ОҚУ ҮДЕРІСІНДЕ ТЕСТІЛЕУДІ ҚОЛДАНУ

 

                                                                         Ғ.Ғ. Шәріпжанова

                                                                  Алматы энергетика және байланыс

университетінің доценті, филол.ғ.к.

    

     Қазіргі кездегі жаңа ақпараттық технологиялар мен телекоммуникацияның қарқынды дамуы компьютер мен модемді көпшіліктің пайдалануына жол ашты. Ақпараттық коммуникациялық технологияның дамуына байланысты білім берудің де жаңа түрлері дамып келеді.

     Біздің бағдарламамыз мамандыққа байланысты оқытуға негізделетіндіктен, аутентивті мәтіндерді оқуға үйрету міндеті қойылады. Яғни оқу стратегиясына сай мәтіндердің мақсатын, ерекшелігін түсіну, бейтаныс сөздердің мағынасын контекст бойынша, орыс тіліндегі дыбыстық ұқсастығы, сөзжасам элементтері бойынша болжамдау, мәтінде негізгі орын алмайтын сөздерге назар аудармау, әртүрлі (екі тілді, терминдер, синонимдер, энциклопедиялық т.б.) сөздіктерді қолдану.

    Тілдік қатынастың айтылым, жазылым, оқылым, тыңдалым әрекеттерінің барлық түрінде студенттердің оқу үдерісінде компьютерлік бағдарламаларды қолдану өте маңызды. Осы орайда институттың қазақ тілі кафедрасында студенттердің ақпарат деректермен алмасуы, тілді белгілі бір мамандық саласына байланысты сөйлесудің үлгілерін меңгеру, тілдік қолданыстарды, терминдерді үйрету басты назарда.

     «Тілдесім – сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін қамтитын ерекше құбылыс. Тілдесім әрекетінің атқаратын қызметінің барлығы – негізінен қарым-қатынасты жүзеге асыру». Осылай деген әдіскер-ғалым Ф.Оразбаева тілдесімнің атқаратын функцияларын (қызметтерін) былайша топтастырып жіктейді:

1. Әлеуметтік қызмет;

2. Танымдық қызмет;

3. Мағлұматтық қызмет;

4. Қоғамдық не қауымдық қызмет;

5. Эмоционалдық қызмет.

     Осы функциялар бойынша оқушы тілдік қатынаста әртүрлі ортада байланыс орнатудың жолдарын меңгереді. Мысалы, әлеуметтік қызметте мәдениетті сөйлеу, рухани өсу; танымдық қызметте дұрыс әрекетті нашар әрекеттен айыру; мағлұматтық қызметте өмірде кездесетін көптеген хабарлар жөнінде пікір алысу; қоғамдық қызметте ұжымдық күрделі әрекеттерді ұйымдастыру, бір-бірімен түсінісу; эмоционалдық қызметте адамдардың бір-бірімен сезімін, көңіл-күйін бөлісуге мүмкіндік жасалады...

     Әр семестрде студенттер білімін бағалауда ағымдық, аралық бақылау тестілеу арқылы бағдарламаға сәйкес жүйелі жүргізіліп отырады. Олардың тілдесім әрекетін дамыту барысында оқу материалымен ғана шектеліп қоймай, танымдық, мағлұматтық, қоғамдық қызмет мақсатында әртүрлі конкурстық тестілеудің де артық етпейтіндігін байқадық. Осы орайда 12 сәуір ғарышкерлер күніне арналған конкурстық тестілеу тәжірибемді ортаға салуды жөн көрдім. Міндеттелген мақсатқа жету үшін алдымен әртүрлі ақпарат көздерінен (газет-журнал, энциклопедия, интернет т.б.) мәліметтер жиналды. Жиналған мәліметтер тестің қай түріне сәйкес келетіндігіне қарай сұрыпталды. Мысалы, баламалық тест бойынша, жауаптың үлгілері «иә-жоқ», «дұрыс-бұрыс» түрінде беріліп, студент осылардың біреуін ғана таңдап алады. Бұл сұрақ студенттің логикалық пайымдауын талап етеді. Мысалы, «Қазақстанда келесі жылы қазақтың үш қызы бірдей ғарышқа ұшқалы жатыр» деген сұраққа «иә», «жоқ», «білмеймін», «мүмкін» деген нұсқалардың ішінен «білмеймін», қазіргі күні бәрі де «мүмкін» деп жауап бере салуға болады. Ал әріден ойлағанда, «космос тарихында, оның ішінде дамыған елдерде бірден екі немесе үш қыздың ғарышқа сапар шеккені болды ма? Ол үшін қанша уақыт, қанша дайындық, қаражат керек немесе осындай информация бұқарат ақпарат құралдарында таралып па еді?» деген мәселер төңірегінде тереңірек ойлап пайымдауға тура келеді. Осындай студенттердің интеллектуалдық қабілетін көрсететін сұрақтар көлемі екі нұсқаның ішінде (әр нұсқада 30 сұрақтан) 5-6-дан кем болған жоқ.

