Орынбек Б.А.

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебі, Қазақстан.

 

ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ БАҒАЛАУ БАРЫСЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІК КРИТЕРИЙЛЕРІНІҢ МАҢЫЗЫ

В данной статье рассматривается значение критериев

успеха в процессе формативного оценивания

The article deals with the meaning of success criteria in the process of formative assessment

 

Оқу процесіндегі тиімді бағалау және бағалауды түсіну білім беру мен оқытудағы барлық жаңа тәсілдермен тығыз байланысты. Балалар өздерінің түсініктерін құра алатын белсенді оқушылар болатын болса, онда мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де осы түсініктің мәнін білу аса маңызды, өйткені ол оқыту барысында ілгерілеу қадамдарын айқындау мен оған қолдау көрсету үшін қажет. Соңғы зерттеу жұмыстары біздің ұғымымызда формативті, яғни қалыптастырушы бағалау үдерісінің едәуір дамуы мен оны білім беру мен білім алуда қолдану мүмкіндігіне серпін берді. Мұғалімдер мен балалар үшін өздерінің қандай мақсатқа жетуді көздейтінін, мақсатқа жету өлшемдерін түсіну не үшін керек екенін білу маңызды /1/.

Осыған байланысты қалыптастырушы бағалауды жүзеге асыру үшін критериалды бағалау тәсілдерін қолданудың маңызы зор. Себебі оқушы өзінің не істеу керек екендігін, қандай іс-әрекет үшін тиісті бағасын алу мүмкіндігі бар екенін нақты білуі қажет.

Әр сабақтың тақырыбына, күрделілігіне, мазмұнына және мақсаттарына байланысты жетістік критерийлерін құрау қажет. Жетістік критерийлерін құрау барысында аса мән беретін жағдай – нақтылық. Егер сіз картамен жұмыс істеу дағдыларын тексергіңіз келсе картамен жұмыс істеуге байланысты критерийлер құрауыңыз керек. Ал теориялық білімге байланысты критерийлер, әрине,  мүлдем бөлек болуы тиіс. Сондықтан критерийлерді құраудың өзі аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Және бұл критерийлер сабақтың пәндік, тілдік мақсаттарына жету үшін қызмет атқаруы қажет.

Осы аталған талаптарға байланысты бірнеше мысалдар келтіруге болады.

Бірінші мысал: сынып-10, тақырып: «ТМД ұйымының саясаты», оқу мақсаты: ТМД ішкі және сыртқы саясаты мен қарым-қатынастарын салыстыра алу. Осы мақсатқа жету үшін төмендегі жетістік критерийлері ұсынылады:

1. Халықаралық саяси топтардың ТМД ұйымымен қарым-қатынас деңгейіне қарап жіктей алады.

2. ТМД мен Қазақстанның Дүние жүзі картасындағы геосаяси орналасуының оң жақтарын анықтап, ТМД мен Қазақстанның экономикасы мен қауіпсіздігіне әсерлерін тұжырымдайды.

Қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар:

1. Халықаралық саяси топтарды 3 топқа жіктеңіздер: ТМД ұйымымен жақсы, орташа қарым-қатынастағы және мүлдем қарым-қатынас құрмағандар. Топтастыруға дәлелдемелер келтіріңіз.

2. ТМД ұйымының картасын қарастырыңыздар. ТМД елдерінің шекаларының қаншалықты күрделі екендігін қарастырыңыздар. Жалпы ТМД аумағы мен жеке Қазақстан үшін геосаяси орналасуының оң/теріс жақтарын анықтаңыз.

3. Геосаяси орналасудың экономика мен қауіпсіздікке әсерін анықтап талдаңыз.

Жетістік критерийлеріне сәйкес өзара бағалауды ұсыну, оқушылардың өзге топқа комментарийлері мен ұсыныстарын тыңдау да өте тиімді әдіс болып табылады.

Оқушыларға көмек ретінде келесі сөзтіркестерін ұсынуға болады: «Менің ойымша...», «Біздің ойымызша...», «Мен санаймын...», «Біз санаймыз...», «Егер ..... болған жағдайда.....», «Мысал ретінде .... айтуға болады», «.... болудың себебі...», «.... деп болжам жасауға болады», «..... болса, тиімді деп ойлаймын», «Қорыта келгенде...», т.б.

Екінші мысал: сынып-10, тақырып: «Қазақстанның биологиялық қорлары». Оқу мақсаттары: Қазақстанның табиғи аймақтары бойынша флора мен фаунаның орналасуын талдау; Биологиялық қорларға қатысты экономиканың тәуелділігін анықтау үшін карталарды талдау. Осыған байланысты сабақта төмендегідей мақсаттар қоюға болады:

Барлық оқушылар жасай алады:

-Қазақстанның табиғат зоналарын біледі, орналасуын көрсете алады;

-Қазақстан флорасы мен фаунасына жалпылама сипаттама бере алады.

Оқушылардың көбісі жасай алады:

-Табиғи зоналар бойынша флора мен фаунаның таралуын сипаттай алады;

-Нақты мысалдар келтіре алады.

Кейбір оқушылар жасай алады:

-Қазақстан флорасы мен фаунасының экономикалық маңыздылығын сипаттай алады. Бұл оқушылардың түрлі деңгейлеріне байланысты күтілетін нәтиже десе болады.

