Қазақ теарындағы сахна тілі  мәдениетінің маңызы

 

 Т.Жүргенов атындағы

                                                                         Қазақ ұлттық өнер академиясының

II курс магистранты

Сәт Ғ.

Жетекші: Д.Тұранқұлова

Абайдың «Өнер алды – қызыл тіл» дегені жайдан-жай емес. Сөз деген құдірет. Тіл дегеніміз киелі дүние. Соның киесін жан-жүрегімізбен сезініп, қасиетін ардақтап, кейінгі ұрпақтарға саф алтындай күйінде жеткізу – парызымыз. Иә, дәуірлер мен ғасырларды артқа тастап, телегей теңіз тарихтың толқындарынан аман-есен өтіп, халқымен бірге ұзақ та мәңгі жасай беретін екі құндылық болса, соның бірі бұл сөзсіз – тілі. Сөз – тілдің жаны, тіл – ұлттың жаны. Рухының үні, ең құнды дүниесінің алтын қоймасы
(https://massaget.kz/mangilik_el/40680/ http://kazgazeta.kz/). Абай  атамыздың ақындық қабілетімен қоса, өз өлең жолдарына ән жазып композиторлық қабілетімен де  ел арасында танылған.  Ақынның көзі тірісінде – ақ оның өлеңдерінен құралған әдеби-музыкалық жиындар  ұйымдастырылып тұрған. Ал,1914 жылы Абай Құнанбаевтың қайтыс  болғанына 10 жыл толуына  орай қазақ даласында  әдеби-этнографиялық, музыкалық драма кеші  өткізілді. Ойын-сауық кешінде Абайдың өмірбаяны, жеке шығармалары мен ағартушылық қызметі жөнінде баяндамалар жасалған. Абай әндері мен өлеңдерінен үлкен концерт беріліп, қазақтың ұлттық ойындары көрініс тапқан. «... Абайдың өлеңі айтылады...» деген хабарды естіп, қаладағы, қырдағы қазақтың көбіне билет жетпей қалды», - деп жазды сол кездегі газет-журналдар («Айқап», 1914, №4,67-6). Қазақ театр өнері ықылым заманынан  қалыптасқан салт-дәстүрлерімізге,  әдет-ғұрыптармызға  негізделген. Үйлену, қыз ұзату салты, шілдехана, тұсау кесер, сұндет, бесік және т.б. тойларымен байланысты өтетін ойын-сауықтар, ақындар айтысы, шешендік өнер бұдан бөлек сан алуан  дәстүрлеріміз театр өнерінің алғашқы көріністері болған. «Әжуа, мысқыл, шымшыма  сиақты неше  алуан қызықты  әңгімелерді  жанынан  шығарып, әрі  оны  бар  бояуымен  құлпыртып орындайтын  халық  өнерпаздары да болды.  Аты  аңызға  айналған  Алдар  Көсе, Жиренше  шешен, Қожанасыр  мен  Тазша  бала  есіміне  байланысты  күлдіргі  әңгімелер  ел   арасында ертеден  белгілі.   Олардың  өнері  әдетте шапшаң  қимыл – қозғалысқа,басқа  бейнелерге  айналып, күтпеген  жерден  күлкі  тудыратын   әрекеттер  жасауға  құрылып, негізінен   әзіл  сөздерге, қолма – қол тапқырлыққа,  неше  алуан  қулық  істерге және    күлдіргі  айтыс  қлеңдерге  толы  болды.  Бірақ  олардың тілі  жұмсақ,  қарапайым,  таза,  әрі  өткір.  Адам  бойындағы  көзі  тоймас  қомағайлық,  іші  тар  қызғаншақтық,  күншілдік  сияқты  мінездер  олардың  күлкі  отына  күйеді. Сондай – ақ  әділетсіздікке, ескі кертартпа әдет – ғұрыпқа,  зұлымдыққа   қарсы  шығып,  қараңғылық,  сараңдық  сиақты  жат  мінездер  күлкі,  мысқылмен  аяусыз  ажуаланады. Олар  өздерінің  айла-әрекеттерімен  және  күлдіргі  сөздерімен  қарапайым халықтың  адал  еңбегін  қанаған  адамдарды  өткір  сыңға  алып  отырған.Сондықтан  қазақ  халқы  қай  заманда да  терең  ойлы,  көркем  тілді,  ауыздыға  сөз,  аяқтыға  жол  бермейтін  жанды  қастерлей  білген. Халқымыздың  аталы  сөздерін  ой  елегінен  өткізсек,  өте  көп  ойлар  туады.  Философиялық  пікірлерінің  өзі  жүрек  тебірентеді. Олардың  сөздерінен  әділеттік  пен  ақиқатты,  шеберлік  пен  шешендікті  табуға  болады.  Яғни  бұл  сөздер  ләззат  алып  рухтануға, қиналғанда  жол  табуға,  қысылғанда  ой  табуға  жәрдемдеседі» [1. 20-21 бб.]. Шаншарлар  өз  өнерлерін  көбінесе халықтың  той – жиындарында  паш  етіп  отырған.  Өйткені, ондай  жерлерге халық көп жиналатын. Кейін халқымыздың талантты өнерпаздары шағын труппалар құрып,ел аралап, жәрмеңкелерде өнер көрсеткен. 