Жанұзақова
Құралай Темірбековна
ф.ғ.д., Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университетінің доценті,
Қожекеева Бекзада Шакизадақызы
ф.ғ.к., Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университетінің оқытушысы,
Қазақстан
ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ
АРХЕТИП ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ
КӨРІНІСІ
Архетип
көркемөнер тарихында да, әдеиет теориясында да маңызды
орын алады. Ол (грек, arche – бастау,
топос – бейне ) – алғашқы үлгі, түпнұсқа
мағынасын білдіреді. Архетип шығармашылық жасампаз қиял
негізінде пайда болған, жалпы адамзаттың даму тарихында үстем
болған көне бейнелер.
Мәдени архетиптер – алғашқы мәдени
үлгілер, адамның көне тарихтан бері қарай келе
жатқан жаратылыс, болмыс пен табиғат туралы ұғым-түсінігінен
қалыптасқан және қазіргі мәдени кеңістікте
өз маңызы мен мағынасын жоғалтпаған,
бүгінгі рухани құндылықтар әлеміндегі бағдарлар. «Архетип»
ұғымын ғылымға енгізген — швейцарлых психиатр,
ғалым К.Г.Юнг. Архетип ұғымы К.Юнгтің
«Ұжымдық ырықсыздық архетиптері» еңбегіндегі сана
мен ырықсыздық туралы ілімінен бастау алады. К.Юнгтің
аналитикалық психологиясында архетип көмескі сананың
тылсымдық құрылымдарында «ұжымдық
бейсаналық, ырықсыздық» ретінде сақталады. Ырықсыздықтың адам психикасындағы объективті сипаты
бар.
Архетип
арқылы заттық болмыстың символикасын айқындауға
болады. Әдеби архетип - фольклорлық және әдеби
шығармалардағы жиі қайталанатын бейнелер, сюжеттер, мотивтер.
Ол сыртқы өзгерістерге ұшырауға бейіл болғанымен,
тұрақты, ғасырлар бойы қалыптасқан
мазмұндық мәнін, құндылығын
жоғалтпайды. Архетиптердің әдеби туындылардағы
көркемдік қызметі - қазіргі зерттеушілердің жіті
назарындағы өзекті мәселе. К.-Г. Юнг пайымдауынша, архетип
бейнелер (алғашқы бейнелер), праформалар «ұжымдық
байсаналықтың» жемісі ретінде ғасырлыр бойы адам өмірінде
маңызды орын алып, мифологияда, дінде, философияда қолданыс
тапты. Көптеген әдеби
образдар, мотивтер белгілі бір архетиптік бастаудан нәр алады да,
концептуалдық тұрғыда оны жаңа мазмұнмен
байытады.
ХХ
ғасырдың алғашқы жартысында З.Фрейдтің психоаналитикалық
теориясы дамыған тұста әртүрлі мәдени
қабаттардағы мифопоэикалық сананы, архетип бейнелерді
айқындау басты бағдарға айналды. ХХ ғасырдың
екінші жартысында үстемдік еткен мифологиялық таным бойынша екі
арна басым болды, шартты түрде оны фрэзерлік, мифтік-рәсімдік
(Дж.Дж.Фрэзер) және архетиптік
(К.-Г. Юнг) деп атауға болады. Әдебиеттануда көркем
шығарманы талдауда мифологиялық қабаттарға ғана емес,
түрлі архетиптік бейнелердің
көтеретін мағыналық, мазмұндық
жүгіне, қызметіне басты назар аударылды. Зерттеушілер базалық
архетиптердің өзгеріп отыратынын, тарихи-әдеби дамудың
барысында әдеби бейнелерге айналатынын, сонымен бірге
жинақтаушылық, типологиялық тұрақтылық, қайталанып
отыратын қасиетімен ерекшеленетінін атап өтті. Архетип туралы юнгтік ілімді Е.М.Мелетинский
«Поэтика мифа» еңбегінде дамытты [1]. Зерттеуші қазіргі
кезеңде «архетип» ұғымының юнгтік ілімнің тар шеңберінен шығып, ауқымы кеңейгенін,
кез келген көркем шығармада жалпы, іргелі, жалпы адамзаттық
мифологиялық сарындарды бейнелейтінін жазды. Е.М.Мелетинский «Поэтика мифа», «Аналитическая психология и
проблема происхождения архетипических сюжетов», А.Ю.Большакова «Теория архетипа
на рубеже ХХ-ХХI вв.» [2], «Литературный архетип» [3] атты еңбектерінде
бұрындары мифологиялық, психологиялық мазмұн
алған архетиптің ХХ ғасырда біртіндеп әдеби архетип
үлгісіне айнала бастағанын атап өтеді және оның
әдебиеттегі көрінісін талдайды.