Тілдік мақсаттарға сәйкес пайдалы сөз тіркестерін ұсынуға болады: Пайдалы сөз тіркестерге келесілер кіруі мүмкін:

Табиғат зоналарының қалыптасуына  ............................. факторлар әсер етеді?

деп бекітуге болады.   ... сияқты болып көрінгенмен ..................... сияқты айырмашылықтар бар. Қазақстанның өсімдіктері  …...... ерекшеленеді. Қазіргі Қазақстанның өсімдік жамылғысы мен жануарларының маңыздылығын ......... көруге болады, т.б.

Бұл мақсаттарға жету үшін оқушылар төмендегі жетістік критерийлерін орындауы керек:

1. Оқушылар атлас және кескін картаны пайдаланып Қазақстанның әрбір табиғи аймақтарындағы кездесетін өсімдіктер мен жануарлар түрін анықтайды және оны белгілейді. Яғни бұл жерде оқушының картамен жұмыс істеуі, талдау жасай алуы, практикалық жұмыс жасау дағдыларын тексеруге болады.

2. Оқушылар Қазақстанның табиғи аймақтары бойынша флора мен фаунаның орналасуын талдайды. Оқушылар ел бойынша биологиялық қорлардың таралуын және оның экономика үшін маңыздылығын түсіндіреді. Бұл критерийді орындау барысында оқушылардың қажетті ақпаратты талдап, пікірталас жасайды.

Үшінші мысал: сынып-9, тақырып: «Адамның шаруашылық іс-әрекетіне климаттың әсері». Оқу мақсаттары: Жылыжай әсерінің, озон тесіктерінің және қышқыл жаңбырлардың себептері мен салдары. Климаттың ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, көлікке,  адам денсаулығына әсері   және  адамның климаттың өзгеруіне ықпалын азайту жөнінде өз шараларыңды ұсыну. Осыған байланысты келесі жетістік критерийлерін ұсынуға болады.  Және айта кететін жай – жетістік критерийлері әдетте белгілі бір дағдыны қалыптастыруға бағытталған. Мысалы, сыни тұрғыдан ойлау және зерттеу дағдысына байланысты жетістік критерийі - жылыжай әсерінің, озон тесіктерінің және қышқыл жаңбырдың пайда болу себептерін анықтайды. Коммуникация және рефлексия дағдысына сәйкес жетістік критерийі - жылыжай әсерінің, озон тесіктерінің және қышқыл жаңбырдың әсерінен туындайтын экологиялық мәселелерді анықтайды. Зерттеу дағдысына сәйкес жетісітк критерийі - экологиялық мәселелердің алдын алу жолдарын ұсынады деп нақтылануы мүмкін.

Төртінші мысал: сынып-8, тақырып: «Табиғи ресурстарды бағалау». Оқу мақсаты:

Табиғи ресурстарды экономикалық және экологиялық тұрғыдан бағалау. Мысалы, бұл жағдайда әр топ таңдауы бойынша Қазақстан аймағындағы табиғи ресурс түріне экономикалық және экологиялық тұрғыдан баға береді. Аймақ- Орталық, Шығыс, Батыс, Оңтүстік, Солтүстік. Жетістік критерийлері ретінде -ресурспен қамтамасыз етілу түсінігін біледі; - ресурстың сапасын анықтайды; -ресурстың шаруашылықта қолданылуын талдай алады, -аймақ үшін ресурстың маңыздылығын анықтайды, кескін картада атауларын жазып белгілейді деп белгілеуге болады.

Қорыта келе оқыту мен оқу процесінде мұғалімдер мен оқушылар пән бойынша бағдарламада көрсетілген барлық оқу мақсаттарын қамтуы тиіс екенін атап кету керек. Берілген оқу мақсаттарының бірнешеуі қалыптастырушы бағалауды жүргізу үшін іріктеліп алынады. Бұл мақсаттар мұғалімдер мен оқушыларға келесі дағдылар бойынша даму деңгейін анықтауға мүмкіндік береді:


·                    Білу

·                    Түсіну

·                    Білімін қолдану

·                    Сыни ойлау

·                    Анализ

·                    Синтез

·                    Бағалау

·                    Рефлексия

·                    Зерттеушілік дағды

·                    Шығармашылық

·                    Тыңдалым

·                    Оқылым

·                    Жазылым

·                    Айтылым

·                    Математикалық  сауаттылық

·                    Техникалық әдіс              /2/


 

Кез-келген дағдылар бағалау ұсыныстарында көрсетілген оқушының пәндік білімі мен қабілеттерін дамытуда пайдаланылатын оқыту әрекеттері аясында қалыптасады. Және бұл динамикалық құбылыс. Яғни сыныптың деңгейіне, сабақтың мазмұнына сәйкес жетістік критерийлері де өзгеріп отыруы мүмкін және оларды үнемі жетілдіріп отыру қажет. Бұл мұғалімнің күнделікті бақылауы мен мини-зерттеу жұмысының нәтижесі болмақ.

 

Әдебиеттер:

1.Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (негізгі) деңгей. Center of Excellence NIS.  Faculty of Education. University of Cambridge. Астана, 2012

2.Оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау. Мұғалімге арналған әдістемелік ұсыныстар. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы. Педагогикалық өлшеулер орталығы. Астана, 2016