А.Байтұрсынов, С.Сейфуллиндер батаның негізгі түрлері мен айтылу мақсатын айқындаған.

Бата дәстүрге тікелей қатысты болып табылады. Себебі, бата жасалу үшін белгілі бір ғұрып орындалуы тиісті және бата халықтың анимистік сенімінен туған.

Бата қазақтың тұрмысында қолданылатын, дәстүрге айналған ерекше сөз үлгісі. Батаның көбі өлеңмен, тақпақтап айтылады, қара сөзбен де айтылады. Батаның әрбір түрі белгілі бір дәстүрді орындау барысында жасалатындықтан, ол дәстүрге тікелей қатысты. Мәселен, Наурыз мейрамы Наурыз батасыз өткерілмейді, сол сияқты той жасау ас беру салттары баталы сөзсіз өтпейді әрі бұл жанрлық түрде адамның көңіл күйі емес, тәңірден, Алладан жақсылық, ізгілік тілеу сенімі анық аңғарылады. Яғни қазақтар бата беру арқылы тәңірге ғибадат жасау, сол бата қабыл болады деген нанымынан шыққандығы даусыз. 

Мақалалық жұмыстың бұл бөлімінде ғұрыптық фольклордың бірнеше жанрларын қарастыра отырып, олардың қазақ дәстүрімен байланысу тәсілін ғылыми тұрғыда негіздеуге тырыстық. Халықтың көңіл күйін білдіретін барлық салт жырлары дәстүрмен жанама байланысты деген ғалымдардың пікіріне сүйене отырып, жар-жар, тойбастар, сыңсу, қоштасу, арыздасу, естірту, көңіл айту, жұбату жырлары дәстүрмен жанама байланысады деген ой түйдік.

Белгілі фольклорист ғалым Б.Абылқасымов салт жырларын зерттей келіп, олардың халықтық дәстүрмен біте қайнасуы туралы келелі пікірбілдірген. Ғұрып фольклорының жанрлары да белгілі бір заңдылықтарға бағынады, белгілі бір заңдылықтар аясында дамиды. Алайда мұндағы сөз үлгілері тіпті де эстетикалық талап-тілектерді қанағаттандыру үшін емес, утилитарлық, практикалық қажеттіліктерді атқару үшін қолданылатынын естен шығармауымыз керек. Ғұрыптық сөз үлгілері іс-әрекетпен тығыз байланысты. Сондықтан ғұрыптық фольклор жанрларын зерттеу үстінде ғұрыптық сөз үлгілерін ғұрыптық әрекеттен бөлек алып жеке қарастыру мүмкін емес [3, 166]. Шындығында, қазақтың тұрмыс-салт жырларын қазақ дәстүрінен бөлек қарау, зерттеу мүмкін емес. Себебі, бұл жырлардың өне бойында халықтың тұрмысы, тіршілігі, нанымы, әдет-ғұрпы, салт-санасы, болмысы сақталған. Белгілі бір тұрмыс-салт жырлары орындалу үшін, белгілі бір салттың орындалуы шарт. Кезекті сөз, тұрмыстық жырлардың әуенмен орындалатын және әуенсіз орындалатын түрлері туралы зер салу. Қазақ фольлорлық үлгілерді жинаушы, жариялаушы этнограф А.В.Затаевич қазақ даласы тұтас ән салып тұрғандай, жанды тербетеді деген сөздері, халқымыздың жырлары әсем әуенсіз айтылатыны кемде кем екенін түсіндіреді. Отбасы ғұрпы фольклорындағы бесік жыры, тойбастар, беташар, жар-жар, сыңсу, қоштасу жырлары және өлік жөнелту ғұрпының естірту, жоқтау, арыздасу, жұбату, көңіл айту, Наурыз жыры, бақсылық сарындағы барлық жанрлар әнмен айтылады. Қалған тұрмыстық жырлар тақпақтап, қара өлеңмен немесе қара сөзбен орындалады.

Фольклор жанрларының өзіндік ерекшеліктері мол. Оның бойында халықтың тұрмыс-салты, сөз, би және ән-күй өнері, орындау шеберлігі бір-бірінен дараланбай тұтас күйінде көрінеді. Әсіресе, бұл отбасы әдет-ғұрып өлеңдерінің бітімінен анық байқалады. Мысалы, ырым өлеңдер міндетті түрде адамның іс-әрекетімен байланыста орындалатын болса, жар-жар, тақиямен қоштасу, сыңсу, көрісу, беташарда сахналық ойынның элементтері басым.

         Тұрмыс-салт жырларының көлемді тобын құрайтын отбасы әдет-ғұрпына байланысты өлеңдерден, сондай-ақ жеке адамның қайғы-қасіреті мен мұң-зары, келешектен күткен арман-тілектері де айқын көрініс тапқан. Мұндай өлең-жыр мен ән-күй көп жағдайда өмірдің өзінен туындайды. Осы тектес салт жырларының көтеретін мәселесі көбінесе отбасының тірлігіне, бақыты мен қайғысына құрылады.

Сондықтан да отбасы әдет-ғұрып өлеңдерін зерттеу этнографиямен де тығыз байланысты. Әдет-ғұрыптарды орындалу себебін этнография түсіндіретін болса, адамның түрлі наным-сенім, ырым-жосындарға қатынасы сөз өнерімен, өлең-жырмен кестеленеді. Халқымыздың салтына қатысты өлеңдерін орындалу, айтылу ерекшелігіне қарай салтқа тікелей және жанамалы деп жіктеуімізге болады екен. Сөйтсек тұрмыс-салт жырларына жататын ырым өлеңдері, некеқияр салтқа тікелей қатысты өлеңдер тобына жатады да, ал өзгелері тұрмыс-салт лирикасының құрамына енеді.

Айта кетерлік жайт, салтқа жанамалы түрде қатысты өлеңдерді тұрмыс-салт лирикасы деп айтуымызға болады. Себебі тұрмыс-салт лирикасы әдет-ғұрып негізінде пайда болған поэзияның бір саласы болғанымен, оның дара бітімі мол. Рас, оның түп негізінде салттың рөлі айқын ХІХ ғасырда-ақ ғалымдар лирикалық поэзияның тууына сан алуан салт-кәделер әсер еткенін дәлелдеген болатын. Шындығында да, салтқа қатысты фольклордың құрамында адамның ішкі әлемін суреттеуге ұмтылушылық, оның болып жатқан оқиғаға эмоциялық қарым-қатынасы бейнеленген тұстары аз емес. Алайда бұларды әдет-ғұрыппен ешқандай байланысы жоқ лирикалық өлеңдермен теңгеруге болмайды. Салтқа қатысты өлеңдер, лирикалық белгілерінің болғанына қарамастан, лириканың құрамына кіруге тиіс емес, өйткені фольклорлық шығармаларды мән-мазмұнына, тегіне қарай ғана емес, атқаратын қызметі бойынша да жіктеу аса маңызды.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1.     Әуезов М. Әдебиет тарихы // Шығармалары. –Алматы, 1985.– 43-46 б.

2.     Арғынбаев Х. Қазақтың отбасылық дәстүрлері. - Алматы: Қайнар, - 2005.

3.     Абылқасымов Б. Телқоңыр. - Алматы: Атамұра, 1993.