Архетип
ұғымын ғылымға енгізген К.Г.Юнг болса, кейінірек
философиядағы психоаналитикалық бағыттың өкілі
Ж.Лакан өз еңбектерінде оның теориясын дамытты. К.Г.Юнг
бойынша, бұл образдар адам санасын билеп-төстеп, «барлық
адамдар бойында әркімнің жан әлемінің
ортақтық негізін түзетін жекешілдік (сверхличный)
табиғатына ие болу» ұжымдық бейсаналылықтың басты
мазмұны болып табылады [4, 27]. Әдеби архетиптің,
жоғарыда атап өткендей, басты белгілері: жинақтаушылық
пен типологиялық тұрақтылығы. Әдеби архетип үлгілеріне
«мәңгілік, әмбебап бейнелер» (әлем әдебиетіндегі
бейнелер), символдық бейнелер (аспан, су), тұрақты бейнелер
(ана, бала, сәби, ата немесе, жол, үй) т.б. жатады. Қазіргі
әдебиеттануда әдеби архетип ұғымы толық
қалыптасып, архетиптік талдау негіздері басқа әдісналық
тәсілдермен қатар жалпы поэтиканың құрамдас
бөлігіне айналған.
Әр
ұлттың әдебиетінде архетиптің өз мағынасы
болады. Өйткені архетиптің адам санасына әсер етуі мен оны
түсіну әр елдің әдебиетінде түрліше болмақ.
Сонымен қатар адам психикасының бірлігінен туындайтын
әмбебап, ортақ архетиптер де бар. Архетиптің
қалыптасуына көне, бағзы дәуірлердегі тарихи,
мифологиялық, діни тағы да басқа факторлар жиынтығы
алғышарт ретінде әсер етсе, қоғамдық санада осы
факторлар табиғи сақталады. Осыдан келіп, тек сол
ұлтқа, ұжымға ғана тән
құндылықтар жүйесі мен бірегей
мінез-құлықтық нормалары қалыптасады. Бірегей
белгілер жиынтығы қалыптаса келіп, халық санасында белгілі
бір ассоцияцияға ие. Бірқатар зерттеушілердің пайымдауынша
қазақ мәдени архетипіне орта ғасырларда
еуразиялық мәдени кеңістікті қамтыған
түркілік халықтар мен тайпалардың негізінен
қалыптасқан көшпенді мәдениеті жатады. Ұлттық идея күшейіп,
мәдениет пен өнер қарқынды дамыған тұста
архетиптеріне жиі оралады. Мысалы, соңғы кездегі мәдениет пен
өнердің әр саласындағы «ұлттық негіздерді
жаңғырту» идеясы осымен ұқсас.
Архетиптік
таным мифологиялық дүниетаныммен біте қайнасқан,
мифтің өзі архетип болады. Қазіргі таңда жазушылар мифтік,
фольклорлық
шығармалардың идеялық желісін, я болмаса
мифологиялық кейіпкерлерді, архетиптік сарындарды көркемдік
мүддеге сай кеңінен пайдаланып отырады. Архетип жаңа мазмұнда
дамып, мәңгілік рухани бағдар ретінде «халықтың
рухын» бейнелейтін, универсум туралы
шынайы және тұтас
түсінік қалыптастыратын образ түрі ретінде қабылданады.
Қай
ұлттың әдебиетінде болмасын суреткерлердің көне
дәуірлердің көркемдік тәжірибесіне, фольклорлық
мифтерге деген ықыласы ерекше болған. Олар мифтік,
фольклорлық
шығармалардың идеялық желісін, я болмаса
мифологиялық кейіпкерлерді, архетиптік сарындарды көркемдік
мүддеге сай пайдаланып отырған. Олар архетип пен мифті
халықтың рухын бейнелейтін, универсум туралы шынайы түсінік
қалыптастыратын шығармашылықтың түрі ретінде
қабылдады. Қазақ прозасында парадигматикалық
ассоциаивті мифопоэтикалық ойлау жүйесінің алғашқы
формалары, сюжетті фольклорлық мотивтермен көмкеру С. Сейфуллин, С. Ерубаев, М. Әуезов,
М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов шығармаларында айқын
көрінді. Болмысты бейнелеудің тәсілі ретінде
мифопоэтикалық архетиптерді қолдану – М. Әуезов
поэтикасы ерекшеліктерінің бірі. М. Әуезов романтикалық
стилінің басты ерекшелігінің бірі
де мифологиялық және эстетикалық бастаулардың
бірлігінде жатыр. Жазушы романтизмінің бастауы – көне
түркілік эпикалық дәстүр. М. Әуезов
шығармаларындағы мифопоэтикалық архетиптерді қарастыру
қазақ прозасының 20-30-шы жылдарындағы
романтикалық стилді
бағамдауға мүмкіндік береді. Біз оған екінші тарауда
кеңірек тоқталған болатынбыз.