1917 жылы Ойқұдық жайлауында (қазіргі Семей облысы, Абай ауданында) М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясы тұңғыш рет қойылды. Кейіннен 1925 жылдың аяғында Қызылорда қаласында тұңғыш музыка театры ашылды. Тұңғыш театр шымылдығы 1926 жылы ақпанның 13-де М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашылды. Театр алғаш рет құрылған жылы онда Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Қалибек Қуанышбаев, Елебек Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Жұмат Шанин, Шара Жиенқұлова және тағы басқа өнер тарландары қызмет етті. Олар театр тарихына өшпес із қалдырды. 1934 жылы қазақ драма театрының құрылуына негіз болды. Театр  өнерінің  негізі  әдебиет  екені  баршаға  аян.  Әдебиет – сөз  өнері. Ал  әдебиеттің  негізі  әр  халықтың  сөз  өнерінде.  Драма  театрын  қаруландыратын  маңызды  құралдардың  бірі  – сөз өнері екені  сөзсіз. Драма театрындағы сөз маңызы  жайлы  айтқанда драматургияға  тоқталмау  мүмкін емес. Әр драматургтің тілі шұрайлы, сөздік қоры  аса бай болуы шарт.  Жазушының  тіл  байлығы оқыған  адамның  сөз өнерінің мазмұн  байлығына әкеледі.  Драматург өз халқының ұшаң-теңіз бай мұрасын мейлінше игеруі, оның әртүрлі әрі қызық құбылыстарын  жете түсінуі,  әр сөздің мән мағынасын дәл аңғара білуі керек.  Тек сол кезде  ғана  драматург әр  сөзін  таңдап,  талғап алып, ойын анық, сезімдерін пәк етіп  жеткізетін  көрнекті шығарма дүниеге әкеледі.  Қазақ  драматургиясы да  әлемдік   драма  өнерінің  барлық жақсы  қасиеттерін  бойына  сіңіріп, ұлттық  құндылыққа айналған  классикалық  жауһарларды  дүниеге  әкелді.  Атап айтқанда Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Ғабит  Мүсіреповден  бастау  алған.  Ғабит Мүсірепов  шығармасының   ерекше  қасиетінің  бірі – тілінің  тартымдылығында, оқырманына түсінікті әрі ұтымды  оралымдарды мөлшерлі   пайдалана   білгендігінде.  Бұндай  көрініс көп қаламгерлерден  таптыра  бермейтін  қасиет. Қазақ  драматургиясына  ат басын  бұрын  жатқандар  аз  емес.  Олар  шама-шарықтары,  қарым-қабілеттері  жеткенше,  дүниетанымдық  қресінің  деңгейіне  сай  пьесалар жазып шығаруда.  Алайда,  оның   барлығы сахна  төріне көтерілетін деңгейдегі  шығармалар емес. Себебі  кейінгі  лектегі  қазақ  драматургтері «драмадағы  ең  басты,ең  шешуші, ең негізгі нәрсе – тіл. Пьесаның  күші  де,  әлсіздігі де тілде; пьесадағы  әр  сөз  мірдің  оғындай  өткір,   көздеген  жеріне дір  етіп  тиердей дәл, көкейге  саулап  құйылардай  таза,  мөлдір,  санаға  мықтап  дарығандай  мағыналы, мәнді  болып  келуге  тиіс» – екендігін естен шығармағандары абзал болар еді [2. 374 б]. Қазақ  халқы  шешендік  сөздердің  мазмұнына  көп  көңіл  бөлген. «Байлауы жоқ шешеннен – үндемейтін  есті  артық,бәйге  алмайтын жүйріктен белі бесті артық» - деп бекер айтпаған болар атам қазақ [3. 117 б]. «Сылдыраған көп сөз – көмір, аз сөз алтын» деп аса жоғары  бағаланған.  Сол себепті де, тоқсан  ауыз сөздің  тобықтай  болса да  түйіні   болады,  соны  аз  сөзбен  көп  мағына  беретіндей етіп түсіндіруге тырысқан жөн.   Сахнадан тұрып  сөйлейдің  өзі үлкен өнер, көп еңбекті  талап етеді.  Өйткені,  басқа  адам  тағдырын, оный ойы мен нәзік сезімін, күйзелгенін немесе қуанғанын,  оның  жүрек  толғанысын  өз  сөзіндей  етіп, сөйлеу  нормаларын  бұзбай,  драматургтің ой тебіренісін  еш  өзгеріссіз  көрерменге  құлағының   құрышын  қандырардай  етіп  жеткізу ең қиын екенін,  тыңдаушы көрермен еш елестете де алмайды. «Артис тілдің қыр-сырын мүлтіксіз  білуге тиіс» – деп Станиславский өз еңбегінде  атап айтып кеткен екен [4. 248 б]. Актер   шығармашылығындағы  негізгі  элементтердің  бірі – сөз  өнері.  Ол  пьесаның  идеялық   мазмұнын   ашуға  көмектеседі  әрі  театрда  көркем  образ  жасаудың  басты  құралы  болып  табылады. Актер  тілдің  нақышты  бояуы  мен  күш-қуатын терең  сезінген  жағдайда  ғана  өзі  орындайтын  сахналық  кейіпкердің  әлеуметтік  тегін,  ұлттық-тұрмыстық  мінез  ерекшелігін,    психологиялық  сезім  күйін   аша   алады. Сахна  тілінің  негізгі  мақсаты – рөлді орындау барысында  сөйлеуге  машықтану, жаттығу.  Ол үшін:

