Абдигапбарова А.И., Құрбаналиев Б.Б.
Қазақ
ұлттық аграрлық
университеті
Белдерханов А.М.
Алматы облысы, Ақсу
политехникалық колледжі
Өндірістік
оқыту шеберінің педагогикалық шеберлігі
Өндірістік оқыту
шебері жұмысының күрделілігі сол, ол күн сайын,
сағат сайын оқу, тәрбие сипаттағы шешімі
оқулықтардан табыла бермейтін әр түрлі
мәселелермен соқтығысады. Оқыту шебері
өзінің біліміне, тәжірибесіне, педагогикалық
шеберлігіне сүйене отырып,
мәселелерді шешуіне тура келеді.
Педагогикалық шеберлік –
шебердің қызметінің тиімділігін анықтайтын
маңызды қасиет.
Педагогикалық
шеберліктің басты белгісі шебердің өз біліктілігі мен
іскерлігін студенттерге үйрете білуі. Педагогикалық шеберлік оқыту
шеберінің студенттерді оқытуда тиімді әдістерді
қолдануында, болашақ мамандығына құрметпен қарауға
тәрбиелеуінде, мақсатқа жетуінде кездесетін
қиындықтарды жеңе білуге үйретуден көрінеді, ол
өз қызметінің нәтижелеріне жауапкершілікті
көтереді. Мұндай шебердің беделі студенттердің алдында
жоғары болады. Шебер үшін тек кәсіби білімдер мен іскерліктер
ғана маңызды емес, сонымен қатар ол педагогика, психология,
кәсіптік оқыту әдістемесі жағынан білімдері мол болуы
қажет.
Педагогикалық шеберлік – бұл туа
біткен қасиет емес, алайда табиғи нышандар, яғни
қабілеттілік, икемділік, іскерлік деген сияқты қасиеттер оларды игеруге көмектеседі.
Педагогикалық шеберлік
терең және жан-жақты кәсіби білімдер мен іскерліктер
негізінде қалыптасады және белсенді, шығармашылықты
педагогикалық еңбекте дамиды.
Оқу процесінде шебер студенттермен тығыз
қарым-қатынаста болады: жұмыстың тәсілдері мен
әдістерін көрсетеді, жұмыстардың орындалуын
бақылайды, жұмыс сапасын бағалайды, кеңестер береді –
мұның барлығы тәрбиеленушілердің жеке
тұлғасын қалыптастырады, осының бәрінде
шебердің педагогикалық шеберлігі көрінуі тиіс.
Жоғары педагогикалық
шеберлікке ие оқыту шебері оқу процесін тиімді басқара алады.
Ол студенттерге өзінің
тигізетін педагогикалық ықпалын алдын ала ойластырып және
жоспарлауы тиіс, ең тиімді оқу-өндірістік тапсырмаларды
таңдап алады, студенттердің қабылдау ерекшеліктерін, болуы
мүмкін қиындықтар мен қателіктерді есепке алады,
алдын-ала қажетті жабдықтарды, материалдарды,
құрал-саймандарды, құжаттарды, жұмыс орындарын
дайындайды. Іскер шебер оқу
процесін тиімді ұйымдастырады:
оқу әдістерін кешенді түрде қолданады,
жаттығулар мен өзіндік жұмыстар барысында студенттердің
топпен және жеке жұмыстарды үйлестіреді, студенттер арасында
міндеттерді дұрыс бөледі, олардың жеке мүмкіншіліктерін
есепке алады.
Оқыту шеберінің
педагогикалық шеберлігі оның шығармашылық
белсенділігімен тығыз байланысты. Бұл маманның
қай-қайсысының болмасын ең бағалы
қасиеті.
Әр шебердің өз
«педагогикалық қолтаңбасы» болады, өзінің педагогикалық стиліне
(нақышына) тән оқу және тәрбие жұмыстарын
өздігінше ұйымдастырады.
Педагогикалық
шығармашылық оқытудың жаңа әдістерін ашумен
міндетті емес – бұл көбінесе оқытудың белгілі
әдістерін жаңаша сәйкестіру, педагогикалық
мәселелердің жаңа шешімдерін табу.
Оқыту шеберінің
беделін арттыратын педагогикалық шеберліктің маңызды белгілерінің
бірі студенттермен, педагогикалық ұжым мүшелерімен өзара қарым-қатынасын
дұрыс қоя білуі. Шебер мен студенттер арасындағы түзу
өзара қарым-қатынас – бұл ең алдымен
педагогтың талапшылдығы құрметпен, сыйласымдықпен
қабылданатын сенімділік, тілектестік қарым-қатынас. Іскер
шебер студенттерімен өзара қарым-қатынасында
сабырлылық, төзімділік, шыдамдылық, қажырлылық,
жігерлілік, табандылық танытады. Тәжірибелі шебер көбіне оқытып-үйретеді,
кеңес береді, сендіреді, кемінде бұйырады, үгіттейді,
сөгеді. Студенттермен жақсы іскерлік қарым-қатынасты
қалыптастыру үшін шебер олардың
әр-қайсысының мінез-құлықтарын, жеке
даралық ерекшеліктерін, қабілеттілігін, икемділігін, кемшіліктерін жақсы білуі
тиіс. Тәжірибелі шебер міндетті түрде әр студентінің сезімтал жерін табады және
қажетті нәтижеге жетеді.
Педагогикалық
шеберліктің маңызды көрсеткіші, критерийі – өндірістік
оқыту шеберінің педагогикалық
тактісі (педагогикалық әдеп), сондай-ақ педагогикалық техникасы.
Педагогикалық стиль
өндірістік оқыту шеберінің өзіндік педагогикалық
даралығын көрсететін оқу процесінде және студенттерімен
өзара қарымқатынасында пайдаланатын педагогикалық
құралдар мен әдістемелік әдістер жүйесі.
