XIX. ПЕДАГОГИКА 3. Методические основы воспитательного процесса.

Қамбарова Ә., Жакупжанова М. (Талдықорған, Қазақстан)

Ғылыми жетекшісі: проф. Нәзгүл Әужанова 

 

«ӘЛЕМ МАХАББАТ ПЕН СҮЙІСПЕНШІЛІККЕ ТОЛЫ!»

(жоғарғы сынып оқушыларына арналған тәрбие сағаты)

 

 Жүргізүші 1: Сәлеметсіздерме, оқушылар! Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы: «Әлем махаббат пен сүйіспеншілікке толы!»

Сауалнама жүргізу:

-       Қане балалар махаббат деген сөзді естігенде ең бірінші қандай ой, қандай толғаныс ойларыңызға келеді?

-       Міне көрдіңіздерме бір ғана сөздің өзінен әр кімге әр түрлі ойлар келеді.

Жүргізүші 1: Сүйіспеншілікті адам алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап сезіп-көре бастайды. Мейірімін төккен ата-анасының ыстық құшағында, олардың аялы алақанын сезіне жүріп өмірге төселеді.

Есейе келе сүйіспеншілікті айналасынан көру-көрмеуі екі талай. Әйтсе де адам өмір бойы сүйіспеншілікті іздеп, дауыл алдындағы шағаладай шарқ ұрып өтері анық. «Махаббат сыртқы құбылыс емес, ол үнемі біздің ішімізде», - деген екен  Луиза Хей [3].

Махаббат, сүйіспеншілдік – өте құдыретті асыл сезім. Осы сезім арқасында адамдар бірін-бірі сыйлайды, құрметтейді, түсінеді, кешіре алады және бағалай біледі. Ерекше сезім болғандықтан, әрине, ол жүректен шығады.

Жүргізүші 1: Сонымен: махаббат дегеніміз — адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, таным тұғыры, риясыз, ынтық, нәзік сезімі.

Жүргізүші 2: Махаббаттың өзі әр түрлі болады, яғни: ата-анаға деген махаббат, Отанға деген махаббат, қоршаған ортаға деген махаббат, екі адам арасындағы махаббат.

Жүргізүші 2: Ата-анаға деген махаббат.

Ата-ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі Қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше әспеттелген. Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусәр бұлағы – Ана есіміне қатысты дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан ананы ардақтамайтын халық та жоқ.

Ана махаббаты – махаббаттың ең жоғарғы түрі және бүкіл эмоционалдық байланыстардың ішіндегі ең қасиетті сезім болып табылады.

Әуен: «Күй» ойнайды

Әкем – біреу, анам да біреу менің,

Мен жығылсам, сүйенер тіреулерім,

Олар барда мереке, көрген емен

Қабақтарын шытқанын, түнергенін.

Әке – білек, саусағы – балалары,

Қантамырмен жалғасқан аралары.

Ана – тамыр, бойымен баріне де

Тіршіліктің жылуы таралады. Осы өлең жолдарынан-ақ ата-анамыздың ыстық махаббатын сезінеміз.

Жүргізүші 1: Отанға деген махаббат.

Отан деген – сенің туып өскен, кіндік қанын тамған жер. Отанға деген махаббат, сыйластықпен ұласса – ол адамның рухани деңгейінің биіктігі. 

Отаншылдық сезім – адамға туа біткен қасиет емес. Ол адамның саналы өмірімен қабаттас қалыптасатын психологиялық, саяси-әлеуметтік құбылыс [1].

Патриоттық сезім жалпы адам баласының еліне, жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына, жеке қатынасын, өзіндік бағасын, түйсінуін, қуаттап қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады.

Видео: «Менің елім Қазақстан!»

Жүргізүші 2: Қоршаған ортаға деген махаббат.

«Табиғат», «Жер-ана», «Туған жер», «Атамекен» - деген құлаққа жылы естіліп, шаттық сезімін ұялататын ұлы ұғым. Табиғат жер-ананы сүйе білу, аялау әр адам борышы. Табиғат адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі. Табиғат адам денсаулығының сақшысы, жанға дауа шипагері.