-          Әрбір сөздің  мәнін  түсініп,  оның  табиғатын  тану;

-          Драмалық шығармаларды  дұрыс  таңдау;

-          Кейіпкер  образын  ашатын  штрихтарды  талдап,  ондағы  әрбір  сөзге  мән  беру;

-          Тілдік  сөз  қорын  байытып, мәнерін  жетелдіру   қажет.

Мәтінді  мәнелеп  оқу  үшін  қажетті  материалдар  көркем  әдебиет   болып  есептеледі.  Сондықтан,  оқу  техникасы  фонетикамен,  грамматикамен,  орфоэпиямен, орфографиямен,стилистикамен   ұштасып  жатады. Яғни:

-          Көркем  әдебиетпен  жиә  шұғылдану;

-          Шығармаларды, өлеңдерді  көп  оқу;

-          Оларды терең талдау;

-          Шығармалар арқылы  көрерменмен   тілдесіп,  сырласу;

-          Сөз  әрекетін  ашу;

-          Сөз туғызу.

  Сөйлеу  техникасы  өз  дауысынды  (үш  регистр төмен, орта, жоғарғы)  толық меңгеруге  байланысты.  Сөйлеу  шапшаңдығы,  интонация,  пауза,   дикция  маңызды  роль  атқарады [5. 16,17 бб.].

 

 

Әдебиеттер:

1.      Д.Тұранқұлова – Алматы: «Білім» баспасы, 2016 ж. – 214 б 

2.      Қабдолов З.  Екі  томдық  таңдамалы  шығармалар. – Алматы: «Жазушы», 1983 ж. Т.2. – 456 б.)

3.      Сыздықова Р.   Сөз  сазы. – Алматы: Санат, 1995 ж. – 117 б

4.      Тәжібаев Ә.  Ғылыми еңбектер. – Алматы:   Жазушы 1981ж. – т.4. – 338 б.

5.      Д.Тұранқұлова. Сахна тілі.Оқулық. – Алматы: «Білім». 2011ж. – 264 б.