«Педагогикалық стиль»
ұғымы әдетте өзара байланысқан екі
тұрғыны (аспекті) қарастырады: біріншіден, педагогпен студенттер
арасындағы
қарым-қатынасқа қатысты
(тұлғааралық), екіншіден, оқу процесін
ұйымдастыру мен әдістемесіне қатысты
(қызметтік-іскерлік).
Жағымды педагогикалық
стиль, тұтас алғандағы педагогикалық шеберлік
тәрізді туа біткен қасиет
емес, бұл педагогикалық қызмет тәжірибесі мен
өзін-өзі жетілдіру процесінде қалыптасады.
Педагог пен студенттер
арасындағы
қарым-қатынас стилі оқу-тәрбие процесінде
оқытушылар мен студенттердің бірлесіп әрекет етуінен
туындайды.
Оқу процесін
ұйымдастыру мен әдістемесі аспектісінде келесі сипаттамаларды
бөліп көрсетуге болады: сабақ мазмұнының
мақсаттылығы, студенттердің оқу және
оқу-өндірістік жұмыстарына қызығушылығы,
бүкіл сабақ бойы студенттердің белсенділігі, іскерлік
атмосфера, эмоционалды тонус.
Тәжірибелі оқыту
шеберінің жағымды педагогикалық стилін көрсететін
мысалдар келтірейік:
- Сабақты уақытында
бастайды, өзінің, студенттердің жұмыс уақытын
үнемдейді;
- өзінің жұмыс
орнын мінсіз тазалықта ұстайды;
- сабақта студенттердің
арасында олардың жұмыстарын бақылап жүреді;
- жұмыс процесінде студенттердің
ағат жіберген еңбек тәсілдерін болдырмауға тырысады;
- студенттердің
қауіпсіздік ережесін бұзған немесе өзінің
жұмыс орнына ұқыпсыздықпен қараған бір де
бір жағдайды назарсыз қалдырмауға тырысады;
- студенттердің
орындаған жұмыстарын қабылдау кезінде техникалық
талаптардың орындалу сапасына ғана емес, сондай-ақ орындалу
көріктілігіне, тиянақтылығына да көңіл
бөледі;
- жұмыс процесі барысында студенттердің
бастамасын, зеректігін, өздігінен жұмыс істеуін ынталандырады.
Педагогикалық шеберлікке ие
өндірістік оқыту шеберінің педагогикалық тактісі өзінің студенттерін
оқытып, тәрбиелеуде сезім тереңдігі. Педагогикалық такт
– бұл студенттің психологиясын түбегейлі білуі және
ұғынуы, оларға мейірбан, зейінді, құнтты
қарымқатынаста болуы.
Педагогикалық такт
педагогтың (оқытушының, өндірістік оқыту
шеберінің) педагогикалық этиканы (әдеп) сақтай отырып, студенттерге
ықпал етуде ең тиімді тәсілдерін таба білуі, студенттермен
өзін лайықты ұстау, олармен сөйлескенде кекетпеу,
мұқатпау, шамына тимеу, олардың жағдайына
түсіністікпен қарау, оларға демеу бере білу.
Тәжірибелі, тактикасы бар педагог жолдастарының көзінше
оқушыны ешқашан сөкпейді,
ұжым алдында ұрсуды ол ең соңғы шара деп
есептейді.
Педагогикалық техника педагогтың
(оқытушының, өндірістік оқыту шеберінің)
оқу процесін тікелей жүзеге асыруына көмектесетін
педагогикалық құралдар, педагогикалық іскеліктер мен дағдылар. Бұл педагогтың
мықты жеке қасиеттерін пайдалануға негізделген әрдайым
дара, қайталанбайтын педагогикалық құралдар.
Педагогикалық техника іскерліктің екі тобын құрайды:
оқу міндеттерін шешу процесінде өзін басқара алу іскерлігі
және студенттермен өзара қарым-қатынас іскерлігі.
Шебердің іс-әрекетіне
қатысты педагогикалық техниканың бірқатар өзіндік
жақтарын көрсетейік: студенттермен тілдесудің
қарапайымдылығы; сабырлық, әдептен шықпайтын
қаталдық сақтау, объективті талапшылдық; шығармашылық
қиялының кеңдігі, студенттерді еліктіріп әкететін
қабілеттілігі, және т.б.
Шебер сахнада тұрған
актер секілді, үнемі студенттердің көз алдында тұрады.
Қалай тұру, қалай отыру, қалай дауыс көтеру,
тартымды сыртқы кейіпі, жинақылығы, тазалығы және
т.б. с. – бұлар да педагогикалық шеберліктің,
педагогикалық техниканың
құрама бөліктері.
Қорыта айтқанда,
өндірістік оқыту шеберінің педагогикалық шеберлігі
оның еңбек нәтижесі: студенттер алдындағы беделі, студенттермен
қарым-қатынасы, өндірістік оқытуда жоспарланған
мақсатқа жетуі, т.с.с. негізі
педагогикалық шеберлігіне байланысты болады.
Әдебиеттер:
1. Қозыбай А.Қ., Шакен
А.К.Өндірістік оқыту шебері-жастардың ұстазы және
тәрбиешісі «Қазақстан мектебіндегі ТЕХНОЛОГИЯ»
Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал. №5-2014, Алматы.
2. Абдигапбарова А.И. Өндірістік оқыту
шеберінің өзін-өзі танытуындағы тәрбиенің
орны. «Бәсекеге қабілетті қоғам тірегі-Ұстаз:
«Мәңгілік Ел-ұрпақтың мәңгілік
болашағы» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция
материалдары. Шымкент, 2014ж.