Рапишева Жанат Дабыловна (фил.ғыл.канд, доцент,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті, Қазақстан)
Абуляисова Пернегуль
Казтаевна (Қарағанды облысы Ұлытау ауданы №18
Мибұлақ орта мектебінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, Қазақстан)
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҒЫЛЫМИ СТИЛЬДІҢ
ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН
Әдеби тіліміздегі стильдердің қалыптасу тарихына
көз жіберсек, ХІХ ғасырдың ІІ жартысында
қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі функционалдық
стильдерге тарамдала бастағанын байқаймыз.
Р.Сыздықованың пікірінше, басыңқы (доминант) стиль
бұрынғысынша көркем әдебиет стилі болды. Бұл
кезде қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдері
қазіргідей сараланып, әрқайсысы өз белгілерін
айқындап алмаған болатын, дегенмен өзіндік айырым белгілері
мен әр стильдің азды-көпті өз нормалары бар екендігін
көрсетуге болады [1, 227-228].
ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қазақ
халқының әлеуметтік-саяси, экономикалық және
мәдени өмірінде түбегейлі тарихи өзгерістер болды.
Бұл кезеңде Қазақстан жерінің Ресейге
қосылу үдерісі аяқталған болатын. Қала-бекіністер
орнап, сауда-саттық күшейді, жер-жерде отырықшылық
басталды, егіншілікпен айналысу орын ала бастады. Осындай өзгерістер
қазақ халқының мәдени-рухани дүниесінде де жаңалықтар
туғызды. Қазақ жерінде оқу-білім
көздері пайда болды. Бұл оқу-білім екі сипатта болды:
бірі – азаматтық білім беру, екіншісі – діни, яғни мұсылманша
оқу. Омбы, Орынбор, Орал, Троицк, Торғай қалаларында
жергілікті халық балалары үшін мектептер ашылды. Оларда оқу
орыс тілінде жүргізілді. Бұл мектептер аздығына және
отаршылық саясатты көздегендігіне қарамастан,
қазақ арасына оқу-білімнің таралуына септігін тигізді.
Орыс тілін танып-білудің алғашқы қадамы жасалды.
Азаматтық оқумен қатар, мұсылманша діни оқу да
осы кезеңде едәуір жанданды. Ауыл молдаларынан арабша-түркіше
сауат ашып, хат тану бұқара халықтың
білім-ғылымға деген санасын оятып, жалпы сауаттылыққа
талпындырды. Тарихи мәліметтер бойынша, ХІХ ғасырдың екінші
жартысында бүкіл Қазақстанда небары 100 шақты
орыс-қазақ школдары болса, оларда 4000-ға жуық бала
оқыған [2, 476].
Қазақ даласына келген азаматтық оқу-білім,
халықты ағарту ісі оқу-педагогикалық, әр алуан
ғылыми немесе жартылай ғылыми әдебиет жанрының пайда
болуына себеп болды. Бұндай әдебиет жанрын бірінші болып Ыбырай
жасайды. Оның педагогтік шығармалары оқу-ағарту
мүддесін көздегендіктен, жалпы халықтық тілге
негізделген қазақтың жаңа жазба әдеби тілінің
оқу-педагогикалық стилінің алғашқы үлгілері
болып табылады. Абай да өз шығармашылығының аясын
кеңітіп, «Қара сөздерін» жазады. Сөйтіп прозамен
жазылған публицистика және ғылыми әдебиет жанрын
жасайды. Р.Сыздықованың айтуынша, қазақ тілінде
педагогикалық әдебиеттің пайда болуы (мыс., Ыбырай
Алтынсариннің ағартушылық-педагогтік шығармалары) оқу-педагогикалық
стильдің, демократтық бағыттағы ойшылдардың
прозасы (мыс., Абайдың «Қара сөздері») ғылыми-публицистикалық стильдің пайда болуына
әкеп соқты [3, 15].
Қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы
Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылы Орынборда басылып шыққан
«Қырғыз хрестоматиясы» тек қана мектеп
шәкірттерінің ғана емес, жалпы қазақ
қауымының өнер-білімге деген мұқтаждығын
өтеуге арналған, мағына-мазмұн жағынан
тұңғыш халық кітабыболды. Мұны
автордың алғы сөзінен де байқаймыз: «…
қазақ балаларына оқу кітабы болу жағын, сонымен
қабат жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу
жағын көздедім». Ыбырайдың айтуынша, «халқымыз өз
тіліндегі ғылми оқу құралдарына сусап отыр»,
сондықтан ол келешекте шығармақ болған
хрестоматияның екінші кітабында жаратылыстану, жалпы тарих, география,
техникалық өндіріс, іс жүргізу туралы жазбақшы болады.
Дегенмен, хрестоматияның бірінші кітабын да зерттеушілер
«қазақтардың тұңғыш
ғылыми-көпшілік энциклопедиясы» деп атап жүр [4, 3]. Себебі
бұл қазақ тіліндегі ағартушылық әдебиеттің
бастамасы болатын.
Ыбырай сынды
ұлы ағартушының әдеби мұрасы мен
шығармашылық өмірін зерттеуші
Ә.Дербісәлиннің көрсетуінше, Ыбырай еңбектерінде
«көркем шығарма» деген атау
кездеспейді, тек қана «кітаптар», «ғылым кітаптары», «жалпы білім
беретін кітаптар» деген тіркесті атаулар кездеседі [5, 106]. Ендеше, Ыбырай Алтынсариннің
ағартушылық мақсаттағы шығармаларын
ғылыми-көпшілік әдебиет үлгісіне жатқызуға
болады. Ы.Алтынсарин шығармаларының тілін зерттеуші С.Хасанова:
«Ыбырай ХІХ ғасырдың екінші жартысында, кітаби жазба тілдің
үстем болған кезінде, шығармаларын таза қазақ
тілінде, халықтық тілдің негізінде жазып, қазіргі
әдеби тіліміздің жасалуына, оның дамуына негіз қалап
берді», - деп тұжырымдайды [6, 95].
Ә.Дербісәлиннің айтуына қарағанда, Ыбырайдың
шығармашылық мұрасына дұрыс баға берген,
көп еңбектерінің, әсіресе, хаттарының
біздің кезімізге жетуіне жағдай жасаған, оларды сақтап, мезгілінде жариялаған
Қазан университетінің профессоры, шығыстанушы Н.И.Ильминский
болды («Алтынсарин туралы естегілер», Қазан, 1891 ж.). Н.И.Ильминский
миссионерлік, діншілдік көзқарастарына қарамастан,
Ыбырайдың қазақ халқы үшін сіңірген
еңбегін көп жағдайда орынды бағалады, ол жайында
жақсы естелік қалдырды, оның өмірі мен
шығармашылығын жан-жақты танып, білуге мүмкіндік
беретін көптеген материалдарды жария етті [5, 31]. Н.И.Ильминский
қазақ тілін жете меңгерген, сол дәуірдегі
оқыған қазақ жастарымен байланыста болып, олармен
қазақша хат жазысқан, қазақ тілінен
оқулық жазып, өзінің «Самоучителінде»
ғылыми-көпшілік сипаттағы қазақша мәтіндер
берген ғалым. Ол осы еңбектері арқылы қазақ
тілінің байлығын, оралымдылығын көрсетіп, оны
әдеби тіл дәрежесіне көтеруге ат салысты. Өзінің
миссионерлік мақсатына қарамастан, Ыбырайдың ұлы
ағартушы болуына, оның ағартушылық мақсаттағы
істерінің жүзеге асуына септігін тигізген адам. Соңғы
кездері Н.И.Ильминскийдің қазақ жеріндегі қызметіне
түрлі баға беріліп жүргендігін де айта кетуіміз керек.
Ыбырай өзінің жазушылық қызметін ғылыми
қызметпен ұштастырып, этнография саласынан мақалалар,
қазақ тілінің грамматикасы туралы шағын жұмыс
жариялайды. Біз бұл фактілерден қазақ тіліндегі
оқу-педагогикалық және ғылыми стильдер
элементтерінің алғаш пайда болып, әрі қарай
қалыптасуындағы Ыбырай сынды педагогтің қызметін
көреміз.