     Таңдамалық тесте бір сұраққа бірнеше жауап беріліп, оның біреуі дұрыс, басқалары қайшы болып келеді. Тест конкурстық деп аталғандықтан, тек қана ресми түрде емес, жауаптары әзіл аралас түрде келіп отырды. Мысалы, «1957 жылы қазан айының төртінде КСРО-да не ұшырылды?» деген сұраққа:

А) Жердің жасанды серігі;

В) Жердің жасампаз серігі;

С) Жердің жасалған серігі;

Д) Жердің жап-жаңа серігі» деген жауаптар жазылды. Өзге тілді аудиторияда ішінара кейбір студенттерге жауап табу қиындық келтіргенімен, радиотехникаға байланысты мәтіндерде кездескен терминдер бойынша сұрақтың нақты жауабын шешуге тиіс деп есептедік.

     Таңдамалық тесте грамматикалық білімдерін бағалау да назарға алынды. Мысалы, Ғарыш аппараты бортына ғылыми аппаратуралардан басқа алып телескоптар да орнатылады. Ғылыми қай сөз табы? Сондай-ақ сөздердің, терминдердің баламасын үйрету мақсатында олардың орысша нұсқасын беріп, қазақшасын көрсетуін ұсындық.

     Қосымшалық тесті қазақ тілінің жалғамалы ерекшелігін студенттің қаншалықты меңгергендігін тексеру мақсатында қостық. Сұрақтар «Көп нүктенің орнына тиісті қосымшаны қойыңыз», «Септік жалғауын табыңыз», «Керекті септеулік шылауды қойыңыз» тәріздес түрінде берілді.

     Толықтырмалық тест бойынша сөйлем құрамындағы сөздердің немесе сөз тіркестерінің кейбірі түсіп қалады не болмаса сұрақтар беріледі. Түсіп қалған сөздер мен сұрақтарға жауаптардың тиістісін студент белгілейді. Жауапта дыбыстық тәсілдің түрі ассонансты да қолдандық. Мысалы, «Ғарыштық кеме – адамның ғарышта ұшуына арналған ғарыштық не?»

А) аппарат;

В) ақпарат;

С) аптап;

Д) апта.

     Бұлардан басқа конкурстық тесте өлшемдік тест те қолданылды. Студенттердің жалпы білім дәрежесін тексеруде бұл тестің рөлі үлкен. Өлшемдік тесте бір сұрақтың бірнеше жауабы беріледі: бірі – толық әрі дұрыс, екіншісі – жартылай дұрыс, үшіншісі – жартысынан азы дұрыс, төртіншісі – дұрыс емес т.б. Мысалы, «Космонавтика дегеніміз не?

А) ғарыш кеңістігіне ұшу;

В) ғарыш кемесімен шарлау;

С) ғарыш жорығына шығу;

Д) ғалымдар кеңесіне қатысу» т.б.

     Дұрыс жауапты белгілеу үшін студент ғылыми стильде эмоционалды-экспрессивті сөздер немесе көркем әдебиеттегідей бейнелі сөздер, ауызекі стильдегі сөздердің қолданылмайтындығын еске түсіруіне тура келеді.

     Тілдесімнің танымдық, мағлұматтық қызметі арқылы студенттерге қазақ халқының салт-дәстүрінен басқа ауа-райын болжаудағы қалыптасқан қағидалары мен тәсілдері, күн санау, ауа райы туралы мақал-мәтелдерден де тест ұйымдастырдық. Халқымыз табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, тұрмыс-тіршілігіне арқау еткен. Ауа райындағы, табиғаттағы құбылыстарды назарында ұстап, оған баға беріп отырған. Ауа райын үнемі қада,алап, жан-жануардың іс-әрекетіне, айға, жұлдыздарға қарап болжамдар жасады. Осылай көптеген ырымдар пайда болды, тіпті мақал-мәтелдер де шығарды.