Жүргізүші 1:  Екі адам арасындағы махаббат. «Махаббат адамды танымастай ғып өзгерте алады» деген Теренцийдің пікірін де жоққа шығара алмаймыз. Барша тіршілік ғаламдағы ғажайып сүйіспеншілікті өзіндік нақышын келтіре отырып, «құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күйге» бөлеп, жаратылыстың өзегі болған махаббат пен ғашықтықты жарыса жар салып, жариялап жатқандай.

Адамның жан дүниесінде терең із қалдыратын тылсым бір күш бар. Ол – махаббат. Тегінде, адам баласы махаббат үшін бар асылын құрбан етеді. Махаббат жолында қаншама «Мәжнүн-Ләйла» деп шарқ ұрады [2]. 

Махаббат шуағына бөлену – адам жанын бақыт шыңына бастайды. Ол алтынмен, жұқатпен, інжу-маржанмен өлшенбейді. Ол – шуақты да шұғылалы, нәзік те көркем, асқақ та арайлы, тіл жеткісіз ғажайып сезім...

Жүргізүші 1: Психолог Джон Алан Ли өзінің «Махаббат түстері» деп аталатын кітабында махаббаттың түрлерін қарастырады:

v    «Эрос» -  албырт жастық махаббат

v    «Строгэ» -  нәзік, достық, бірін-бірі түсіну, қабылдау қатынастары сезімге негізделген, негативті сезіммен ластанбаған.

v    «Агапэ» -  өз мүддесін құрбандыққа шалу, бас тарту, шексіз қадірлеу, албырттық басым.

v    «Манну» - құштарлық, іңкәрлік, есінен тану. Сезім кернеген махаббат, өз-өзіне сенімсіз, бағалауы төмен.

v     «Прагма» -  сабырлы, байыпты, рационалды сезім.

v    «Лудус» -  (махаббат ойын) жеңіл, қамсыз қатынас. Олар терең үйірлік пен жеке меншік сезіммен сәйкес келмейді.

Видео: «Күзбен сырласу».

Жүргізүші 1: Осы көріністен алған әсерлеріңізбен бөліссеңіздер және махаббаттың қандай түріне  жататынын ажыратып беріңіз?

Жүргізүші 2: Келесі кезекте жастарға арналған тренинг: Мына карточкалардың көмегімен Сіздерге қояр сауалымызға жауап беріңіздер: осы уақытқа дейін махаббаттың қандай түрін бастан кештіңіздер?

«Дүниені ұстап тұрған – ыстық махаббат.  Махаббат бар жерде ғана өмір бар» деп қате айтылмаған екен. Махаббат сүйіспеншілік сезімі барша адамзатқа таныс құбылыс.

Жүргізүші 2: Қорытындылай келе:

Cүйіспеншілік, сыйластық, мейірім сезімін адамға жас күнінен бастап тәрбие арқылы бала бойына сіңіру қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойына отанға, айналасына деген сүйіспеншілік ұялары анық.

Махаббаттың адам өмірінде алар орны ерекше. Оның әрбір көрінісі – ата-аналық, балалар махаббаты, қоршаған әлемге деген құштарлық, Отанға деген сүйіспеншілік, бізді одан әрі ізгілікке бастап жетілдіре түседі.

Махаббаттың ең биік шыңы анаға деген махаббат! Бәріміз бірге анамызға арнап ән шырқайық!

Әдебиет:

1.     Әужанова Н.Б. Биология пәнінен сыныптан тыс жұмыстар. Алматы: Дайыр Баспа, 2011. – 300 б.

2.     Әужанова Н.Б., Абдраманова Р.Н. Биология сабақтарында эстетикалық тәрбие беру. «Жаратылыстану ғылымы зерттеулерінің перспективті даму бағыттары және негізгі мәселелері» – атты халықаралық ғылыми-практикалық Интернет конференциясының материалдары (12 қараша 2010 ж.). –  Актөбе, 2010, 117-121бб.

3.     Әужанова Н.Б., Мақсатова І. Жастарды әдемілікке тәрбиелейтін би – вальс. «Қазіргі жастар арасындағы қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың мәселелері мен әдістері»-атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның еңбектері (10 желтоқсан, 2011),  2 бөлім. – Карағанды, 2011. –   45-48 бб.