Абай шығармаларының тілін зерттей отырып, Р.Сыздықова
«Абай – әдеби тілдің проза жанрындағы бірқатар
стильдердің ізін салушы. Оның «Қара сөздерінің»
тілінен қазіргі жазба әдеби тіліміздің сан-салаға
бөлінген стильдік тармақтарының даму барысын, яғни алғашқы кезеңін танып-білуге
болады» дегенді айтады. Абай «Қара сөздерінің» қай
жанрға жататыны туралы зерттеушілер арасында түрлі пікірлер бар.
Олардың көбі Абай «Қара сөздерінде» бір емес, бірнеше
жанрдың элементтері кездеседі деген пікірге келіп саяды. Мысалы,
оның ішінде ғақлия да, нақыл сөздер де,
ғылыми мақала да, трактат та, сатиралық әңгіме
де, публицистикалық насихат түрлері де, шешендік
әңгіме-кеңестер де бар. Р.Сыздықова қара сөздердің
мазмұнын, көркемдеу элементтерін және синтаксистік
ерекшеліктерін сипаттай келіп, оларды саяси-әлеуметтік,
ғылыми-публицистикалық әдебиет жанрлары ретінде
қарастырады [3, 298].
Қазақтың жаңа жазба әдеби тілін
қалыптастырудағы Абайдың сіңірген қызметі мен
алатын орны біраз зерттеушілердің еңбегінде жан-жақты
сөз болғаны мәлім. Сондықтан біз «әр заманда
бағасы жойылмайтын, бір үлкен қымбат қазына» [7, 77]
болып табылатын Абайдың «Қара сөздерінің» жартылай
ғылыми стиль үлгілеріне жататындары қарастырдық. Мәселен,
5, 29-сөздері – филологиялық, этнографиялық
тақырыптағы шағын ғылыми мақалалар, 43, 45 –
философиялық трактат түріндегі философиялық ойларын,
дүниеге көзқарастарын білдіретін, ғылыми пікірлер
айтқан сөздері, 46-сөзі – тарихи очерк тәрізді
қазақ халқының қайдан шыққаны туралы
қысқа зерттеу жұмысы, 7, 17 – психологиялық этюд
түріндегі және педагогикалық тақырыптағы
сөздер.
Шығарманың
қайсысы болса да белгілі бір стильде жазылады.
Х.Сүйіншәлиевтің анықтауынша, Абай өзі оқып
білген, естіген жаңа ойларын қазақша қарапайым
сөзбен, шағын көлемге сыйғызып баяндайды. Абайдың
қара сөздерінің қалың көпшілігіне тән
стильдік ерекшеліктердің бірі – лаконизм, яғни белгілі ойды
қысқа, анық, нақты етіп тұжыра айтып беретін
қасиет. Ол айтар ойын ұғымға да жеңіл,
жинақты сөзбен, түйдектелген түйінді сөйлеммен
жазады. Абай сөздерінің стилі өзінің түріне сай
халықтық насихат, ақыл, өсиет сөз ретінде
тәлім берерлік дидактикалық стиль, ғылыми ойды білдіретін
ғылыми әдебиет стилі. Абай «Қара сөздерінде» жалпы халықтық тіл
мүмкіншілігін сарқа пайдаланып, ғылымы дамыған
елдердің ғылыми-философиялық ұғымдарын қазақтың
өз тілімен беруге болатынын көрсетті. Х.Сүйіншәлиев «Абайдың
қарасөздері ғылыми жалпыға ортақ тіл стиліне
(научно-популярный стиль)
негізделеді», - деп
қорытады [8, 135-139].
Ыбырай мен Абай
шығармаларының тілін зерттеушілердің тұжырымдауынша,
олар қазақтың жаңа сападағы көркем
әдебиет тілін жасап, әдеби тілдің көркем әдебиет
стилін қалыптастырды. Ыбырайдың әртүрлі
тақырыпқа жазған ғылыми-публицистикалық
мақалалары мен оқушыларға арналған
ағартушылық мақсаттағы еңбектері, Абайдың
ғылыми-дидактикалық тақырыптағы «Қара сөздері» мен кейінгі зерттеулер Ыбырай мен
Абай сынды ұлы тұлғалар публицистикалық және
жартылай ғылыми стильдердің негізін қалады деген пікір
айтуымызға мүмкіндік беретін сияқты.
