Жуанышбаева Т.О.
№8 Уызбай орта мектебі,
Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің
мұғалімі
Қазақ
әдебиеті сабағында ұлы тұлғалар өмірін
оқытудың танымдық қыры
Қазақ халқы үшін қиырдағыны
қиядан шалар қырағылық, алмастай кесіп түсер
өткірлік, қиыннан қиыстырар шешендік, қара қылды қақ
жарған әділдік, ағаның алдын, інінің жолын
кеспейтін ізеттілік пен досы түгілі жауының сөзіне тоқтаған мәрттік – дала
заңының бұлжымас
қағидалары - атадан балаға ауысып отырған нағыз адами қасиеттер екені
шындық. Осы қасиеттер ұлттық тарихымыздан орын
алған тұлғалардың есімдерінде, оның ішінде
лақап есімдерінде жиі көрініс табады.
Лақап есімдер – ұлттық табиғаты айқын танылып
тұратын, аталуына адам бойындағы ерекше белгі уәж болған
есімдер тобы. Халқымыздың
жаманын жасырып, жақсысын асырып көрсету қасиеті -
лақап есімдерде жиі кездесетін құбылыс. Лақап
есімдердің отбасылық-тұрмыстық және
әдебиетте кездесетін түрлеріне қарағанда, тарихи
тұлғалардың есімдеріндегі басты уәж кемшілік, мін емес,
артықшылық, ерекше қасиеттерге негізделген. Кейінгі ұрпағы үшін
лақап есімімен танымал болған немесе есіміне тұрақты
эпитет қосарланған тұлғалар тарихымыздың әр
кезеңіне тән. Есімнің аталуына негіз болған
уәждер - ел мен жерді қорғау, ел басқару, ел ішіндегі
дау-дамайларды шешу сияқты мемлекеттік көлемдегі істер мен әр
тұлғаның жеке басына қатысты жағдайлар.
Қазақ ономастикалық кеңістігіндегі «адам»
концептісін өз ішінде түрлі концептілерге бөлуге болады.
Қазақтың дәстүрлі құндылықтар
жүйесі «би»/«шешен» концептісінде сақталған. «Түгел
сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейтін
қанатты сөз арқылы атағы атадан балаға тарап келе
жатқан Майқы биден бастап Абылай
аспас сары бел /Байдалы би Бекшеұлы/, Жақсы Жанқұтты /Жанқұтты
Ботантайұлы/, Тапқыш Ақ
ата /Бөлтірік Әлменұлы/, Саққұлақ /Сәбелең/, Шал ақын / Тілеуке
Құлекеұлы/, Қаз
дауысты Қазыбек, «Қарлығаш әулие» /Төле би/ Ақжол /Дайырқожа/
(Әбілқайырдың әділқазысы болған), Асанқайғы /Сәбитұлы Асан/, Қарға
бойлы Қазтуған /Сүйінішұлы Қазтуған/, Қу дауысты Құттыбай /
Құттыбай шешен/, Жиренше
шешен, Көмекей әулие
/Қалқаманұлы Бұқар жырау/, Мәшһүр Жүсіп т.б. сияқты сөз
шеберлері белгілі.
Асанқайғы елдің
ертеңін ойлап, еңсесін көтеруді өмірлік мұрат
еткен Асанқайғы Ордадан бөлінген қазақ руларын
Шу, Сарысу бойына, Ұлытау төңірегіне
қоныстандыруға атсалысып, халықтың
темірқазығындай бағдаршы болып өткені мәлім
[1,72].
Қарға бойлы
Қазтуған /Сүйінішұлы Қазтуған/
(ХҮғ.) – өз заманының әрі батыры, әрі
ақыны, әрі күйші, әрі биі, әрі шешені
болған. Мұның бәрі өзі туралы бір толғам
жырдан айқын көрініп тұр:
Айдаса
қойдың көсемі,
Сөйлесе
қызыл тілдің шешені,
Ұстаса
қашағанның ұзын құйрығы,
Арасын
бұзып өтіп дінді ашқан –
Сүйінішұлы
Қазтуған!!!»