Қазақ
көркем сөз өнерінің хас шебері
М. Әуезовтің алғашқы туындыларындағы
романтикалық тенденциялар, эпикалық метафоризм 1960-70 жылдары
Ә. Кекілбаев, Д. Исабеков, М. Мағауин,
Д. Досжанов,О. Бөкеев, С. Санбаевтың прозалық
туындыларында ежелгі фольклорлық-мифологиялық мәдениетпен
сабақтастығын, байланысын жалғастырып, қайта
жаңғырады. Қазақ прозасындағы мифологизм
М. Әуезов, С. Мұқанов,
Ғ. Мүсірепов, т.б. қаламгерлер туындыларынан нәр
ала көктеп, көркемдік көкжиегін кеңейтті, қазіргі
қазақ әдебиетіндегі
мифопоэтикалық формаларды қолдану дәстүрі
күрделене түсті. 1960-70 жылдардан бастап қазақ
суреткерлері фольклорлық мұраларға, сол арқылы
мифопоэтикалық архетиптерге жиі назар салатын, алайда әлеуметтік-тарихи
контексттің сан алуан болуына байланысты ол да түрлі сипат алып
отырды.
С.Елубайдың «Ақ боз үй»
трилогиясында ақ боз
үй символдық мән жүктеген. Романның
тақырыбына тірек болған
үй – метафора-символ, көп
деңгейлі образ, оның
әдеби, діни, мифологиялық негіздері бар. Ол
–қазақтың кең даласында аспан мен жердің арасын жалғаған
бақыттың отауы, құтты
мекен, сонымен қатар архетип бейне. Үй романда алуан
бағыттағы көркемдік
мағыналарды бойына жинақтай отырып, біртіндеп жаңа
мағыналық реңк алады. «Өз үйім –
өлең, төсегім» дейтін қазақ үшін үй –
қорған. Ақ боз үй – қазақтың
ғасырлар бойы қалыптасқан алтын ұясы, баспанасы, қаймағы
бұзылмаған салт-дәстүрінің,
әдет-ғұрпының, ділі мен дінінің тірегі..
Шығарманың өн бойында қаһармандардың
ақ боз үйді аңсауы арқылы өткен
өміріне деген сағынышы,
аңсары бейнеленген.
М.Мағауиннің
«Қыпшақ аруы» хикаятындағы тас мүсін – біздің күнделікті
көлеңкелі өміріміздегі жарық сәуле сияқты,
мәңгі жасайтын
«ғажайып», сакральды дүние.
Қыпшақ аруының балбалы – түркілер
әлемінің көне киелі архетипі, белгілі бір деңгейде сакральды түркілер
кеңістігінің таңбалық белгісі. Қазіргі
қазақ әдебиетінде айқын көрінетін мифопоэтика
шығарманың көркемдік әлемін жаңа мазмұнмен,
терең уақыттық межемен байытады. Жазушы тілінің
мүмкіндіктерін кеңейтіп, мәдени метафоралар мен ассоциациялар
қорын молайтады. Нәтижесінде мағыналық мәні
күшті мифологиялық образдардың, архетиптік сарынның
жандану, мазмұн мен пішін тұрғысында жаңару процесі
жүреді.
Әдебиеттер тізімі:
1.
Мелетинский Е.М. Поэтика мифа. –
М.: Наука, 1976. – 407 с.
2. Большакова
А. Ю. Теория архетипа на рубеже ХХ — ХХI вв. // Вопросы филологии. — 2003. —
№ 1. — С. 37-47.
3.
Большакова А. Ю. Литературный
архетип // Литературная учёба. —
2001. — № 6.- С.171.
4. Юнг К. Г. Архетип и символ. — М.: Ренессанс, 1991. — 298 с.