     Біз студенттердің грамматикалық білімдерін бағалау және  халқымыздың өзіндік қалыптасқан қағидаларымен таныстыру мақсатында «Қазақ халқының қағидалары» тақырыбында ағымдық тест өткіздік. Енді сол тест бойынша үзінді ұсынамыз.

1. Ұйқасын тап: Қыстағы суық – жаздағы...

А)  жылы;

В) ыстық;

С) салқын;

Д) аяз;

2. Мағынасына қарай тиісті сөзді қой: Қарға қаңқылдаса ... шақырады,

Қаз қаңқылдаса ... шақырады.

А) қысты; жазды;

В) көктемді; жазды;

С) жазды; күзді;

Д) күзді; қысты;

3. Нөсер жаңбыр алдында не ойнайды?

А) бала;

В) күн;

С) найзағай;

Д) түн;

4. Жеміс ағаштары қайта гүлдесе, ... қыс жылы болады.

А) өткен;

В) алдыңғы;

С) бұрынғы;

Д) өткен жылғы;

5. Жаңбыр жауып тұрғанда суда көпіршік тұрса, ... жауын ұзақ... созылатын болады.

А) –ке;

В) –ға;

С) –та;

Д) –қа;

6. Күн ерте күркіресе, ол жауын-шашынның мол болатынының знак(сі).

А) сыңай;

В) түр;

С) ыңғай;

Д) белгі;

7. Көктемде жылқы ықтаса (ищут безветренную места), келер қыс қандай болады?

А) қатыгез;

В) күшті;

С) қуатты;

Д) қатты;

8. Венера (қандай планета?) жарқырап туса, егін, шөп, жеміс бітік шығады.

А) Ай;

В) Темірқазық;

С) Жетіқарақшы;

Д) Шолпан;

9. Наурыздан соң не болмас?

А) жаз;

В) қыс;

С) сәуір;

Д) тамыз;

10. Ит ұлып, жер тырнаса, басқаша мінез көрсетсе, жер қайтеді?

А) үркеді;

В) сілкінеді;

С) ренжиді;

Д) өкпелейді;

 

     Сонымен белгіленген уақытта тест сұрақтарына жауап алынғаннан кейін студенттермен қиындық тудырған сұрақтар төңірегінде ауызша жұмыс жүргізуге немесе сол сұрақтарды жазып алып, үй тапсырмасы ретінде орындап келуге де болады. Программалық материалдан тыс ауық-ауық өткізіліп отыратын осындай жұмыстар студенттердің қазақ тілі бойынша сауаттылығын арттыруға біршама болса да септігін тигізеді деген ойдамыз.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. Оқу құралы. – А., 2000. -270 б.

2.   Аударматану: Ғылыми-практикалық көмекші құрал. /Құраст.: Құлманов С. - Алматы: «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, 2008. - 328 б.

3.   Әдебиеттану. Терминдер сөздігі /Құраст.: З.Ахметов, Т.Шаңбаев.
 
- Алматы: Ана тілі, 1998. - 384 б.

4.   Әлметова Ә., Дәркенбаева Ж., Хамимульдинова Л., Тұңғатова Ғ. Қазақ тілі: Оқу құралы (С1 – негізгі стандарттан жоғары деңгейге арналған және  С2 – туризм мамандығы үшін). - Алматы, 2013. - 117 б.

5.   Әлметова Ә., Тұңғатова Ғ., Хамимульдинова Л., Дәркенбаева Ж. Қазақ  тілі:  Оқу құралы  2    негізгі  стандартты  деңгей).  -  Алматы,  2013.   - 102 б.

6.        «Қазақстан»   Ұлттық   энциклопедиясы / Бас   ред.   Нысанбаев   Ә.   -Алматы:  «Қазақстан  энциклопедиясының»  Бас  редакциясы,  2002.  ІV  том.  - 720 б.

7.   Қайдар Ә. Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу). - Алматы: «Тоғанай Т» баспасы, 2004. - 560 б.

8.   Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. - Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. - 440 б.

9.   Советова З.С. Кәсіби қазақ тілі: 5В071700 Жылу энергетикасы мамандығы студенттеріне арналған әдістемелік нұсқаулар. - Алматы: АЭжБУ, 2014. - 43 б.