Аталған
дәуірде тіл тағдырына әсер еткен маңызды
оқиғалардың бірі – қазақ тілінде
тұңғыш баспасөз органдарының пайда болуы болса, екіншісі – қазақ тілінде кітап
бастырудың дүниеге келуі болды. Егер бүкіл ХІХ ғасыр
бойына қазақ тілінде 70-80 кітап шыққан болса,
Х.Бекхожиннің есептеуінше, олардың дені ғасырдың екінші
жартысында басылған [9, 25]. Қазақ кітаптарының тарихын сөз етуші
Ә.Жиреншиннің айтуына қарағанда, Қазан
университеті мен Қазан гимназиясы баспасынан ХІХ ғасырда 400-ден
астам кітап басылса, оның тең жартысы қазақ тілінде
жарияланыпты. Жалпы ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезінде
Қазан, Петербург, Уфа, Ташкент, Орынбор, Семей, Омбы, Орал, Верный,
Астрахань қалаларында орта есеппен 1000-нан астам атаулы
қазақ кітаптары басылып шыққан, олардың тиражы
шамамен 5 миллион данаға жеткен [10, 39].
Ана тіліміздің
бес-алты ғасырлық тарихын зерттеуші Р.Сыздықованың
айтуынша, тек қана қазақ тілінде емес, ортаазиялық
әдеби тілдердегі («түркіше»)
мұсылманша діни мазмұнды кітаптар да қазақ арасына
молынан тарай бастады. Тіпті бұл кезде христиан дінінің
миссионерлік әдебиеті де қазақ тілінде баспа бетін
көрді. Орыс ғалымдары тарапынан қазақ тілінің
грамматикалық құрылысын зерттеу басталды. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында 20-дан астам
орысша-қазақша және қазақша-орысша
сөздіктер шықты. Қазақ көркем әдебиетінің
жаңа кезеңі басталды. Төл жазба әдебиеті туды. Араб,
парсы, шағатай, орыс тілдерінен аударылып ауызша да, жазбаша түрде
де тараған аударма әдебиет дүниеге келді.
Қазақтың әр алуан жанрдағы, әр түрлі
мазмұндағы жазба әдебиеті жанданып, түрлері
көбейе бастады. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы – қазақ
тілінің статикасы (сол тұстағы қалыпты жай-күйі)
мен динамикасына (дамуы) қоғам өмірінің тікелей
қатты әсер еткен дәуірі болды. Сөз болып отырған
кезеңде қазақ әдебиетінің жанрлары көбейіп,
түрлене түсуіне орай жазба тілдің жаңа стильдері пайда бола бастады [15;
212-215]. Бұл жаңа стильдердің ішінде
ғылыми-көпшілік әдебиеттер стилін де атауға болады.
Әдебиеттер тізімі:
1.
Сыздықова
Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХҮ-ХІХ
ғасырлар). – Алматы: Ана тілі, 1993. – 320 б.
2.
Қазақ
ССР тарихы. – Алматы, 1957. І бөлім. – 639 б.
3.
Сыздықова
Р. Абай шығармаларының тілі. – Алматы: Ғылым, 1968. – 335 б.
4.
Амирова Ж. Р. Влияние русского языка на формирование научного стиля казахского языка. Автореф. канд. дисс.. –
Алматы, 1982. – 26 с.
5.
Дербісәлин
Ә. Ыбырай Алтынсарин (Өмірі мен қызметі туралы). – Алматы,
1965. – 226 б.
6.
Хасанова С.
Ыбырай Алтынсарин шығармаларының тілі. – Алматы, 1972. – 132 б.
7.
Әуезов
М. Әр жылдар ойлары. Қазақша және орысша жазылған
зерттеулер мен мақалалар. – Алматы: Қазкөркемәдеббас,
1959. – 556 б.
8.
Сүйіншәлиев
Х. Абайдың қарасөздері. – Алматы: Қазақтың
мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1956. –151 б.
9.
Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. –
Алматы, 1964, 264 б.
10.
Жиреншин Ә. Қазақ кітаптарының тарихынан. –
Алматы, 1971. – 180 б.