Қарға бойлы
Қазтуған жайлы І.Есенберлин:
«Қазтуған тапал, тоқты жілігінің қорғасын
құйған асығындай шымыр адам. Сондықтан да оны
халық Қарға бойлы Қазтуған деп атап кеткен. Бір
тайпа елдің батыры мен жырауы» деп бағалайды [2].
Қу дауысты Құттыбай – Қазақ туын
көтерді, Даналықпен айырды
Келер менен кетерді», -деп жырлайды Дулат ақын. Жиренше шешен (ХҮғ.) – қазақтың
ақыл-парасатымен, тапқырлығымен аты аңызға
айналған ділмәр шешені. Аңыз-әңгімелердің
дерегі бойынша, ол тарихта болған, Әз Жәнібек ханның
тұсында өмір сүрген кісі, бірақ тарихи
шығармаларда Жәнібек ханның төңірегінде ондай
адам болды деген дерек кездеспейді» делінеді. [1,77]. Шал ақын /Тілеуке Құлекеұлы/ (1748-1819) Көкшетау
өңірінде туады. Болашақ ақынның әкесі
Құлеке батыр Абылай ханның жақын серігі, өз тұсындағы
беделді рубасыларының бірі еді. Ақынның ес білгеннен
соңғы ғұмыры қазіргі Солтүстік
Қазақстан облысының Сергеев ауданының шегінде
өтеді. Бала Тілеуке он бес жасында-ақ даңқы
шығып, ақылдылығы мен сабырлылығы, тілінің
өткірлігі мен ойының ұшқырлығына байланысты «Шал»
атанады да, өнер жолына түседі.
Ақжол би /Дайырқожа
Қотанұлы/ - Әбілхайыр ханның оң тізесін басып
отырған сенімді биі болған. Оның шешендік әділдігі
жөнінде ел «Ақжол би» деп ұрандап кеткен. Сол Ақжол
биді Қара Қыпшақ Қобыланды батыр өлтіреді.
«Арғынның арғы атасы – Қотан ақын» атанған
әкесі:
Қара қыпшақ
Қобыландыда нең бар еді, құлыным!
Сексен асып таянғанда
тоқсанға,
Тұра алмастай үзілді ме
жұлыным!.. – деп жоқтайды.
Қалқаманұлы
Бұқар жырау (1668-1781) – қазақтың ұлы
жырауы, ХҮІІІ ғасырдағы жоңғар
басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық
соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай
ханның ақылшысы. Заманындағы сыншылар оны «Көмекей әулие» деген.
Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең
сөз төгіледі екен.
Бала би /Датұлы Сырым/ (1712-1802)
– Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші
жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті
басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен. Өзінің асқан
ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып,
әділдігімен аты шыққан «Бала
би» атанады.
Қорыта келгенде, қазақ әдебиеті сабағында
ұлтымыздың тарихында өзіндік орны бар тарихи
тұлғалардың өмірі мен өнерін, елі мен
жерінің тәуелсіздігі үшін, ұрпақтарының
жарқын болашағы үшін еткен еңбек, төккен терлерін
насихаттау, оқыту, білгізу – ұстаздың басты мақсаты.
Әр ұстаз білімді тәрбиемен ұштастырып, ертең ел
болашағын қолға ұстар бүгінгі жас
ұрпаққа ізгілік дәнін себуге, өткенге
құрмет сезімін туғызып, мақтаныш ете білуге
дағдыландырға тиіс және соған міндетті де.
Әдебиеттер:
1. Жолдасбекұлы М., Салғараұлы
Қ., Сейдімбек А. Елтұтқа. – Астана: Kul Tegin, 2001. – 357 б.
2. Есенберлин І.
Көшпенділер: Тарихи трилогия. –Алматы: Көшпенділер, 2004. – 760 б.